«Қарағанды көктемі» республикалық поэзия фестивалі өтті. Жыр жәрмеңкесі Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына арналды. Қарағанды қаласы әкімдігінің қолауымен өткен іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалы мұрындық болды.
Оқырман назарына поэзия фестивалінен фоторепортаж ұсынамыз:
Достық үйінде поэзия фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Жиында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов филиал төрағасы Жанат Тілегеновке Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын табыс етті. «Қарағанды көктемі» поэзия фестивалінің қатысушыларына жолданған құттықтау хатта: «Мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, оны барынша дамыту – мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі. Осы орайда, шығармашыл зиялы қауым өкілдері ерекше рөл атқарады. Бұл фестиваль ақындардың аға буыны мен жас толқынның арасындағы рухани сабақтастықты сақтауға және төл әдебиетімізді жан-жақты насихаттауға зор үлес қосады деп сенемін», – делінген.
Фестиваль қатысушыларын Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов құттықтады.
Ақын, Абай атындағы Мемлекеттк сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы сөз сөйледі.
Фестивальдің бірінше күні «Креативті индустрия һәм интелектуалдық меншікті саудалау» тақырыбындағы келелі кеңеспен басталды.
Дөңгелек үстел басында ақындар қазақ әдебиетін насихаттау, әдеби агенттік жұмысын жандандыру, қазақ ақындарын шет тілдеріне сапалы аудару, кітап басып шығару секілді мәселелерді талқылады.
Түстен кейін ақындар «Қарағанды көмір бассейнінің даму тарихының шахта-мұражайына» саяхат жасады.
Фестивальдің бірінші күні С.Сейфулин атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен жыр кешімен түйінделді.
Поэзия кешін ақын, жазушы Серік Сағынтай жүргізді.
Ақындардың құрметіне дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, Шыңғыс Сәрсенбай, Саян Бөдесов ән тарту жасаса, күйші Мадияр Сарым күйден шашу шашты.
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкен биылғы мерейтой иелері – ақындар Ұлықбек Есдәулетке, Гүлнар Салықбайға, Маралтай Райымбекұлына және Дәурен Берікқажыұлына Қарағанды облысы әкімінің Құттықтау хатын табыстады.
Одан кейін ақын, Түркі әлемі Жазушылары одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ақындар Гүлнар Салықбайды, Серік Ақсұңқарұлын және Светқали Нұржанды ТҮРІКСОЙ ұйымының төсбелгілерімен марапаттады.
Жыр кешінде Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Сұраған Рахмет, Қасымхан Бегман, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай, Маралтай Райымбекұлы, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әсербекқызы, Толқын Қабылша, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак, Дәурен Берікқажыұлы, Ақберен Елгезек өлең оқыды.
Жыр кешін филиал директоры Жанат Жаңқашұлы түйіндеп, мәртебелі меймандардың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Фестивальдің екінші күнінде ақындар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінің студенттерімен кездесті.
Құрметті қонақтар С.Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастардың шығармашылық орталығымен және «Шабыт» ақындар аллеясымен танысты.
Кездесуде Роза Аспанқызының «Өзін оятқан адам» және Абзал Мақаштың «Мәжнүн мұнарасы» кітаптарының тұсауы кесілді. Аталған кітаптардың жарыққа шығуына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбек ықпал етті.
Жыр кешінде Ербол Алшынбай, Нұрдос Кәрім, Сұлтан Дәулетхан, Бекзат Смадияр, Әділет Шопен, Жоламан Әйткен, Ерік Нарын, Арайлым Мұратәлиева, Еламан Төлеутай, Рысгүл Досжанова қатарлы ақындар кезек-кезек өлең оқыды.
Фоторепортажды әзірлеген, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.