
1989 жылдың жазында Баянауылда тұңғыш рет республика бойынша академик Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығы тойланды. Мен сол тойға айтыскер ақын ретінде қатыстым. Айтыс республикалық деңгейде өтіп, оған Көкен Шәкеев бастаған, Құдайберлі Мырзабеков, Ерік Асқаров сынды бірқатар әйгілі айтыскерлермен қатар Серік Құсанбаев, Сабыржан Ахметов, Бейсенбі Мұқажанов, Жұмкен Сейітов секілді өзіміздің жүйріктер де келді.
Мені сол жолы айтыстырмады. “Келген ақындарды таныстырасың, беташарын айтасың” деді. Өйткені сәуірде Павлодарда өткен республикалық айтыста: “Зиянсыз болса егер жарылыстар, апарып Мәскеу неге жасамайды?”- деп айтқан болатынмын. Алдында ғана генерал Ильенконың: “Атом бомбасының жер асты сынақтары зиянсыз” – деген мағынадағы мақаласы орталық газеттерге басылған еді.
Амал жоқ, сахнаға шығып, әр тараптан келген ақындарды өлеңмен таныстырдым. Және бұл айтыс Павлодардағы немесе Баянауылдағы мәдениет сарайында емес, айдалада, ашық аспан астында, Теңдік ауылында өтті. Жұмыс күні болды-ау деймін, шағын ғана адам жиналды. Не керек, ұйымдастырушылар тарапынан ерекше сақтық сақталды.
Иә, бұл айтыс – бөлек әңгіме.
Той аясындағы аламан бәйге Баянауылдың әйгілі Бәйгетөбесінде өтті. 4-5 айналым алдына қара салмаған Ақсуаттың өрен жүйрігі Еркежиренді қызықтадық. Ақыры, сол бәйгеде Еркежирен опат болып, ат иесі еліне қу басын ғана апарды деп естідік. Осыны қатты уайымдаған Құдайберлі кейіннен “Еркежирен” деген поэма жазыпты.
Бұл да басқа әңгіме.
Сол бәйге аяқталып, жиылған жұрт киіз үйлерге қарай беттей бастаған сәтте анадайдан айналасына қызыға көз тастап, ақсұр кәстөм-шалбар мен ақ көйлек киген, жалаңбас, суретін кітаптардан көрген жазушы Сайын Мұратбековты таныдым. Құрметті қонақтарға сахна іспетті биіктеу алаңша тұрғызылған болатын. Сол жерде жападан жалғыз Баянауыл тауларына құмарта қарап тұр екен.
Мен де жанына жақындадым.
Бірден:
-Қай әңгімелеріңіз экрандалды? – деп сұрадым. Өйткені, кинорежиссер болсам-ау, Әуезовтың, Мұратбековтың әңгімелерін экранға шығарсам-ау деген арманнан әлі де арыла қоймаған кезім еді. Оны айтасыз, енді Мәскеудегі ВГИК-ті қойып, ВРК-ны (Высшие режиссеркие курсы) көздеп, Павлодарға келген “Қазақфильм” қызметкері Әсия Мақтайқызы Байғожиноваға құжаттарымды өткізіп те қойған едім. Әттең, ол арманым да орындалмады, Мәскеудегі жоғары режиссерлік курс жабылып тынды.
– “Ұлтуғанның” желісі бойынша фильм түсірілді, – деді жазушы. Мен:
– “Үскірік” атты әңгімеңіз экрандалған жоқ па? – деп сұрадым.
– Жоқ, “Үскірік” әзірге экрандалған жоқ, – деп жауап қатты Сайын аға.
“Үскірік” әңгімесінің жалпы сарынын естеріңізге сала кетейін.
Әйгілі үштік. Махаббат үштігі. Қыз бұны емес, оны сүйеді. Оның бұдан бойы да, ойы да биік. Ақыры кек алудың сәті түседі. Екі жігіт қыстыгүні қырдан шөп әкелуге бірге барады. Бұл ойнағансып, алысып, оның құлақшынын мұзы ойылып кеткен шалшыққа тастайды. Ауылға ашық тележкенің үстінде келеді. Су құлақшынды басына киген ол соңында менингиттен көз жұмады. Мынау қар басып жатқан төмпешікке келіп: “Міне, сен менен қанша ақылды, білімді, көркем болсаң да, жердің астында жатырсың, ал мен жердің үстінде жүрмін”, – деп табалайды. Осыған ұқсас жағдай өз өмірімде де болып еді, біз де қырдан шөп тасығанбыз, біз де алысып ойнағанбыз, біздің де құлақшынымыз сан мәрте ақ қардың астында қалған (судың емес), бірақ біз қайтарда К-700-дің жылы кабинасына отырып келетінбіз.
Сұхбатымыздың соңында:
– Өзің әдебиетші мұғалімсің бе? – деп сұрады.
“Иә”- дей салдым.Мұғалім екенім де рас қой…
Ғабит САПАРОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Павлодар қаласы.
