«AMANAT» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғанын хабарлайды. Биыл әдеби конкурс ұлы ақын, ағартушы, философ, ұлттың рухани темірқазығы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өтеді.
Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ұлы Дала» республикалық шығармашылық байқауы осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылуда.
Шығармашылық доданың басты мақсаты – «Жұмысшы мамандықтары жылын» басты назарға ала отырып, Абай салған жолды бүгінгі әдебиетпен сабақтастыру, Абай іліміндегі «толық адам», «еңбек», «ғылым», «тәрбие» секілді ұғымдарды көркем әдебиет аясында дәріптеу. Сол арқылы отандық авторларға қолдау көрсету және шығармаларын насихаттау.
Байқауға үміткерлер: «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын», «Балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша қатыса алады.
Бұдан бөлек, байқауда «Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы», «Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлдесі тағайындалып отыр.
Қатысушыларға қойылатын барлық талап пен байқау шарты белгіленген ереже мәтіні бүгін БАҚ-тарда, партияның ресми сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.
Шығармалар 1 шілдеден бастап, 30 қазанға дейін қабылданады.
Өз кезегінде келіп түскен шығармаларды Республикалық ұйымдастыру комитеті тексеріп өткізіп, арнайы бүркеншік есіммен https://aikyn.kz сайтынан ашылған «Ұлы дала» байқауы айдарында күнделікті жариялап отырады. Қызығушылық танытқан кез келген оқырман шығармалармен сол жерден таныса алады.
Айта кетейік, байқауға 18-45 жас аралығындағы авторлар қатыса алады. Келіп түскен жұмыстарды байқау комиссиясы 1-15 қараша аралығында қарайды. Байқау нәтижесі «Тәуелсіздік күні» қарсаңында қорытындыланып, салтанатты марапаттау шарасы Астана қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, «Ұлы дала» байқауы былтыр көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған болатын.