Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің табысты жұмысы өңір мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Соның бірі – жақында жарық көрген «Қосымның тағдыры» кітабы. Бұл еңбекті тұлғатану саласындағы зор табыс десек, қателеспеспіз. Талай жыл жеке мұрағатта сақталып келген қолжазба кентанушы Қосым Пішенбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай көпшілікке ұсынылды. Музей директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ербол Қайыровпен «Қосымның тағдыры» туралы аз-кем әңгімелескен едік.

– Ербол Мәтіұлы, құнды қазынамен қалай қауыштыңыз, қолжазба қолыңызға қалай түсті?

– Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің жұмысын соңғы 2-3 жылда ғылыми-зерттеу бағытына бұрдық. Себебі, ғылым болмаса, зерттеушілік шабандаса, музейдің жұмысы тоқтап, тоқырап қалады. Музей өзінің қолында бар дүниелерді сыртқа шығарып, көпшілікке ұсынуы керек. Жалпыға ортақ болмағандықтан жәдігерлер өз құндылығын жоғалтуы мүмкін. Кез келген заттың белгілі тарихын қанағат тұтпай, оны терең зерттеу керек. Өйткені жәдігерді зерттеп, тарихқа қанығамыз, тарихқа қанығып, жаңа жәдігер табамыз. Соның барлығын анықтау – біздің паразымыз.

Біз жыл сайын ауыл-ауданды аралап жүрміз. Осы күнге дейін, қатарында Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы секілді тарихи тұлғалардың кітаптары бар, 8 ескі кітаптың түпнұсқасын таптық. Біздің бұл табысымыз өзге өңірлердегі әріптестерімізді де елең еткізді. Тәжірибемізбен бөлісуді сұрап, хабарласатындардың қарасы қалың.

Былтыр Баянауылды көп араладық. Михаил Баёк деген азаматтың қолында Қосым Пішенбаевқа қатысты қолжазба және Қаныш Сәтбаевтың Александр Черкашинге жазған хаты бар деп естіген едік. Содан ол шаңыраққа Қаныштың хатын іздеп бардық. Бірақ ол хат табылмады.

Одан кейін қолжазба туралы сұрадық. Қолжазба – Александр Черкашиннің 1971 жылы жазылған «Судьба Косума» деген деректі повесі. Үй иісі бізге оны көрсетті. Бұл қолжазбамен кезінде Қалмұқан Исабаев та жұмыс істеген екен. Бұл шығарманы Черкашин Қаныш Сәтбаевтың айтуымен, «Қосым – қазақтың дарынды тұлғасы, дала академигі. Осы кісі туралы кітап жазуың керек», – деп қолқалауымен жазған екен. Автор кітапты Алматыға, баспаға жібереді. Бірақ көркемдік кеңестен өтпей қалады.

Біз қолжазбаны сұрадық. Михаил мырза беруге қимады. Ақыры, жеке кітап қылып шығаруға уәде етіп, қолжазбаның көшірмесін алдық. Тағы бір ерекше дүние, қолжазба сақталған шаңырақ ғасырдан астам уақыт жасап келеді. Бұл үйде Қаныш Сәтбаев Баянауылда халық соты болып жұмыс істеген кезінде сол үйде тұрған екен. Үй иелерінде Қаныш атамыз өзі қолданған жазу машинкасы бар екен. Оны да музей қорына алдық.

– Ендігі мақсаттарыңыз – қолжазбаның түпнұсқасын музей қорына қосу ғой?

Иә

– Ол күн де алыс емес секілді. Кітапты жарыққа шығаруға Торайғыров университеті мен Баянауылдағы «Әнет» шаруақожалығы қаржылай қолдау көрсеткен екен. Дегенмен, негізгі шығармашылық салмақ өздеріңізге түскені белгілі. Кітапты аудару процесі қалай жүргізілді?

– Деректі повесті аудару өте қиын болды. Себебі шығармада геологиялық терминдер, жер-су аттары және орыс тіліндегі ескі сөздер көп кездеседі. Одан кейін шығарманың көркемдік сапасы төмен болды. Повестің кіріспесінде автор оқырманға былай деп ескертеді: «Мен жазушы емеспін, менің жұмысымда сіз әдеби олқылықтарды кездестіресіз, ол үшін алдын ала кешірім өтінемін. Қосым жайында қалам тербемеу мен үшін мүмкін емес еді. Оның біз үшін жасаған ісі мен еңбегіне баға жетпейді. Ең болмағанда Қосымға қарапайым әдеби туынды арнасам деген шын ниеттен туған тілегім – бұл».

Сондықтан біз алдымен, кітаптың орысша нұсқасын өңдеп, редакцияладық. Одан кейін барып аударуға кірістік. Аударма жұмысына менен бөлек, журналист Мұрат Аяғанов және музейдің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанболат Абайхан атсалысты. Қазақшаға аударғанда тым көркемдемей, бастапқы стилін сақтауға тырыстық. Себебі, біздің оқырман екі тілді де еркін меңгерген. Орысша-қазақша туындыны оқып, түпнұсқаның кемшін екенін аңғарар болса, Черкашиннің еңбегі елеусіз қалады. Біз авторды жоққа шығармауымыз керек. Сондықтан, екі тілдегі нұсқаның деңгейін шамалас қылып аудардық.

– Сіздің өз ойыңызша, аударма алқасының жетекшісі ретінде, оқырман ретінде және кітапты шығаруға жауапты маман ретінде ойыңызды білгім келеді: Кітап несімен құнды?

Бұл кітаптың құндылығы – шығармадағы көп тарихи деректің жарыққа шықпағанында. Мысалы, Қалмұқан атамыздың өзі кітаптағы деректерден үзік-үзік пайдаланған.

Деректі повесть «Қосымның балалық шағы», «Алғашқы сауда», «Алыс жол», «Қарсылас пайда болды», «Тау бөктеріндегі зауыт», «Қосым байдан кек алды», «Қосым өндірістік артель ұйымдастырды», «Күтпеген қонақ», «Екібастұз», «Майқайың» секілді бөлімдерден тұрады. Бұнда Қосымның әке-шешесінен, дүниеге келуінен бастап, ер жетіп-есеюі, жігіт болуы, Шу өңіріне кен іздеп баруы, ағылшындардың арнайы шақырумен Лондонда, Францияда болуы – бәрі-бәрі жазылған. Айтып өтер тағы бір дүние – «Қосым қазақтың даласындағы кеннің барлығын көрсетіп-көрсетіп, талан-таражға салып жіберді» деген пікірлерге деректі дәйекпен жауап беріледі. Мұнда автор Қосымға: «Ертең ұрпағым маған алғыс айтады», – дегенді айтқызады. Сол алғыс айтуымыздың бір себебі – Екібастұз көмір кеніші емес пе?!

Екіншіден, Черкашин Қосымның деңгейін түсірмейді. Мысалы, орыс, ағылшын кеншілері Қосыммен санасып отырады. Сонысына разы болдым. Әйтпесе, «Түк көрмеген, түк білмейтін жаман бір қазақ түйеге мініп алып, шапқылап жүрді. Құдайдың бір сәті салуымен көмірді тапты» дегендер де болды. Бірақ, мында Қосымның қандай білімді, қандай шебер екені анық жазылады. Кітап сынысымен құнды деп ойлаймын.

– Енді автор туралы айтып өтсеңіз. Черкашин деген кісі кім болған екен? Ол туралы қандай дерек бар?

Бұл кісі туралы кітаптың Екібастұзда өткен тұсаукесерінде, Черкашиндер әулетінің келіні – Баянауылдағы №2 мектептің мұғалімі Галина Баёк ханымнан естіп-білдік. Одан кейін белгілі ақын, әріптесіміз Жанаргүл Қадырова автор туралы жазып, жариялады.

Александр Черкашин 1907 жылы дүниеге келген екен. «Баянаул», «Дочь Баянаула» деген кітаптар жазыпты. Ол қаламгер ғана емес, Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан майдангер екен. І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, «Әскери қызметі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарының иегері. Волхов, Ленинград, І Украина майдандарында болып, Кутузов орденді 314-інші Кингисепп атқыштар дивизиясы құрамында соғысқан. Асқан ұқыптылық, жауапкершілік қасиеттерімен көзге түскен Александр Черкашин бөлімше командирі болған. Архивте сақталған әскери мінездемесінде: «Өте сауатты, аса жауапты тапсырмаларды өте дәл әрі мұқият орындайды» деп жазылған.

Осындай қарапайым еңбек адамының мұрасы қайта жаңғырып, бүгінге жетіп отыр. Черкашин кітапты жазуда көп ізденген екен. Замандастарымен сұхбаттасқан, Қосымның жиенімен танысқан, түрлі архивтермен хат алмасқан. Автор Қосым туралы «Ол кеннің орналасқан жерін шөпке, тасқа және жергілікті жер бедерінің географиялық құрылымына, желдің әсерінен пайда болған «дәліздерге» қарай отырып оңай табатын» деп жазады. Осыдан-ақ Қосымның қандай парасатты, білімді, жан-жақты тұлға екенін, табиғатпен тілдескен талант екенін аңғарамыз,

– Ербол Мәтіұлы, жаңа кітап туралы әңгіме өрбіткеніңіз үшін рахмет. Әдебиет және өнер ордасының әр бастамасы оқырманның ортақ олжасына айнала берсін.

Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу