Pavlodar, KZ
16°
Fair

Құрметті оқырман! Назарыңызға күрескер ақын Қани Арман Бақтанұлының туғанына 70 жыл толуына арналған «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» мүшәйрасының жеңімпаз-жырларын ұсынамыз.

Бас жүлде иегері: Алпысбай Хонж – «Алаштың Арманы»

Боз ала таң…

Шабытым күбірлейді,

Жүйкемді әлдебір ой жұлып-жейді.

Өр кеудеңнен ұшқан жан өлең болып,

Ұшында қаламымның дірілдейді.

     Кер қоғамнан үмітін үзгендіктен,

     Әділдікті ел өлең мен Сізден күткен.

     Жүрегіңе көнеден ерлік қонып,

     Сүйегіңе өр өлең сіңген сүтпен.

Айнымас Алла алдында ар-ибадан,

Құбылмас қазақ үшін қағидадан.

Бойыңда – жылқы жаны, қасқыр қаны,

Тегіңде тұрғаннан соң Мәди бабаң.

     Жүрегін жұлып жұртқа бере алатын,

     Өз елің қылды-ау сені өрелі ақын.

     Кіндігіңді Баянның тасы кесті,

     «Аттыдан жаяу жүріп кек алатын!»

Қара түнде ұлыған қасқыр айға,

Кер қоғамнан шытынап жастық айна.

Бодандықта боз ала таңды күткен,

«Жас Ұлан»* жыр кісінеп «КазКрайда»!*

     Ар жалауын көтеріп Ту еткізіп,

     Кеудемсоқтың жүрегін зу еткізіп.

     Жалғыз жортқан арланым жоталарда,

     Ауыл-үйдің қанденін шу еткізіп.

Боратсаң дауыл жырдың қиыршығын,

Өзгелер жалтаруға үйіртұғын.

Азуың ай жүзіне шағылысса,

Бұралқы ит қысатұғын құйыршығын.

     Олжас* пен Мұраттардың* ізіменен,

     Жаздың сен жағымпазға «бұзық өлең».

     Жігеріңді жанып ап жай отына,

     Жүрдің талай ұстара жүзіменен.

Найзағай намыс ойнап көзіңде ерен,

«Невада-Семей!» – дедің кезіңде өрен!

Атыңды аманат қып Алашыңа,

Атомды алып кеттің өзіңменен.

     Кезіңде асқар, асу, қырды асатын,

     Кездеспей жаныңды ұғар мұңдас ақын.

     Жалғаннан жай таба алмай жабырқасаң,

     Жайлыбайдың ұлымен* сырласасың.

Өмір-дауыл қажытса жортуылдан,

Қойны-қоншың қар-мұзға толтырылған.

«Кім бар?!», – деп қарайласаң жан-жағыңа,

«Жаркош батыр»* сүйеген қолтығыңнан.

     Тағдыр жолын шимайлап тылсым жырмен,

     Тілге тұсау салғызбас құр шынжырмен.

     «Барса, келмес» болмай ма батыр жолы?

      Кемпіртастың өзін де күрсіндірген.

Бау тағып ап өлеңге күдеріден,

Жыр сауып ап жұп-жұмыр жүрегінен.

Ай маңдайы жарқырап аламанның,

Алдын бермей келетін шідерімен.

     Шын ақынның болмайды құбылмасы,

     Өлеңімен өлшенер ғұмыр-жасы.

     «Ар алдында»* айтар тек ақиқатты,

     Дар алдында тұрса да жұмыр басы.

Көп ақынның білемін көбең тілі,

Өлең деп өре берген Өлеңтіні.

Талай әкім келгенмен бұл шаһарға,

Ақын кетті…

Алайда, өлең тірі!

     Тынши алмай танадай құлаққа ұрған,

      Кеудеме жауабы жоқ сұрақ тұнған.

      Енді қайтіп жұбатам – қарашаңырақ?

      «Интернаттың әйнегін жылап тұрған»…

Күңірентіп Мойылдының атырабын,

Мойылдай жырыңды оқып отырамын.

Кеудеңе жүрек қылып ап кеттің бе?

Бір уыс туған жердің топырағын…

      От алған қара өлең мен қара шалдан,

      Кезі жоқ мендегі арман аласарған.

      Өмір сүр, өлең болып  жүрегімде,

      Мәңгілік…

      Арман – Алаш…

      Алаш – Арман…

«Жас Ұлан*» – 1969 жылы 15 жасар жас ақын – Арман Қанидың бастамасымен қазақ ұлттық идеологиясын көтеруге бағытталып құрылған саяси ұйым.

«КазКрай*» – Павлодар қаласындағы Арман Қанидың туып-өскен шағын ауданы.

Олжас* – белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек Ері – Олжас Сүлейменов.

Мұрат* – Мемлекет және қоғам қайраткері – Мұрат Әуезов.

Жайлыбайдың ұлы* – ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері – Ғалым Жайлыбай.

«Жаркош батыр*» – Арман Қанидың ізбасар інісі – ақын, ҚР Парламентінің депутаты – Жарқынбек Амантайұлына еркелетіп қойған есімі.

«Ар алдында*» – Арман Қанидың авторлық өлеңдер жинағы.

1-орын иегері: Жұлдызай Ысқақ – «Аға» (Ақын Арман Қанидің рухына)

Керекуге барғанда,

Құшақ жая қарсы алар бар еді ағам,

Сол еді ағам – болмысы бөлек адам.

Көздерінен ертеңнің үміті өшпей,

Кеудесінде сөйлеген көне заман.

       Ат тіресе аулына қаншама ақын,

       Бауыр көріп бәрін де қарсы алатын.

       Ізгі өлеңмен әрлеген ағам еді,

       Бізге бөлген әр мезет, әр сағатын.

Керекуге барғанда,

Аңқылдаған көңілі ән сап тұрар,

Бар еді ағам алдымнан қарсы ап шығар.

Келген ізбен төріне тура тартып,

Жеңгеміздің қолынан дәм татқызар.

       Сәлемінен өлеңнің иісі аңқып,

       Әлемінде шабыттың күйі шалқып.

       Әңгімесін арыдан бастаушы еді,

       Тереңіне тарихтың жиі тартып.

Қазынадай қастерлі көмбедегі,

Жүрек тізген жыры да көркем еді.

Баянауыл баурынан бастау алған,

Өлең көшін үзбеген өлкедегі.

        Танымында Бұқардың тәлімі бар,

        Тамырында Ертістің ағыны бар.

         Шырғалаңда тік жүріп, шын сөйлеген,

        Ақиқатқа жан еді жаны құмар.

Елге сыз боп батқанда салқын қоғам,

Ер болар ма ерлікке талпынбаған?!

«Жас ұланда» жалындап жастық оты,

«Найзатастай» жасында жарқылдаған.

        Ауырлықты көрсе де жолда нендей,

        Алға ұмтылған, бойдағы арманы өлмей.

        Жырларында рухы асқақтаған

        Жаяу Мұса шырқата салған әндей.

Тайқымаған айтылған сөзі орнынан.

Атақ соңын жоқ еді кезі аңдыған.

Арман болып Алашқа танылса да,

Арман қуып кетпеген өз аулынан.

       Ажал жетіп, тұсауға ағамды алды.

       Қайғы жұтып қағаз бен қалам қалды.

       Тарлан жолы осылай тоқтағанмен,

       Арман-жырлар қанатын қағар мәңгі…

Айналдырып өміршең өлеңге атын,

Мәңгілікке осылай жөнелді ақын.

Керекуге барғанда,

әттең, бізді

аға болып қарсы алар жоқ енді ақын.

        Керекуге барғанда…

        Құшақ жая қарсы алар кім бар тағы?

        Аға көріп сүйейміз кімге арқаны?!

        Сарыарқаның төсінде ақынды іздеп,

        Сағым жүрген жолдармен жыр жортады…

2-орын иегері: Айбек Оралхан – «Ар-Аға»

Ақырет сапарында Ар-Ағамның,

Ақырғы қызметіне жарағанмын.

Табытқа саламын деп кім ойлаған,

Қалыпқа сыймайтұғын өр адамды.  

       Азалы елдің озғанда алдарынан,

       Ауырлады сол табыт сол жағынан,

       Азалы заманалар азапкері –

       ақынның жүрегінің салмағынан.

Бейітінің басына боздап барып,

Бозарып қайтты халық созбақталып…  

«Түп жусанға түбі бір айналам» деп,

Тән шырағы сөнді оның маздап барып.

       Тауысқанмен тірлікте дәмін аға,

       (Сауысқаннан сұңқардың соры дара).

       Он бесте отқа оранған осы ағамның,

       Он бес жыл еріп едім соңына да.  

Қызыл түнек, қысқанда «Қызыл қалып»,

Қызыл ала қан кешті қызыр халық.

Бодандықтың құрсауын бозбала ақын,

Қаған рухты жырымен бұзып жарып,

        Керекуден, «ҚазКрай» аймағынан,

        «Жас ұлан» боп тастады айлап ұран.

        Жасыған жұрт жырынан жігер алды,

        КГБ-ның қаймықпай айбарынан.

Нәлет айтып жылдарға ұлыңды алған,

Невада-Семей болып үнің қалған.

Атомдай боп жарылды ұлттық намыс,

«ҚазКрайда» қанша жыл сығымдалған.

         Арқада ардың жүгін арқалаған,

         Ардақты ер ең еліміз алқалаған.

         Атамекен, ана тіл, ата ділін,

         Көсемсөз қалқанымен қалқалаған.

«Зәм-зәм өлең төгіліп зарлы тілден,

Айнымаған ұжданнан, ар бітімнен.

Саусағының ұшымен демін салып,

Сиясына қаламның жан бітірген.

          Жаны Хаққа, ал тәні көрге ғашық,

          жан ағамның», – деп едім шерге ұласып…

          «Сен қайғырсаң, біз бұған қуандық», – деп,

          Бір бетпақ бетіме ұрды, белге басып.

Жезтаңдай «жездем» күліп, үрит соғып,

Жүрсің дейтін жыршыға мүрит болып.

Арманға мүрит болған мың есе артық,

Арланға үргенімше ұры ит болып.

          Кейінгі жыл кейпінің шыны дейік,

          Керекуде желкеңіз күдірейіп,

          Естіге өлім тілеген есер топқа,

          «Тек!» – дейтұғын орның тұр үңірейіп.

Әйтсе де, түспек емес еңсем менің,

Әділетті мирас қып берсең дедім.

Батырға да сілтейді бетпақ біткен,

Сідігіне суғарған семсерлерін.

        Ер Мәди, Жаяу Мұса – киесі еді,

        Ерлік пен өрлік сізден тиесі еді.

        Егіз жұрт – Едірей мен Баянауыл,

        Қос қызыңды қолтықтан сүйеседі.

Бәйіт оқып бейітің басына кеп,

Бақыт жеңгей жұбатам қасына кеп.

«Жаяу Мұса – 1-дегі» үйіңе енем:

«Өлең жырдың ордасы осы ма», – деп.

3-орын иегері: Олжас Қасым – «Арман»

Жігерімен қайрап  ап, мұқалмайтын мұратын. 

Тәуекелге бел буып, Ту түбінде тұратын.

Ер болады талдырған ғасырлардың иығын,

Өр  ұлтының ең ұлы арманынан туатын.

        Ай нұрымен жарқылдап, алдаспандай азуы,

        Көк бөрідей даңғайыр дала болған қазығы. 

        Қаһарланса, өшкіндеп шимай-шимай әжімі,

        Маңдайына жазылған Күлтегіннің жазуы. 

Шұрық тесік  жүрегін қайратымен жамаған,

Абылайдың ақ туын кеудесіне қадаған.

Дүр сілкінсе япыр-ай көзінде күн  тұтылып,

Екпінінен ақ боран дүркін-дүркін бораған. 

          Кешіп өтіп, жылдардың нөсері мен аптабын,

          Тауып алып жөнелген Хан Кененің соқпағын.

          Өзегінде өріліп өр намыстың өлеңі,

          Жанарына  құйылған ғаламат  бір от-жалын.

Тұрған шақта  тыншымай теңселе бар  төңірек,

Ерте Оятқан кешегі  өткен ерлер еңіреп.

Күрсіністен туған ол Міржақыптың мөрі боп,

Ахметтің шері боп, Әлиханның кегі боп.

         Бодандықтың шынжыры құрсағанда тұсынан,

         Жаратылған қайта бір  Мұстафаның мысынан,

         Оттан туды Мағжан боп, қаннан туды  Халел боп,

         Туды сосын сұрапыл Сұлтанбектің сұсынан.

Дес бермейтін дүмдіге келсе-дағы бүйірден,

Тұйғындайын толғанған, лашындайын түйілген.  

Осал болсын ол қайдан, Мұса болса түбі оның,

Мәди болса  – көксемсер, сөзден қамшы үйірген. 

           Топырағын  түлетіп, ұйқы басқан, мүк  басқан,

           Арман еді ол, ұлтының мұратымен жұптасқан. 

           «Жас ұлан» боп мүлгіген  марғау елді сілкінтіп, 

           Басқан қадам майданға Алаш туын жықпастан. 

«Еңсемізді езгенде батпан-батпан зарлы зіл»,

Керекудің  көшесін кезді солай арлы жыр. 

«Ұлы халық, бақытты аңсаған біз ел»,-  деді,

Қаймығарын сезгендей «Қаратүнек қанды жыл».

         Ал сұр заман алқымнан ала түскен құтырып,

         Аяна ма аярлар ісіп, кепкен, күпініп.

         Шамын алып соңынан түскен шақта кіл залым,

         «Үндеместер» бетіне кете барды  ол түкіріп.  

Кесір  уақыт жаншып көп – көрінбейтін иірім,

Соқтырса да  қарсыдан қиянаттың құйынын.

Мектептердің сондағы шаңырағын  шайқалған, 

Тіктеп қалды ол құлатпай  төсеп шалқар  иығын.

         Ғазиз басын тік ұстап сыймайтұғын ноқтаға,

         Соқты талай жартасқа, түсіп суға, отқа да.

         Нән шаһардан «Ақ бұлақ» көзін ашты тырналап,    

         Өз тіліне оралып шүлдірлеген көп бала. 

Кешіп қанша күн-түнді, ызғырықты сан батпан, 

Самұрығын жүректің  еркіндікке самғатқан.

Жалын атқан жастардың тұрды артында қайрақ боп,  

Рухымның  алауын Желтоқсанда лаулатқан.

         Кескекті ерлер кетпейді, қияға өрлеп, шыңды аса,

         Ақ маңдайын, жел-қайық Тәуекелге бұрмаса. 

         Жеткерер ме  жетпіс ұл ұлтын асыл мұратқа?!

         Қарт елінің ең ұлы арманынан тумаса.

Армандардан жаралып жаратқан һәм жаңа күн, 

«Ұлы халық!».

Сол сөзден ерен қуат аламын.  

Арманы жоқ далама қараймын да құлазып,

Өкінішке сүйеніп жасаурайды жанарым…

         Оятады күн сайын сол бір Арман жаңғырып,

         Үркеді одан төбемді торлап алған кәрлі бұлт.

         Қайда заулап барады, құбатөбел қазақты?

         Ергежейлі армандар арасына қалдырып?…

«Мұзафар Әлімбаев атындағы арнайы жүлде иегері»: Айдана Сегізбаева – «Арман Қаниға арнау» (Невада-Семей қозғалысының ардагеріне Семейдің қызынан)

Топырағым тұншыққанда шығыста,

Керекуде, аға, бәрі тыныш па?

Жүзден жалғыз шықтың ба екен алаңға,

Жүрегіңді сыйдыра алмай уысқа.

       Бал бөбектің балалығы үшін деп,

       Абайымның даналығы үшін деп,

       Қағазыңды қалқан қылып көтеріп,

       Жалғыз тұрдың жанарыңда от, ішіңде от

Көрші Семей көріне ме, жол қысқа,

Үйін бөлек салғандар көп ол тұста.

Ыстық қайрат керек шығар кеудеге,

Қайраткерлік болу үшін болмыста.

        Ұрпағымын сол бір елдің мен, аға,

        Болғанымен амандықта ел, аға.

        Бәрі қорқақ, бәрі сатқын, бәрі арсыз,

         Көкірегім – атом түскен Невада…

Көз жауласып көкірегі кедеймен,

Көрсетпей-ақ күрсінісін көмейден.

Бір жарылыс келе жатыр Семейден,

Бір сағыныш келе жатыр Семейден…

«Аманжол Шәмкенов атындағы арнайы жүлде» иегері: Біржан Ахмер – «Қобыз-Ақын» (Арман Қаниге)

Жер үстінен жоқ іздеймін қаңғырып…

Арман Қани

Көне қобыз, көңілді қараттың ба,

Бір ерекше сезімді жараттың ба?

Кісінедің, күйіндің, құйқылжыдың,

Көкжиекке сазыңды тараттың да.

           Күрең қобыз – ескінің көзімісің,

           Жаза баспас жақсының өзімісің?

           Қоңыр желге қайтемін қайран қалмай,

           Қозғап кеткен көздегі сезім ұшын.

Сен түсінші, сар дала, сағым дала,

Сені ойласам, тәнім сау, жаным жара.

Ақшиманың аспаны – аппақ әлем,

Ақ жаулығы мұнартқан сабырлы ана.

            Сезем соны, сезінем, ойға аламын,

            Қасиеті жан баурар айналаның.

            Қобыз-көңіл шертеді күйін ескі,

            Ей, дүние, сен бірақ байқамадың.

Шымырлатқан, шалқыған, шарықтаған,

Күй осынау қомданған, қалықтаған.

Мен қорқамын өмірден өлеңі жоқ,

Мен қорқамын көңілден тарықпаған.

           Баян өңір, Баян-жыр, Баян әні,

           Көкіректе мәңгілік аялдады.

           Тұман түзге қар жауса, жапалақтап,

           Ол – Тәңірдің аңсары, ой-арманы.

Бұлт ішінен Күн шашса, шұғыласын,

Бір тылсымның болғанын ұғынасың.

Маған барлық ақындар қобыз сынды,

Әуенінде шаттықтан мұңы басым.

           Жанды ғалам жаратты жанды өлеңді,

           Жалғанға да сол ғана мән береді.

           Қоңыр желдің сезініп сағынышын,

           Жапырақ та сыбырлар әлденені.

Қобыз солай, сүйеді түз құшағын,

Айналдырған өлеңге күзді сағым.

Қар астында үзілмей шертілді күй,

Тәнті етіп тұр бейнесі бізді соның.

Пікір үстеу