Кіргенде қорқыныштан қалтырап кіріп, езуіне ие бола алмай біреулері қуанып, қайсы бірі, көз жасын көлғып, жылап шығып жатқан есінеген есіктен қыстырыла-қымтырыла қуырдақтан құр қалатындай Қиқым да кірді де:
– Сәлеметсіздер ме? – деп сауысқанша саңқ етті.
– Аты жөнің кім? – деді төраға алдындағы жатқан қағазға көз жүгіртіп.
– Қиқым Құрақ, – деді бала.
– Өзің кімсің?
– Қиқым – өзім. Құрақ – әкемнің аты.
– Не, әкең тігінші болып па еді? Мата фабрикасы болып кетті ғой, – деді комиссия ішіндегі жастауы.
– Жоқ. Әкем – сиыршы. Әжем тігінші болған.
– Иә, сонымен әртіс боламын де.
– Шайтан шалып, жападай жалп етпесем. Ниетім бар.
– Шайтан түртіп дейтін еді. Шалғаны несі?
– Түрткенін көрген тірі пенде бар деймісіз, ағай? Реті келген сөз де.
– Жәрәйді. Кәне, не білетініңді көрейік.
– Бәрін білем.
– Мына өлеңді оқып көрші.
– Әкеліңіз.
– Нақышына келтіріп, көркем оқы.
– Қ.Аманжолов, «Дариға сол қыз».
– Шырағым, Қиқым. Қ-ң не? Аты жоқ па? Сені Құрақ демей «Қ, к, к» деп қақалып, қырылдап отырсам жақсы ма?
– Жоқ, жақсы емес, ағай.
– Онда мына Аманжоловтың да азан шақырып, атасы айғайлап қойған аты бар. Білмейсіз бе?
– Қайдан білейін, ағай. Қазақта кім көп, орыстың Ивановтары сияқты Аманжоловтар көп. Солардың біреуі де. К.Кенжетаев, Ш.Айманов немесе Т.Жаманқұлов десе есімнен адаспай, сөзімнен шатаспай бірден білер едім. Кәукен, Шәкен, Тұңғышпай екендерін. Бұлар әртістер, жұлдыздар ғой. Мен сіздерге жол сапардан жалыққан жорналист боламын деп емес, аты әлемге әйгілі әртіс болсам деп келдім. Қ.Аманжолов не Жазушылар одағында, не болмаса ҚазМҰУ-де, әрі кетсе көп газет-жорналдардың бірінде нанын жеп, жан бағып жүрген жазғыш шығар. Айтпақшы есіме түсті, жақында «Қазақ әдебиетінде» ме, әлде «Жас Алаштан» ба екен осы фамилияны көзімнің қиығының шалғаны бар. Соның атын байқамаппын. Әйтпесе, оқуын оқимын ғой. Кітапты жанымдай жақсы көремін. Кітапты жатып та, тұрып та, жүріп те оқимын.
– Соңғы оқыған кітабың қандай?
– Әлгі Ә.Нүрпейсовтің балықшылар туралы романын оқығам.
– Романның аты бар ма?
– Бар ғой, ағай. Аты жоқ кітап болады, ал аты жоқ романды көрсем асқазаныма ас тұрмасын.
– Аты жоқ кітапты қайдан көрдің?
– К.Әмірбеков дегеннің сондай кітабын көршілерден көргем.
– Ал, роман не туралы, оны білесің бе?
– Білем. Әлгі Еламан деген балықшы туралы.
– Ә.Нүрпейсовтің аты кім?
– Есімде жоқ.
– Түсінікті. Жазушының атын да, затын да білмеймін десеңші? Не, мектепте қазақ әдебиеті деген пән жүрмеді ме?
– Жүрді.
– Кім деген мұғалім оқытты?
– Қасым деген.
– Қасым деймісің? Қасымың не бітірген еді?
– Өзіміздің мектепті, үздік бітірген. Сырттай оқитын еді. Мен әскерден келсем, осы қалаға қызметке кеткен көрінеді.
– Мектепте басқа мұғалім жоқ па еді?
– Бұрын ҚазМҰУ-ды бітірген апайымыз бар болатын. Басқа ауылға күйеуге қашып кетіпті.
– Есімі кім дедің?
– Апайдың ба?
– Жоқ ағайыңның.
– Қасым.
– Қасым?
– Иә, Қасым.
– Қасымның фамилиясы кім?
– А-а! Тоқтаңыз, ағай. Фамилиясы… А-а… Аманжолов. Бәсе, бәсе! «Өлең жазамын, жазушы боламын» дейтін еді. Мектеп директорының Дариға деген қызына өлердей ғашық екен деп ел айтып жүретін еді. Түріне қарамай пәлесін-ай! Шынында да өлең жазатыны өтірік болмады. Ағай, оллахи-билләхи, мынау соның өлеңі. Қасым Аманжолов. Біздің әдебиеттен беретін ағайымыз. Қасымның өлеңі. Ой, пәлесін-ай!
– Басқа Қасымды білмейсің бе?
– Білем.
– Кімді?
– Қасым Қайсенов.
– Ол кім?
– Батыр ғой. Фашистердің әкесін көзіне көрсетіп, көрге тықты емес пе?!
– Ақын Қасымды білмейсің бе?
– Білем.
– Кімді?
– Қасым Аманжоловты.
– Ол кім?
– Ақын. Әдебиеттен беретін біздің ағай.
– Ау, ағайың кеше мектеп бітірген болса, аяқ астынан қалай ақындық қона қалды?
– Талант қой. Ғашықтық не істетпейді? Директордың қызы Дариғаға арнап өлеңін өзіңіз оқы деп маған беріп отырған жоқсыз ба. Оқиын ба, ағай?
– Ал, оқышы.
– Қасым Аманжолов. «Дариға сол қыз». Өңімде ме еді, түсімде ме еді? Көріп ем бір армандай қызды…
– Қиқым, қарағым тоқта! Сені біреу куып келе жатыр ма? Не, аққан судай ағып барасың? Сен әртіс боламын деп келіп отырған жоқпысың? Сен өзіңді автормын де. Бұл – сенің монологың. Жаныңмен оқы. Ролге кір. Сен – авторсың. Бұл – көркем оқудан емтихан. Нақышымен, әрбір жолды түсініп, түйсігіңе түйіп оқы! Түсіндің бе?
– Иә. Оқиын ба?
– Оқы. Асықпа!
– Өңімде ме еді, түсімде ме еді?
Көріп ем ғой бір армандай қызды.
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды…
Мынау барып тұрған судыр Ахмет қой. Ой, ағай, мынаның пәлесі-ай! Ағай, бұл соғысты кинодан көрмесе, түсіне де кірмеген шығар? Қайдағы соғыс?! Ауылда төбелесіп те көрмеген қасқа! Өтірігіне береке берсін. Еще, сұрапыл соғыс деп судырап отыр. Ақындар жаза береді дейтін еді. Жәрәйді, не десе де махаббатын жырлай берсін. Кімді кім сүймей жатыр. Елді алдауға бола ма екен? Мен өзіне айтамын. Соғыстан садақасы кетсін.
– He деп, кімге айтасың?! – деді төраға, комиссия мүшелерімен ол да езуіне ие бола алмай, күліп.
– Ағайымыз Қасымға айтам. Мына өлеңінің соңғы жолын жөндесін. Алдардың өтірігіндей елді алдамаса, ақын бола алмай ма? Көрмегенді көрдім деу көргенсіздік. Мен оны кездестірсем, көзін шұқып тұрып міндетті түрде айтамын өзіне.
– Шырағым-ау кімге айтасың? Қасым өліп қалған. Осы уақытқа дейін о дүниеге сәлемін жеткізген тірі адамды көрмедім.
– Астафир алла, не дейді?! Қашан? Қалай өлді? Жақсы жігіт еді. Талант еді ғой, ағай. Өтірік айтса, айтсын, бірақ таланттар тірі жүре бергенде болатын еді ғой, – деп Қиқым көзіне жас алып жылап жіберді.
– Міне, енді ролге кірді! – деді төраға. – Нағыз әртіс! Ой, пәлесін-ай!
«Бомж» кітабынан алынды (Алматы, 2005 жыл).