Pavlodar, KZ
Дымка

Петропавлда өткен республикалық Мағжан оқуларында Павлодар облысының намысын қорғаған Назерке Жұмажан 3-орын иегері атанды.

«Мағжан оқулары» байқауының республикалық кезеңінде «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» – жас ақындар бағытында Ақтоғай ауданы Қараоба жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Назерке үздіктер қатарынан табылды. Ұстазы – Нұқ Ерболат.

Назарларыңызға ақын қызымыздың Алаш қайраткеріне арнаған өлеңін ұсынамыз.

Алқа

Алқаға үздіккенде талғамды әр жан,
Көрсе ғой қалған ізді тарландардан.
Жол жатыр жүрілмеген заңғарлардан,
Белес тұр арыстарға арман болған.

Алқада көрінеді намыс бары,
Тұмары Мағжан сынды данышпаны.
Тізілген шынжырлары қол ұстасқан,
Секілді Алашымның арыстары…

Ұсынсаң қәусарыңды лағыл жыр сен,
Сол болар жалғандағы бағым білсем.
Алаш арыстарының тұмар етіп,
Алқасын мойыныма тағып жүрсем.

Кім менің аласартар биігімді,
Тәңірдің болса берген сыйы құнды.
Ұйым боп ұйымаған бұл қоғамға,
Ұйым боп құрылмаған ұйым үлгі.

Жол барда хақың бар ма жойылуға,
Босаңсып бос тірлікке бой ұруға?
Алаш артқан аманат, сенім, үміт,
Алқасы,
жас ұрпақтың мойынында…

Добавить комментарий