Қазақ әдебиетінің сан қырлы таланттарының бірі – жазушы, сатирик, аудармашы, ақын, сазгер Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай «Қадырдың тағылымы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың бірлескен еңбегімен жүзеге асырылып, қазақ руханиятының көрнекті өкіліне құрмет ретінде өткізілді.

Шара барысында Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов, «Ақбеттау» журналының бас редакторы, тайшықовтанушы, белгілі қаламгер Сайлау Байбосын, сатирик ақын Алпысбай Әбділұлы, жас зерттеуші Жанболат Абайхандар жазушының шығармашылығы жайлы ой толғап, жиналған көпке жан-жақты аппарат ұсынса, дәстүрлі әнші Жалын Құнанбай әуелетіп ән салып, Талғат Орынбаев күмбірелтіп күй шертіп, кештің шырайын келтіре түсті.

Қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының қалыптасуына зор үлес қосқан қаламгерлердің бірі – Қадыр Тайшықов. Оның шығармалары өткір тілмен, шынайы сынмен ерекшеленеді. Ол өмір шындығын күлкі арқылы жеткізіп, қоғамдағы келеңсіз жайттарды өткір сынның астына алған. Оның фельетондары мен сатиралық шығармалары сол кезеңдегі әдебиетте ерекше орынға ие болды.

Осыған орай, Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы аясында «Сатира сырбазы» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Бұл байқауға аймақтың жас қаламгерлері қатысып, өз туындыларын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен үшінші жүлде Мағзұм Имантайға, екінші жүлде Бақдәулет Төлеуханға, бірінші жүлде Рамазан Дәуренбекұлына табысталды. Сонымен қатар, Бексұлтан Қайдаров, Есенкелді Жәнібек, Еркебұлан Тіленіш, Нұрдәулет Тусупбеков, Жамбыл Абылқас сынды талантты талапкерлер алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен 2015 жылы Сайлау Байбосынның құрастыруымен жарық көрген Қадыр Тайшықовтың «Аманат» атты кітабы ұсынылды. Аталмыш кітап жазушының 115 жылдыған орай басылып, оған өткен ғасырдың отызыншы жылдары жазылған шығармаларының біразы өңделіп, толықтырылып берілгенін атап өткен жөн.

Қадыр Тайшықов 1900 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Баспақ, атасы Тайшық, ұлы атасы Ноғай – өз заманында ел басқарған белгілі тұлғалар. Қадыр жастайынан орыс тілі мен әдебиетін жетік меңгеріп, Баянауыл, Кереку, Қарқаралы сынды өңірлерде білім алды. Оның әдебиетке деген құштарлығы ерте байқалып, ол кейіннен елдің саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласқан.

1920 жылдары Қаныш Сәтбаев Баянауылда судья болған тұста, Қадыр Тайшықов хатшылық қызмет атқарады. Кейін Семейге қоныс аударып, губревкомда аудармашы болып жұмыс істейді. Бұл жылдары ол әдебиетпен айналысып, өз шығармашылығын шыңдай түседі. 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне түсіп, бірақ «бай баласы» деген желеумен оқудан шығарылады. Осыған қарамастан, ол Алматыға келіп, әдебиет пен аударма саласына тереңінен ден қояды.

Қадыр Тайшықов көркем аударма саласында да елеулі еңбек етті. Ол орыс әдебиетінің классиктері Н. Гогольдің «Өлі жандар», «Шинель», Д. Фурмановтың «Чапаев», «Мятеж», М. Шолоховтың «Көтерілген тың» романының бірінші томын (Хасен Өзденбаевпен бірге), М. Кольцовтың «Иван Вадимович өз дәрежесіндегі кісі» атты шығармасын, А. Чехов, М. Зощенко секілді көптеген қаламгерлердің туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Бұл аудармалар қазақ оқырмандарына әлемдік әдебиеттің жауһарларымен танысуға мүмкіндік берді.

Қадыр Тайшықовтың музыкалық мұрасы да аз емес. Оның «Тасқын» күйі, «Партизан жыры», «Полк әні», «Комсомол әні» сынды туындылары кезінде ел арасында кең таралып, қазақ радиосында жиі орындалған. Белгілі әншілер Жүсіпбек Елебеков пен Қуан Лекеров оның әндерін өз репертуарларына қосқан. Бұл шығармалар сол дәуірдің рухын көрсететін тарихи музыкалық мұра ретінде бағаланады.

1937 жылдың айтулы зобалаңы ұлтым деген зиялыларға қырғидай тигенде, осы қанды қасаптан Қадыр да аман қалмаған. Жазықсыз ұсталып, Қиыр Шығысқа айдалған жазушы сол жақтан мәңгіге оралмаған…

Қадыр Тайшықовтың шығармашылығы мен өмірі – қазақ әдебиетінің дамуына қосылған сүбелі үлес. Оның шығармалары халықтың жүрегінде мәңгілік сақталып, келер ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Ұлы тұлғаның мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қазақ руханиятының алтын қорында мәңгілікке сақталары анық.

Добавить комментарий