Элегия
Сағыныш шідерледі шерге мені,
Еліктей қыз, өзің кеп емде мені.
Қапияда танысып, қалқа сенімен,
Қапылыста қоштасқым келмеп еді.
Жолықтырған сәрсенбі сәтті күнім,
Бойдан кетіп еркелік жат қылығым,
Сонда білдім – ғашықтық не екенін,
Сонда сездім – өмірдің тәттілігін.
Ескенде үмітімнің енді ескегін,
Қарасаңшы, сезімнен сең көшкенін.
Сені көріп ұйқымды бұзып алдым,
Мені көріп білмеймін сен не істедің?
Атан жүрек кеудемде айбынды еді,
Селт еткізді ғашықтың айдын лебі.
Үйге қайттым айта алмай жан сырымды,
Сен түсініп барасың қайбір мені…
Муза
Үзіліп түскен үлбір ме дедім,
Қарақат – меңді, бүлдірген – ерін.
Сезбейсің рахат жүзіңді көріп,
Дуалы ауызда тіл күрмелгенін.
Балқытты бойды саусағың сырғып,
Қараптан-қарап, қаусадым сұмдық.
Көзіңнен тұнық-өзімді көрдім,
Мөлдірдің жүрген кәусарын сүңгіп.
Сымбатты жансыз ер оңа ме екен?
Сеңсеңім болса сені орап өтем.
Қаңтарда бұлай құласам саған,
Маусымда Құдай, не болады екем.
Аңсарым ауған-гүл көрмей далмын,
Сол кешке сәулем білгендей бардым.
Үмітке бола бір жұлдыз ақты,
Арманымды айтып үлгермей қалдым.
Хафиздің саған бергісіз жыры,
Әспеттеу деме енді Сіз мұны.
Шаһарға бір мең татитын болса,
Менде де мең бар – белгісіз құны.
Жалыны іспеттес жанары оттардың,
Шарпыған өртке қарап оқталдым.
Жігері мықты жігітпін деуші ем,
Жүрегі жасық бала боп қалдым.
Пәк
Боялмаған – ерін,
Оянбаған – сезім.
Шықтың ғұмырындай,
Мөлдіреген кезің.
Қарғалдаққа – сыңар,
Қол жетпейтін – шынар.
Қарабасты деген,
Қалқам, осы шығар.
Аққу мойын – білек,
Ауырмаған – жүрек.
Неткен мінсіз – мүсін,
Мінезі де – жібек.
Аспандағы – Айсың,
Соған ғана – сайсың.
Күндіз – сағынбайсың,
Түнде – жыламайсың.
Қай өлеңнің – бағы,
Қай сазгердің – әні?
Құралайдың – лағы,
Құлпынайдың – дәмі.
Ажары – атқан таңдай,
Сілекейі – балдай.
Тәкәппарсың қандай,
Тәп-тәттісің сондай.
Орындалмай қалған,
Адамнан көп – арман.
Өмір әттең – жалған,
Не білесің, қарғам?
Қараңғы
Қаражат деген қанымды ішті,
Көтере алмайды-ау сорымды иық,
Аңғармағандар зарымды ішкі,
Кетіпті тағы тоғымды қиып.
Жарылқар жан жоқ жарық қылам дейтін,
Қараңғы бөлме, қараңғы дала.
Қалаға барсам қарық қылам дейтін,
Аяулы ана, баланы қара.
Ай да тұтылып, қырсығып маған,
Жүр ме екен «жырдан талабыңды үз» – деп.
Шабытым келіп тұншығып барам,
Қараңғы жерде қаламымды іздеп.
Алаңсыз үйде «қыдырып» тышқан,
Қалғандай сүлдем табытта шіріп.
Жеті қат түнде жұлынып шыққан,
Жырларым жатыр жарыққа шағып.
Қайтарсам ба екен, сараңдар кегін,
Көтере алмайды-ау, сорымды иық.
Келеді кейбір адамдар менің,
Жолымды қиып, тоғымды қиып.
Аңғал
(Дәурен Берікқажыға)
Қыршылмаған бармағымыз жоқ еді,
Қыршын кеткен арманымыз көп еді.
От шығарған жүректе өлең сөнеді,
Боқ шығарған күрекпенен көмеді.
Дәурен, сенің кездерің көп тірі өлген
Білгеннен соң айтамын ғой, – білем мен.
Сендей мөлдір, ғазиз жанды апыр-ай,
Боқ дүниеге не істесін деп жіберген?
Не іздедің? Не жоғалттың бұ жақтан?
Жан шығарсың хор қыздары ұнатқан.
Тыныш жүрмей бірдеңені бүлдіріп,
Қашып шыққан Адамдайсың жұмақтан.
Шел басқан соң шайырлардың жанарын,
«Гүл мен қылыш» шерін жазды қаламың.
Ажалынан қаймықпайсың Алланың,
Ар алдында жүзі жарқын – Адалым!
Бақытыңды он орайтын сорың бар,
(Құлыншақтар, сендер аман болыңдар).
Атағынан ат үркетін ақынды,
Қатарынан биік қойған тобырлар.
Атан белін қайыстырар – Ар жүгін,
Арқалаған аянышты тағдырың.
Қияметте кешіре алар ма екенсің,
Қиянатқа қиғандардың барлығын…
Мендік жүрек тілдеседі көкпенен
Жердегінің көбісіне өкпелі ем.
Өмірді де ұнатқаным шамалы,
Өлеңді де – жек көрем!