Ертіс ауданында ақын, әнші, композитор Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Дауылды жырдың дүлдүлі – Иса ақын» атты облыстық желдірме байқауы өтті. Ертіс ауданы әкімдігінің мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Ертіс аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырған байқау Иса ізбасарларының шабытына шабыт қосты.
Байқауды Ертіс ауданы әкімінің орынбасары Роза Ақанова құттықтау сөзімен ашты:
– Иса Байзақов –жүрегінен жыр төгілген ақын. Ол – қазақ мәдениетінің ұлы тұлғаларының бірі. Оның шығармашылығы мен өнері халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Ақынның өмірі мен еңбектері жас ұрпаққа үлгі болып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосты, – деді Роза Қабибуллақызы.
«…Қарашы домбыраның еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне,
Домбыра – екі ішекті, тоғыз перне,
Арқаның кез болдың ғой серкесіне.
Толқынды топшыменен қақ айырып,
Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.
Самғайын қанатымды жел үйіріп,
Қонғандай Оқжетпестің өркешіне…», – деп Иса ақын желдірмелеткендей, айтулы өнер додасына Павлодар, Ақсу қалаларынан, Ақтоғай, Шарбақты, Тереңкөл, Ертіс аудандары мен Атамекен кентінен сегіз өнерпаз қатысты.
Байқауға Ертіс ауданының құрметті азаматы, ақын, жазушы, өлкетанушы Самат Мәненов, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қадиша Джарасова, Ертіс балалар өнер мектебінің басшысы Жәнібек Аманжолов, айтыскер ақын Аманкелді Уақбаев, Ертіс аудандық Мәдениет үйінің халық шығармашылығы бойынша әдіскері Салтанат Шәмей қазылық етті.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Иса Байзақовтың желдірмелерінің екі түрінің біреуін, «Заулатшы-ай», «Қалқа» және ел арасында айтылмаған т.б. әндерін таңдауы бойынша орындады. Екінші кезеңде халық композиторларының әндері шырқалды. Екі кезеңде де әндер ұлттық аспаптардың сүйемделдеуімен орындалуы талап етілді.
Нәтижесінде, Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Дауылды жырдың дүлдүлі – Иса ақын» облыстық желдірме байқауында Бас жүлдені Жалын Құнанбай (Павлодар қаласы) иеленді.
Мағжан Ысқақ (Ақсу қаласы) бірінші орынды еншіледі.
Екінші орын Махамбет Рамазанға (Ақтоғай ауданы), үшінші орын Ардақ Бейсембайға (Ертіс ауданы) бұйырды. Ал, «Аудан әкімінің арнайы жүлдесімен» Жазира Төлеубаева (Атамекен кенті), «Көрермен көзайымы» аталымымен Сұңқар Қайнарұлы (Ертіс ауданы) марапатталды.