Ақсу қаласына қарасты Ю.Гагарин атындағы мектептің оқушысы Еркебұлан Тіленіш – бірнеше облыстық, республикалық оқуларда жеңімпаз атанып үлгерген жас талап ақын. Өлеңдері баспасөз беттерінде, әдеби порталдарда тұрақты жарияланып тұрады. Еркебұланның топтамасын оқырман назарына ұсынамыз.
Тербеліс
Таңғы нұрдан темір жол жамылды арай,
Тізбек пойыз келеді дамылдамай.
Түнгі ойлардың тулаған толқынында,
Атқанын да сезбедім таңның қалай.
Құлағанда құба бел еңістерден,
Бағанамен жарысар желіс – кеудем.
Көкке ұмтылып барады көшкін ойлар,
Күн сырғаған күміс жол рельстермен.
Түсіргенде тағдырым ізге сүрең,
Ақ үмітім аяулы – өз несібем.
Сәуле теріп «Ақшамның хаттарынан»,
Өзіңменен ақшамда кездесіп ем.
Айдынына сезімнің тұнғанда әсер,
Ақ сазандай бұлықсып тұлғаң бәсең.
Іңкәрліктің сыңғыры сырғып түскен,
Сыр шертеді сиқырлы сырғаңда әсем.
Асау көңіл аруға жыр төгеді,
Гүл тереді,
күміс сөз – күлтелері.
Жанарыма қашадым мәңгілікке,
Келбетіңді кешқұрым купедегі.
Үмітімнің маздаған отын ұстап,
Сыланасың, таранған тоты құсап.
Біздің албырт сезімді қоштастырған,
Балғын таңның атқаны өкінішті-ақ.
Вагон іші – жаз, шуақ,
дала – жат, күз.
Қос жүрекке қимастық нала татқыз.
Ерініне құлпынай дәмі біткен,
Қарашығы мөлт еткен қарақат қыз.
Сен – жаздасың,
Мен түстім күзге күрең.
Жалғызсырап, жанарым іздеді өлең.
Ғашық жүрек теңселіп қала берді,
Тербетілген вагонның тізбегімен.
Екпінімен пойыздың таласып таң,
Хұсни қанат тылсымнан ән асыққан.
Сені ұрлап вагондар кете барды,
Сұлбалары жұтылып қарашыққа.
P.S.
Ортасында жүрсем де сауық-тойдың,
Жетегінде кетемін қауіпті ойдың.
Жүрегіңнің келеді түкпірінде,
Мәңгілікке тербеліп қалып қойғым.
***
Тоңдырып бойды таңғы ызғар,
Бал жұтқам балғын бал қыздан.
Тәттіні талай татқанмен
Ернімде қалған жалғыз дәм…
Күлімдеп келсе күзгі рең,
Үздігіп туар ізгі өлең,
Албырап қалған денемді
Балбырып тұрған үзді дем.
Көшелер – ұяң, түн – үркек.
Көңілі іңкәр іңір кеп,
қыздырып жанды барады
арудың майда үні өртеп.
Кескіні кербез кер гүлдер,
Көзіңнен құлап тердім мен,
Көкжиек кешке далабың
жағылып қалған ерініңнен.
Екеуміз жүрген іздермен,
Қаны ойнап қызғылт күз келген
Бақшалар балқып барады
Буыны босаң біздермен.
Бойжеткен бұрым мұң өріп,
Жадымда қалған жыр өліп,
Құшағым құшып кеудеңді
Бетіңді бозғылт түн өбіп.
Жауратып тәнді түнгі ызғар,
Ынтызар көңіл – бұл бізгі ән,
Алауын сезім арнағам
Бүр атып тұрған бір қызға.
Сая. Бақ.
Бүр жарғандай кеудеңде күзгі гүлің,
Елітеді әуендер бізді бүгін,
Әлсін әлсін іздеймін көздерден мен
Әлсіреген әлемнің ізгілігін.
Толқын ойлар сезімді іркіп келіп,
Оятады ұйқымнан түртіп мені,
Желдің нәзік лебімен майысады
Түн ілінген арудың кірпіктері.
Махаббатсыз өлеңге төселер ме ем?
Бақытымды табам ба пешенемнен?
Сіңіп кетсек қайтеді шексіздікке
Көкжиекке жалғасқан көшелермен.
Биік әр сәт тұрардай басқалардан,
Бұлқынады бойымда асқақ арман,
Сан гүлдерге бақытым байланғандай
Іздеп әлі келемін бақшалардан.
Сұлулықтың байқатып құдіретін,
Бүлк етеді кеудемде жұмыр етім,
Сарсаң болып сан саққа сенделемін
Салып ойша сезімнің сүгіретін.
Жасқанбай-ақ жастығым жаяды әнін,
Жүрегінде сұлудың саяладым,
Аруымды іздеумен жүрмін әлі
Серуендеп сезімнің саябағын…