Бір өлең – бір әлем

Бұлдыр да бұлдыр, бұлдыр күн,

Байлауың білер бір Алла-ай.

Жаныма жылжып мұң кірді,

Бауыры суық жыландай.

 

Бұлдыр да бұлдыр, бұлдыр күн,

Барасың қайда асыға?

Бетсіздер сені бүлдірді,

Би болған басы-басына!

 

Бабалар айтқан келді ақыр,

Тобасыз топан тіршілік.

Көтерем болып ел жатыр,

Көпірме сөзге тұншығып!

 

Кімің бір, қане, ұқтырар?

Санамыз санға бөлінді.

Тәлкекке салды «мықтылар»,

Тәңірге сенген тобырды.

 

Санайтын құл деп пендені,

Арманы ақша – хас арам.

Тексіздер шықты теңгелі,

Тезектен алтын жасаған.

 

Жүрегім жылап, жан сыздап,

Кеудеге қайғы түнетем.

Анасын сатқан арсызға,

Арманыңды айту мұң екен!

 

Ісімде жоқ деп түк күнә,

Ұлтарақ қылған ұятты.

Айтамыз өкпе мықтыға,

Пілге үрген қанден сияқты,

 

Есі бар елде жоқ па ешкім,

Әр жақсы өзін бұлдаған.

Сен бізге опа бермессің,

Абайдан қалған тұл заман!

 

Сайлау БАЙБОСЫН.

Добавить комментарий