Атақты Мәди Бапиұлының «Жастық шақ – көк семсердің жүзі емес пе…» деген бір ауыз сөзінде тұтас бір дәуірдің мінезі жатқандай. Жастық – жалын. Жастық – жігер. Жастық – алға ұмтылыс. Оның табиғатында тоқмейілсу жоқ. Жас адам ізденеді, қателеседі, қайта тұрады, армандайды, сол арманына жетуге талпынады. Сондықтан қай кезеңде де мемлекеттің ертеңі туралы сөз қозғалғанда, әңгіме түптің түбінде жастарға келіп тіреледі.

Бүгін – Халықаралық жастар күні. Бұл күнді жастарды құттықтайтын мереке ретінде ғана емес, олардың қоғамдағы орнына, мақсат-мұратына, бүгінгі болмысы мен ертеңгі бағытына ой жіберетін күн ретінде қабылдаған жөн.

Бүгінгі жастың болмысы қандай?

Қазіргі қазақ жастары – бұрынғы буыннан мүлде бөлек ақпараттық және технологиялық ортада қалыптасқан ұрпақ. Олардың алдында әлем ашық. Бір ғана смартфон арқылы жер шарының кез келген түкпіріндегі жаңалықты біледі, білім алады, шетелдік университеттердің дәрістерін тыңдайды, жаңа кәсіп меңгереді, өз идеясын мыңдаған, тіпті миллиондаған адамға ұсына алады.

Бірақ мүмкіндік көбейген сайын талап та күшейді. Бүгінгі жасқа тек диплом жеткіліксіз. Біліммен бірге білік, тілмен бірге технологияны меңгеру, кәсіби шеберлікпен қатар өзгеріске бейімделу қабілеті қажет. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адам еңбегінің сипатын өзгертіп жатқан уақытта жастардың алдында «Қандай мамандық таңдаймын?» деген сұрақпен бірге «Ертеңгі қоғамға қандай қабілетіммен қажет боламын?» деген сауал тұр. Бұл – жаңа дәуірдің талабы.

Бір қуантарлығы, қазақ жастары осы өзгерістерден сырт қалып отырған жоқ. Бүгінде ғылымға ден қойған, ІТ саласында жаңалық жасап жүрген, кәсіп ашып, өзгелерге жұмыс беріп отырған, ауылда жаңа технологияларды енгізіп отырған, өнер мен спортта ел намысын қорғаушы жастар аз емес. Волонтерлік қозғалыстарға қатысып, мұқтаж жанға қолұшын созатын, экологиялық бастамаларды көтеретін, туған ауылының немесе қаласының мәселесіне бейжай қарамайтын жастар қатары да көбейді.

Осының бәрі – жаңа буынның қоғамдық келбетінің бір қыры. Олардың арманы – Қазақстанның ертеңі

Меніңше, жастың арманы ешқашан өзінің жеке басымен ғана шектелмеуі керек. Жақсы білім алу, сүйікті мамандығын табу, баспаналы болу, отбасын құру, әлемді көру, жақсы өмір сүру – табиғи тілек. Бірақ осы армандардың жүзеге асатын ортасы – мемлекет. Сондықтан жеке адамның бақыты мен елдің бақуаттылығы бір-бірінен бөлек ұғым емес.

Ел дамыса, жастың мүмкіндігі артады. Ал жастар білімді, еңбекқор, талапты болса, мемлекет дамиды. Осы қарапайым байланысты жас ұрпақ терең сезінуі маңызды.

Бүгінгі жастар «Мемлекет маған не береді?» деген сауалмен ғана шектелмей, «Мен мемлекетіме не бере аламын?» деген сұрақты да өзіне қоя бастағаны қуантады. Өйткені нағыз азаматтық сана осыдан басталады.

Елге қызмет ету міндетті түрде биік мінберден сөйлеу немесе үлкен қызмет атқару емес. Адал еңбек ету де – елге қызмет. Жақсы дәрігер болу – елге қызмет. Баланы сапалы оқытатын ұстаз болу – елге қызмет. Ауылда кәсіп ашып, жұмыс орнын құру – елге қызмет. Ғылыми жаңалық ашу, жаңа бағдарлама жасау, әлемдік додада Қазақстанның Туын көтеру – мұның бәрі Отанға қызмет етудің түрлі көрінісі.

Қазақ жастары әлемдік кеңістікте

Тәуелсіздік жылдары өсіп-жетілген бірнеше буын бүгінде халықаралық кеңістікке еркін шығып отыр.

Қазақ жастарын әлемнің беделді оқу орындарынан, халықаралық ғылыми орталықтардан, технологиялық компаниялардан, шығармашылық индустриядан, үлкен спорт ареналарынан кездестіреміз. Бірі ғылыммен айналысады, бірі стартап құрады, бірі өнерімен әлемді мойындатады, енді бірі халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғайды. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ әлемге шығу – өзіңнен алыстау деген сөз емес.

Керісінше, жаһандық кеңістікте ұлттық болмыстың қадірі арта түседі. Өз тілін білетін, тарихын құрметтейтін, мәдениетін мақтан тұтатын әрі әлемдік білім мен технологияны еркін меңгерген жас – бүгінгі Қазақстанға қажет тұлғаның бейнесі.

Қазақ жасы Лондонда білім алса да, Токиода технология жасаса да, Нью-Йоркте ғылыммен айналысса да, Парижде өнер көрсетсе де, жүрегінде Қазақстаны тұрса – бұл елдің жеңісі.

Біздің мақсат – әлемнен оқшауланған ұрпақ тәрбиелеу емес. Әлеммен тең сөйлесетін, бірақ өзінің кім екенін ұмытпайтын ұрпақ қалыптастыру.

Жастар және азаматтық жауапкершілік

Жастықтың тағы бір өлшемі – белсенділік. Қоғамдық өмірге араласу тек әлеуметтік желіде пікір жазумен шектелмеуге тиіс. Елдің тағдырына қатысты мәселелерге көзқарас білдіру, қоғамдық бастамаларға қатысу, заңды білу, азаматтық құқықтары мен міндеттерін түсіну, сайлау кезінде саналы таңдау жасау – саяси және азаматтық мәдениеттің белгісі.

Жастар қоғамдағы өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, тікелей қатысушысы болуы керек. Өйткені бүгін қабылданған шешімдердің нәтижесін ертең ең ұзақ сезінетін де – қазіргі жастар.

Оларға дайын мемлекетті жай ғана табыстап кету мүмкін емес. Елдің келешегін жастардың өзі де бүгіннен бастап қалыптастыруы қажет.

Осы тұста аға буынға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жастардан талап ету оңай. Ал оларға сенім арту, мүмкіндік беру, пікірін тыңдау, қателесуіне және сол қателіктен сабақ алуына жағдай жасау – әлдеқайда маңызды.

Жасқа жол бермей тұрып, одан нәтиже күту әділетсіз.

Ауылдағы жастың арманы да асқақ

Қазақстан жастары туралы айтқанда, әңгімені тек үлкен қалалардағы жастармен шектеуге болмайды. Ауылда да талантты бала өсіп келеді. Шалғай елді мекенде де әлемдік ғылымға қызығатын оқушы отыр. Кішкентай ауылда футбол ойнап жүрген баланың да үлкен стадионды армандауға құқығы бар. Домбырасын құшақтаған ауыл баласының да әлем сахнасына шығатын күні болуы мүмкін.

Сондықтан жастар саясатының ең басты өлшемдерінің бірі – мүмкіндік теңдігі. Жас адамның тағдырын оның туған жерінің шалғайлығы шешпеуі керек.

Ауылдағы бала мен қаладағы баланың сапалы білімге, интернетке, спортқа, мәдениетке, шығармашылыққа және кәсіби дамуға мүмкіндігі барынша тең болғанда ғана біз елдің орасан зор адами әлеуетін толық пайдалана аламыз.

Кейде мемлекеттің ең үлкен байлығы мұнай мен металл, жер мен табиғи ресурс деп жатамыз. Меніңше, мемлекеттің сарқылмайтын ең үлкен байлығы – білімді, дені сау, рухы мықты, отаншыл жастары.

Ақылдан бұрын сенім керек

Әр буын өзінен кейінгі ұрпаққа сын көзбен қарайтыны бар. «Біздің кезімізде…» деп басталатын әңгімені бәріміз естідік.

Бірақ бүгінгі жасты кешегі күннің өлшемімен бағалау әрдайым әділетті бола бермейді. Уақыт өзгерді. Қоғам түрленді. Технология алмасты. Жастардың ойлау жүйесі мен өмір сүру қарқыны да өзгерді.

Әрине, алаңдататын мәселелер де жоқ емес. Жеңіл табысқа ұмтылу, әлеуметтік желідегі жалған жылтырақ өмірге еліктеу, кітаптан алыстау, тіл жұтаңдығы, жауапкершіліктен қашу секілді құбылыстар кездеседі. Бірақ мұны тұтас бір ұрпақтың мінезі ретінде көрсету дұрыс емес.

Жастардың кемшілігін айтумен қатар, олардың жақсы қасиеттерін көре білуіміз қажет. Бүгінгінің жастары еркін ойлайды, сұрақ қоюдан қорықпайды, жаңалықты тез қабылдайды, әлеммен бәсекелескісі келеді, өз еңбегінің бағаланғанын қалайды.

Ең бастысы – олардың арманы бар. Ал арманы бар ұрпақтың алар асуы да бар.

Жастық шақ – жауапкершіліктің де шағы

«Жастық шақ – көк семсердің жүзі емес пе…»

Көк семсердің жүзі өткір. Бірақ оны қай бағытқа жұмсау адамның өзіне байланысты.

Жастықтың алауы біліммен ұштасса – елді алға сүйрейді. Жігер еңбекпен бекісе – нәтиже береді. Еркіндік жауапкершілікпен үйлессе – азамат қалыптасады. Ал ұлттық рух заманауи біліммен тоғысса – әлеммен иық тірестіретін ұрпақ дүниеге келеді.

Қазақстанның ертеңі туралы мың бағдарлама жазуға, жүздеген жоспар құруға болады. Бірақ сол жоспарлардың бәрін жүзеге асыратын – адам. Ал ертең сол жауапкершілікті мойнына алатын адамдар – бүгінгі жастар.

Сондықтан жастарға тек «сендер – болашақсыңдар» деу аздық етеді. Олар – бүгіннің де күші. Олардың идеясы, білімі, батылдығы, адал еңбегі дәл бүгін қажет. Міне, Халықаралық жастар күні – осыны тағы бір мәрте еске салатын күн.

Ендеше, қазақ жастарының қадамы нық, ойы азат, білімі терең, рухы биік болсын! Әлемнің қай қиырында жүрсе де, туған елінің абыройын асқақтатып, Қазақстанның атын біліммен, ғылыммен, өнермен, спортпен, адал еңбегімен таныта берсін.

Жастықтың жалыны сөнбесін. Жастардың арманы аласармасын.

Өйткені жастары биікке ұмтылған елдің болашағы да биік.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий