
Баянауыл төрінде Түркістан жұртшылығынан тарту етілген Тайқазан үлгісінің ашылу салтанаты өтті. Тайқазан Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы аудандық мәдениет үйінің алдындағы алаңға орнатылды.
Мағжан ақын жырлаған «…Екі дүние есігі, Ер түріктің бесігі» – Түркістаннан Торайғыр би айтқан «Ой қозғайтын ақылдың, сөз қозғайтын ақынның, берік оба тас тұлға, сыралғы болған батырдың жері» – Баянауылға жасалған ізгі тарту – өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі бастама.
Тарихи деректерге жүгінсек, Тайқазан әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің тапсырысымен 1399 жылы Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылған. Ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи жасаған.
Сыртындағы арабтың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде Тайқазанды Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнап жасалғаны туралы айтылады.
1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургтегі Эрмитаж музейіне – Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына алып кетеді. Содан ол елге қайтарылмай, жарты ғасырдан астам уақыт сонда қалдырылады. Киелі Тайқазан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1989 жылы 18 қыркүйек күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайта жеткізілген еді.
Береке-бірліктің бөгенайына айналған – Тайқазанның көшірмесін Баянауылға орнату секілді тағылымды бастамалар өңірлер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық мұраларды насихаттауға және ел бірлігін нығайтуға қызмет етеді.
Баянауылға сыйланған ескерткіш-үлгі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған қасиетті Тайқазанның түпнұсқасымен бірдей өлшемде жасалған. Оның биіктігі – 158,3 сантиметр, ернеуінің диаметрі – 243,4 сантиметр. Тайқазанның салмағы 2 тоннаны, ал сыйымдылығы 3 мың литрді құрайды.
Бұған дейін, яғни сәуір айында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын қолдау мақсатында кәсіпкер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Ізбастиннің қолдауымен Баянауыл өңірінен Түркістан қаласына 50 түп қарағай көшеті жеткізілген болатын. Түркістан облысының табиғат жанашырлары оларды облыс орталығындағы «Заң мен тәртіп» саябағына отырғызды. Аталған игі іс-шараға Марғұлан Университетінің ректоры, академик, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Нұхұлы бастаған азаматтар арнайы қатысты.

Сол тағылымды істің жалғасы іспеттес ұлағатты жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов бастаған делегация Баянауылға ат басын тіреді.
Салтанатты жиында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мәдияр Алипов, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров,
кәсіпкер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Ізбастин, Марғұлан Университетінің ректоры, академик, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Нухұлы сөз сөйлеп, тарих парақтарын ақтарды, осынау игі тартудың өңіраралық байланыс үшін, өскелең ұрпақ үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Мұрат Рахметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Сарбасов және Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Есенәлімұрат Ізтілеуов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков Тайқазан үлгісінің шымылдығын шешіп, тұсауын кесті.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев Түркістан мен Баянауыл өңірінде тарихи үндестікті бекіте түскені үшін Түркістан қаласының әкімдігіне және Баянауыл өңіріне жасалған сыйға мұрындық болғаны үшін Марат Рымтайұлына, Сүйіндік Жоламанұлына, Ерсұлтан Қайратұлына, Азамат Назымбекұлына Алғыс хат табыстады.
Түркістан делегациясының атынан айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, Баянауыл азаматтарының атынан «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатай жырдан шашу шашты. Арқалы ақындардың арналы жырлары арудың аққу мойынына жарасқан алқадай жарқырап, жиынды шырайландыра түсті.
Ал, «Беу, жігіттер!» халық ансамблі ән тарту жасап, «Баянауылдың Шәмшісі» атанған Аман Баязитовтың «Баяным» әнін асқақтатты.
Тарих парағын аударсақ, ата-бабаларымыз Сыр бойын, Түркістан төрін мекен еткен. Сонау шапқыншылық заманда Олжабай мен Сәти батырлар бастап келген салқар көш Сарыарқада салтанат құрып, бұл күнде ордалы елге айналды.
Баянаулалықтар қадір тұтар тағы бір қастерлі құндылық – Шоң би Едігеұлы, Торайғыр би Едігеұлы, Мырзақұл батыр, Бекше мерген, Азынабай Ақмырзаұлы сынды тарихи тұлғалардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде мәңгілік мекен тапқаны. Ұрпақтар жыл сайын ата-бабаларының басына барып, құран бағыштап, ұлы рухтарға тағзым етіп келеді.
Сондай рухани сапарлардың бірі – 2019 жылы қараша айында ұйымдастырылды. Баянауыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан бір топ ардагер аудан әкімдігінің қолдауымен Түркістан қаласына сапар шекті. Отырарда болды, Арыстанбаб, Ахмет Ясауи кесенелерін, Ғазірет сұлтан мешітін тамашалады.
Қос өңір арасындағы тарихи, рухани-мәдени байланыс тереңнен тамыр тартады. Сол байланыс бүгінгі күнде де жалғасын тауып жатыр. Мысалы, 2023 жылы Түркістан облысының Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округі аумағындағы елді мекенге Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі берілгендігін атасақ орынды болмақ. Түркістан қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда бүгінде тұрғындар бай-қуатты ғұмыр кешіп келеді.
Сонымен бірге, сол жылы академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейінде Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің «Түркістан өңірінің тұлғалары мен мұралары» көрмесі ұйымдастырылған болатын. Көрме аясында Түркістан тарихы мен тұлғаларына арналған конференция өтті. Баянауылдық қауым көне Түркістан өңірінің тарихына байланысты және Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Әл-Фараби, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүгір Әліұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдаяқовтың жәдігерлерімен танысқан болатын.
Байланыс жандана түсіп, кеше тағы бір жиынға куә болдық. Ұлықбек Есдәулет ақынша айтсақ, «Бар шаһарға аға болған; Бар қасиет дара қонған; Құдай өзі оң көзімен қарап, Бар піріме пана болған» Түркістаннан – «Таудың аты көк мұнар; Қыздың аты көп құмар; Шырқап салған әсем ән; Бір тәтті сөз көпке ұнар», – деп Зекебай Солтанбайұлы жырлаған Баянауылға ізгі тарту – Тайқазан үлгісінің ашылуы – мәні мен маңызы жарасқан айтулы оқиға болып тарихта қаларына сенім мол.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
