«…Елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауында.

Әлбетте, Президенттің өзі атап көрсеткендей, Парламенттік реформа – асығыс шешім қабылдауды әсте көтермейтін, мемлекетіміз үшін жеті өлшеп, бір кесетін аса маңызды мәселе. Жаңа бастаманың оң-солын, артық-кемін, тұтас қоғамдық дамуға тигізер тиімділігін жан-жақты сараптап, әбден екшеп, сонан соң ғана барынша тиянақталған әрі түпкілікті  ортақ түйін шығарудың ел үшін мәні зор.

Президенттің өзі бұған дейін де айтып өткендей, мемлекеттің тағдыры айқындалатын мұндай аса маңызды мәселе халықтың келісімімен ғана жүзеге асуы тиіс. Бұл ретте Қ.К.Тоқаев: «Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз», – деді.

Деректерге ден қойсақ, қазір әлемдегі жалпы саны 190 ұлттық парламенттің 78-і қос палаталы жүйемен жұмыс істейді. Сәйкесінше, бір палаталысы – 111. Қазақстанның Парламенті 1995 жылы жалпыхалықтық референдуммен қабылданған Конституция бойынша қос палаталы жүйе, яғни бикамерализм моделі негізінде қызмет етеді.  Жоғарғы Палата – Сенат, Төменгі Палаты – Мәжіліс.

Біздің Жоғарғы Палатаға әр облыстан, республикалық маңызға ие қаладан және Астанадан екі депутаттан 6 жыл мерзімге сайланады. Қала берді, бұған қоғамдық маңызы зор салалар бойынша Президент тағайындайтын депутаттарды қосыңыз.

Сенат депутаттарының негізгі міндеттеріне не кіреді? Біріншіден, Төменгі Палатамен, яғни Мәжіліспен қабылданған заңдарды қарау, мақұлдау немесе кері қайтару. Екіншіден, Президенттің ұсынуымен Жоғарғы соттың судьяларын сайлайды немесе қызметтен босатады, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, сондай-ақ, Президент ұсынған басқа да жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім береді. Үшіншіден, сыртқы саясат және қауіпсіздік саласында Халықаралық шарттарды ратификациялайды немесе күшін жояды, елдің қорғаныс қабілетіне қатысты заңдарды бекітеді. Республикалық бюджетті қабылдау мен оның орындалуын бақылау, Үкімет жұмысының есебін тыңдау секілді міндеттерге де Жоғарғы Палата – Сенат араласады.

Төменгі Палата – Мәжіліс те заң жобаларын қарап, қабылдайды. Десек те, Мәжіліспен қабылданған заң жобалары кейін Сенатттың қарауына, мақұлдауына немесе кері қайтаруына тағы жіберіледі. Осы аралықта қаншама уақыт өтететінін ескере беріңіз. Сенат депутаттары тікелей өзі сайланған өңірлердің мүддесін қорғайды дегенмен, Мәжілістің мандатын иеленгендерді заң шығару жұмысында Сенаттағылардан олқы түседі деп айта алмас едік. Сондықтан да, менің азамат ретіндегі ұстанымым – елімізге бір палаталы Парламент те жетіп жатыр.

Жалпы, кейінгі уақытта әлемеуттік желілерде жарияланып жүрген қоғам өкілдерінің пікірі көбіне көп бір палаталы Парламент болғаны дұрыс дегенге саяды. Жалғыз палаталы Парламентті жақтаушылардың дені «қос палатаның жұмысында бірін-бірі қайталаушылық жиі ұшырасады, оның үстіне екі палатанының аппаратын ұстау үшін де қыруар шығын жұмсалады, тағдыркешті мәселелерді шешуде, тиісті заң жобаларын қабылдауда бір палата атқара алатын шаруаны екіншісіне қайталатып не қажеті бар» деген мазмұнда өріледі.

Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде қолданылып келе жатқан қос палаталы парламент моделінің өзіндік артықшылықтары бар, әрине. Әдетте, қос палаталы модель – тежеу мен тепе-теңдік жүйесінің кепілі ретінде таналыда. Мысалы, біздің Мәжіліс қабылдаған заңды кейін Сенат қайта қарап, сапасын арттыруға ықпал ететіні де рас. Мұның өзі асығыс қабылданған, ішкі мазмұндық сипаты шикі заңдардың күшіне енуіне тосқауыл болады. Сонымен қатар Сенат депутаттары өңірлердің өкілі болғандықтан, Сенат құрылымы орталық пен аймақ арасындағы көпір іспеттес маңызды рольге ие.

Жалпы, қос палаталы жүйе елдегі саяси тұрақтылықтың факторы деп те айтылады. Қала берді, Парламент ішіндегі пікірталастар өркениетті деңгейде жүріп, шешімдер жан-жақты сарапталады деген ұстанымға да иек артушылар көп.

Десек те, қос палаталы Парламент жұмысындағы негізгі кем тұс ретінде заң шығару процесінің баяулауы көп айтылады. Шынымен де, бір заң екі рет қаралады. Жоғарыда айтып өттік, заң жобаларының қайта-қайта қаралуы уақытты әжептәуір ұзартады. Оның үстіне қос палаталы жүйе мемлекеттік шығынның көлемін де арттырады. Ең негізгісі сол – Мәжіліс пен Сенаттағы талқылаулар бір-біріне қатты ұқсап, бірін-бірі қайталап жатады.

Әлемдік өркениеттің даму қарқыны күн санап өзгеріп жатқан бүгінгідей тұста һәм өз алдымызға жаңа технологиялар арқылы жедел әрі тұрақты даму үдерісін мақсат етіп қойып отырған кезде біздің ел үшін жеделділік пен үнемділік алдыңғы кезекке шығуы керек деп есептеймін. Ал мұндай маңызды мақсатты, тағдырлы міндетті бір палаталы Парламенттің өзі-ақ қамтамасыз ете алады деп ойлаймын. Сондықтан да Президент Қ.К.Тоқаев жаңа Жолдауда бастама етіп алған Парламенттік реформа жеделдік пен үнемділікті негізге алып отыр деп түсінемін. Біз қарқынды һәм тұрақты дамуды, жайлы тұрмыс пен лайықты өмірді қалаймыз, әлбетте. Ал біздің бұл қалауымызға шын мәнінде аз уақытта қол жеткізу үшін заңдардың жылдам қабылданғаны, қаржының үнемделіп, тек нақты дамуға жұмсалғаны аса маңызды. Бір палаталы жүйеде шешім қабылдаудың механизмі де халық үшін қарапайым әрі түсінікті болары даусыз.

Дәл қазіргі уақытта бір палаталы Праламенттік модельге көшу мәселесінінің қозғалуы мемлекеттегі саяси жүйенің жетілгенін, демократиялық құндылықтар мен қоғамдық мәдениеттің нығая түскенін айғақтайды деп айтар едім.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өз сөзінде: «Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым», деді. Жоғарғы Палатаға 10 жыл басшылық еткен адамға, әрине, Парламенттік жүйенің оңы мен солы бүге-шігесіне дейін жақсы таныс. Он жыл бойғы тәжірибесіне сүйене отырып, біздің одан арғы дамуымызға, қоғамымыздың қажеттілігін өтеуде, елімізді халықаралық дәрежеде алға бастыруға бір палаталы жүйе тиімді болатынын меңзеп отырса керек деп түйемін.

Дегенмен, Парламенттік реформаның нүктесі тек референдум арқылы ғана қойлады. Мемлекет басшысы: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді», – деді.

Ендігі таңдау – халықта. Ал халықтың көкейіне Парламенттік жүйенің қайсысы тиімді екенін, қайтсек ұтарымыз көп болатынын, дұрыс-бұрысы мен артық-кемін жеткізу – сарапшылардың міндеті.

Асыл ӘБІШЕВ

 

 

Добавить комментарий