(«LEP» әдеби бірлестігінің Шарбақты өңіріне жасаған рухани-әдеби экспедициясы жайлы сапарнама)
Қазақ даласының әр қарыс жері – тарих, әр тасы – тағылым, әр орманы – баба аманаты. Бұл жолғы сапарымыз жай серуен емес, ұлт руханиятымен тілдескен, тарихтың тылсымына бойлаған ерекше бір ізденіс болды. Павлодардан Шарбақты ауданына шыққан «LEP» әдеби бірлестігінің мүшелері және Алматы мен Астанадан келген ақындар қара жолда қалың жауынға тап болдық. Көліктер баяу жылжып келе жатқанда жолбасшымыз Бейбіт Бөжен:
– Жауын деген – Алланың нұры. Қарағайлы елінің шетіне бір ілінсек болды, нөсер тоқтайды. «Молдалар ауылы» – киелі аймақ. Ниеттерің түзу болсын! – деп, сапардың мәнін тереңнен жеткізді.
Шынында, Арбиген ауылының тұсына таяғанда нөсер саябырсып, күн сәулесі орманды нұрға бөледі. Бізді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Қабдрашитов қарсы алып, сапарымыздың алғашқы қадамы сәтімен басталды. Сапардың басты нысаны – Ертіс орманының ішінде орналасқан Ғабдыл-Уахит хазірет кесенесі. Бұл – халық жадындағы рухани орда, ұрпаққа үлгі болатын қасиетті мекен.
– Ғабдыл-Уахит хазіреттің жатқан жері біздің Арбигеннен он бес шақырымдай жерде, Ертіс орманының қойнауында, – деді Азамат Қайыртасұлы. – Ал Павлодардан – жүз елу шақырымдай. Қазірдің өзінде елдің түкпір-түкпірінен адамдар аруаққа Құран бағыштап, құдайдан тілек тілеп келіп жатыр. Кешеден бері бір топ туристі қарсы алдық.
– Иә, дұрыс айтасыз, – деп Бейбіт Бөжен де басын изеп, ойды құптады. – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Ғабдыл-Уахит хазіретті ХХІ ғасырда іздеушілер көп. Бұқараға барып терең діни білім алған соң, елге оралып, бар өмірін халыққа қызмет етуге арнағаны – нағыз жұртына деген жанашырлығы. Бұқара ол заманда күллі ислам әлемінің ірі білім ордасы болғаны рас. Ендеше жүрейік! Қалған әңгімені айтар ойын анық қылып, көздеріңді қанықтырып кесене басындағы азаматтар түсіндіре жатар.
Тобымыз «Келдіқыз» жайлауындағы зиярат орнына келіп тоқтағанда, кісі қарасы көп екені бірден байқалды. Кесене маңында бүгінде толыққанды инфрақұрылым қалыптасыпты: электр жарығы тартылған, жарық шамдар орнатылып, түнгі тыныштықта да шырағы сөнбейтін, жүрекке үміт ұялататын рухани ордаға айналған, 50 автокөлікке арналған тұрақ, ұялы байланыс желісі бар. Шырақшы үйі (қонақ үй) салынған, қажетті тұрмыстық техника, жатын орын, ыдыс-аяқ – бәрі бар. Құрбандық шалуға арналған алаң, қазандық та қарастырылған. Бүкілі – бұл жердің тек зиярат орны ғана емес, адамдарды рухани серпілтетін орталыққа айналғанының айғағы.
Шырақшы үйінің кіреберісінде хазіреттің өз қолымен қазған құдығы тұр. Суы балдай әрі мөлдір. Зәм-зәм суы қосылған екен. Барлығымыз дәм татып, шипасы дарысын деп дұға етістік. Көптеген адам осы жерге баласына денсаулық, отбасына береке сұрап келеді. Елдің сенімі бекем.
Мұнда бізді ел тізгінін де, сөз тізгінін де ұстай білген ұстаз Дәурен Нүрсейітов күтіп алды.
– Міне, қадірлі ақындар, қазір сіздер тұрған жер – Ғабдыл-Уахит хазіреттің мәңгілік мекені. Ол – Шарбақты ауданының Қызылшілік ауылында дүниеге келген ғұламамыз. 6 жасында ауыл молдасынан сауат ашып, Семей өңіріндегі Қапияш, Шархы, Шәмші, Шериаздан деген білікті ұстаздардан ислам діні жөнінде терең дәріс алып, сегіз жыл бойы білім нәрімен сусындапты. Бұдан кейін Бұқараға аттанып кетеді. Сонау 1873 жылы, жасы 19-ға енді толғанда. Елестетіңіздерші, сол заманда көлік жоқ, жаяу, түйемен, бейтаныс елге барады…, – деді Д.Қалдыбайұлы.
Экспедицияның ең жас мүшесі, жас зерттеуші Абзал Рымбек таңырқап:
– Сонша жерге барып, қанша жыл оқыды екен? – деп сұрады. Дәурен Қалдыбайұлы былай жауап қатты:
– Иә, бұл – бекер адамның қолынан келмейтін іс. Ғабдыл-Уахит хазірет «Мір Араб» медресесінде он бес жыл оқиды. Бұл медресе 1535 жылы салынған Орта Азиядағы ең беделді оқу орны болған. Құран, хадис, фикһ, араб тілі, ислам тарихын терең меңгерген. 1888 жылы үздік тәмамдап, «хазірет» атағын алып елге оралған. Бұл атақ екінің біріне беріле бермейді. Мың адамның біріне ғана бұйыратын дәрежелі атақ қой.
– Дұрыс айтасыз, мен де қоса кетейін, – деп сөзге қосылды Бейбіт Бөжен. – Ғабдыл-Уахит хазірет өткен ғасырдың басында Темірғалы болыс салдырған мешітте имам әрі ұстаз болған. Бұл мешіт сол кездегі Шарбақты ауданына қарасты Есілбай ауылында, бір мезетте 500 адам намаз оқи алатындай үлкен етіп салынған екен. Содан кейін 1921 жылға дейін сол «Темірғалы» мешітінде имам болып, жүздеген шәкірт тәрбиелеген. Жасы ұлғайған шағында Арбиген ауылының маңындағы «Келдіқыз» жайлауына өзі салдырған мешітке барып, сонда ұстаздық жұмысын жалғастырған. Айта кету керек, ол тек діни ілім беріп қана қоймай, есеп, жағрапия сияқты пәндерді де оқытқан. Шәкірттеріне шығыс поэзиясын, философияны үйреткен. Соның арқасында Әубәкір, Смағұл, Сәдуақас сияқты шәкірттері Троицк қаласындағы жоғары діни оқу орнына түсіп, хазірет атағына дейін жеткен. Нағыз ағартушы, өз заманынан озық тұлға болған ғой.
Өлкетанушы, қаламгер Бейбіт Бөженнің әңгімені іліп әкеткеніне риза болған Дәурен аға жастарды кесененің сол жақ бүйіріне бастап әкелді:
– Хазрет 1926 жылы өмірден өтті. Міне, мына ағаш мазар хазреттің басына көтерілген көне бейіт. 1940 жылдары орманда қатты өрт шығып, айналаның бәрі жанып кеткенде, өрт кесенеге он-ақ метр жетіп тоқтаған. Лаулаған жалын екіге бөлініп, кесенені айналып өтіпті. Бұл оқиғаны ауылдың кәрі құлақ ақсақалдары бала кезінде көзімен көрген. Сол ағаш мазарды бұзбай, қасында жаңасы салынды. Ел аман, жұрт тыныш болса, осындай әулиелі жерлердің шырағы сөнбейді, – деді әңгімесін қорытындылап. – Аруақты ұлықтау – өткенді құрметтеу, болашақты бағалау деген сөз. Хазірет бабамыздың ілімі де, ізі де өшкен жоқ. Сендер де бұл жерден бір шырайлы рухани әсер алып қайтасыңдар деп сенемін.
Топ бір сәт үнсіз қалғанда сырттай бақылап тұрған шырақшы Ермек Балтаұлы бәрімізді кесене ішіне өтіп, көпшілікпен бірге құран оқып, қол жаюға шақырды. Ол хазіреттен білім алған шәкірттердің тәрбиесін көрген кісі екен. Әуелгі сөзін хазіретке қатысты аңыз әңгімелерден бастады.
– Ол кісінің бойында ерекше қасиет болған. Ауру-сырқау жандарды дұғамен емдеп, болашақты болжай білген. Кеңес үкіметі келгенде дінге тыйым салынып, хазіретті де қудалаған. НКВД тыңшылары хазіретті ұстауға келген екен. Олар үйге кіргенде ол намаз оқып отырған. Ашуға мінген біреуі Құран парақтарын жыртып, темекі орап тартқан. Алайда сол сәтте оның жүзі қисайып, тілі байланып қалыпты. Басқа екеуі хазіретті орманға сүйреп апарып, атуға бұйырады. Сонда ол: «Маған намазымды оқып аяқтауға рұқсат беріңдер. Одан кейін атыңдар…» – дейді. Намазын оқып болып: «Ал енді – дайынмын!» – дейді. Бірақ… мылтық атылмайды. Үш рет оқталса да, атылмайды. Екінші солдат қылышпен шауып тастамақ болғанда қолы көтерілген күйі қатып қалады. Солдаттар болған жағдайды командиріне айтады. Командир келіп, солдаттардың пұшайман түрлерін көріп, таң қалады. Сөйтіп, ол хазіреттің қойған шартымен келісіп, мөр басылған анықтама жазып береді. Тек осыдан кейін ғана хазірет дұға оқып, солдаттарды тылсым күштен босатады. Осы уақиғадан кейін бақиға аттанғанша оны мазалауға ешкімнің батылы жетпеген екен.
– Ал балалары жайлы не білесіз? – деп сұрады ақын Еламан Қабділәшім.
Ермек Балтаұлы терең бір күрсініп: – Хазірет – бір отбасының тұңғышы. Екі інісі мен екі қарындасы болған. Ал өзінен үш ұл туған: Қарақұл, Сарықұл, Сабанқұл. Бәрі Екінші дүниежүзілік соғысқа кетіп, оралмаған. Бірақ хазіреттің рухани мұрасы ел ішінде сақталды. Қазір Аққулы ауданындағы мешітке оның есімі берілген, – деді.
Қасиетті мекенге тағзым етіп, хазірет рухына Құран бағышталғаннан кейін кесене басына арнайы ат басын бұрған Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов зиярат етуші ақын-жазушылармен жүздесіп, тағылымды кездесу өткізді. Әкім шығармашылық адамдарына ерекше ықылас танытып, ел жадында сақталған аңыз-әфсаналар мен тарихи деректерді жүйелі түрде жинақтау қажеттігін баса айтты. Сержан Ерғалымұлының айтуынша, Ғабдыл-Уахит хазірет сынды рухани көсемдердің өмір жолы – ұлттың рухани тарихының ажырамас бөлігі, сондықтан мұндай тұлғалардың өнегелі ғұмырын жас ұрпаққа насихаттау – маңызды әрі жауапты іс.
Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың ғылыми негізде, нақты деректерге сүйеніп жүргізілуі үшін аудандық әкімдік тарапынан архивтік құжаттарды жинауға, жергілікті өлкетанушылармен бірлесіп, мәліметтерді толықтыруға барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, хазіреттің өмірі мен қызметін арқау еткен әдеби шығармалар, деректі кітаптар мен мақалалар жазылса, әкімдік оларды басып шығару мен тарату ісіне де демеушілер тартуға дайын екенін жеткізді.
Бұл кездесу – әкімдік пен шығармашылық орта арасындағы байланыстың жанданып келе жатқанын көрсетті. Лауазым иесінің рухани мұраға деген шынайы құрметі мен қолдауға дайын екендігін ашық білдіруі – әдеби қауым үшін үлкен серпіліс болды. Бұл тек ресми қолдау ғана емес, сонымен бірге ел тарихына, рухани құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі. Осылайша, Ғабдыл-Уахит хазірет сынды ұлы тұлғаларды ұлықтау жолында жергілікті билік пен зиялы қауымның бірігіп атқаратын жұмысының берік негізі қаланды.
Алып ағаш саясындағы сырлы поэзия
Шалдай орманы – тек табиғаттың байлығы ғана емес, адам жанын тербететін тылсым мекен. Бұл жердің ауасы мен ағашының да өзіндік сыры бардай. Әдеби экспедиция барысында біз де осы ерекше орманмен табыстық. Кесене басына зиярат еткен соң, Дәурен Нүрсейітовтің бастауымен орман ішіне қарай жаяу жолға түстік. Жол бойы қайың мен қарағайдың сыбдыры құлаққа түрлі әуен естіртеді. Бір мезетте алқызыл шапаққа бөленген қалың нудың ішінен құлашымыз жетпейтін, тіпті екі-үш адам қатар тұрып құшақ жая алмас алып ағаш кезікті. Бұл – жергілікті жұрт «Орман батыры» деп атаған қарағай екен.
Аумақ орманшыларынан естігеніміздей, «Орман батыры» – жасы 350 жылдан асатын, биіктігі 27 метрге жуық, діңінің жуандығы бірнеше метрге жететін дара қарағай. Ол осы маңда өсіп тұрған ең кәрі ағаштардың бірі. Ғалымдардың айтуынша, бұл өңір – сонау ежелгі мұхиттың орнында өсіп шыққан реликті жалқарағай орманы. Жердің өзі құм, ал ағаштардың тамыры – 70 метр тереңдікке дейін кетіп, мұхит суының қазба қорларынан қорек алады екен. Табиғаттың мұндай кереметі тек санаңды таңғалдырмай, бойыңа тылсым тыныштық пен ізгілік ұялатады.
Дәурен аға орманды аралата жүріп, шайырдың шипасы, қарағайдың емдік қасиеті жайлы әсерлі әңгімелер айтты. Ал «Орман батырының» түбіне келгенде, бір сәтке үнсіздік орнап, орманның өзі сөйлеп тұрғандай күй кештік. Кесенеден бар-жоғы 300 метрдей жерде тұрған бұл дара қарағайдың қасиетін шырақшы Ермек Рахметов те ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жұрт бұл ағашты «Тілектер ағашы» немесе «Емші ағаш» деп атайды. Адамдар осы алып ағаштың діңін құшақтап, тілек тілейді, дертіне шипа сұрайды. Көпшілігі Жаратқан осы жерде айтылған ниет-пейілді қабыл етеді деп сенеді.
Тылсым ағаштың түбінде ақындарымыз шағын жыр кешін ұйымдастырып, табиғатпен үндескен жүрек үнін өлеңмен өрді. Әдеби экспедициямыздың көркем көріністеріне көрік қосқан бұл поэзиялық сәтте уақыт та тоқтап қалғандай әсер қалдырды. Талдықорған мен Астанадан арнайы келген белгілі ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері: Сағыныш Намазшамова мен Толқын Қабылша ханымдар, «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі, ақын Өзгеріс Қуанар, С.Баязитов балалар оқу орталығының меңгерушісі, сатирик Алпысбай Хонж, «Сенімен болашақ» РҚБ ПОФ жетекшісі, ақын Перизат Құрманәлі, К.Кенжетаев атындағы МҮ басшысының м.а. Мұхаметқали Зарықұлы, «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы, ақын Айбек Оралхан, әдеби редакторы, ақын Еламан Қабділәшім, М.Катаев атындағы оқушылар сарайы басшысының орынбасары, жазушы Жақсыбек Ешімқұлов, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдеби қызметкері Абзал Рымбек, «Майра мектебінің» жетекшісі, жыршы-термеші Салтанат Қисатова бұл сапарға ерекше поэтикалық реңк берді. «Орман батырының» түбінде оқылған өлеңдер мен тербелген жапырақтар сазындай нәзік жырлар – табиғат пен руханияттың үйлесімін паш еткендей болды.
Орман ішіндегі алып қарағай бір жылдары ормандағы үлкен өрт кезінде де аман қалыпты. Өрт кесенеге 10 метр қалғанда екіге айырылып, ағаш пен қасиетті орынды айналып өткен. Бұл – жай ғана табиғи құбылыс емес, халық сенімі бойынша хазіреттің шапағатының көрінісі. Өрт шалғанымен, «Орман батыры» әлі де тірі. Кейбір бұтақтары жалаңаштанып қалғанымен, орманшылар ағаштың өсуін тоқтатпағанын айтады. Бұл – табиғаттың беріктігі мен адамның сенімінің бірлігін дәлелдейтін белгі секілді.
Киелі кесене мен кәрі қарағай – бір-бірін толықтырып тұрған тылсым мекендер. Бірі – хазірет рухының мәңгілік ордасы, екіншісі – табиғаттың мың жылдық куәгері. Екеуі де халық жадында қасиетті орынға айналған. Бұл сапар бізге өткен мен бүгінді жалғаған рухани сабақтастықтың қадірін, табиғат пен адам арасындағы шынайы байланысты тереңінен ұғындырды.
Аудандық кітапханадағы рухани кездесу
Экспедиция мүшелері Арбиген мен Шалдай орманындағы зияраттан қайтып оралғанда, Шарбақты аудандық орталық кітапханасында тағылымға толы рухани кеш өтті. Бұл кездесуді аудан әкімдігі мен кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырды. Қонақтарды кітапхананың фоесінде жылы шыраймен қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Светлана Кайсаримова сөз сөйлеп, бұл шараның маңыздылығын атап өтті.
Әкімнің орынбасарынан кейін сөз алған «LEP» әдеби бірлестігінің жетекшісі Бейбіт Бөжен сапардың маңызына тоқталды:
– Бұл әдеби экспедиция – тарихты тірілтіп, рухты жаңғырту миссиясын арқалаған тағылымды сапар болды. Шарбақты – тарих толқынында қалып қойған, бірақ тұлғаларға тұнған мекен. Бұл өлке – қазақтан тұңғыш рет Меккеге барған Нұрекен байдың, Патшалық Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайланған Темірғалы Досовтың, Ғабдыл-Уахит хазірет пен Соқыр Омардай батырлардың туған жері. Алайда осы қасиетті топырақтан түлеген тұлғалар жайлы әдебиетте жазылған дүниелер тым аз. Осы олқылықтың орнын толтыру – біздің парызымыз. «LEP» әдеби бірлестігі осы жолда нақты қадам жасап, әдебиет арқылы тарихты сөйлетіп, өңірлік руханияттың жаңа тынысын ашуға талпыныс жасамақ. «LEP» әдеби бірлестігі атынан Шарбақты жұртшылығына, аудан басшылығына, сондай-ақ мәдениет пен білім саласында еңбек етіп жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Кітапхана басшысы Майгүл Сейфоллақызы музыкалық-сазды қойылым көрсетіп, қаламгерлерге ерекше әсер сыйлады. Абай атындағы мектептің оқушылары кешті домбыра ансамблінің күмбірімен ашты – күмбірлі күйлер залды әсем әуенге толтырды.
Содан кейін ақындар – Сағыныш Намазшамова мен Толқын Қабылша оқушылар және жас мұғалімдермен еркін форматта сұхбат құрды. Поэзия мен шығармашылықтың мәні, сөз еркіндігі мен жүректен шыққан шынайы сезімдер туралы терең ойлар ортаға салынды. Жас тыңдармандар ақындарға өз өлеңдерін оқып, ізгі тілектерін білдіріп, рухани үндестікке жол ашты. Әсіресе шығармашыл ұстаз, жас маман Айман Серікханқызының мазмұнды сұрақтары мен оқыған өлеңдері кешке ерекше реңк берді. Жастардың әдебиетке деген ықыласы мен ұстаздар қауымының, кітапхана ұжымының қолдауы – рухани сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды.
Сағыныш Намазшамова ел мен ерге деген құрметін білдірді:
– Аудан әкімі Сержан Ерғалымұлының өзі арнайы келіп, «Ел иесіз, жер киесіз болмайды. Біздің ел – осы» деп жылы шыраймен қарсы алғаны – жүрегімізге қатты әсер етті. Бұл – қалам ұстаған жан үшін үлкен қолдау. Жастар бастаған істі қуана құптап, рухани ізденістерімізге ықылас білдіргенін естігенде, шын қуанып қалдық. Өз басым іштей сүйсініп тұрдым. «LEP» әдеби бірлестігі сол бағытта нақты жоспарларымен келіп отыр. Расын айтсам, сол жоспарлардың өзі кісі қызығарлық.
Бүгінгі кездесу де өте әсерлі өтіп жатыр. Сендердің ашық, шынайы сұрақтарың, көздеріңдегі ұшқын анық байқалады. Менің туған жерім, Талдықорғаннан көшіп келген бір отбасының балалары: «Сіз Жетісудан келдіңіз бе?» – деп туған адамын көргендей қуанып, жанымнан шықпай қойды. «Иә, алтындарым, мен де сендер сияқты Жетісудан келдім» – деп бауырыма бастым.
Толқын Қабылша да толқуын жасыра алмады:
– Керекуге келіп, осындай іргелі, жүрекке жылу сыйлайтын бастамалардың бел ортасынан табылып отырмын. Әдебиетке, ұлт руханиятына шын ниетімен қызмет еткісі келетін жастардың жан жылуын, шынайы ықыласын сезіндім. Қаламы жүйрік, ойы озық жастарды бір арнаға тоғыстырған «Леп» әдеби клубының тың жобаларымен танысып, шабыттандық. Өз жерінің тарихын көркем сөзбен сөйлеткісі келетін жастардың «әдеби панорама» жобасына деген сенімі мен талпынысы қуанады. Сол сенімге демеу болып жүрген Сержан Ерғалымұлындай ел жанашырларына дән ризамын. Екі күн ішінде аудан мен ауыл жастары ұйымдастырған әдеби кештерге қатысып, көзінде оты бар талапты ұрпақты көріп, қуанып отырмын. Бұл өлкемен менің де шығармашылық тағдырым тығыз байланысты – дәл осы жерде «Естай-Қорлан», «Баянауыл» поэмаларым дүниеге келген еді.
Бұл күні аудан әкімінің орынбасарынан бастап, бастауыш сынып оқушысына дейін кешке қатысушылардың барлығы өлең оқып, көркем мәтіндерден үзінділерді жатқа айтты. Ұлттық мұраға құрмет пен рухани ізденіс аталмыш кештің өн бойынан айқын сезілді. Абай мектебінің директоры Нұрмира Өміржанқызы Жақыпова кешке өз оқушылары мен әріптестерін бастап әкеліп, сөз сөйлеп, бұл кездесуді аудан мектептері үшін рухани серпіліс пен шығармашылық жаңғырудың жарқын белгісі деп бағалады. Оның айтуынша, мұндай басқосулар жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұстаздар мен оқушылар арасындағы рухани байланысты тереңдете түседі. Кеш барысында қатысушылар арасынан поэзияға бейімі бар, өлеңсөзге ынтасы ерекше оқушылар көзге түсіп, көрермен ықыласына бөленді.
Осы бір әсерлі кездесуден тағы бір мәрте көз жетті: әдебиет – жүрек пен жүректі жалғайтын рухани көпір екен, ал осындай сәттер шығармашыл ортаға серпін беретін қуат көзі екен.
Сапардың тағылымы
Бұл сапар – біздің жырмен жазылған жолымыздың бір белесі ғана емес, жүрекке жол тауып, санаға сәуле түсірген, рухани әлемімізді тербеткен ерекше таным жолы болды. Шарбақты – қарағай мен қара сөз, рух пен рәміз, тарих пен тағылым тоғысқан қасиетті топырақ. Біз осы іссапар барысында соны анық сезіндік. Әдебиет – ұлттың рухани компасы десек, Шарбақты – сол компастың бағытын айқындап тұрған алтын қазықтай. Қазақ әдебиеті – ұлттың жаны болса, бұл өлке – сол жанның түйір қаны, тынысы мен лебі.