Ұстаз, әнші, әуесқой спортшы Аян Жұмажанұлы Төлебаев биыл ер жасы – 50-ге толды. Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде, Павлодар педагогикалық институтының филология факультетінде оқыған.
Білім беру саласында жемісті еңбек етуде. Көркем әдебиетке деген қызығушылық өлеңге әуестігін оятатын сәттер аз емес. Мұғалім күні қарсаңында Аян Жұмажанұлының өлеңдерін оқырманға ұсынамыз және еліміздің барлық Ұстаз қауымын кәсіби мерекемен құттықтаймыз.
Ақшиман
Арайлап, шұғылалы атар таңым,
Ашылар ұрпағыңмен сенің бағың.
Әр қилы замандарға куә болған
Құт мекен – берекелі Ақшиманым.
Асыр сап, шаң көтердік алаңында,
Осында танылды ғой талабым да.
Қастерлі бұл мекенде қадір тұтар
Дәстүрін – ата салтын қазағым бар!
Ауылға жол төселді, жаңарып бек,
Саумалдай бұлағынан нәр алып ел.
Еселі еңбекпенен береке артты,
Жағымды осы өңірде жаңалық көп.
Қайса атам осы өңірден аты мәлім,
Құтымен жарылқауда атырабын.
Үндейді ізгілікке ел мен жұртын,
Ұрпағын бірлікке ол шақырады.
Ақшиман, таныс маған әр түкпірің,
Өзіңнен қуат алдым, шалқып-күлдім.
Үлкендер салып кеткен сара жолмен
Ат жалын мен өзіңде тартып міндім.
Төрт түлік өрісіңде мыңғырады,
Тұрпатын, дәмін қауым жыр қылады.
Тұлпары бәйгелерде дес бермейді,
Палуан боз кілемде жұлқынады.
Бүлдірген тіл үйірген қырындағы,
Ойнақтап шабушы еді құлындары.
Суына шомылушы ек бала күнде,
Керемет сәттер осы шынында бір.
Қауымы қонақ келсе, тік тұрады,
Ерлері айбатымен ықтырады.
Қодайтын бірін-бірі қай жерде де
Жігіттер – Ақшиманның мықтылары.
Көкпаршы жұлқысқанда жығылмаған,
Әс тұтып, жұрт шаттықпен шуылдаған.
Жауларын көз алартқан тықсыртқан жер –
Осы өлке – тарихтағы Ұлы Далам!
Алысқа аты шыққан, Ақшиманым,
Берекең артып бүгін, тасиды әнің.
Жасай бер халқыңменен мәңгілікке,
Тамсантып көрген жұртты ақ дидарың.
Өзіңнен артық өлке таба алам ба,
Кең құшақ ашасың ғой маған алдан.
Перзенттік ықыласты ақтардым кеп
Сағыныш сезімменен саған арнап!
Үшқара
Үшқара, баурайыңда ойнап өстім,
Туысқанмен алаңсыз өмір кештім.
Жерұйық – алтын бесік артта қалып,
Жөңкіліп ел қатарлы бірге менде көштім.
Ауылым, сені көрсем елжіреймін,
Ел – жұртқа амандық пен бақ тілейін.
Сыйласып дос – жаранмен ән шырқайық,
Бұл жалған өтіп кетер бір күндейін.
Үшқара, сені көріп биіктеймін,
Сағыныштан өзіңе жүйткимін
Асықсам, баурайыңа жетем аңсап,
Желменен жарысқан бір киіктеймін.
Айналайын, мамыражай алтын өлкем,
Өзіңді күнде көру арман екен.
Мен саған түбінде оралармын
Балалығым қалып қойған құтты мекен.
Ескелдіде
Баянаула толы киелі мекендерге,
Дарындары үлгі болған әркімдерге.
Ниет етіп, ой жетелеп көңілменен,
Мен де келдім міне, бүгін, Ескелдіге.
Раббым Алла бір өзің жәрдемдескін,
Әрбір пенде Құдайға мұқтаж міскін.
Рухына тыныштық пен медет тілеп,
Мәшһүр ата басына кеп сәлемдестім.
Қайран баба жазғаныңа тамсанамын,
Еңбек етіп тынымсыз арқаландың.
Білімнің бар асылын бойға жиып,
Сөзіңмен алты Алашты таңғалдырдың.
Қазыналы өлеңдерін ойға тоқып,
Зияратқа келген адам кетер толқып.
Таңғы самал желдетіп, көңіл сыйлап,
Кесенеге көтерілдім, Ясын оқып.
Жан салмаған алдына өлең – сөзде,
Мекені болған екен тастақ түзде.
Саңқылдаған сұңғыла әулиенің,
Естіліп тұрғандайын үні бізге..
Күз
Алтын түстес жапырағын байқап қалып,
Күз туралы өлеңменен өрнек өрем.
Тағат таппай қолыма қалам алып,
Осы қалпын мен оның жақсы көрем…
Күзгі жаңбыр толассыз себелейді,
Тыныштықпен ғажап бір сезім сыйлап.
Естелікке ойларым жетелейді,
Көңілімді бір жылы күйге балап.
Аян ТӨЛЕБАЕВ,
Павлодар қаласы.