Биыл – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, әнші Жабай Тоғындықовтың туғанына 135 жыл толды.
Әнші 1889 жылы Баянауыл ауданы, Біржанкөл ауылында дүниеге келген. Өнерпаз Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Қали Байжанов секілді өнер дүлдүлдерінің шәкірті атанды. Әншінің репертуарында 100-ден астам халық әні мен халық композиторларының, сондай-ақ, кейінгі қазақ композиторларының әндері болды.
1918 жылы Жұмат Шанин ұйымдастырған көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. 1932 жылы Қарағанды олыстық радиокомитетіне шақырылып, өмірінің соңына дейін әнші-солист қызметін атқарды. 1934 жылы Алматыда өткен өнерпаздар слетінде, 1936 жылы Мәскеу қаласында қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысты.
Туа біткен табиғи таланты мен дарынының арқасында елге танылып, өзіне ғана тән коңыр үнімен бүкіл қазақ даласын тәнті еткен әнші туралы ақын, ұстаз Зекебай Солтанбайұлы «Жабай аға» толғауын жазған болатын. Бұрын еш жерде жарияланбаған толғауды оқырман назарына ұсынамыз.
Жабай аға
(толғау)
«Әуеде торғай шырлайды,
Көңіл шіркін жырлайды.
Ел сағынып жүргенде,
Көздің жасы тұрмайды.
Қандай жерде жүрсең де,
Өз жеріңдей болмайды».
Жабай ТОҒАНДЫҚОВ
Жақсыаула, Жаманаула, Баянаула,
Тасқорған болды берік талай жауға.
Қысық көз Маңғұл, Жоңғар, қалың шүршіт,
Мекендеп алуға кеп, алаңдауда.
Сыртта тұр Жаманаула – қысқы қыстақ,
Қойғандай Қарағаймен сыртын тыстап.
Қысы ұзақ, қары қалың, жаз – көксонар,
Мал бағып отырған ел шаруаны ұстап.
Сырты қыс болғанменен бауыры жаз,
Күні көп ашық аспан, дауылы аз.
Сарқамыс, Күржі, Кірбең, Құмдыкөлде
Үн қосқан қоңыр қазға сарыала қаз.
Бұл жерге қызықпаған қандай адам,
Жоңғардың қалың қолы аянбаған.
«Ақтабан шұбырынды» тарихқа еніп,
«Алқакөл сұлама» боп баяндалған.
Қолбасшы Күржі қаған, Жаман батыр,
Ел-жұртын бытыратпай қондырды ақыр.
Есназар, Қозбақ, Шолақ – үш атаның,
Баласы үйін тіккен іске татыр.
Дәулетбай, Шомақ, Көккөз, Жауқаштының,
Қызығын көрді ұрпағы «Тауастының».
Баласы үш атаның өмір кешті,
Жер үшін сөз шығарып дауласты кім?
Тоғандық балалары елден ерек,
Басбұзар, өжет мінез, өншең зерек.
Нұржан, Күлжан еліне болып ұйтқы,
Жәрдемші, ағайынға ақыл беред.
Нұржаннан асыл туған Біржан аға –
Еліне қорған болған – жең мен жаға.
Топ бастап қайда жүрсе, оза тартып,
Айбынын артық қылған хақ тағала.
Інісі әнші Жабай палуан тұлға,
Мал жиып қызықпаған дүние пұлға.
Ғылым, білім, өнерге аңсары ауып,
Жетпек болды адами асыл құнға.
Бұлқынып бір бұла күш бойындағы,
Болмады қайда жүрсе ойындағы.
Жанасып жақсылармен бірге атқарды,
Парызын азаматтық мойындағы.
Сөз терді пұлдап халық қазынасын,
Көп тыңдап ақсақалдар базынасын.
Іркілмей жиын тойда ән төңкерді,
Ортасында замандас назы басым.
Асанқайғы, Бұқарға түрді құлақ,
Абай, Мәшһүр, Шортанбай – аққан бұлақ.
Қайда айтылса өсиет, өнеге сөз –
Ұйқы келмес, ас ішпес болды тұрақ.
Екібас, Баянаула, Рейдерге,
Сыймады, сын сынағын тірейді елге.
Келед деп жаңа үкімет үміттенед,
Жол ашып береді деп өнерлі ерге.
Қоянды, Қарқаралы көрді дуын,
Ең соңғы жәрменкенің тіккен туын.
Иса, Майра, Қажымұқан, әнші Қали,
Қаракесек шаншардың шешен-қуын.
Күшіне Қажымұқанның қалып қайран,
Санады бұл сапарын сауық-сайран.
Жүргізген кеудесінен жүк машина,
Төс, балға, белдік темір болды сайман.
Әнменен барша жұртты алды жаулап,
Қали, Майра шырқады өрттей лаулап.
Жас Жабай «Жиырма беске» басқан кезде,
Қоршады сахананы халық қаулап!
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»
Деп Жабай жақсы әуенмен басты Абайға.
Тобықты, Қанжығалы, Қаракесек,
Сілтідей қалды тұнып жас Жабайға.
Әуелден аралары емес алыс,
Қалимен Екібаста болған таныс.
Күнделік тамағына жетпеген ед,
Шахтада еңбек етіп тапқан табыс.
Иса ақын желдей есті «Желдірмемен»,
Сұр таңдай шеніне ешкім келтірмеген.
Келетін қызылдарды жырға қосты,
Ақтарып ақпаратты ел білмеген.
Жол тартты Қали, Жабай, Қарқаралы,
Округ – жаңа қала Арқадағы.
Өндіріс Қарағанды дүркіреп тұр,
Қамтыған азықпенен бар қаланы.
Қос әнші ревкомға кеп берді арыз,
Арызды дәл орындау – басты парыз.
Бекітті «Радио әншісі» деп,
Еңбегі бар, қызмет, емес қарыз.
Қосылды Жаңыл Қартабаева кеп,
Әндерін домбырамен салатын тек.
Ләззат Сүйіндікова о да әлей,
Сыбызғы дауысында болмайды шек.
Үйірілді ырзық, несіп дастарханға,
Радио комитеті басқарғанда.
Қуаныш! Отбасына сәби келді,
Перзенті жоқ жүргендер жастар қанша.
Рабиға – Есімжанның әнші қызы,
Бір бөлек дауысының шың мен құзы.
Қалай айтсын жаныңа майдай жағып,
Ериді көңіліңнің қатқан мұзы.
Сәбиге «Рабиға» деп атын қойды,
«Болсын» деп әрі әнші, ақыл-ойлы.
Мерейі үстем болған қарт шахтерлер,
Бұларсыз өткізбеді ойын-тойды.
Рабиға жүгіріп жүр шығып тілі,
Соңынан ат ұстайтын келіп іні.
Отбасы күлшеленіп көңіл толды,
Жабайдың сайран болып жұмыс күні.
Сәбиге той өткізді туыс-жақын,
Шуылдап шілдехана, қалжа хақын.
Стаханов, депутат, кәрі шахтер –
Түсіп Күзенбаевтың қойды атын!
Жер жарып Қали, Жабай кетті даңқы,
Жетіде радио беріп таңғы.
Оятады әнмен тербеп шахтерлерді,
Үшінші көмір кені Отандағы.
(Шәкен Айманов пен Қали Байжанов)
Байжанов Қали әнші тендесі жоқ,
Тембрі дауысының соққандай тоқ.
Операның атақты мамандары,
Естігенде «О!» дейді түскендей шоқ.
Салғанда «Ардақ», «Шама», «Жиырма беске»,
Айлы түн, жазғы жайлау түседі еске.
Қалтырап, микрофон дірілдейді,
Тербеліп ән ырғағы десте-десте.
Тер шығып еті қызса сілтейд көпке,
«Баянаула», «Ақ сиса», «Топай көкке».
– Ал, Жәке, – десе Жабай жөнелтеді,
Әнімен Жаяу Мұса ақпа, төкпе.
«Қарғаш» пен мамырлатып «Бурыл тойды»,
Байжановша көтеріп «Толыбайды».
Айғай сап қою дауыс шырқағанда,
Қалайша іш-бауырың толқымайды?
Жабайға жабысты ақын, термешілік,
Жатқан талай жырларды жерде шіріп.
Тірілтіп ап сайратты ел алдында,
Хан сарайы болса да төрге шығып.
Абай, Бұқар, Мәшһүрді соқты жатқа,
Бір-бір сөзін бермейтін бір құр атқа.
Жабай сөйлеп отырса, кім тыңдамас,
Ақын, шайыр, шежіре жуық-жатқа.
Үш жүзге қанат қаққан, құлаш тастап,
Бірін айтып аяқтап, бірін бастап.
Тап мұндай зор тұлғалар жоқ қой қазір,
Кететін Алатаудан әрі асқақтап.
Ұстазы – тума талант Қали Байжан
Қарт әнші оқымаған ешбір жайдан.
Халықтың өз дәстүрі өмірдегі –
Ен дала үлгі-өнеге алсын қайдан.
Қалидың зерттеушілер қамын жепті,
Өлмей тұрып ақыл сап былай депті:
Эрмитажда музейге көмекейін,
Айырбастап алтынға сатсын депті.
Бұл лақап ел ішінде жүрді тарап,
Мұсылмандық ғұмырға болып қарап.
Дене сату қазаққа келді ме деп,
Түңілген сол күндерде-ақ парсы, араб.
Інідей бірге туған әнші Жабай,
Бұл сөзге намыстанып топта талай:
«Жағыңды айырам, – деп, – жап аузыңды!»
Болған-ды қызыл шеке, қызыл самай.
Әнші аға, ақын аға, Жабай аға,
Марапат, талай қымбат алды баға.
Түсібін бетке қақпай өсірді еркін,
Жасынан жанастырып жақсыларға.
Біртоға Түсіп өсті мүлде тұйық,
Ғылымның ақпарына сүттей ұйып.
Адамзат тарихына терең кіріп,
Шәкірттер құлағына кетті құйып.
Ғылымның адамы еді алғы тұлға,
Кең пейіл қара жердей батқан нұрға.
Ұстаздық қалды еңбегі Аллаға аян:
Қарағанды, Баян елі, Алматыда!
Кеңсайда жатса-дағы алып дамыл,
Өсірді дәрігер ұлын Тілеуқабыл.
Алматы-Баянауыл транзитын,
Сол жасайд сәл Мұқатай қақса дабыл.
Сөз қылсақ Біржекеңді әуел бастан,
Мұқатай тұр бір жүзге қадам басқан.
Жеңіл айтып, оп-оңай құтылмайсың,
Тоғандық айналасы бір-бір дастан.
Ән мен жыр – әңгіменің алтын кені,
Екінші ауыл – Жабайдың туған елі.
Әдеті болушы еді екі-үш жылда,
Бір көріп кететұғын тау мен жерді.
Галстугі жер соғып келді ағаң,
Деп келіп хабар берді қайын атам.
Костюм, шалбар, шляпа, күміс таяқ,
Әкем үшін келетін іздеп маған.
«Өткенді бүгін ешкім қолдамайды,
Біздерге айта берсек, сол да қайғы.
Егіздің сыңарындай болған кеше,
Мен қалай ұмытайын Солтанбайды.
Мұқатай қарашаңырақ бар туыс тең,
Ол үйге кеше келгем автобуспен.
Әзия мен Хамитке кіріп шықтым,
Ақтай, Мақтай, Сапабек барам ертең», –
Деп Жәкең сөзге кетті арғы-бергі,
Гулетіп жиып алып тыңдаушы ерді.
Замандас Айдарке атай деді әзілдеп,
Тұлпардай тоқтатпасаң арқан керді.
– Өткен жоқ жүдеп-жадап жастық шағым,
Кездім ғой дүниеде өнер бағын.
Елдегі өлік-тірлік өзгеріске,
Бір келіп көрінбесем, не болғаным…
Сексен жасы сол кезде саралайды,
Ел сағынып ауылды аралайды.
Ауыз тиіп қымыздан, қаймақ татып,
«Түйе соям!» десең де қарамайды.
Баспаған көзден таса жан саяға,
Нар тұлға қызықпаған жал-жаяға.
Қазақстан халқына атың мәлім,
Өмірің ән боп өтті Жабай аға.
Жел-көрік кеткенде сөз жаның сүйіп,
Түспейтін бір суыртпақ, қолға қиық.
Жатарсың, Жабай аға, аңыз болып,
Тарихтың қойнауына зорға сыйып.
14 мамыр 2019 жыл