Астанада «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің шағын грант аясында ұйымдастыруымен Eco Future Lab экологиялық хакатоны өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының және Ұлттық волонтерлік желінің қолдауымен өткізілді.

Хакатонға Астана қаласындағы мектептер мен колледждердің 14 пен 17 жас аралығындағы оқушылары мен студенттері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы тың бастамаларды қолдау, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, белсенділігін арттыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулу.

Екі күн бойы қатысушылар үшін қалдықтарды өңдеу, қаланы көгалдандыру, экологиялық сауаттылықты арттыру, қоршаған ортаны заманауи технологиялар арқылы бақылау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бағыттары бойынша білім беру сессиялары ұйымдастырылды.

Қатысушылар тәжірибелі мамандармен бірге экологиялық жобалар әзірлеп, қорытынды кезеңде өз жұмыстарын сарапшылар алқасына таныстырды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий