Менің сырым

Шынымен қалғаным ба ұятқа анық,
… Кеудемнен ағыл-тегіл күй ақтарып.
Өзіме құдіреттей сенбеуші ме ем,
Бір ерлік жасайтын-ақ сияқтанып.

Асыға,
Әппақ шыңға тиіп көңіл,
Шығатын сияқты-ақ ем биікке бір!..
Барады-ау дедектетіп,
Түк бітіртпей,
Зуылдап,
Зулап ағып,
Сүйікті өмір!

Көк дөнен көсіле бір ұшпады ма,
Алқынып,
қалғаным ба тұста мына?
Сенетін сияқты-ақ ем,
Жүрегімде
Жалғанды жалт қаратар күш барына!

Қуанып,
Қайғырып та бұл тірлікте,
Алдық та…
Бердік…
Көп іс бітірдік те.
Сонда да жанға тоят таппадық қой,
Көнбестен көңіл шіркін «шүкірлікке…»

Сонда да өзен біткен дұрысқа ақпай,
Жатқандай,
Қойды-ау жүрек тыныс таппай!
Бос сілтеп бұғалықты жүргендеймін,
Алтын жал арғымақ жыр бір ұстатпай.

 

Өз биігің

Өрмеледік биікке,
Өрмеледік,
Биікке де бір шығып көрмек едік!
Шатқалдарда шайлығып,
Шамырқанып,
Тұрсың ба шын шалдығар жерге келіп!

Бетің қайтып бөгеттен көрмегендей,
Тартпақ едің тетелеп сен бөгелмей.
Пендеге ермей бұлтарыс жол іздеуге,
Ығыр етті-ау еркіңе өр де көнбей.

Көп күндердің осылай өткеніне,
Бола алмассың оншалық өкпелі де.
От көріне тұрса да алдыңда бір,
Әл-қуатың әріге жетпеді ме?

Осы ма әлде жеткенің, жетпегің де,
Жүрсің әлі Көктөбе бөктерінде.
Көкте күнге ұмтылған сұрапыл күш,
Кеткені ме шынымен текке мүлде?

Тұла бойда тасып бір қаның тұнық.
Қайырылма!
Қайтадан қал ұмтылып.
Қал ұмтылып!
Қалтырат құзды мына,
Омыраумен опыра қарын тіліп!

Жалын ата жалтырап терден дене,
Ұмтылып қал – ұрымтал өр-көмбеңе.
Болғанға да не жетсін өз биігің,
Сол биікке бір шығып көргенге де?!

 

Ғашық дүние

Дүние-ай,
Қадіріңді күрт ұқтырып,
Барасың күннен-күнге ынтықтырып,
Көлбеген көк белдерге,
Көк пен жерге,
Қараймын көздің жасын сүртіп тұрып…

Сүйсініп сырыңа да,
Қырыңа да.
Түскенім қызығыңа құныға да,
Мәңгілік екендігін сезуден-ау,
Шайқалмас дүниенің нұры ғана.

Көк аспан құшып ыстық бірде мені,
Көз алдым көп бояумен түрленеді.
Көкірек дір-дір етіп,
Дір-дір етіп…
Осы ма, құдірет-ау, мұң дегені!

Менің де көңілімді сырнай қылған,
Сан дүбір естіледі тынбай қырдан!
Шынымен
Мұң дегенің осы болса,
Айналып кетпеймісің
Мұндай мұңнан!..

Дүние-ай,
Қуанып та,
Не бір күле,
Енді ұқтым өзіңді де,
Өмірді де,
Алдыңда ақтарыла кеткісі кеп
Аңқылдап,
Ашық тұрған көңіл міне!

 

Тақырып туралы жыр

Таппақ болып менен де ақыры мін,
Тар, деп те жүр біреулер, тақырыбың.
Қалай ғана тақырып тар болады,
Жапаныңды жаңғыртып жатыр үнім…

Кеме мініп,
қыдырып бөтен көлде,
бармасам да беймәлім шет елдерге,
Қолым сәл бір қалт етсе, ауылды аңсап,
Алакөлге ағызып жетем мен де!

Өзіме аян:
алысқа бармағаным,
Көкті кезіп,
ғарышта самғамадым.
Күнде көріп жүріп-ақ,
Алатаудың
ажарына әлі де таң қаламын!

Көрген жоқпын өзгенің көгін,
көлін,
Адабама, Айова негрлерін,
Алматыма қайтып кеп жырламадым,
Бомбейдегі үндістің егілгенін.

Жырақ шығып көрмедім өз елімнен,
туған далам,
орманым,
өзенімнен,
Африка барсам да, –
ауылымнан
артық әсер етпесін сеземін мен!

Жырлайтыным өз далам,
өз көлдерім,
өз елімнен көргенім,
сезгендерім,
Гималайдан кем соғып көрген емес,
бала жастан жалықпай кезген белім.

Бірдей ұнап ақынға,
батырға да,
жетті даусым алысқа,
жақынға да,
Тебірене түнімен жазғанымды,
емірене тыңдап-ақ жатыр дала.

Тіршілікте әркімнің үлесі бар,

біреуге – ызғар,
біреуге күнес ұнар,
Ніл дарияны несіне жыр етейін,
Әрі кетсе ол да бір Іле шығар!

Тақырыбым – махаббат елге деген,
Өз елімнен езгені кермеген ем.
Ақын, тегі,
Магеллан емес шығар
жерді айналып шығатын жел кемемен.

Айналатын күнде бір арайынан,
Ұзамадым Москва маңайынан,
Сұқтанбадым біріне шет елдіктің
тата жүріп қолымнан талайы дәм.

Туған жердің сүйеніп терегіне,
бұлбұлы боп мұң шақтым,
мен егіле, –
одан артық ақынға тақырыптың,
одан артық бақыттың керегі не!..

 

Өкпелеме

Ұната ма өзіңді, жек көре ме,—
ренжисің ол үшін кепке неге?
Көңіліңді қалдырған досыңа да,
қасыңа да бекерге өкпелеме.

Өкпелеме туысқан тірі алдаса,
бауырыңның біреуі тіл алмаса,
Өкпелеме көңілдес келіншегің
құрдасыңа қылымсып бұраңдаса.

Жарың кейде жүзіңе тік қараса,
қабағыңды тұтқиыл шытпа да аса,
Бүлінбеші бекерге жан жолдасың
жөн сөзіңнің өзін де құптамаса.

Шыңдай түсіп одан да өр үніңді,
күмпілдетіп баса бер көрігіңді.
Жәрдеміңді аяма жолдасыңнан,
жұртқа деген жоғалтпа сеніміңді.

Күңкілі мен күндестің ызыңы ма,
көңіліңнің қайдағы қыжылы ма,—
Татымайды
барлығы жиылып кеп
тірлігіңнің бір күнгі қызығына!

 

Қаймығады

Тірі жанның берместей біріне есе,
көкірегім зор еді күні кеше,
ұрандаса кетуге әзір едім,
қайраты бар қазақтың ұлы десе.

Бар-жоғымды сездірмей өр көкірек,
төреңізді көзге ілмей — төрге өтіп ек.
Терлетіп ек сан жүйрік, санасы бар
елге пана болам деп, ерге — тірек.

Көтермелеп жалғызын, жұптасын да,
жарасам деп жүрдім-ау ықтасынға.
Жүре келе өзіме үрді бірі,
тура биді туысқан құптасын ба.

Сыралғысы сырт беріп, сырласқаны,
мұңдастары
тұрады ымдасқалы.
Құнан жауыр болды иық келе-келе,
көкіректі сол биік кім баспады.

Бірі кетті ағалап ұры-қарды,
бірі кетті жағалап ығы барды,
шығып алды біреуі жел жағыма,
кімі кетіп, білмедім, кімі қалды.

Ерге пана болам деп,
елге — тірек,
терлетіп ек тұлпарды,
төрге өтіп ек,
Неге бүгін бәрінен қаймығады,
жерге сыймай жүретін зор көкірек!

Добавить комментарий