
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында майдангер жазушы Баубек Бұлқышев пен жазушы-публицист Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы қорытындыланды. Еліміздің әр өңірінен 57 қаламгер қатысқан әдеби додада павлодарлық жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Леп» әдеби бірлестігінің төрағасы Бейбіт Бөжен бас бәйгені жеңіп алып, бір миллион теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды.
Байқаудың басты мақсаты – Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың шығармашылық мұрасын жаңғырту, проза жанрында қалам тербеп жүрген авторларды қолдау және өмірде болған еңбек адамдарының көркем бейнесін жасау арқылы қоғамға ой салатын жаңа туындылардың жазылуына ықпал ету.
Әдеби бәйгені Сәтбаев қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Қазақстан Жазушылар одағының Ұлытау облыстық филиалы және Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірлесіп ұйымдастырды. Байқауға 20 мен 50 жас аралығындағы қаламгерлер қазақ тіліндегі, бұрын жарияланбаған шығармаларын ұсынды.
Байқауға 57 шығарма түсіп, оларды жазушы, аудармашы Кенжебай Ахметов, жазушы Айгүл Кемелбаева және ақын, әдебиеттанушы Ықылас Ожайұлы бағалады. Қазылар көркемдік деңгейіне, тіл тазалығына, сөз байлығына, стиль ерекшелігі мен ой тереңдігіне назар аударды. Нәтижесінде 14 автор негізгі және арнайы жүлделерге ие болып, тағы екі қаламгер ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Бас бәйге Бейбіт Бөженнің «Қан жылаған қарағай» атты әңгімесіне берілді. Ертіс-Баян өңірінің әдеби ортасында «Би-аға» атанған қаламгердің бұл табысы – Павлодар облысының рухани өмірі үшін де қуанышты жаңалық.
Әңгіменің басты кейіпкері Төлепберген үшін бес қарағай – жай ғана ағаш емес, оның ішкі мұңын ұғатын үнсіз сырлас, көңіліне медет беретін рухани тірек. Автор табиғат пен адам арасындағы осы нәзік байланысты көркем суреттейді:
«Қолдың салалы бес саусағындай бесеуі тамырын терең тартып, құштарлана аспанға бойлап, аңызақ соқса сығырайтып жүргізбейтін құм даланың қорғанындай боп көрінетін…»
Ал қарағайлардың аяусыз оталғанын көрген кейіпкердің күйзелісі шығарманың ең әсерлі тұстарының біріне айналады:
«Басына бұлт қонақтап жататын бес қарағай ұшты-күйлі жоқ. Түбінен қырқылып, орнында жылаған бес жетімдей бес томар ғана қалыпты…»
Шығармада табиғатқа жасалған қиянат адамның ар-ожданына қойылған сауал ретінде көрінеді. Жазушы экологиялық мәселені жалаң ұранмен емес, кейіпкердің жан күйзелісі арқылы жеткізеді. Ұлттық дүниетанымға негізделген бейнелі тіл мен психологиялық суреттеулер әңгіменің көркемдік қуатын арттыра түседі.
Марапаттау рәсімінде Ұлытау облысының драма театрының ұжымы «Қан жылаған қарағай» әңгімесінің желісі бойынша сахналық қойылым ұсынды. Бұл байқау ережесінде алдын ала қарастырылған ерекшеліктердің бірі болатын. Осылайша павлодарлық қаламгердің туындысы кітап бетінен сахна төріне жол тартты.

Жүлдегерлердің таңдаулы шығармалары Алматыдағы «Мұқаба» баспасынан «Тұма» деген атпен жеке кітап болып шықты. Жинақтың тұсауы марапаттау салтанатында кесілді. Сондай-ақ Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов мұрасын насихаттауға үлес қосқан аға буын өкілдеріне мерейтойлық медальдар табысталды.
Бас бәйге (1 000 000 теңге) – Бейбіт Бөжен (Павлодар облысы).
І орын (700 000 теңге) – Ерзат Ермағамбетов (Қарағанды облысы).
ІІ орын (әрқайсысына 500 000 теңге) – Сағындық Сәбитұлы (Солтүстік Қазақстан облысы), Ерден Нұрахмет (Жетісу облысы).
ІІІ орын (әрқайсысына 300 000 теңге) – Абай Аймағамбет (Астана), Ерболат Әбікенұлы (Алматы), Есболат Айдабосын (Жетісу облысы).
Ақселеу Сейдімбеков атындағы арнайы жүлде – Нұрхалық Абдырақын (Алматы); Аппаз Қаражігітов атындағы жүлде – Қанағат Әбілқайыр (Алматы); Камал Смайылов атындағы жүлде – Қанат Алтынбек (Алматы); Сайлаухан Нәкенов атындағы жүлде – Нұрғайып Хавсаметұлы (Ақмола облысы); Асан Жұмаділдин атындағы жүлде – Өмірбек Сансызбаев (Алматы). Арнайы жүлделердің әрқайсысы – 150 000 теңге.
Ынталандыру жүлдесі – Арман Әлменбет пен Тоқжан Нұртаза (Ұлытау облысы).
Ұлытау төрінде өткен әдеби бәйге өткеннің өнегесін бүгінгі қаламгерлердің ізденісімен жалғады. Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов шығармашылығына тән азаматтық жауапкершілік пен адам тағдырына жанашырлық идеясы қазіргі прозада да жалғасын тауып отыр.
Бейбіт Бөженнің жеңісі – бір жазушының ғана табысы емес, Ертіс-Баян әдебиетінің ортақ қуанышы. «Қан жылаған қарағай» туындысының жоғары бағалануы көркем сөздің қоғамға ой салатын, адам мен табиғаттың байланысын қайта пайымдататын қуатын тағы бір мәрте танытты.
Асыл ӘБІШЕВ
