Талдықорған қаласында Жетісу облысының білім басқармасының «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» өтті.

Байқаудың мақсаты – аса дарынды, талантты ақын барлық жанрда қалам тербеп жазған біртуар азамат, асыл сөз иесі Ілияс Жансүгіровтің шығармаларындағы әрбір сөзді санаға сіңіру; жастардың бойында ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастыру; Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұрасы рухани құндылықтардың қайнар көзі, ұлттық сананы жаңғыртудың өзегі екенін дәлелдеу.

«Ілияс оқуларында» Қазақстанның 16 облысындағы орта мектептерден 100-ге жуық оқушы, 5 кезең бойынша білім сайысына түсті. Олар білім додасында өздерінің білімдерін айтарлықтай жоғары дәрежеде көрсетіп, Ілияс мұрасына деген қызығушылықтарын таныта білді. «Ілияс – эпик ақын» шығарманы жалғастыру номинациясында қатысушылар «Құлагер» поэмасын жатқа айтып, кезекпен жалғастырады. «Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» деп аталатын жас ақындар номинациясында қатысушылар ұсынылған тақырыптың біреуін таңдап, 90 минут ішінде 4 шумақтан кем емес өлең жазып, оны мәнерлеп оқыды. «Ілияс – қарасөз шебері» көркем сөз оқу номинациясында қатысушылар Ілияс Жансүгіровтің прозалық және драмалық шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп оқыды. «Сұлу сөздің сүлейі» деп аталатын шығарманың көркемдік құрылысын талдау номинациясында оқушылар Ілияс Жансүгіровтің өлеңдерінің біреуін таңдап алып, композициялық құрылысын, көркемдегіш құралдарды тауып, жазбаша талдады. Ал, «Заманның заңғар тұлғасы» аталатын соңғы номинацияда үміткерлер Ілияс Жансүгіровтің бір ғана шығармасына арнап буктрейлерлер жасады.

«Ілияс оқулары» байқауына қазылар алқасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессор-оқытушылар құрамынан және Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерінен құралды. Қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын марапаттау кезінде өз ой-пікірлерімен де бөлісіп, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына таңдау жасаған оқушыларды, жоғары оқу орындарының филология, журналистика факультеттеріне оқуға шақырды.

Аталған байқауда жас ақын, Ақсу қаласына қарасты Ю.Гагарин атындағы мектептің оқушысы Еркебұлан Тіленіш «Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» деп аталатын жас ақындар номинациясында 2-орынға ие болды. Жүлдегерден жыр-тарту қабыл алыңыздар!

Жыр-Бәйтерек

Тербетілсе төңірек күн нұрымен,

Тұңғиықта тулайды сүмбіл өлең.

Ағынды Ақсу құлайды Алатаудан,

Арулардың ақ күміс сыңғырымен.

 

Жоталардың жайласа таң бөктерін,

Жайқалады ғазалдай әр көктемі.

Тал-қайыңдар самалмен тербеледі,

Тыңдағандай Ақанның әндеткенін.

 

Асқақ болар аңсаған асыл арман,

Айырылдың Аманша ғашығыңнан.

Сары қанат, сарқалдақ сезімдерің

Жетісудың желінде жасырынған.

 

Азаттығын аңқытып ақ таңынан,

Алашыңа бармақтай бақ дарыған.

Самұрық-жыр самғайды қанат қағып,

Тұғырлы Қоңыртаудың шатқалынан.

 

Теңселгенде тау тұлға, торықты ай, күн,

Өлең болып өрілді, толып қайғың.

Көкіректі кернейді, сеңдей соғып,

Күңіренген күйлері Молықбайдың.

 

Ардақтысын аңсаумен айға ұлып түн,

Сергелдеңге түседі сәйгүлік мұң.

Құлагерің қапыда құлағанда,

Құрсауында кеттің сен қай құрықтың?

 

Сағасынан Сарқанның ән тасыған,

Жалқы мұңың жаңғырған жартасынан.

Қасіреті Алаштың көрінеді

Батыраштың қан жұққан балтасынан.

 

Қара түнде шуағын ай төгеді,

Қара өлеңі – жалғанға айтар емі.

Құлагер-жыр иесіз кісінейді,

Құлағалы Қазақтың Бәйтерегі!

Добавить комментарий