…Біз сөз басында суреттерін келтірген Қазақстанның тұңғыш Советтер съезінің Семей губерниясы делегаттары ішінде Мәшһүр Жүсіптің баласы Әли бар екенін айттық (Ред.: Көне сурет 1920 жылғы қазанның басында Орынборда түсірілген. «Мұнда Советтік Қазақстанның тұңғыш Құрылтай съезіне қатысқан Семей губерниясының делегаттары бейнеленген. Барлығы – 24 адам». Ішінде Әли Жүсіпов, Нығмет Нұрмақов, Мұқтар Саматов, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов және т.б. бар). Әли (Әмин) Жүсіпов болып жазылады екен. Бұл – Мәшекеңнің өзінен өте туған баласы. Тоқсаныншы жылдары туыпты. Ол жастайынан әкесімен бірге өлең жазған, үлгілі сөз жинаған зейінді, өткір жігіт болыпты. Оның алғашқы Советтер съезіне делегат болып сайлануын да осылайша ерекше көзге түскендіктен деу керек.
Әли Жүсіпов Орынбордағы Советтер съезі өткеннен кейін Ташкентке барады. Шамасы оны мұндағы Түркістан республикасының басшылары шақырған болуы керек. Әли Ташкент қаласындағы он төртінші мектепте ұстаз да, директор да болса керек. Бұл мектепте көбінесе панасыз қазақ балалары оқиды. Мектеп Ташкенттің өзінше бір мәдени орталығына айналады. Мұнда Ғани Мұратбаев та жиі болып тұратын. Бұл мектеп Ташкенттің қақ ортасындағы бұрынғы князь сарайы деп аталатын ең бір көрнекті үйде болды. Осы күні бұл тұста Өзбекстанның Науаи атындағы мемлекеттік опера және балет театры бар. Бұл театрдың орны кешегі соғыстың алдына дейін Воскресен базары болған. Осы мүйісте Ташкенттің ең бір салтанатты мейманханасы да болды.
1966 жылы Мәшһүр Жүсіп мұрасын іздестіріп және Қаныш Сәтбаевтың туған, өскен жерлерін аралап, ғылым докторы, белгілі әдебиетші Қажым Жұмалиевпен бірге, қасыма сол жылы орта мектепті бітірген ұлым Жәнібекті ертіп, Баянауыл маңын бірнеше күн араладық. Мәшекеннің «Жаңа жолдағы» өз үйіне қондық. Шайыр ақынның бір кезде өзі отырған кілемінің үстінде қона жаттық. Мәшекеңнің баласы Фазыл ақсақал әкесі жайлы көрген-білгендерін айтты. Далба тауының осы күні Қарағанды облысына қарайтын беткейінде Бұқар жыраудың қорық-мүрдесі жатқанын осы Фазыл ақсақалдан естідік. Мәшекең кезінде бұл мүрденің басын қоршап, белгі орнатыпты. Мәшһүр Жүсіптің өзі тірі күнінде өз туған жері Сарбұлақтың бір төбесінің басына өзіне арнап мүрде қазып, оның үстіне үй салып қойғаны көпке мәлім болатын. Тек Мәшекеңнің аруағын қадір тұтқан жұрт осы зираттың басына түней береді деп, соңғы жылдардың бас кезінде Павлодар облысының, оның Баянауыл ауданының басшылары мәйіті жер астында сарытап болып жатқан Мәшекеңнің зиратын қираттырып тастағаны мәлім. Ақын осы баласы Фазылды жуас, тым момын деп кезінде кейін кеткен деп бағаласа керек. Сөйтсе, расында да момын осы Фазыл көп жылғы ұстаздық жемісті еңбегі үшін Ленин орденімен наградталған екен. Фазылдың өзінен көп кіші жұбайы сөз арасында: «Атамыздың зиратын қиратып, мойнына кетпенін салып, ауылдың отыз шақты адамымен бірге бейіт басына өзі барғанын қайтерсің?» – деп күйіп-пісіп қояды. Фазыл ақсақал бізді машинамен Мәшекеннің бұзылып, беті жабылып қалған, тек үстіңгі жағына қайтадан бір күрке салынған зиратына апарды. Ауылдан он-он төрт шақырым жер екен. Фазекең адасып, бізге отыз шақырымнан аса жер жүргізді.
Мәшекеңнің үйінде 1921 жылы Ташкентте кісі қолынан қаза тапқан Әлидің табыттағы суреті тұрды. Табытқа құрметпен көп гүлдер қойылыпты. Сол кезде Түркістан Орталық партия комитетінің тілі «Ақ жол» газетіне Әлидің қайғылы қазаға ұшырауы жайлы некролог-мұнахип басылыпты. Мұны сол тұстағы белгілі әдебиетші Қ.Болғанбаев жазыпты. Мұнда Әлиді жерлеуге үш жүздей адам қатысқаны айтылыпты. Ташкенттегі ол қойылған зиратқа белгі тас орнатылыпты. Жиналған жұрт №14 қазақ мектебін Әли Жүсіповтің атымен атауды да ұйғарған сықылды. Бұл некролог сол 1966 жылдары Алматыда аспирантурада оқып жүрген Фазылдың баласы Қуандықтың қолында екен. Қуандық осы күні филология ғылымының кандидаты, доцент, Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогика институтында сабақ береді. Ол кезде Қуандық атақты атасының атынан жасқанып, Жүсіпов болып жазылушы еді. Осы күні Мәшһүр Жүсіпов делініп жазылады. Фазыл Мәшһүр Жүсіпұлының және оның айтуынша, Әли Ташкенттегі мектепте ұстаздық етіп жүргенде қазақтың бір жетім қызын оқуға кіргізеді. Бұл қызды қаланың бір саудагері бір пұт яки бір қап бидай беріп, кәдуілгідей сатып алып, қорлықта ұстайды екен. Сол жетім баланы Әли заң күшімен азат етеді. Сол үшін қаны қарайған қаскүнем арамза саудагер бір іңірде Әлиге пышақ салып өлтіреді. Әли өз үйінің босағасына жетіп келіп құлайды.
Осы берігіректе, жетпісінші жылдардың орта кезі болар, ертеде Ташкентте жетімханада оқыған, кейін Қазақстан үкіметінің басшысы болған Нұртас Оңдасынов жолдаспен жиі әңгімелесіп жүргенімде осы Әли Мәшһүр Жүсіповтің жағдайын сұрадым. Ол кезде Нұртас ағамыз Мәшекеңді білмейді екен. Әлиді жақсы біледі екен. Мектептегі, жатақханадағы балалардың бәрі де оны «Әли ағай» деп қатты сыйлайды екен.
– Иә, фамилиясы Жүсіпов болатын. Балалардың ересектері де көп болды. Біз өзімізді өзіміз басқаратын кішігірім үкімет сияқты өзара басшылар сайлап қойдық. Мектеп-интернаттың бар мүлкі, ыдыс-аяғына дейін есепте болады. Бір күні асханамыздан бір лөкет пышақ жоғалды. Ай сүттей жарық еді. Іргеде хауыз бар еді. Су жағасында біраз балалар ойнап жүрген сықылды. Хауыз дегеніміз – су қоймасы. Шаң-шұң айғай шығып қалды. Жұрт жүгіріп барса, Әли ағайдың ішіне біреу пышақ салып кетіпті. Асханадан жоғалған лөкет сол жерден табылды. Ертеңінде жұрт сұрастырып іздегенде біздің өз арамыздағы тентек Қасқырбаев деген бала жоқ болып шықты. Қызылорда жақтың баласы еді. Сол Қасқырбаев қашып кетсе керек. Ол сол қашқаннан табылмады, – деп Нұртас ақсақал өткенді есіне түсірді. Қысқасы, Әлидің өлімі жөніндегі оған пышақ салынуға байланысты хабар Баяндағы өз үйінде де, Ташкентте оқыған Н.Оңдасыновтың айтуында да бір жүйеге саяды. Тегі Қасқырбаев бір арамза залымдар жұмсаған адам болу керек.
Мәшекең сүйікті баласы өлгенде ат арба жегіп, қасына өз көршісі әрі ағайыны Аймановтардың біреуін алып, Ташкентке жолға шығады. Мәшекең бұрын Бұхардағы «Көгалташ» медресесін тәмәмдаған адам. Сондықтан да оған Орта Азия шаһарлары көптен таныс. Бұл аймақ оның жүрген-тұрған жерлері. Мәшекеннің өзінің бір өлеңінде:
«Бұл Мәшһүр Ташкент барған, Бұхар барған,
Жерінде жүрген-тұрған жұпар қалған.
Болса да аспан – қағаз, дария – сия,
Тауыса алмас мұң мен зарын бүгінгі адам», – деп жазған ғой. Мәшекең осылайша алыс жолға шығады. Шамасы, Сарыарқаның белінен асыңқырайды. Күнде оның оң жағын ала бір ақбоз атты салт жүріп отырады. Ақыры сол адам бір күні Мәшекеңе келіп: «Сіз еліңізге қайтыңыз, бұл далада Өсербай-Жәмшиттің бандиттері бар. Олар жол тосып жүр. Сіздің көлігіңізді, киім-кешегіңізді, жол қаражатыңызды тонап алуы ғажап емес», – деп Мәшекеңді жолдан еліне қайтарады. Бұл кезде қазақ жерінде кеңес өкіметі орнағанмен, әр аймақта осылай тау-тасқа, орманға сіңген ақтардың қалдықтары, оларға қосылған ел ішінің бұзықтары болды. Мәселен, Сарыарқада қазақтан әлгі Өсербай-Жәмшит шықса, менің өз туған аймағым Ақмола мен Көкшетау арасынан атақты Кожедуб және Гапченко дейтін бандиттер топ басқарып, ел тонап жүрді.
Мәшекең сәл кейін есін жинаған кезде «Оқ тиді түзде жүрген саяғыма, қан түсті алпыс үште аяғыма» дей келіп, қайтадан тағы да өнер жолын қуғанын айтып, «Кетіппін тағы түсіп баяғыма» деп келетін сөзді сол түста жазса керек. Жалпы, Мәшекең 1858 жылы туса керек. Бірақ Сарыбұлақтағы бейіті басындағы таста 1857 жыл деп жазылыпты.
1935 жылы жазда бірер ай Ташкентте әскери әзірлікте болдым. Сол кезде жоғарыда аталған, бұрын Әли ағамыз ұстаздық еткен №14 қазақ мектебі үйінде князь сарайында Өзбекстан коммунистерінің басшысы, 1938 жылы Н.Бухаринмен бірге қастандықпен жазықсыз атылған А.Икрамов жолдас атындағы Пионерлер сарайы ашылды. Әскерде жүріп сол салтанатқа бардым. Соның әсерінен «Сұлулық қайда?» деп атап, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сол 1935 жылы шағын бір очерк бастырдым. Өйткені ол кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінде қызмет істейтін едім. Сол мақалада жас әйелдің дене сымбатын, көркін өзімше суреттегенде, кеудедегі қос анар сарқырап аққан өзеннің көктемдегі жағасында төгіліп, муға төніп тұрған бөрік талдай деп әйелдің кеудесін әсірелеңкіресем керек.
Сол үшін жаңағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол уақыттағы редакторы З.Сыздықов дейтін ағамыз газеттің бір мақаласында менің әлгі сөздерімді «Әйелдерге байшылдық, феодалдық көзқарас» деп сынапты. Менің очеркім шыққанда, газетке уақытша редактор болып қол қойған ақын Асқар Тоқмағамбетов болатын. З.Сыздықовтың әлгі мақаласын қолыма алып, облыстық партия комитетінің бірінші секретары В.Н.Лазарев жолдасқа бардым. Ол редакторды шақырып алып: «Жолдас редактор, мен қазақша оқи алмаймын. Бірақ өз газетіне басылған мақалаға сол газеттің сын жазғанын көргенім осы. Мұныңыз қалай, жас жігіттің бетін қайтаруыңыз қалай?» – деп қатты ұялтты. Реті келгенде айта кетейік, осы З.Сыздықов ағай: «Ой, Абайды ақын дегенге өз басым иланбаймын-ау» депті десіп, жұрт аузында кейін күлкі болып кетіп еді. Ол-ол ма, соғыс жылдары осы кісі Өскеменде облыстық газетте редактор болып тұрғанда, облыстық орыс газеті редакторы екеуі бірін-бірі жамандап, өз газеттерінде құлаш-құлаш мақала да жазыпты. Міне, біздің аймақтағы кейбір редакторларымыздың сыр-сипаты осындай еді.
Соңғы жолы, яғни 1977 жылы Ташкентке барғанымызда, бұрын №14 қазақ мектебі тұрған, онда Әли ағамыз беделді қызмет атқарған, кейін А.Икрамов атындағы Пионерлер сарайы болған, ертедегі князь сарайына тағы бардым. Бірақ бұл әдемі ескі үй жөндеуде тұр екен. Сұрастырып көргенімде, Әли Мәшһүр Жүсіптің есімімен байланысты тарихи деректер кейін Ташкентте жөнді зерттелмеген сияқты. Жалпы, Әли ғана емес, бұл қалада сол жерде басшы, жауапты қызметте болған көрнекті қазақ коммунистерінің еңбектеріне байланысты әлі де елеулі ескерткіш белгілер жеткіліксіз тәрізді. Біздің тарихи ескерткіштерді қорғайтын қоғамымыз, әдебиетшілеріміз, тарихшыларымыз Қазақстанның рухани-мәдени өміріне байланысты Орта Азия, атап айтқанда Өзбекстан қалаларында әлі көп зерттеулер жүргізсе, нақты бай деректер табылуға тиіс. Мәселен, Бұхардағы «Көгалташ» медресесінде ертеде көптеген қазақтар оқыған. Содан да бұл шаһарда қызықты, құнды мағлұматтар көп болуға тиіс. «Көгалташ» медресесінің қақ жартысын патша үкіметі кезінде мұсылман дінін қорлап, шіркеуге де берген болатын. Міне осы тақырыпта да зерттелмеген, айтылатын деректер болуға тиіс. Қысқасы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, оның ақын, алғыр балаларының, жалпы Мәшекең төңірегінің әдеби, қоғамдық ахуалын әлі толық зерттеген адам аз. Мәшекеңнің атына оның туған жерінде, оқыған жерлерінде лайықты белгі болуға тиіс.
«Үш Әлекең» очеркінен үзінді («Енеден ерте айрылған төл сияқты» кітабынан).