
Франция астанасы Парижде Қазақстан мәдениеті күндері аясында Қазақстан киносы күндері өтуде. 17–19 қыркүйек аралығында француз көрерменіне қазақ киносының классикалық туындылары мен заманауи фильмдер ұсынылады.
Мәдени шараның шымылдығы қазақ балалар киносының алтын қорына енген «Алты жасар Алпамыс» фильмімен ашылды. Көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай әйгілі туындының 4K форматында реставрациядан өткен нұсқасы көрсетілді.
Бұл – ұлттық кинематография тарихындағы құнды мұраны жаңа технология көмегімен жаңғыртып, оны шетел көрерменіне заманауи сапада ұсынудың бір көрінісі.
Қазақстан киносы күндерінің бағдарламасы тек классикалық туындылармен шектелмейді. Француз көрермені кейінгі жылдары отандық кинематографияда қалыптасып келе жатқан жаңа шығармашылық бағыттармен де танысады.
Заманауи қазақстандық кино өнері бағдарламада «Qaitadan» және «Игроманка» фильмдері арқылы ұсынылады. Екі туынды да мемлекеттік қолдаумен түсірілген.
Осылайша, үш күндік бағдарлама отандық кинематографияның әр кезеңдегі даму бағытын көрсетуге мүмкіндік береді. Бір жағынан, қазақ киносының классикалық мұрасы таныстырылса, екінші жағынан, жаңа буын авторларының кейінгі жылдардағы шығармашылық ізденістері ұсынылады.
Қазақстан киносы күндерінің тағы бір маңызды бағыты – екі елдің кинематографистері арасындағы кәсіби және шығармашылық байланысты нығайту.
Бағдарлама аясында қазақстандық кинематографистер француз көрерменімен шығармашылық кездесулер өткізіп, отандық киноның қазіргі тынысы туралы әңгімелейді. Сонымен бірге Қазақстан мен Францияның кино саласындағы кәсіби байланыстарын кеңейту және мәдени диалогты дамыту мәселелері талқыланады.
Париждегі Қазақстан киносы күндері ұлттық кинематографияны халықаралық аудиторияға таныстырумен қатар, қазақ киносының өткені мен бүгінін бір кеңістікте көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Абдолла Қарсақбаевтың уақыт сынынан өткен «Алты жасар Алпамысынан» бүгінгі режиссерлердің жаңа туындыларына дейінгі шығармашылық сабақтастық – Қазақстан киносының өзіндік тарихы мен даму жолын француз көрерменіне танытатын мәдени көпір.
Асыл ӘБІШЕВ.
