(Авторлық афоризмдер – 3)
* * *
Біреу инеден, біреу енеден қаймығады.
* * *
Жалғызды жау да, дау да, дауыл да алады.
***
Жөн-айғақты білмегенге дөң-айбат көрсет.
***
Балтаға да бап керек.
***
Журналистің мақаласы баяндау емес, ой аңдау болуға тиіс.
***
Біреу қақсаумен, біреу жасқаумен күн өткізеді.
***
Жұмысқа ақыру емес, шақыру керек.
***
Айғаймен жүрсең, ай-күннен жаңыласың…
***
Басқалар тал қармаса, журналист ой қармайды.
***
Өзгелер жұмысбасты болса, журналист ойсоқты болып жүреді.
***
Журналистің еңбегі – мұздан кәмпит, жаманнан Жәмшид жасау.
***
Журналист басқаны түзетсе – орынды, басқасы журналисті «түзетсе» – ол қайғы…
***
Адалдың Алла алдын ашады.
***
Отызға жетпей оты азайғандар бар.
***
Жаман орыстың өз үйі бар, қазақтың мойнында – ипотека…
***
Капрон киген қарындасты көріп, қызарған құлағымды басқаныма қысылдым.
***
Ой көп айтатындардың арасында «қой!» деп айтпайтындар болады.
***
Көзқарасы өзгергенмен, тез жарасы жазыла қойса….
***
Құйрық-жалы шарт түйілген шығарма ғана бәйгеде шабады.
***
Қара көлік мінгеніне қарадай ырза әкім-қаралардың қарасы көп.
***
Жиырма бесте жарқылдамасаң, отызда ортаясың, қырықта – қартаясың….
***
Қос қанатты қырқып тастап, «ұш!» дейтін ұрда-жықтар бар.
***
Бергенін емес, берекесін айт.
***
Жыл – он екі ай
Тіршіліктің көк есегі болсақ та,
құлшылықтың көп есебін түгендемейміз.
***
Қысқа қамшы қатты өріледі.
***
Мақұлыққа мың қайтара айтсаң да, қылшық-жүні қисаймайды.
***
Ұсақталудың соңы пышақталудан да қорқынышты.
***
Кержалқаудан керім дүние шықпайды.
***
Ойы шабанның – жүрісі де мимырт.
***
Тексізді қанша «тепкілесең» де, тегеурін танытпас.
***
Тірлікке қарай көңілді емес, көңілге қарай тірлікті құру – ойлы пенденің арманы.
***
Біреуде қор бар, біреуде «хор» бар.
***
Ашынған ауыздан анайы сөз шығады.
***
Аспандағы айды аңсаумен жердегі жұмыс бітпейді.
***
Мықтының еркелігін көтеруге болады, бірақ есіріп кетсе, құны көк есекпен пара-пар.
***
Жан дертінің жалғыз дауасы — табиғат-ананың төсі.
***
Тобырдың тірлігі не? — не базар ашады, не дауға басады.
***
Айтылған сөзден оймақтай ой түйген болса, Адам атаның балалары баяғыда жұмаққа қайтып оралар еді.
***
Күрт құбылған күннен емес, оқыс өзгерген көңілден сескен…
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.