Отбасы күні қарсаңында бүгінгі құндылықтар және «Сенімен Болашақ» қозғалысының тәжірибесі туралы ой

Әлқисса… Отбасы дегеніміз не өзі? Оның ұғымы һәм қағидаты қандай? Отбасы деген бір шаңырақтың астында бірге тұратын адамдардың ортасы ғана ма? Бәлкім, жабыққанда медеу, тарыққанда демеу болар, қуаныш пен қиындықты бөлісер жақындар дерміз? Әлде атадан балаға жалғасып келе жатқан тәрбие мен тағылымның, мінез бен мәдениеттің, ұлттық болмыстың ең алғашқы мектебі дейміз бе?
Отбасы – осының бәрі! Тіпті, оның ұғымы бұлардан да тереңде жатыр дер едім.
Адам тірліктегі ең алғашқы мейірімді отбасынан ғана сезініп, қабылдайды. Алғашқы сөзді де осында естіп, алғашқы сөзін де осында айтады. Ізгілік пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың, обал мен сауаптың, үлкен мен кішінің, ар мен ұяттың ара-жігін алғаш отбасылық ортадан ғана танып-біледі. Осылайша, бала біткен мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ өмірдің талай сабағын үйреніп үлгереді. Оның алғашқы ұстазы – ата-анасы. Ал алғашқы мектебі – отбасы. Осындағы алғашқы соқпағы мен қадамы кейін өмірлік бағыт-бағдарына айналады, мінезі-құлқына орнығады.
Ал әр отбасының жағдайын қоғамның жағдайынан бөліп қарау әсте мүмкін емес. Бүгін шаңырақта қандай құндылық үстем тұрса, ертеңгі күні бала қоғамдық ортада та соның көрінісін байқататын болады. Бұл – адамзат өмірінде әлдеқашан дәлелденіп, айқындалған қағидат. Берік отбасы – берекелі қоғамның бастауы һәм діңгегі. Ал берекелі қоғам дегеніңіз – қуатты мемлекеттің негізі. Қазақстанның қуатты ел болуына бәріміз де мүдделіміз, баршамыз да гүлденген, жарқын ортада алаңсыз күн кешуге мүдделіміз. Бірдің мүддесі – милииондардың да мүддесі.
Алдымызда – Отбасы күні. Жанұялық құндылықтар дәріптеледі, мерейі асып, берекесі тасыған отбасылардың өнегелі жолы үлгі етіледі. Меніңше, бұл күнді кезекті мерекелік дата ретінде ғана қабылдамай, бүгінгі қазақ отбасының жағдайы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, әке мен ананың жауапкершілігі, ұлттық тәрбиенің жаңа замандағы орны туралы ойланатын мүмкіндік деп те қабылдағанымыз жөн.
Замана келбеті уақыт өткен сайын өзгерістерге тап болып жатыр. Сонымен бірге отбасы да өзгеріске түсуде. Десек те, өзгермеуге тиіс мәңгілік құндылықтар бар екенін ешуақыт естен шығармасақ екен дейсің. Ол – сүйіспеншілік, сыйластық, сенім, жауапкершілік, мейірім және бірлік.
БӘРІМІЗДЕ – БІР МҮДДЕ
Ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылықтары тақырыбы мен үшін де бөтен емес. Осы бағытта талай мәселе қозғадық, ой салдық, жас өскіндерге жол көрсеттік, жөн сілтедік. Тек сөзбен ғана емес, нақты іспен үлгі болуға тырысамын әрдайым. Бұл шаруамыз өз жүрісінен жаңылмай, жалғасып та келеді.
Жалпы, осы бағыттағы қоғамдық бастамалардың арасында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысына бұрыннан назар аударып жүрмін. Ұлт болашағы мен ұрпақ тәрбиесі жолындағы мүддеміз үндес болғандықтан, осыдан біраз уақыт бұрын ұйымның бірқатар іс-шарасына арнайы шақырумен қатысқаным да бар.
Сол кезде бірлестіктің негізін қалаушы Нұркен Жарылқапұлы Асанов мырзамен танысып, аз-кем пікірлесудің де сәті түскен-тін. Сол кезде іскер де білікті азаматтың, терең ойлайтын, ұлттың келешегіне бейжай қарамайтын, көп сөзден гөрі нақты іске иек артатын табанды тұлғаның болмысын көрген едім.
Әңгіме ауанында Нұркен мырза бүгінде республикалық ауқымдағы қоғамдық қозғалысқа айналған бастаманың алғашқы идеялары Ертістің Павлодар өңірімен байланысты екенін айтып еді. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі қоғамдық жұмыс жүргізу идеясы Павлодарда туып, кейін нақты іске ұласқан.
Содан бері біраз жыл жылыстап өтіпті. Бүгінде сол бастаманың ауқымы әлдеқайда кеңейгенін көріп-біліп, оқып-естіп жүрміз. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі өзінің негізгі миссиясын саналы ата-ана мәдениетін қалыптастырумен, азаматтық жауапкершілікті арттырумен, отбасы мен бала тәрбиесіне қоғам назарын аударумен байланыстырады.
Ұйым жұмысының философиясына үңіліп те көрдім. Сонда маңызды бір ойды аңғарғаным бар. Ол – «Баланы өзгертпес бұрын, ата-ана ең әуелі өзіне қарауы, өзін жөнге салуы керек» деген ой. Өмірде солай. Тәрбие ақыл айтудан емес, нақты іс жүзіндегі үлгіден, өмірлік өнегеден басталады.
БАЛА АЙТҚАНЫҢДЫ ҒАНА ЕМЕС, ІСТЕГЕНІҢДІ ДЕ КӨРІП-ҚАБЫЛДАЙДЫ
Шыны сол, біздер кейде бала тәрбиесі туралы сөз қозғағанда талапты көбіне баланың өзіне қоямыз, жауапкершілік жүгін тек баланың өзіне ғана арта саламыз. Сөйтіп, балаға ақыл айтып, тәрбиелеп жатырмыз деп өзімізді-өзіміз алдап, марқаямыз. Қараңызшы: «Кітап оқы. Телефонды қой. Үлкенді сыйла. Уақытыңды бос өткізбе. Сабағыңды жақсы оқы. Өтірік айтпа. Әдепті бол. Жаман әдеттен аулақ жүр. Спортпен айналыс. Жалқау болма» деген талаптар әр отбасында күнделікті күн тәртібенен түспейді.
Әлбетте, мұның бәрі де дұрыс қой. Дегенмен, бір сәт ата-ана ретінде өзімізге де сұрақ қойып көрейікші. Баламызға кітап оқы деп қатаң талап қоямыз. Ал өзіміздің қолымызда кітап бар ма? Телефонға шұқшия берме дейміз. Бірақ дастарқан басында өзіміз смартфонға үңілмейміз деп айта аламыз ба? Үлкенді сыйла дейміз. Ал кейде баланың көзінше өз ата-анамызбен қалай сөйлесетінімізді ескереміз бе? Әдепті бол дейміз. Ал алысқа бармай-ақ, өз үйіміздегі қарым-қатынастың деңгейі қандай екеніне маңыз беріп қараймыз ба? Өтірік айтпа дегенде, өзіміздің сөзіміз бен ісіміз сәйкес келе ме?
Баланың табиғаты сол – өте сезімтал әрі бақылаушы. Барлығын да тез қабылдап, түйіп алады. Тіпті, біздің ақылымыздан бұрын мінезімізді анық оқиды. Сөзімізден бұрын әрекетімізді назарына алады.
Міне, осы айтылғандардың барлығын ескере келсек, отбасы тәрбиесінің ең қуатты құралы – ата-ананың жеке үлгісі екенін түйеміз. Рас, мұны ешқандай дәріс те, кітап та, әлеуметтік ролик те алмастыра алмайды.
АСА ҚҰНДЫ КАПИТАЛ – СЕНІМ
Бүгінгі қоғамның табиғаты материалдық жағдай мен материалдық құндылықтарға ерекше мән берілетіндігінде дер едім. Әрине, баламыз жақсы киінсін, үздік мектепте оқысын, әйбат телефоны болсын, үйірмелерге қатыссын, спортпен айналыссын, шет тілдерін дейміз ғой бәріміз де. Мұның барлығы да аса қажет. Дегенмен, балаға бұдан да аса қажет һәм құнды бір нәрсе бар. Ол – ата-анасының уақыты, назары, көңілі.
Кейде балаға қымбат телефон аппаратын алып беріп, көңілін тыныштандырдым деген оймен жөніне жібергеннен гөрі онымен жарты сағат шынайы сөйлесу әлдеқайда әрі ерекше бағалы болуы мүмкін.
Баланың: «Әке, мені тыңдашы…», «Анашым, саған бір нәрсе айтқым келеді…» деген сөздерінен аяулы, қадірлі һәм құнды ештеңе де жоқ деп ойлаймын. Міне, осындай сәттерде ата-анасының бар шаруаны ысыра тұрып, баласының көзіне қарап тыңдай білуі, ақыл-кеңес айтып, ой қосуы, жөн сілтеуі – өлшеусіз тәрбие. Өзара сенім, ашықтық деген ұғымдар тек осындай сәттерде ғана қалыптасып, мықтап орнығады. Ал сенім жоғалған жерде ата-ана баласының өміріндегі ең маңызды адам мәртебесінен біртіндеп айырыла бастайды. Оның орнын достар, көше, әлеуметтік желі, кездейсоқ таныс секілді басқа орта басады. Тіпті, бұл жағдай үлкен өкініштерге де бастауы мүмкін. Қазіргі отбасының ең үлкен капиталы тек материалдық мүмкіндік емес. Ең үлкен капитал дегеніңіз – ата-ана мен баланың арасындағы өзара сенім.
ЖАҢА «ТӘРБИЕШІ»
Иә, көпшілігіміз айтып жүргендей, қазіргі ұрпақтың бізбен салыстырғанда үлкен айырмашылығы бар. Бүгінгі балалар цифрлық жүйе дәуірлеген ортада дүниеге келуде. Біздер интернет иірімдеріне кейіннен қосылып, таныдық. Ал бүгінгі бала интернет салтанат құрып тұрған кезде дүние есігін ашып, соның ішінде өсіп-жетілуде. Әр баланың қолында – смартфон, оның ар жағында шекарасыз әлем өзіне қарай тартып тұр. Бұрын баланың тәрбиесіне отбасы, мектеп, аула, туған-туыс ықпал ететін. Қазір оған тағы бір қуатты күш қосылды. Ол – желідегі алгоритм.
Алгоритм деген баланың алдына нені шығару керектігін өзі-ақ таңдай береді. Не көреді? Кімге еліктейді? Қандай ән тыңдайды? Қандай сөздерді қалыпты деп қабылдайды? Сұлулықты қалай түсінеді? Табыс дегенді немен өлшейді? Бақыт туралы түсінігі қандай болады? Міне, ссының бәріне де цифрлық орта кәдімгідей ықпал етіп, бала біткенді өзіне бағындырып, жетегіне алып отыр.
Әлбетте, мұндай жағдай бүгінгі ата-ананың міндетін де күрделендіріп жіберді. Баланың қолындағы телефонын тартып алу – мәселенің шешімі емес. Тыйым салу да оңтайлы жол бола алмайды.
Ең қажетті дүние – балаға ақпараттық иммунитет сіңіру. Оны қалыптастыратын ең сенімді орта не десеңіз, ол – отбасы. Ата-ана баласымен интернет туралы сөйлесе алуы керек. Оқыған, көрген контентін бірге отырып талқылағаны абзал. Ненің шын, ненің жалған екенін ажыратуды үйретуі дұрыс бағдар болар еді.
Маңыздысы – бала күмәнді жағдайға тап болған кезде қорықпай әкесіне немесе анасына айта алатын қарым-қатынас қалыптастыруы. Жаңа дәуірдегі отбасы қауіпсіздігінің басты шарты осы деп білемін.
«СЕНІМЕН БОЛАШАҚ»: САНАЛЫ АТА-АНА ИДЕЯСЫ
Жоғарыда сөз болған қоғамдық қажеттіліктің шеңберінде «Сенімен Болашақ» қозғалысының жұмысына барлай қарасақ, оның негізгі бағытының неліктен саналы ата-аналыққа құрылғанын ұғына түсесіз.
Бірлестіктің ресми мәліметтері бойынша, құрылғалы бергі жылдар дересінде мыңдаған іс-шара өткізіліп, жүз мыңдаған ата-ана түрлі жобаларға, форумдарға, семинарларға және отбасылық бастамаларға қатысқан.
2026 жылғы деректерде ұйым қатарына 160 мыңға жуық адамның бірігіп, республика бойынша 16 өңірде филиалдық құрылым қалыптасқаны айтылады. Ұйым жұмысының көрсеткіштері тәуір-ақ. Бірақ мәселе тек санда ғана емес қой. Бастысы – қозғалыстың қоғамға ұсынған идеясы мен оның тиімді нәтижесінде.
Бірлестік ұстанған негізгі қағиданың бірі – «Ой айту емес, ой ояту». Өте жақсы ұстаным мен үшін. Өйткені бала тәрбиесінде дайын тұрған рецепт деген болмайтыны белгілі. Әр отбасының жағдайы әрқилы. Әр баланың мінезі түрліше қалыптасып, өріледі. Сол сияқты әр ата-ананың мүмкіндігі де әртүрлі. Десек те, барлығына ортақ дүние бар. Ол – жауапкершілік. Ата-ана: «Мен балама не беріп жүрмін?» деп қана емес, «Мен балама қандай адам болып көрініп жүрмін?» деп сұрай білуі керек. Саналы ата-аналықтың бастауы осы.
ӘКЕНІҢ ОРНЫ
Отбасы туралы айтқанда әкенің рөлі туралы сөз қозғамай кету мүмкін емес. Қазақ: «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп бекер айтпаған. Әке отбасындағы тек материалдық қамтамасыз етуші адам емес. Өкінішке қарай, әкенің отбасындағы орны мен ролін осылай ғана бағамдайтындар да аз емес. Әке – мінездің, жауапкершіліктің, уәдеге беріктіктің, ерен еңбектің үлгісі.
Баланың санасында «ер азамат қандай болуы керек?» деген алғашқы түсінік көбіне әкесінің бейнесі арқылы қалыптасады. Сондықтан баланың өміріне әкенің белсенді араласуы әрдайым өте маңызды.
Спортпен бірге айналысу, кітап туралы әңгіме өрбіту, жұмысқа баулу, табиғат аясына шығу, жөн-жоба көрсету, қателігін түсіндіру, жеңілгенде қолдау, жеңгенде шамадан тыс мақтануға емес, қарапайым болуға үйрету дегеннің бәрі де – әке тәрбиесі.
Сайып келгенде, әкенің баласына беретін ең үлкен сыйы қымбат зат емес. Ол – Уақыт пен Үлгі.
АНАНЫҢ МЕЙІРІМІ
Ананың отбасыдағы орны туралы қазақ дүниетанымында қаншама тағылымды сөз бар. «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп жиі айтылатын түсініктің астарында үлкен мән жатыр. Ананың мейірімі баланың өмір бойғы психологиялық тірегіне айналады.
Бірақ бүгінгі анаға түсетін жүк те жеңіл емес. Жұмыс, үй, бала, күнделікті тұрмыстық міндеттер, қоғамдық талап. Осының бәрін қатар алып жүруге тура келеді. Жалпы, отбасыдағы жауапкершілікті тек ананың мойнына артып қою дұрыс емес. Бала тәрбиесі әке мен ананың ортақ міндеті екенін әрдайым естен шығармасақ керек.
Отбасының беріктігі де ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметінен басталады. Бала ата-анасының өзара қарым-қатынасын көріп өседі. Олардың бір-біріне қалай сөйлейтінін естиді. Келіспеушілікті қалай шешетінін байқайды. Бір-біріне қамқорлығын сезеді. Осының өзі – үлкен тәрбие мектебі.
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
Біз ұлттық тәрбие туралы жиі айтамыз. Бірақ ұлттық тәрбие арнайы өткізілетін бір іс-шара немесе ұлттық киім киетін мерекелік күн ғана емес. Ол күнделікті өмірде қалыптасады. Баланың атасы мен әжесіне сәлем беруі, үлкеннің алдын кесіп өтпеуі, кішіге қамқор болуы секілді дәстүрлі тәрбие әр отбасындағы дағдымен ғана бекиді.
Ұлттық тәрбие дегенде баланы өткен ғасырлардағы дәстүрге қарай шегіндеру деп шошып-шоршып керек емес. Ондайларды да естіп-көрдік. Керісінше, ата-бабадан қалған ар, ұят, адалдық, еңбек, білім, намыс, мейірім, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді құндылықтарды қазіргі заманмен сабақтастыру.
Ұлттық тәрбиенің өзі заманнан ысырылып, оқшауланса, естелікке айналады. Заманмен бірге дамыса, ұлттың рухани иммунитетіне айналады.
«Сенімен Болашақтың» Алаш зиялыларының мұрасын қайта басып шығару, отбасылық кітап оқу мәдениетін насихаттау секілді бастамаларының мәні де мен үшін осы тұстан көрінеді.
БІРГЕ ӨТКЕН УАҚЫТ – БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ
Бірлестіктің жобаларының ішінде отбасы мүшелерін бірге әрекет етуге шақыратын бастамалар бар.
Мәселен, Павлодар өңірінде жүзеге асқан «Жасөспірім – болашақ жеңімпаз» жобасы қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдерді қолдауға бағытталған екен.
Ал «Бірлікпен жасаймыз! Қызылтаң – Отбасылық саябағы» бастамасының өзі отбасы мүшелерінің бірге демалуына, ортақ әрекет арқылы қарым-қатынасын нығайтуға арналған.
Мұндай жобалардың астарында қарапайым болғанымен маңызды идея жатыр. Уақытты бірге өткізетін отбасылардың берекесі қаншалықты артанынын айтып жату артық шығар. Өкінішке қарай, осы күні бір шаңырақтың астында отырып-ақ бір-бірінен алыстап кеткен отбасылар кездеседі. Қаорым-қатынас жоқ. Әркім өз әлемімен әлек.
Қарапайым ғана бірге тамақтану, серуендеу, спортпен айналысу, кітап оқу, ауылға бару, табиғатқа шығу секілді дүниелердің тәрбиелік маңызы мен қажеттілігі бүгінде қайта артып келеді.
Мысалы, бала есейгенде үйіндегі теледидардың маркасын есінде сақтамауы мүмкін. Бірақ әкесімен бірге барған сапарын, ондағы қызықты әңгімелер мен қарым-қатынас ауанын ешқашан ұмытпайды. Отбасылық жады осындай сәттерден құралады.
МАЗМҰНҒА ТОЛЫ КЕЗДЕСУ
Жуырда «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодардағы өкілдігінің жетекшісі Перизат Құрманәлі ханым хабарласып, жүздесуді ұсынған еді.
Кездестік. Әңгіме барысында бірлестік тарапынан қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жаңа жобалар жайында сөз қозғады.
Ұйымның алғашқы идеясы сақталғанымен, көтеретін мәселелерінің ауқымы кеңейгенін түйдім. Бүгінгі бала тәрбиесі, отбасы құндылығы, ата-ананың жауапкершілігі, ұлттық тәрбие, әке институты, цифрлық қауіпсіздік, психологиялық саулық бағыттары ұйым жұмысының назарындағы ерекше бағыттар болып отыр. Ал бұл бағыттарды жеке-жеке қарастыру мүмкін емес. Түптеп келгенде барлығының тоғысатын жері біреу. Ол – отбасы.
Сондықтан мемлекет, мектеп немесе қоғамдық ұйым отбасыға сырттан ақыл айтатын институт емес, оны қолдайтын серіктеске айналуы керек деп ойлаймын.
Меніңше, «Сенімен Болашақтың» бес жылдағы басты нәтижесін тек мүшелерінің немесе өткізген іс-шараларының санынан іздеу дұрыс емес. Ең маңыздысы – ата-аналық жауапкершілік мәселесін қоғамдық күн тәртібіне шығара білуінде.
Әдетте біз бала тәрбиесінде мәселе туындаса, мектепті кінәлаймыз. Кінәлілер қатарына интернетті қосамыз. Көшені айтамыз. Қоғам сондай дейміз. Ал бала ең алдымен кімге қарап өседі? Осыған ойланып көрдік пе? Әрине, бізге. Міне, осы қарапайым ақиқатты қоғамға қайта-қайта еске салудың өзі маңызды.
Нұркен Асанов бастаған қозғалыстың «Ой айту емес, ой ояту» қағидасының мәні де осында болса керек. Ұйым өзінің жұмыс формаларында құр сөзден гөрі нақты әрекетке, зерттеу мен әлеуметтік жобаларға басымдық беретінін көрсетеді.
Ұрпағымыз саналы болып өссін.
Шаруамыз бітпесін!
Асыл ӘБІШЕВ.
