Қабек Сағитовтың туғанына – 95 жыл
Әйгілі жерлесіміз, айтыскер ақын, үлгілі ұстаз, дарынды журналист Қабек Сағитұлы 1930 жылы Ертіс ауданына қарасты Қызыл жұлдыз (қазіргі Иса Байзақов) ауылында дүниеге келген. Ол ауылдағы жеті жылдық мектепте оқып, аудан орталығындағы қазақ орта мектебін тәмәмдайды. Кейін 1969 жылы Семейдегі педагогикалық институттың тіл және әдебиет факультетін сырттай бітіріп, ауылға мұғалім болып барады. Мектепте «Тіл үйірмесін» ұйымдастырып, шәкірттерін әдебиетке баулыған. Үйірмеге мүше болғандардың өлеңдерін, әңгіме, шығармалары мен газет-журналдарға басылған материалдарын кітапша етіп жинақтаған. Ол кезде облыс шеңберінде талай білімдар, аса тәжірибелі мектеп ұстаздары көп болғанмен, дәл Қабек Сағитовтай талантымен жарқылдай көрініп, өнер белесіне шыққан мұғалім жоқ еді.
Мүбарак Жаманбалиновтың «Келешегі бар талантты жігіт» деген бір-ақ ауыз сөзімен Қабек Сағитовтың алғашқы топтама өлеңдері «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Ол өлең ғана жазбай түрлі фельетон, әңгіме, мақалаларды да жиі жариялайтын. Ел алдына бірте-бірте таныла бастаған ақын айтыс саласында да өзін таныта білді. Заманында Жүнісбек Жолдинов, Қимадиден Нығманов, Ілияс Оспанов, Зекебай Солтанбаев, Мұхсихан Зайытов сынды суырып-салма ақындардың қасына еріп, Исаның ауылынан екенін өнері арқылы дәлелдей алды. Сағиттың ұлы Қабек 1977 жылы 47 жасында дүниеден өтеді.
Назарларыңызға Қабек Сағитовтың «Әсем» атты әңгімесін ұсынамыз.
Әсем
Қабыш сенбі күні сабақтан шығысымен «Ракетаға» мінді де, Темірлан селосына келіп түсті. Мұнда оның Бану деген апасы тұратын. Ол өзі бір көре алмай әбден сағынып жүрген шығар. Қабыш келгенде, есіктің баспасына асылып бір үлкен құлып тұр екен. Жан-жағына қарап еді, осылай қарай асықпай аяңдап келе жатқан әп-әдемі қызға көзі түсті. Өзі бейне таныс адамын көргендей, күлімсіреп келеді.
Әсем ол кезде 17-18-дер шамасында болатын. Дер шағы. Пісіп-жетіліп, сабағында салбырап тұрған алма тәрізді.
Қабыш бейтаныс қызға сынай қарады. Орта бойлы, нәзік бел, ақсары қыз өзіне қарай жайымен аяңдап келеді. Тіпті асығар емес. Үстіне кигені: белінен төмен көкшіл юбка, одан жоғары ақ шарбы бұлт тәрізді үлбіреген кофтасы бар, жұқа көйлек тәніне тақалып тұрғандықтан, төс төңірегінің ойы мен қыры айқындала түсіп, көркемдіктің абыройын көтеріп-ақ тұр.
Қабыш қызға қызыға қарап, «мінез-құлқыңды кім білсін, ал сұлулықтан кенде қалған жоқ екенсің» деп ойлады.
Қыз күлімсіреп келіп амандасты да, есікті ашты. Оның осы үйде тұрып, тігін шеберханасында істейтінін Қабыш бұрын естіген. «Бұл періште мені сырттай білуге тиіс, деп ойлады ол, тіпті өзін маған теңеген тентек сөздерді де естіген шығар. Ал кейде мұндай жағдайда бикештер сол аты аталған адамға өшігіп, оны жек көріп кетуі мүмкін».
Әсем оған жылы жүзбен қарап тұрса да, «е, жігіттеріңнің түрі мынау ма, сықпытына болайын» деп мысқылдап тұрғандай сезілді.
Кешке қарай Бәнулер де келді. Інісін көргенде, сағынышын ірке алмай, жас баладай аймалап сүйіп жатты. Қабыш ұялып қалды. Өйткені, әлгі бip сары қыз босағада бұларға қарап күлімсіреп тұр еді.
Сырттан жаңа кірген жездесі Қабышқа:
– Біздің жоғымызды аңдып, қызымызды алып қашқалы келгенсің ғой, – деп амандық жоқ, саулық жоқ әзілдеп жатыр. Бұл сөзді Әсем де естіді. Бірақ үндемейді. Күле береді. Күлкісі қандай сүйкімді еді.
Кабыш бұл үйде екі күн болды. Сол уақыттың ішінде Әсемнің қыбыр еткен қимылы оның назарынан тыс қалмады. Кыз өзін үнемі бір қалыпта ұстады. Кайсы біреулердей қонағына қыр көрсетіп, бұлаңдап, сылаңдап, әбігер болмады. Жатсынып, жатырқамады да. Ертеңінде үй иелері бір жаққа қы-дырып кетті. Кабыш ешқайда шықпады. Касында аққудың көгілдіріндей болып бір сұлу қыз отырғанда, қайда бара қойсын.
Әсем аяқ машинамен іс тігіп отыр. «Ал енді осы маған не айтар екен», -дегендей, жігітке сынай қарап қояды.
– Әсем, сіз неге қыдырмайсыз? – деді Қабыш орындыққа отырып жатып. Ол ісін тоқтатты да, басын көтеріп алды. Жаудыраған қөздері мен жұқалаң ерніне күлкі үйіріліп, өңін бұрынғыдан да құлпыртып жіберді.
– Өзіңіз ше? – деді, Әсем сұрақтан сұрақпен құтылғысы келіп.
– Мен, – деді Қабыш, қыдырғанда қайда барамын? Сіз секілді бір сұлу алдымнан кездесе қойса тəуір.
– Сізге қыздан басқа кісі кісі емес пе? Және әңгімелесіп отырған адамыңыз сөзіңізді шығын қылуға да тұрмайтын біреу болса қайтесіз.
– Сіз ондай ақылсыз қыз емессіз ғой.
– Оны кайдан білдіңіз?
-Оны сөйлеген сөзіңізден білемін, әрбір сөзіңіз мергеннің оғындай көздеген жеріне тиіп жатады. Ол – терең ойдың қасиетті қазынасы. Үйірме ағынның тайыз жерде болмайтыны белгілі ғой.
Әсем күлді.
– Сізден поэзияның исі аңқып тұр екен, – деді ол өзінің дағдылы әдетімен қастарын қайшылап, оң жақ көзін қыса қарап.
– Аяқ жағында не айттыңыз, түсінсем бұйырмасын.
Қабыш ыңғайсызданып қалды. «Бұл сары қыз менің өлең жазатынымды қайдан біліп қойған? – деп таңырқады ішінен. Ал, сөзіңді түсінбедім дегені шындық. Осындай орысша сегізіншіні бітірген жастардың кейбіреуі қазақша сегіз сөздің басын құрап сөйлей алмайды».
– Судың терең жерінде, – деп түсіндірді ол, – үйірме ағын деген болады. Ол жақындаған кісіні тарта жөнеледі.
– Теңеуіңіз түсінікті болды. Сіз кісіні көзінше мақтауға шебер екенсіз. Бірақ мұндай қылықтың өзі қыздар тарапынан артық бағаланбай жүр ғой.
– Ендеше, Әсем, сіз сол қыздарыңызға ұлы жазушымыз М. Горькийдің мына бір сөзін айтып, қойыңызшы. Естерінде жүрсін. Адамды дәріптеу, – дейді ол, – өте пайдалы. Бұл жағдай адамды өз күшіне өз сенімін молайтады. Адам өзін – өзі қадірлейтін болады».
Осылай екеуі бірнеше сағат бойы жалықпастан әңгімелесті. Қайткенмен, сөз адамдарды жақындастыратын бірден бір пайдалы құрал ғой. Қабыш пен Әсемнің арасындағы ұялшақтық сезімінен туған перделердің біразы ашылып, жүздері сырымен қоса табиғи қалпында көріне бастады.
Қабыш ертеңінде қызмет істеп жүрген жеріне кетті. Бірак ол қайда жүрсе де, ойынан Әсем шықпай қойды. Бір жұма көрмесе, көңілін мұң басып, күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырылатын болды. Сөйтіп, енді ол апасының үйіне жиі келетінді шығарды. Әсем де оны жылы шыраймен қарсы алатын. Екі жастың бойындағы махаббаттың сиқырлы күші күн өткен сайын қарсылас зарядтай бірін-бірі тартып, жақындастыра берді.
Қабыш бір келгенде, Әсем екеуі киноға барды. Кино жақсы екен, бірақ жігіттің көзі экранда болғанмен, көңілі қасындағы аруда болды. Өз-өзінен оянып келе жатқан алғашқы махаббаты ақыл-ойға жеңістік бермей, сезім жүйелеріне үстемдік ете бастаған еді. Көңіл кеңістігінде туған дауылдан ой дариясының беті тулаған толқынға айналды. Не істеу керек?
Тым болмаса, қыздың қолын ұстаса… Ол бата алмай біраз отырды да, әзер дегенде, сұлудың алақанын қапсыра ұстап өз алдына әкелді. Бұл оған үлкен ерлік жасағанмен бірдей болды.
Әсем қарсылык көрсетпеді. «Саусағымды жеп қояр дейсің бе, ойына келгенін істей берсін» дегендей, қимылсыз отыр. Былай қарағанда, бұның бәрі болымсыз құбылыстар бола тұрса да, Қабыш үшін маңызы зор еді.
Қыздың қолын беріп отырғаны – оған жүрегін беріп отырғанмен бірдей. Егер жек көрсе, қыз сол сәтте-ақ қолын тартып алар еді ғой. Осындай елеусіз қимылдан елеулі ойды аңғаруға болмай ма?
Екеуі клубтан қайтып келгенде, үйдегілер жатып қалған екен.
Қыз шешініп жатуға ыңғайлана бас тап еді, Қабыш әңгімелесейік деп оны жібермеді.
– Ал әңгімеңді тыңдайық, Әсем аяқ машинаның қасында тұрған орындыққа отырды. Содан соң:
– Тағы махаббат жайында шығар? – деді.
– Әрине.
– Ескі тақырып қой. Одан гөрі маңыздылау ештеңе болмады ма?
– Олай деме, Әсем, бұл ескірмейтін мәселе. Жастар махаббаттың ойы-қырын, сиқырлы сырын жақсы білуі керек. Өзіне белгілі жолдан адам адаса қоймайды. Ал егер махаббат туралы түсінігің шамалы болса, өмірде өкінішің көп болады.
– Жарайды, Қабыш, айта беріңіз, сіздің пікірлеріңіз қызық жане адамға еріксіз ой салады. Сондықтан мен тыңдауға жалықпаймын.
– Жұрт, – деді Қабыш, – білмесе айтпайды ғой. Семьялық махаббат бо-лады дегенге мен нанбаушы едім. Жок, ол шындық екен.
– Мысалы, біздің жақта кейбір жігіттер «Ауылдағының аузы сасық» дегендей өз елінің қыздарын менсінбей, басқа жаққа барып, өмірінде бірінші рет көрген бір шүйке басты қолынан жетектеп алып келеді.
– Қолынан жетектемесе, жүрмей ме? – деп Әсем әзілдеп қойды. Содан соң:
– Қазір солай үйленгендер тату тұра ма? – деп сұрады.
– Тату болғанда қандай. Ғашық болып қосылғандар да сондай-ақ шығар. Міне, Әсем, мұны семьялық махаббат демей, не дейміз. Махаббат ертелі кеш ояна береді емес пе. Адамнан адамның қанша артықшылығы бар. Үйі бір, күйі бір дегендей және тән мен жүректің тамыры бір ғой.
– Тән ләззаты жүректі толқытпай қоя ала ма?
– Сыпайы сөйлесейік, Қабыш, биологиялық жолмен дәлелдеудің қажеті не? – деп Әсем ескерту жасады.
– Басқаша түсіндіруге болмайды, деп Қабыш ақтала сөйледі.
Ол енді не айтамын деп ойланып қалды. Сүйіспеншілігін сөз етуге батылы жетпей койды. Ех, сұлулар, сұлулар. Гүлдей нәзік бойыңда күндей күшті қуат бар-ау. Қызулық та, сұлулық та, қызық та, рахат та, тіпті тіршілік сенің қолыңда тұр емес пе. Өмір бойы жырға өзек, тілге тиек болып келесің сен.
Қабыш әңгімелесіп отырып, бір сөздің кезегінде, Әсемнен семья жағдайын сұрады.
– Менің өмірімде ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқ, – деді қыз жабырқап. Бір үйде әкем екеуміз-ақ. Шешем қайтқасын оқуды тастап кеттім. Әкем мен барған сайын жалғыздығын айтып жылайды. Жұмыс істегенің керегі жоқ, үйге кел дейді. Жұмасына мені бір көрмесе, ішкені ас болмайды.
Қабыш оған әзіл айтты:
– «Атаның көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сол, сен ғой бір ай көрмесең де, ойыңа кіріп шықпай-ды.
Әсем бұған жәбірленгендей қызараңдап, қарсы дау айтты:
– Жалғыз сол шалдан басқа жанашырым жоқ, соны ойламай жынды койдың басын жеді дейсің бе?!
– Олай болса, деді Қабыш, әкеңнен неге безіп жүрсің?
– Мен, – деді Әсем мұңайып, ол кісіден безіп жүргемін жоқ. Елден лайықты жұмыс табылмай тұр, әйтпесе қазір-ақ кетер едім. Үйде жұмыссыз қарап отырсам, екі қолым алдыма сыймайды.
– Алдыңа сыймаса, артыңа ұста, – деп Кабыш әзіл айтты.
Осыны айтты да ол әлдеқалай сұлудың бал-бұл жанған сұлу жүзіне сүйсі не қарап қалды. Бірақ оған қанағат тұтпаган аш кездер жем іздеген бүркіттей жағалап барып, қос жартастың төбесіне келіп қонды. Шағала төсті шала жапқан ақ көйлек құлын мүшесін құлпыртып тұр. Арын кір шалмаған, уыздай жас арудың ұяты бұған төзе алмады. Ол үнсіз ғана қолын созды да, орындықтың арқалығында тұрған халатын алып киді. Кабыш оны ренжітіп алдым ба деп қатты састы. Содан соң:
– Кешір, Әсем, магнит шегені өзіне тартып алса, шегеде не кінә бар, – деп ақтала сөйледі.
Қыз үнсіз төмен қарады. Екі беті нарттай жанып, пісуі жетілген жемістей балбырап тұр.
– Сен не білесің, Әсем, мен бір қызға ғашықпын, – деді Қабыш, бас жоқ, көз жоқ.
– Жақсы болған екен, – деп Әсем күлді.
– Соған сенің көмегің керек болып тұр, – деді Қабыш.
– Нендей көмек?
– Сол қызды маған көндіріп бер.
– Ол көнер ме екен. Көнген күнде де саған жар болып жарытпайды ғой. Әсем айтарын айтса да, бұл сөз өзіне өрескелдеу көрініп, ұялып қалды.
– Алдағыны өмір керсете жатар. Менің қазіргі тілегім сол қызға үйлену, деді Қабыш.
– Егер кенбесе қайтемін. «Сүймей тиген сұлудан, сүйіп тиген су мұрын артық», десе не деймін.
– Онда былай де, Әсем, «Өзің сүйгенге барма, өзіңді сүйгенге бар» де. Кәне, енді көмектесемін деші.
– Жарайды.
– Әкел қолыңды.
– Қыз қолын ұсынды. Ақ саусақтар жігіттің алақанына оттай басылды. «Енді кейін қайтуға жол жоқ». Шешінген судан таймас» дегендей, не де болса айту керек. Ол Әсемге тура қарады да:
– Қыздың атын енді айтуға болады. Бірақ, өзін алыстан іздейтін емес. Егер түсінбей отырсаң айтайын.
Сабырлы сұлу үнсіз басын шайқады.
Шынында Қабышты ол да сүйетін. Әйтсе де әйел затына тән сақтықпен сырын сары майдай сақтап, ерке махаббатқа еліккен асау сезімдерді caбырлы ақылдың өктем күшімен өрелеп отыратын. Қыздың ыңғайын көрген жігіт енді сүйіспеншілігін ашық айта бастады.
– Жіберші, ұйқым келіп, басым ауырып тұр, — деп Әсем қолын босатып алуға тырысты. Аяулы сезімін әлі де болса, білдіргісі келмейді. Бірақ ұялып, төмен қарағаны, зілсіз қарсылық оның сырын сыртқа әйгілеп тұр еді.
Ол кетуге ыңғайланып, түрегелді.
– Бір жауабыңды айт, әйтпесе жібермеймін, – деп Қабыш оны өзіне қарай тартты. Қыз қысылғанынан:
Мен ойланайын, мүмкіндік бер, – деді.
Содан соң, аяғын тез-тез басып жататын бөлмесіне кетіп қалды.
Әзірлеген:
Абзал РЫМБЕК,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері.