Менің мұңды жүрегімнің дүрсілі –
Жеткен дауыс тереңдерден тұншығып.
О, азаттық!
Қабырғама батқан ұлы шерсің сен
басылмаған,
Ашылмаған мың сыры!
Бабам кеткен, солар жаққа кетер ме ем?!
Рух алдында парызым жоқ өтелген.
Мен – жалқымын жүзі өртенген ұяттан,
Мен – жалпымын барлығына еті өлген.
Заман солай,
Адам солай!
Ісім не?
Не істей алам, болғаннан соң күшім кем!
Кесілді Бас, дулығасы шешілмей –
Жарылды Бас, ол да бөрік ішінде…
Жарылсам да, шабылсам да – нұрды аңсап,
Күнге ұмтылдым шын жан сап!
Ел боларға серт берер ме мерт болып,
Жыртық жаға, сынған сақ?!
Еркін Ой мен еркін Сана – жан Арға!
Сол екеуі бастар ұлы қадамға…
Басым көрге домалаған заманнан –
Асым төрден бұйыратын заманға,
Жеттім аман!
Еңкіштенбей, бұғынбай!
Бірлікпенен бекемдікті мығымдай!
Қазақ, мықтым, бар ма ендігі қымбатың?
Азаттықтың құнындай!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.