(Әдеби портрет)

Бір кездері ауылда шыбықты ат қып мініп, көк көйлек киіп көбелек қуған замандасым, әріптесім, ақын, журналист Асыл Әлімжанұлы Әбішев бүгінде ер жасы елуге келіп отыр. Иә, аз да емес, көп те емес – елу. Ширек ғасыр жақын араласатын үзеңгі жолдастың портретін жасау біраздан бері ойымда жүрген. Қолға қалам алғандағы мақсатым – мен білетін бір үзік сырды қағазға түсіру.

Қазекемнен сөз қалған ба?! Биік шыңның басына қанатымен самғап қыран да, бауырымен жорғалап жылан да жетеді, – дейді. Қалай айтылған, ә?! Асекемді қыран десем де, жылан десем де болады. Жо-жоқ, екіншісін айтуға себеп болып отырған оның ащы тілі емес. Қалықтаған қыран қалай тез көтерілсе, құлдырап кететіні де сондай жылдам болады. Біраз қиындық көрсе де шың басына еңбектеніп жеткен жыланның жүрісі өмірлік азық жинар болар.

Ақбет пен Қызылтауға қарап өскен Асылды жастықтың оты жалындап тұрған студент кезінен танимын. Абайша айтқанда талап деген тұлпарды тізгіндеп алған, бозбала мен бойжеткен бас қосқан ортада өзіндік орны бар жігіт еді. Бір сөзбен ештеңеге алаңдамайтын балалық пен бозбала шақтың балдәуренін татып өсті.

Күнтізбеге қосылған жаңа ғасыр парақтарын ашқан тұста шығармашылық ортада тағы кездестік. Облысымыздағы қара шаңырақ «Сарыарқа самалы» газетіне біріміз Баянтаудан, біріміз Ақтоғайдан тілші болып келдік.

Зиялы қауым деген ортаға түстік. Алдыңғы толқын ағалардың тәлімін алу бақытына ие болдық. Ұлтқа қызмет етіңдер деген аманатын арқаладық. Расында, ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы ар-ождан биігіндегі елдік мінез адам болмысының өзіндік табиғатынан тамыр тартып жатқанымен, туған жер, өсіп-өнген орта рухы мен ата-ана тәрбиесі адам баласына айрықша азаматтық ұстаным қалыптастырады екен.

Қатарласым шығармашыл ұжымға өзіндік леппен келді. Есімде, әлеуметтік бөлімде білім, денсаулық, құқықтық сауаттылық, қылмыс тақырыптарының ешқайсысынан тосылмай, қарулы қаламын қадап жазатын. Басылымның қадірін білетін талғамы биік оқырман растайтын шығар, газеттің адам баласын ерекше тартатын қасиеті оның иісі. Иә, иә тура мағынасында айтып отырмын. Екімыңыншы жылдардағы тігінділерді қопарсаңыз жоғарыда айтқандарымның куәсі боласыз. Асекемнің тігісін жатқызып жазғандарын оқып, таңдай қағатыныңыз сөзсіз. Бұл менің Асыл Әлімжанұлының журналистикадағы орнын сипаттауым болар.

Асекем – ақын. Бір өлеңінде:

О, муза саған тағы бір келдім де,

Тиегін тілдің ағыттым,

Монологынан мәжнүндердің мен,

Мәнді сөз іздеп жалықтым, – дейді.

Өлеңнің құдыретін ұғатын жанның «жанайқайы» ғой. Бір шумаққа поэзия деген сөз өнерінің аса қастерлі саласы екенін сезініп, өзінен кейінгі ізбасарларына ақын бойында шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі болуы керектігін сыйдыра білген. Ақын бойында сезім мен сырға толы шабыт болғанда ғана есті өлең туатынын ескертеді.

…Әдеби портреттің бір шарты – қысқа-нұсқа болуы керек деп жатады. Менің кейіпкерім туралы бұлай жазу мүмкін болмай тұр. Табиғат Асылды ерекше жаратып жатса оның бойындағы қасиет-қылықтарын қалай түгендемеске?! Айтпақшы, алаш ардақтысы Ә.Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»,- демей ме. Жиған ілім-білімі, парасат-пайымы, тәлім-тәрбиесі мол замандасымды өзгеден ерекшелендіріп тұратын бір қасиеті – мінезі. Халық даналығында мінезсіз адамды жеміссіз ағашқа теңеп жатады. Қайтесің, сыртқы болмысы, кескін келбеті, ішкі жан дүниесінің ерекшеліктері, бітімі, қылықтары мен әдет-дағдылары солай жаратылған. Кей-кейде өзіне кедергі болып жатқаны болмаса өзгеге зияны жоқ мінез. Бетің бар, жүзің бар демей айта салатын, ақиқат жолында қара қылды қақ жара салатыны өзіне жарасатын сияқты да. Міне, тұлғаның портретін жасаудағы ерекшелік осы шығар.

Қандыкөйлек майдандас болмасақ та қалам ұстаған «әскерде» бірге жүрген соң оның қандай «жауынгерлік жолдан» өткенін жақсы білемін. Тәуекелге барды. Шынарлы шыңға шыққан шағы аз емес. Кей-кейде құздан да құлдилады. Сөйтсе де сағы сынбады. Қайта қайраттанды. Өзімшілдікке басып, еңсесін тіктеді. Бірақ, жаздым-жаңылдымға салып жайылып төсек, иіліп жастық болмады. Біреуге жақты, бәзбіреуге ұнай қоймады. Өмірдің заңдылығы солай. Бірақ ол біреулер үшін аспандағы Асыл болып қала бермек.

Ұстаның мінін көбінесе ұсталар ғана көреді дейтін болсақ бұл жерде шағын шығармам арқылы мен Асекемнің адами болмысын көрсететін тұстарын сипаттадым. Мен білетін Асыл осы.

Жұмабек СМАНОВ.

Добавить комментарий