Құрметті оқырман! Назарыңызға Ертіс ауданында өткен Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдығына арналған «Балбұлақ жырдың бастауы» мүшәйрасының жеңімпаз-жырларын ұсынамыз.

1-орын иегері: Бақберген Дариға – Ұл парызы

(Мүбәрак Жаманбалинов рухына)

Місе тұтпай Алматының аңызын,
Сүйетін ол ерке Ертістің тамызын
Өтіп кетті, бір жымиып жалғаннан,
Өтеп болып туған жердің қарызын.

Қимай жұмып күнге сүйген жамалын,
Ертіс жатты жаңбыр жуған жанарын.
Көк көптерлер көтеріп ап кетті ұшып,
Көк сиясы бітпей қалған қаламын.

Сүйетұғын ерменімен жыңғылын,
Шашқан екен туған жерге жыр нұрын.
Жұмақ сынды өткізіпті Ертісте,
Мың күніне татитындай бір күнін.

Ойға шомса, толғанады ұлты үшін,
Ашылғандай бұл дүние құлпы шын.
Рухында бабалардың арманы,
Жүрегінде балалардың күлкісі.

Қалам тербеп қанжығада көз ілген,
Ұл парызын бір адамдай сезінген.
Әрбір ақын туған жерін сүюді
Үйренсе екен өзіңнен.

Ер арманын ерте жастан таныған,
Қайратын да жігеріне жаныған.
Ертісіңнің тырналары тыраулап,
Сені жоқтап бара жатыр салып ән.

Қимай жұмып күнге сүйген жамалын,
Ертіс жатты жаңбыр жуған жанарын.
Көк көптерлер көтеріп ап кетті ұшып,
Көк сиясы бітпей қалған қаламын.

2-орын иегер: Рауан Қайдар – Мүбәрәктай ақын керек қазаққа!

(Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдығына)

Жұртыңды ойлап жүрегіңе
жүк арттың!
Құлыншақпен сырласуға
құмарттың!
Көзайым боп жүрсе екен деп
балапан,
Көзін аштың талай-талай бұлақтың!

Қаламына қанат қылып
арманды,
Шығармасы шарлап кетті
бар маңды!
Алатаудың бауырында
отырған,
Алатаудай тұлғаларда
таңғалды!

Отанының ойлағасын
тағдырын,
От пен суға қатар салды
әр күнін!
Тәрбиелеп кеткің келді
білемін,
Тәй-тәй басқан балғындардың
барлығын!

Қара Ертістің суын ішкен
қазанат,
Қарапайым жанға қонар
таза бақ!
Қара жердің тілін білген
агроном,
Қара өлеңнің құнын білген
азамат!

Өмір сүріп қазақ деген
ұлтымен,
Өле-өлгенше жолдас болды
ғұрпымен!
Өлеңдері өзге тілде
сайрады,
Өзбек, қырғыз, латын және
түркімен!

Жан-жағына түсіндірер
түрлі ақпар!
Жазуында жанға жайлы
ырғақ бар:
Поэмалар, өлеңдер мен
дастандар,
Ертегілер, жаңылтпаштар,
жұмбақтар!

Тәрбиелеп тәй-тәй басқан
буынды,
Таны дедің тамырың мен
руыңды!
Бала шақ пен болашақтың
көпірі,
Қаламыңнан туған әрбір
туынды!

Құмар болмай құны төмен
ләзатқа!
Құштар болдың өлең дейтін
ғажапқа!
Мүлгіп кеткен рухымызды
оятар,
Мүбәрәктай ақын керек
Қазаққа!!!

3-орын иегер: Еркебұлан Тіленіш – ӨЛЕҢ – ҒҰМЫР

(Мүбәрак Жаманбалиновқа арнау)

Өмір деген – от, құйын,
Оны жеңбей, жоқ күйің.
От құйыннан жасқансаң,
Ақындығың – көк тиын.
М. Жаманбалинов

Өлең-ғұмыр өрілген қамшыдайын,
жырларыңа тербеліп әнші қайың.
Қара Ертісің айналып қара өлеңге,
үйірді ме жанарға тамшыдай мұң?!

Таулар біткен, қыр біткен, орман біткен,
сағынумен сарғайды жолдарды өткен.
Бамдат ауа өзіңе дұға қылып,
тамылжытар таңғы әнін торғай – көктем.

Аласы бір өмірдің, құласы бір,
Омбы алғашқы ұстаздық қаласы бұл!
Бүлдіршіннен бүр жарған білімінің,
бастау алған арнасы Жаңасібір.

Тағылымды жалғадың жыр ұшына,
өлең түскен өмірлік уысыңа.
Маңдайыңның мәңгілік тері сіңген,
«Қызыл тудың» сарғайған бұрышына.

Жырға жағып бал дәмін балалықтың,
дәнін ектің санаға даналықтың.
Алматыда жүрмей-ақ дәлелдедің,
шығатынын ауылдан дара, алыптың!

Балғын әуен ілесіп таң деміне,
«Тәттімбеттің» сыйлайды сән еліне.
Өн бойыңа өмірлік шабыт берген,
елжіреген Естайдың әндері ме?!

Сарыарқаға сепкенде түз әтірін,
жыр оқыйды күбірлеп күз ақырын.
Қалыптасқан күйбең мен күйзелісті,
балаларға махаббат бұзатұғын.

Ойын-кеште түргендей айға құлақ,
өлеңдерін өмірлік жайдан құрап.
Сайдан құлап төгілген күлкілердің,
сыңғырынан құралған «Айнабұлақ».

Толқынына ойының жанасып түн,
жыры тұнған бетінде жаңа шықтың.
Тағылымы ғасырлық көрінеді,
жарығынан мүбәрак қарашықтың.

Ескен кезде Ертістің кешкі лебі,
жыр шумақтан құралған көш кіреді.
Аталғанда есімі Мүбәрактың.
сәбилердің шат үні естіледі!

Жауһар жырдың айшықтап ажарын күн,
жалын оты жағылған жанарыңның.
Жырланбаған Ертістің сұлулығы,
сиясында сақталған қаламыңның!

Добавить комментарий