(әңгіме)
Бір кісіні танимын. Өзі біртүрлі, жоқ, екі түрлі. Екіжүзді десем, ғайбат болар?! Енді, мінезі қызық. Бірде – бүк, бірде – шік. Бір күні жайдары жанарынан шуақ шашырап тұрады, ертеңінде кілт бұзылып, қату қабағынан қар борап жүреді.
Жұмысқа асығып шығып, аялдамаға қарай жүгіріп бара жатқанмын, әлгі кісі оң жақтағы дүкеннің бұрышында шылым шегіп жайланып тұр. Автобусқа үлгермей қаларымды сезсем де, сәлемдеспегенім ұят қой деп, бұрылдым. Құлшына созған қолымды қырсыға қабыл алып, құдды мені танымайтын, бұрын көрмеген, кездеспеген, сөйлеспеген адам секілді теріс бұрылды да көрші үйді айналып ары қарай кетіп қалды. Ойланып тұрып, мән бермеген шығар дедім де, аялдамаға қарай беттедім. Автобус қозғалғалы тұр екен, «Тоқта! Тоқта!» деп қолымды көтеріп, айғайлағанымды да елемей, жоға түсіп, зымырай жөнелді. Қап, қырсық, әй, ә! Көшедегі танысым да, көшедегі қоғамдық көлік те елемей-ескермей мені көшеде қалдырды. Келесі автобус жарты сағаттан соң келеді. Оны күткенше жұмысқа жаяу барған артық. Аяңдай бердім.
Жаяу жүрген тамаша, ойлануға жақсы. Алғашқы адымымнан бастап, әлгінің қылығы есіме түсе берді. Неге ол бүйтеді? Кеше ғана, «Ой, бауырымдап» бауырына басып амандасқан еді. Ондайда маған, жұрт жиі айтатын сөзді өзінше бұрмалап, «Бауырым, ішіндегі тәп-тәуірім» дейді. Ал, мынауы миыма еш сияр емес.
Біз қалай танысып едік? Есімде жоқ, әйтеуір араласып кеттік. Ол адамды жатсынбайды. Баурап алады… Былтыр ғой, иә, былтыр. Жұмыстың жанындағы асханаға барып, түскі ас алайын деп кезекте тұрғам. «Оооо, Елөш, қал қалай?» деп артымнан келіп құшақтай алды. Желке тұсымнан шыққан дауысты тани алмадым. Тану қайда, селк еткенім есімде. Құшағынан босай сала, «Асс…», – дей бергенім сол еді, «Әликссс!», – деп қолымды сілкіледі. Екі-үш рет көшеде, аулада көргем. Өзі амандасатын… Атымды қайдан біледі? Мында не істеп жүр?
– Жұмысың қалай?
– Жақсы.
– Қарның ашқан шығар?… Ой мен де сұраймын ғой, «канешна» ашты. Қарны ашпаған адам асханаға келе ме?, – деп қарқылдап күлді. Кезекте тұрғандардың бірі жақтырмай, бірі таңырқай қарап-қарап қояды. – Бүгінгі түскі асыңды мен көтерейін. Жас «семиасың», сен ақшаңды үнемде. Оңды-солды шаша берме. Оның үстіне бір көшенің тұрғындарымыз. Көршіміз. Ооо. Көрші екенбіз ғой расында. Мынау қаланың қазақтары қызық негізі. Көрші дегенді білмейді. Бір 9 қабатты үйдің бір «падезінде», тіпті бір «етажында» тұрса да, бір-біріне барыс-келіс жоқ, аралас-құраластық деген тіпті. Таң қалам, – деп тұрмыстың соқасына жегіліп, тіршілікпен тырбыңдап, қара басының қамын күйіттеп кеткен қалалықтарды сынады.
– Сіз қай жақтыкі едіңіз?, – дедім мен.
Ол болса: «Тәбетің жақсы екен!?» деп қарсы сауал қойғандай болды. Онысы маған «Сен үшін төлеймін деп қайдан ғана айттым, осынша мол алатыныңды білмедім-ау» боп естілді.
– Айналайын, қарындас, біздікін бірге есепте. Бүгін мен «угашшайу»!
– Аға, өзім-ақ…
– Қой, деймін, әй… – Сөзімді бөліп жіберді. – Мен секілді ағаң тұрғанда, олай айтпа! – Көзімен терезе жақта тұрған екі кісілік үстелді нұсқады. Соған барып жайғастық.
– «Қай жақтансыз?» дейсің бе? Мен – ауылдың қазағымын. Қалаға көшіп келгеніме екі жылдай болды. Енді-енді осы жақтың тіршілігіне үйреніп келемін. Екеуіміз, былай істейік, араласып тұрайық, – деп үлкен қасықпен сүзіп алып, кеспесінің сорпасын бір ұрттады. Тамсанды. Дәмді екен дегендей. Бір жапырақ нанды бір орап, аузына түгел салды да, үш-төрт шайнап, кеспеден алды. Ішіне ел барды-ау дегенде үзіліп қалған әңгімесін қайта жалғады. Мен тыңдап отырмын.
– Қалаға көшіп келген бетім. Жүктерім тиелген КамАЗ-ды «падездің» алдына қаңтарып қойдым. Інілерім бар, балдыздар бар, жамылып кеттік. 9-қабаттағы пәтеріме жиһаздарды, ыдыс-аяқтарды, киім-кешектер толы жәшіктерді, ала сөмкелерді тасуға кірістік. Бас-аяғы үш сағатта барлық дүниені тасып болдық. Сол кезде деймін, тоғыз қабаттың әр қайсысында 4 пәтерден бар. Барлығы – 36 үй. Сол 36 үйде ересек 2 адамнан бар десек, 72 ер-әйел тұрамыз бір үйде. Жарайды оның екеуін алып тастайық – әйеліміз екеуіміз ғой. Сол үш сағатта біздің жанымыздан ары-бері, жоғары-төмен 70 адам өтті. Жасы бар, кәрісі бар, ері бар, әйелі бар. Солардың 4-еуі ғана, төртеуі…, – оң қолын жоғары көтеріп, бас бармағын бүгіп, қалған төрт саусағын менің аузыма тығып жіберердей шошайтты, – амандасып, жөн сұрасты. «Қош келдіңіздер!» деп қонысымызға құтты болсын айтты, – деді басын қайта-қайта шайқап. «Осыған сенесің бе?!» дегені болар. – Сен алып отыр, мен әңгіме айта берем, – деді ол сосын. Мен болсам, бұл кісінің әңгімешілдігіне тамсанып, сөйлеп отырып, қалай қақалмай-шашалмай тамақ іше беретініне қайран қалып, құлақ түріп отырмын.
– Қалғаны бар ғой, үндемей, дым демей өтеді. Көмектесейін-ау дегені тіпті жоқ. Өзіміз амандассақ, сәлемімізді алмақ түгілі, мұрындарын шүйіріп, көзінің қиығымен ғана қарайды. Оншақтысы тіпті «Кбартиранты што лый?» деп менсінбей сұрақ қояды. Содан көңіл қалған, – деп күйініп кеткендей күшеніп алды.
Содан бастап әлгі кісімен жиі ұшырасып тұрдық. Үйлеріміз бір көшенің бойында, қатар орналасқан. Біздікі – 1-үй, оныкі – 4-інші.
Бір күні көшеде кездестік. Шырттай болып киініп алыпты. Шашын гельмен қатырып, сәнденіп. Мені көріп, қуанып кетті.
– Бауырым, қалың қалай? Қолың бос па? – Жауабымды күтпестен: – Бос қой, бос. Жастарда уақыт жетеді-і-і. Жақсы адамдармен, сыйлас кісілермен отырысқа барам. Жүр бірге. Мықты-мықты жігіттер болады, – деп бір көзін қысып қойды. Онысы өзінің де беделді кісі екенін көрсеткені ме, әлде «Сол мықты кісілермен танысып ал, кейін керек болады» дегені ме, аса ұға қоймадым.
Содан екеуіміз әлгі мықты ортаның ортасынан бір-ақ шықтық.
– Мынау менің Құдай қосқан көршім, – деп таныстырды мені.
Отырыс қызды. Отырғандар да қызды. Мен не үшін отырмын? Тойға барғанда ғана дәмін тататын еуропалық тағамның түр-түрі жұтқыншағымды жыбырлатты. Жарлының бір тойғаны шала байығаны емес пе? Соларды ашқарақтана жегеніме мәзбін.
Бір кезде әлгі кісі:
– Ал енді келесі тост менің бауырыма беріледі, – деді. Алаңсыз отырған мен бұндайды күтпедім, «Ә-ә-ә, айтпақшы арамызда мынандай да біреу бар екен ғой» деп естеріне енді түскендей барлығы маған жапырыла бұрылды. Сасып қалдым. Негізі мықты десе, мықты орта екен. Енді аңғардым. Қанша қызып, қарқылдап отырса да, «Мынау бізбен отыруға лайық па? Деңгейі қандай екен?» дегендей сынай қарап, барлығы үнсіз көз тікті.
«Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа, жарқылдаған алмас па…» деп Төлеген ақынның өлеңін қалай арқаланып оқып бергенімді аңдамай қалдым. Мықты жігіттер мықтап тұрып қол соқты.
– Қазақтың сіздер секілді нарқасқа, марқасқа жігіттері аман болсын!, – деп түйіндедім сөзімді. Құдалық, сырға салу, тұсаукесер секілді кішігірім той-томалақтарды басқарып жүретін тәжірибем осындай кезде пайдаға жарады. Азаматтар мені қолқалап қайта-қайта өлең оқытты. Ішінде біреуі Мұқағалиды жақсы көреді екен. Соның құрметіне біраз көсілдім.
– Жігіттер, менің бауырым қандай өнерлі, ә!, – деп әлгі кісі орнынан атып тұрды. Мені меншіктей сөйлегеніне өзі риза секілді. – Осындай жастарды мемлекетіміз қолдауы керек. Жағдай жасауы керек, – деп біраз саясат соқты. «Ішіп алып, былшылдай береді екен мынау да» деп ойладым мен. Ұзақ сөйлеп алып, маған қарады:
– Келші, бері, – деп қасына шақырды.
«Мынау тағы не істетпекші, жатқа білетін өлеңдерім таусылды. Енді не оқимын» деп тыпыршып кеттім. Бұрын бойы менімен шамалас секілді көрінетін. Бұл жолы ол биік, мен еңкіш тартқандаймын. Әлде оны шалқытып, бойын биіктетіп, еңсесін көтеріп тұрған мақтаныш па екен?! Ол жағын да түсіне алмадым. Әйтеуір «ағамның» қолтығының астына сүңгіп кеттім.
– Бауырымның тамаша таланты үшін мен өз атымнан кішкентай сыйлық жасағым келеді, – деді сосын. Езуіме күлкі үйірілді бірден. «Не берер екен?». Ол маған қарап, сол қолын жан қалтасына бір салды, төс қалтасына бір жүгіртті. – Қап, «налишный» жоқ екен. Сосын берем…, – деп құшақтады мені. – Риза болдым саған!
Мен риза емеспін. Бекер үміттендім.
– «Kaspi перевод» жасасайшы!, – деді бір дөкей менің ұнжырғам түсіп кеткенін аңғарғандай.
– Әй, мен ондайды білмеймін. Ескі адамбыз ғой біз!
Бұл сөз тауып кеткеніне, аналар мұның шығын шығармағанына риза болып, кеңкілдеді, селкілдеді.
Сол отырыстан ренжіп шықсам да, әлгі ағамның сондай иманды екеніне, сондай патриот екеніне біраздан кейін көзім жетті! Тағы бірде орталық мешіттің жанында жолығыстық. Менің аптасына бір келетін «Жұмабайлығым» бар еді. Жұма намазынан шыққан бетім.
– Бауырым, ішіндегі тәп-тәуірім!, – деп жанымнан табыла кетті. Екеуіміздің жолымыз жиі түйіседі әйтеуір. – Мешіттен шықтың ба?
– Иә, аға.
– Дұрыс-дұрыс! Иманың берік болуы керек! Есіңде болсын! Мен ұзақ жыл намаз оқыған адаммын. Жамағатта бірге жүрген талай адамның шын бейнесін көріп, жерініп кеттім. Олар 5 уақыт к…ті-бастарын жуғанға мәз. Иманды сонымен ғана өлшейді. Тәннің кірі кеткенмен, жанның кірі қалыңдай береді. Одан не пайда? Алдымен жүректі тазарт!
Өткенде ғана балқып-қалқып отырған ағамның имандылық туралы пайымы «пай-пайлатты». Ал, патриоттығы тіпті «Пах!» дегізді.
Менің, жоқ Қазақстанның әр азаматының есінен кетпейтін анау бір жеңіс бар емес пе?! Футболдан Данияны сан соқтырғанымыз! «0:2» болып жеңіліп жатып, екінші таймда «3» гол соқтық қой. Қайдағы Қазақстан?! Күллі әлем «шок» болды емес пе?! Сол ойыннан кейін мүлдем ұйқым келмей, кеудеме де сыя алмай, бөлмеме де сыя алмай көше кезіп кеткем. Таң атып қалса да көшені жаңғыртып, айғайлап, сайран салып жүрмін. Әр қаладағы жанкүйер достарыма хабарласып, сауын айтып. Үйінен шықты ма, әлде үйіне бара жатыр ма, білмеймін әлгі ағам ұшырасты. Бозарып кеткен. Түнеріп кеткен. Тотығып кеткен. Әйтеуір түрі жаман боп кеткен.
– Не істеп жүрсің таң атпай? – Дауысы зілді. Біреуге қатты өкпелегені көрініп тұр.
– Аға, Қазақстан Данияны жеңген түнде қалай ұйықтаймын! Қуанып жүрмін, – дедім.
– Өй, сен де потбол көресің бе? – Дауысы жұмсарды. Мейірлене қалды. Іле қайтадан қатуланып: – Аталарының ауызын ұрайын, бір топастармен қырылысып келе жатырмын сол үшін.
– Не болып қалды, аға?
– Мен деген Қазақстанның байырғы панатымын ғой. Сона-а-у Азияда Непал, «сепалдарды» ұтып жүрген кезінен бері. Бүгінгі ойынды достарыммен бірге көрейін деп, «Милан» деген спортбарға бардым. Обшым, ойынды көрдің. Мен соңына дейін сенем ғой біздің жігіттерге. Басқалар: «Болды енді! Тағы жер сүздік!» дегенде мен келіспедім. Жігіттер менің қолдауымды сезді. Шайқады ғой, шайқады! – жұдырығын қысып, тісін шықырлатып, көзін жұмып, басып шайқап, риза екенін барынша көрсетті. – Жеңген соң бір-бірімізді құттықтап жатсақ, қарсы үстелдегі 3-4 жігіт «недаболный». Күңкілдеп өтіп барады қасымыздан. Дауысы бар ғой, әлі құлағымда. Недеген жиіркенішті еді. «Қазақстан үшін қадалдым, брат! Дания «Ж/Б» жеңеді деп соған қойғам. 10 «сабыйтианың» 1-еуі ғана шықпады. 200 мың көтеруші едім» деді ғой. «Әй!» деп ақырып жібердім!, – деп «Әй» деп ақырып жіберді ағам. Тура сол сәтте, тура әлгілерге қарап тұрғандай. Жанары шатынап кетіпті. – Ойлашы, бауырым, есі дұрыс адам Қазақстанға қарсы «стапка» қоя ма? Ақшадан өлді ме, әй!? Әйтеуір жеңіледі деп сөйтеді де. Көрсетті Қазақстан оларға. Обал жоқ! 200 мың емес, 2 млн-ға қадалуы керек еді!.. «Әй!» дегеніме анау жалт қарады. «Не шатып тұрсың? Қазағымыз жеңгенде, қуанудың орнына…» деп жағасына жармастым. Жігіттер айырып алды. Әйтпесе бар ғой… – тағы жұдырығын түйді. – Ондай малғұндарға зығырданым қайнайды. Олар бүгін еліне қарсы бәс тіксе, ертең ақша үшін Отанын сатады! Мисыздар!…
Ағама қатты риза болдым. Нағыз жігіт! Шіркін, еліміздің тізгіні осы ағамның қолында болса ғой! Қатыратын еді бәрін.
– Дауай, бауырым, хабарласамыз!, – деді де үйіне қарай кетті. «…тәп-тәуірім» демеді әдеттегідей. Бірақ мен оған ренжімедім. Себебі мен тәп-тәуір емес шығармын. Бірақ ағам жап-жақсы!
Хабарласамыз деп кетті, ә! Бірақ қалай хабарласпақ? Біз бір-біріміздің телефон нөмірлерімізбен де алмаспаған едік. Ол да сұрамайды, мен де үндемеймін. Шындығында мен оның телефонымды сұрағанын қаламаймын. Сұраса, амал жоқ беруім керек… Берсем…
Бірақ ол екеуіміз жиі жолығысып қаламыз. Ойда-жоқта. Үй жақта ғана емес, кез-келген жерде. Кейде «Ол мені аңдып жүре ме?» деп ойлаймын. Мысалы, анау бір жолы «Екінші Павлодарда» тұратын досымның үйіне бардым. Тура мен кіретін подъездің алдында тұр.
Таңданып, амандастым.
– Не істеп жүрсің, бауырым!
– Досыма келгем, – дедім. Ішке ендік. Лифті күтіп тұрмыз. Ағам қабырғадағы жарнама қағаздарын көзімен ақтарып тұр.
– Ох, десейші, қағазға жазса, жыртып тастайды деп, қабырғаға жазыпты ғой. Қуын-ай!, – деді.
Жалт қарадым. «Сантехник: 8-777-936-15-04» деген жазуды айтып тұр екен. Қалтасынан қара маркер алып шықты да «15-04-тің» үстінен шимайлап тастады. Көрінбей қалды. Астына өзінің нөмірін жазды.
– «Канкуренттар» ғой. Ұнатпаймын… – Лифт келді. Ол: – Мен мына пәтерге келгем. Краны бұзылыпты, – деп бірінші қабаттағы есікті нұсқады. – Сенімен әңгімелесе тұрайын деп… Дауай!, – Мен жоғары көтерілдім. Ол төменде қалды. Өткенде сонша риза болған ағамды танымай қалдым. Мүлдем басқа адам секілді. Мынау өзін ғана ойлайтын біреу ғой. Адам қалай құбылады, қалай өзгереді? Әлде егізі ме екен. Екеуі кезек-кезек ауысып жүретін шығар?! Әй, бірақ, күнкөріс қамы кім-кімді де…
Тағы бірде «Seleta» караоке-барында отырғам. Жалғыз өзім. Ойланып. Ол кіріп келді. Мені көрді де, қасыма келіп отырды. «Рас мына кісі мені аңдып жүр».
– Қалайсың, әй?
– Жақсы, аға, – «Не істеп жүр? Мені қайдан тауып алды? Осында екенімді қайдан біледі?» деп ойладым.
– Шөлдеп кеттім. Салқын сырадан сіміріп алайын деп… – «Кірсем, сен отыр екенсің» деп жалғай ма десем, олай болмады. Ізімді басып, соңымнан келгендей. Тапсырыс берді де әңгімесін бастап кетті. – Сыра деген жақсы ғой. Арақты қанша ішпеймін десем де, ұрынып қала берем. Өткенде, бір тойда құдалармен, тойыст, құдашалармен сілтеп жіберіппін. Ертеңінде басым сынып, көшеде келе жатсам, өзің секілді екі бауырым ұшырасты. Олар да тәуір жігіттер. 2-3 рет бірге ішкеміз. Қуанып кеттім. «Арақ ішесіңдер ме?» десем, көздері жалт-жұлт етеді. «Кеттік» деп ертіп алдым. Бір капеге кірдік. Қалтада көк тиын жоқ. «Ақшаларың бар ма?» десем, көздері жыпылық-жыпылық етеді. «Ә-ә, онда былай, kaspi-дан «налишный кредит» алыңдар» дедім. Ондайды білмейді екен. 30-30-дан 60 мың алдырттым екеуіне. Бас ауырса, ақша болмаса, кредит алып ішуді мен үйреттім жастарға. Әй, сілтедік-ай сосын.
Осыны айтып, ағам қарқ-қарқ күлді. Тапсырысы келді. Бірінші күрежкені төңкерді. «Кейін кредиттерін өзім жауып бердім бауырларымның» дей ме десем, олай да айтпады. Екіншісін қотарды. Ұсақ-түйекті сөз қып отыра берді. Үшіншісін босатты… Андай деді, мындай деді. Бірін де тыңдамадым. Kaspi-ді қай кезде меңгеріп алды екен? Жүрегім айныды. Орынымнан тұрып кетіп қалуға шамам жоқ. Орындыққа байланғандаймын. Еріксіз. Мына кісінің энергетикасы сондай ма, арбалдым да қалдым.
Содан бастап, одан сырт айналып жүруге тырыстым. Тіпті қашатын болдым. Жүрген жерімде айналамды шола қарап, алыстан төбесі көрінсе, бой жасырып. Аңдамай қалғанда кездессе, өтірік телефонмен сөйлескен болып. Бірақ «тағдырдың жазуынан» қашып құтыла алмайды екен адам. Тағы жолықты. Бұл жолы театрдың ауласында. Балаларын ойнатып жүр. Айтатын сылтау таппай, әңгімесін тыңдауға тура келді. Құдды кеше ғана кездесіп, шүйіркелескендей. Жатсыну, бөтенсіну жоқ. Сырын ақтарды, ағынан жарылды. Сөзінің дені тәрбие туралы. Басымды шұлғып, қостап қана отырдым. Біраз отырдық. Екі қызы бар екен. 6-7 оқиды екен. Оны да өзі айтты. Ойнап болған соң, «Жарайы, біз кеттік» деп жүре берді.
Мына кездесуіміз әсерлі болды. Неге қашып жүрген екенмін бұдан? Кілтін тапса, сыр сандығы ашылып, арай шашады екен. «Қыздарым өсіп келе жатыр. Солар туралы ойласам, аяғымды аңдап басам. Қорқамын. Жан-жағымда қыз-қырқын көп. Соларға басым айналып кете ме сақтанамын. Қыз тәрбиелеу оңай емес, бауырым, ішіндегі тәп-тәуірім!» дегені құлағымда қалды. Ішім жылып, жақсы көріп қалдым…
Ағамның әр қылығын еске түсіріп, бір күліп, бір қынжылып, жұмысқа де жеттім. Қызық-қызық адамдар болады, ә, өмірде?! Мен қандай екенмін?
***
Әлгі ағамды көрмегелі көп болды. Жылға таяды… айтпақшы, оны соңғы рет теледидардан көрдім. Жергілікті телеарна әлеуметтік сауалнама жүргізіпті. Тілші жігіт көше кезіп, ары-бері өткен халықтан «Осы жерден бір миллион теңге тауып алсаңыз, не істер едіңіз?» деп сұрап жүр. Расымен не істер еді? Біреу кәсіп бастамақ, біреу машина алмақ, біреу несиесін жаппақ, біреу оқуына төлемек… Ал мынау… таныс жүз, таныс дауыс… Менің ағам ғой. «Не дер екен?» деп құлағымды тостым, көзімді қададым. «Жартысын жетімдер үйіне садақа қылып беремін. Жартысына мешіт саламын», – деді ол. Жүзі жарық, еңсесі тік. Тілші жігіт те сауапты іске дайын тұратын иманы берік адамның қолын алып, ары қарай кетті. Мен болсам, бес жүз мың теңгеге салынған мешіттің қандай болатынын ойлап отыра бердім. Көзіме мешіт емес, аңқау әрі, арамза, ақкөңіл әрі есепшіл, сөзі мен ісінің бас-аяғын бажайлап қарамайтын ағамның аңқылдап сөйлеп, жарқылдап күліп кетіп бара жатқаны елестеді. Мен ол бір кісіні танымаған екем…
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.