Қимадиден НЫҒМАНОВ:

1924 жылы 11 қаңтарда Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылында дүниеге келген.

Әкесі Нығман Ертіс өңірінің Естай, Құдайберген сияқты ақындарымен замандас болып, солардың өлең-жырларын айтып, таратып отырған. Шешесі де өлеңге әуес болған. Өнер сүйгіш жанұяда өскен Қимадиден де өнерге жастай талпынған.

Қимадиден сегіз жасқа келгенде балалар үйіне оқуға барады. Кейін Павлодардағы он жылдық мектепке келіп, онда оқуын жалғастырған. Ақын он төрт жасынан өлең жаза бастады.

1939 жылы осы мектепте оқып жүргенде алғаш рет «Өткір алмас» деген төрт шумақтан құралған өлеңі басылады. Он жылдықты аяқтағаннан кейін он тоғыз жасында Отан қорғауға аттанады. Майданда да әдебиеттен қол үзбеген ақын, соғыстан кейін елге оралып ақындық өнерін жалғастырады.

Ақынның өлеңдерін оқығанда оның халықшыл екенін көруге болады. «Алпыс батыр», «Мақаштың ерлігі», «Барлаушы Семей», «Сержант Сембай» дастандары майдан өмірін бейнеледі. Ақын өлеңдерінде сол кездің ауылы, адамдардың қилы-қилы тағдырлары орын алады. Оның «Еділ құрбаны» балладасы, «Дарқан дала», «Дала шұғыласы», «Алпыс батыр» поэмасы оқырман қауымға кеңінен танылып, ыстық ықыласқа бөленген.

Қ.Нығманов көптеген толғау, арнау өлеңдер жазып, айтыстарға қатысып отырған. Ақын ауыз әдебиетінің нұсқауларын жинаумен айналысты.

Келер жылы Қимадиден Нығмановтың туғанына 100 жыл толады. Аталған мерейтойға орай атақты ақынның «Теңдік» атты деректі әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

Теңдік

(деректі әңгіме)

Жарасбайдың жылқыға барғанына да бірталай уақыт өтті. Ол осында өсіп, осында ер жетті. Буыны қатайып, бұғанасы бекіді. Күнде керіскендей бәйбішелердің итаршы өмірінен ұзап жылқыда жартылай дала өміріне ауысқалы өзі би, өзі төс. Әйтеуір Жарасбайға ұнайтын өмір салты осы.

Талай жастарды жылқыда тәрбиелеп өсірген Көжебайға қиыны Жарасбай болды. Сасық күзеннің айғырындай шақылдап, ашу шақырып тұрған бір дүлей. Көңілі соқпаған жұмысқа аяғын баспай қасарысып отырып алады. Жұмыстан жиренеді. Ақсүйектер тұқымынан шыққан сияқты тегі. Көжебай білмейтін Жарасбайдың тегі бар ма еді? Оның әкесі Тұяқ болса Көжебайдың көз алдында қартайып өлді емес пе. Ол кісіде мұндай тәкәппарлық болды ма? Қарапайым жуас кісі еді ғой. Өзінікінен гөрі кісінікі болсын деп тұратын еді, жарықтық. Ал Тұяқтың арғы атасы қандай болғанын білмейді Көжебай.  Жарасбайды өзінен де төмен құл деп атайды жұрт. Жарасбайдың бір ғана өз басына біткен бұл мінезіне Көжебайдың таңы бар. Бай мен бәйбішеден көп жолсыздық көргендіктен ашынып кеткен панасыздың ажалына асыққаны ма, кім білсін?! Әйтеуір Байсалбайдан келген бұйрыққа қарсы болып тұрған бір жан.

Жарасбайдың көңілі түссе көл, қолына алған жұмысын апырып-жапырып кетеді. Өзі әуке салған жолда бөгде қамайды, шамасы жетпей жатқандарды көрсе сүйреп кететіні бар. Мұның әкесінен қалған тек осы мінезі ғана. Өзі бар жерде шамасынан асып кетпесе өзгені тастаған емес. Жарасбайдың жанында жүруді қалайтындар да осыдан, оның оңынан келсе шарапаттан құр қалмайтынын білетіндер соның жағында жүреді. Тек қана қасқырдың қала құлақ деген шамы демекші, Жарасбайдың Байсалбай үйінің өмірі десе болды, қай қайдағы құрыстап қоя береді. Не қылса да құлқы соқпай, сол айтқанды істемей, қалас қалғанды жаны қалайды. Осыны білетін қостағылар оны ондайда жасырып жатып қалады, ауырды десіп алдын ала хабарлап ала көріністен арашалап қалады.

Тай бәйгеден татып, ат бәйгесінен атан алып – тұрман жасатқан. Талайлар бас қосқан екі дуанның орталығындағы Қояндының жәрмеңкесінде тоқсан аттың алдында көш бұрын дара келіп, түйе бастатып тоғыз тіккен бәйгені алған. Осы бәйге Байсалбайдың атын шығарды. Ол жүйрік Кербалағымен орта жүзге паш болған. Талайдан ас берген, ат шаптырғаннан арнайы хабарлар келіп жататын. Олардың кейбіріне қатысып, бәйгесін алып, атақ үстіне атақ жамалып жататын Кербалақтың сәйгүліктігі Жарасбайға олжасын, Байсалбайға атағын әперіп, екі жік болып итше ырылдасқан қастарды біріктіріп ұстады. Осының бәрі де өзіне төніп келе жатқан қауіп екенін Байсалбай сезді. Ол Жарасбайдан атты алып, одан бір жолата безінудің амалын іздеді.

– Жарасбай, сен Кербалақты маған бер де, екі құр ат, бір құлынды бие, екі бұзаулы сиыр, жүз тоқты ал,– деді.

–Бәле байеке, соның бәрі менің Кербалағымның бір бәйгесіне тұра ма екен? – деді Жарасбай байдың аңысын аңдып.

–Тағы қосып сұрағаныңды ал да, Кербалақты маған тастап, алдыңа малыңды салып, қараңды батыршы осы маңнан, – деді бай.

– Байеке, менің бар өмірім босағаңда өтті. Бар еңбегім мойыныңда, оның үстіне бәйбішеңмен екеуің талайы рет тәніме таяқ салып жәбірлегенсіңдер. Солардың өтелмеген айыптары бар. Ол ол ма? Менен бұрынғы ақысыз, пұлсыз босағаңда сенің азапты шаруаңды атқарып жүріп дүниеден өткен әке-шешемнің бар еңбектері мен айыптарын қайтерсің, – деп байдың бетіне тесіле қараған. «Мына кәпір соның бәрін расқа даулар» деп шошынған Байсалбай өзіне қадалған өткір көзден қаймығып сырт айналып қаша жөнелген. Осылай жеңілмес құлдың жетегінің ұшына ілінген Байсалбай амалсыз көндігіп жүре беретін. Оның енді қызын алып, өзінің мирасқоры болам десе де бетін қайтарар халі жоқ. Себебі байлар өкіметі құлаған осы күні қай бай болса да кедейге тығылып хал кешіріп жатыр. Кедейіне келіспеген Бәкір бай анау, мал-мүлкі «Қызыл жалаудың қорына» алынып, өзі түрмеге салынды. Мұны көрген Байсалбай Жарасбайдың қолтығының астынан пана іздемекші еді. Оған шындап жеткен қырсық үлгертпеді. Бес жүз жылқысы бар, мың қойы бар, күймелі арбасы бар Байсалбай жеті есепке енді, кәмпеске келді. Оның сегіз қанат ақ үйін «Қызыл отау» кеңсесіне алды да, бар қатынына ерік берді. Қылмысы да, қылығы да Байсалбаймен бірге Сары бәйбіше қалды онымен. Қабибамен қатар  түскелі екі жыл болған Сағила бостандық алды. Қызыл отаудың бастығы Қареке молда қазір мұғалім болған. Ол Байсалбайдың үйінің барлық жәйімен таныс кісі еді. Бұл кәмпескеге тікелей өзі араласты. Бүгін халық алдына шығып сөйлеп тұр.

– Жолдастар, Байсалбай әлемнен асқан әпербақан емес. Ол дәулет біткен бай ғана. Мұның мойнында Көжебай мен Жарасбайдың өлшеусіз ақылары бар. Өзге алашағы барлар болса айтсын. Лайықталып ақысы бай малынан төленеді де, Байсалбайдың өзіне бір ат, бір сиыр меншік беріп бас еркін өзіне қалдырамыз. Егер малына ашынып, ескі күнін көксеп, бұзақы қылық жасаса, әділ совет заңы алдында жазасын алады. Кәне кімнің бұл байда алашағы бар, айтсын!

– Менің алашағым бар, – деп ешкім шыға қоймады. Тек қана байдың қызы Балжан алға шығып Қарекеге тағзым етті.

– Менің тиісті еншім болмай ма? – деді ол.

– Әрине, – деді Қареке сөзін көпке бұра дауысын қатайта сөйлеп.

– Балжан, бір күнде менен сабақ алған шәкіртім еді. Бұлардың жайын мен толық білемін. Балжан Байсалбайдың жалғыз қызы. Оның анасы Ұмсынған ерте өлді. Оның түбіне қазақ әйелдерінің таласып құртқан күндестігі жетті. Ұмсынған өзінен туған мына Балжанды балам деп те айта алмай қоршылықта, тепкіде өлді. Балжан болса сол адамды анам деп те айта алмай, білмей қалды. Енді совет заңы бойынша Балжанға өзі қалаған енші алып, бұдан былай Байсалбаймен бола ма, өз бетімен бөлек тұра ма, ол ерік өзінде. Балжанның өз қалауынша шешіледі, – деді.

Балжан туған анасы Ұмсынған екенін білмейтін. Ол талай бір өрескел қылығын көріп қарадай жиреніп, өз анасы сондай болғанға зығырданы қайнап, намыстан жарыла жаздап, анам деуден бас тартып жүретін. Сара расында мұның тумаған анасы болып шыққанына қатты қуанды тіпті. Оның есесіне өз анасы, туған анасы, азапты көз алдында талай шеккен ғазиз анасы Ұмсынған екенін білгенде өкініштен жүрегі шаншып кетті. Бір сәтке үндемей қалған Балжан арманда өткен анасы Ұмсынғанның түр-тұлғасын көз алдына әкелді. Жүдеу бетіне айқұш-ұйқыш әжім түскен таңбалардағы ойсырап суалған жағы оның бет-әлпетін кәрі етіп көрсететін. Сөйтсе ол жиырмадағы нағыз кезі екен. Оның өзіне жалынышты қарайтын бір ғана көзқарасын сезетін. Қалың бейнеттен, ауыр меһнаттан, зәбірлі таяқтан, зәрелі мінезден оның мұны балам деуге мұршасы болмаған екен ғой. Сол ғазиз ананың ауыр мехнатты еңбегі еш болып, үсті-үстіне таяқ жеп жатқанда, адам бейнесіз жаман дауыстарымен қарғап-сілеп,  дүниядағы жаман сөздерді Байсалбай үйіне үйіп-төгіп жатқанда мыналар өлімші етіп сабаған кездерін көз алдына елестетті. Кейде бейшара талып қалатын еді. Үні өшіп, әлі бітіп жатқанда үй-ішінен біреуі барып байқамайтын, бейшара әйелді аяп өзі барайын десе мына сұсты семьясынан қорқатын. Сөйтсе сол ана, өз анасы екен ғой. Сонда неге тартынды екен? Тым болмаса бір қабат шырылдап ара түссе, сорлы ана риза болып кетер еді ғой, ақ сүтін кешер еді ғой. Неге ғана ерте білмеді екен мұны?!

– Салдақы қу кедей, – деп шашынан жұлған Сары бәйбіше.

– Тарт тіліңді, – деп тепкілеген Байсалбай елестеп кетті көз алдына.

Балжан ұйықтап тұрып оянғандай әкесі мен Сары бәйбішеге жалт қарап, тесіле шұқшиды. Жауабын тосып қалған Қарекеге:

– Жылқыда боз жорғам менен өзіме тиесілі киім-кешегімді алып беріңіз мына жауыздардан. Мен бұлармен тұрмаймын, кетем, – деді Балжан.

– Ерік берілді, бәрі орындалады, – деді Қареке.

Балжан мұнан соң ешкімге қарамады. Әуелден ерке өскен, ойын орындауға жанын сала кірісетін. Бүгін де сөйтті. Ол үйінен бар жақсы дегенін киді, жылап жүріп қоржынның бір басына асыл бұйым, таза бұлдан сірестіре салды, азық алды. Ол боз жорғаны өзі ерттеп, қоржынды артқы қасына асты. Жасаураған әдемі көзі мен тұна қарап тұрған адамдарға жағалай қарап алды да ризалық ниетпен келіп Қарекенің алдына тоқтады.

– Өмір жасыңыз ұзақ болсын, екі дүниенің абыройын берсін Сізге. Маған берген бостандығың үшін борыштымын, – деді.

– Бәрі де жөн ғой қарағым. Бір түсініксізі бұрын жол көрмеген сіздей жас кісі қай жаққа бет алды екен, соны біліп қалуға болмас па екен, – деді Қареке.

– Неге болмасын. Қазіргі бет алысым тура Жарасбай. Жылқыдағы Жарасбай. Одан арғы жолды сол кісі біледі де, – деді Балжан іркілместен.

– Бәле, бәле. Мен сенен бірдеңе шығатынын жасыңнан білетін едім. Міне, солай, Жарасбай теңің. Бетіңнен жарылқасын, хош, – деді Қареке.

Қарекенің сөзінен соң Балжанның жолына кесе көлденең тұрған ешкім болған жоқ. Балжан басқа тілге келместен боз жорғаның тізгінін қысқа ұстап, басын алыстан мұнартып көрінген Қалмаққырылған тауына бұрды.

***

Жарасбай Кербалаққа ер салды. Қос айылды мықтап тартып, атының кекілін, жалын  сүзді. Тарады. Еркелетіп алақанымен жұмсақ төстігінен шапалақтады. Атының сол жақ қапталын сипалап, сауырына жетті. Айналып түскен құйысқанның қайысын түзеп, құйрығын сүзіп оң жағына ауысты. Атын айнала қарап болып ат байлаған қос алдындағы тырбық қарағайдан алыстап барып көз салды. Кербалақтың сауыры  жалпайып, сар сіңірленіп кеткен екен. Жылдан асты жылқы ішінде төрт-бес саяқпен жеке жайылып жүретін Кербалақ кезінде бүгінгідей толық көрінгені жоқ еді. Ол әрқашан қоянның қодығындай сидаланып жарау да жалаң көрінетін. Дәл қазіргідей сом тұлғалы бітік көрінгені жоқ еді. Сом тұлғалы тұлпарына сүйсіне қарады Жарасбай.

Жарасбайдың бүгін кезектен босаған күні. Ауылға барып қайтпақ ойы бар.  Мініп баруға Кербалақты ұстады. Бұдан басқа байдың жүзінің бірін ұстаса да жарайтын еді. Ол бай қысы-жазы осы жылқымен бірге дала жайлаған жылқышылардың бейсауат мініске малын мінгенін де қызғанады. Қызына деген дәмесі күннен күнге арта бастаған Жарасбайдың бай көзіне жек көріне беруді қаламады. Жарасбай осы жолы Балжанға жай барып емес, кешегі Көжебайдың сөзін естіртіп, жақында күн туатынын айтпақшы еді. Кедей теңдігі қуанышымен бірге енді оның өзі сүйетінін айтып уәдесін сұрамақшы болды. Алда-жалда ондай мүмкіндік тумаған күнде де бір көрініп қайтудың өзі олжа.

Кезекке баратын екі жылқышы бақырды ортаға алып әлі отыр. Қолдан жонған ожау қасықты бақырға жиі апарып алып қайтады. Қолындағы сүйегінен ұстаған кесек еттен аузын толтыра қарбытып асап алады да, бақырдағы майы бетіне тұнған сорпамен шылап қылғытып жатыр. Олар әр жатқан сайын бір қабат әзіл сезіп айтып, өз атын өзі қызықтап жүрген Жарасбайды бір қағытып өтеді.

– Үйінде туып, есігінде өстің. Байсалбайдың сенімді жылқышысысың. Енді қызын алсаң, басқа ұрпағы жоқ байдың мына малының иесі өзің болып шығасың, – деді олар.

– Әй, бұл бәрімізге әкіреңдеген мына малдың иесі бай болады да шығады сонда, а, – деді Тоқа ауызын қомпаңдата етін шайнап.

– Енді қалай, дұрыс бақпадың, ақыңды бермеймін деп тұра келер әлі, – деді Ыбырай. Олар біраз ет жеп малмаңдасып алды.

– Әй, Жарас, сен қанша жандамайласаң да бай қызын саған бермейді, босқа арам тер болма! – деді Ыбырай.

– Неге олай болсын, Балжан жалғыз қыз, өзі тием деп тілектенсе бай не қылады? – деп жұптады Тоқа.

– Әй, Жарасбай, қызын қалыңсыз бермейді. Астыңдағы жалғыз атыңа қыз келмейді. Қосып беретін соқыр битің жоқ сенің, – деп қысталады Ыбырай.

– Кім біледі Байсалбай кедейге тиген теңдік деп өзін аман сақтау үшін қызын беріп, осының қанатының астына тығылар әлі. Оны білмейтін Байсалбай емес. Одан өтер қу жоқ мұнда, – деді Тоқа сөзін салмақтап.

– Жігіттің таза малы жоқ, байдың қызы шын бағың, қапы қалма, – деді Ыбырай ауызын жібек белбеуімен бір сүртіп, ердің қасына құрық ілген атқа қарғып мініп. Енді жортаққа басқан Ыбырайдың соңынан торалаға мінген Тоқа да мысқылды көзін Жарасбайға сығырайта бір қарап кеткен Ыбырайдың соңынан салды.

Бұл ойын жолай айтылған сықақтың негізі Балжан еді. Балжан аты аталғанша Жарасбайдың ойынан талай бір тәтті қимылдар бірінен соң бірі сырғанап өте берді.

Сонада бір барғанында кештеп қалды. Ауыл жастары ақсүйек ойнап жатыр екен. Жарасбай ойын болып жатқан жерді тауып, Балжанға жолыққан. Ол оны сағынып көргені еді.

– Ибай Жарасбай келіпті ғой, – деп іркілмей қасына келген.  

– Неге көптен бері келмей кеттің? – деп сағынғанын айтқан. Балжан Жарасбайдың қолынан қысып ұстап алған. Өзгелер біліп қоймасын дегендей қолын қысып-қысып қойған. Жетектей жүріп көпке шейін айрылмаған.

– Байқа атты, жүр ойнайық, – деген ерке қыз ақсүйек ойнаған балаларға қарай сүйрелеп. Жаным деген сөзді іштей қайталап сыртқа естірте бір ауыз сөз айта алмай мұрнын тескен тайлаққа ұқсап Балжанның жетегіне ере берген. Қыз қызықтап келе жатқан сияқты, мұның түріне ұрланып қарап қояды. Мың сөздің жалғасы сияқты анда-санда бір сөз дейді Балжан. Жарасбай тек бас изейді. Сөз айтса тіл-көмейі қолқамен сөгіліп шығатындай көрінеді. Бір ауыз сөз айта алмақ емес. Ақыры таң  атқанда тыстаған, өзі көзге түспей ұйықтамастан жылқыға тартып кеткен. Жарасбайдың өмірі өзге адамнан сезген жылылығы осы болатын.

– Мә Жарасбай, менің ормалымды ала кетші, – дегенде де Жарасбай бір ауыз тіл қата алмай қалған. Қыз берген шәйі орамалды дәл жүрегінің түбіне тығып ұстап анда-санда сағынған бетіне тақап мауқын басатын.

Шіркін Балжан, «Ал Жарас, мен сендікпін» деп ерік берсе ғой. Қасыма ертіп алып айшылық алысқа алып қашар едім. Кербалақ пен Бозжорғаның айлық жолы алыс болар еді. Артымыздан ешкім қуып жете алмас та еді. Өз басымдағы құл деген атақ қалу үшін және бір ай арман асар едім. Сонда екі айшылық алыста бізді кім біледі? Еліме де қызметімізбен жағар едік. Бір қазақтай біз де өмір сүрер едік…

Ол Балжан, Балжан деген бал қыз. «Байдың қызы Балжан бар арман» деп тұщынды. Осы бетпен қазір барып Балжанға барлық ойын айтпақшы болды. Көжебай атты кедейдің күні туды деп. Әне, біздің күн осылай туады. Сен ғана маған берсең екен ерікті. Алып қашар едім осы арадан алысқа.

Жарасбай өз ойымен есіп, қиялымен қияндап тұрғанда алыстан көрінген бір қара тура осында келе жатты. Кім де болса суыт жүріп келе жатқан адам екенін де Жрасбай бір хабарын біліп барып аттанайын деген оймен кідіре түсті. Жалғыз салт қосқа тура  келді де Жарасбайға жақындап барып аттан түсті. Құдай-ау! Жарасбай көктен сұраған Балжан жерден табылды. Асықпай аяңдап алдына келді. Ілтипатпен бас иіп тұр.

– Міне басым, міне өзім, алдыңа келдім, ендігі ерік өзіңде, – деді. Жарасбайдың қуанған жүрегі жарылып кетердей екі қолы мен кеудесін уқалай берді. Қызға бір, кейін бір аяғын әнтек басып не істерін білмей тұр. Қостан ат дүбірін сезіп тұрған Көжебай қарт қыздың соңғы сөзін толық есіткен еді. Не істерін білмей сипалақтап тұрған Жарасбайды көрді де өзі кірісті.

– Бәрекелді, бағың ашылсын, біржолата келгенің шын ба, жарқыным? – деді шапаты шал дауысы саңқылдап.

– «Қызыл отау» ерік бергеннен соң өз еркіммен Жарасбайды іздеп келдім, – деді Балжан.

– Уа Тоба, ей Жаратқан бере көр, екі жастың жолын аша гөр. Аллам жарылқай көр, Алла! – деді Көжебай. Ол сасып жүріп белбеуін мойнына салды. Құбылаға қарап жүресінен отыра қалды. Сосын аспаннан бір қара көргендей қолын жайып  тілек тілей берді. Сөзінің көбі «Ей Алла бере гөр» болып жатыр. Балжан да Көжебайдың соңынан отыра қалып, қолын жайған Жарасбайға отыр деп ишара етті. Олардың ендігі өмірі осы тілекке байланысты болатын сияқты. Жарасбай келіп Балжанның қатарына жүресінен отыра кетті. Осылайша үш адам біршама құдайдан тілек тілеп қалды.

– Кедей теңдігі рас болғай, мына қыз теңдік алыпты. Ал бізге де теңдік бар шығар, – деп ойланады мүлгіп отырып Көжебай. «Теңдік алып келдім, Жарасбай қорқып бас тартпаса жарар еді. Екеуіміз қосылып алып көз көрмес, құлақ естімес жерге кетсек екен бір», – деп Балжан ойлады.

Бір уақыттар Көжебайдың тілегі де аяқталып орнынан тұрды-ау әйтеуір.

– Иә, жаным, не хабар бар ел жақтан? – деді Көжебай Балжанға қарап.

– Елде кәмпеске. Менің әкеме ауыр зәулі түсіп жатыр. Оның мал-мүлкі ортаға түседі екен.

– Ортасы кім, кім алады сонда?

– Үкімет, осы қазір келіп жатқан үкімет кедейлердікі дейді ғой.

– Аузыңа май, кедейлерге теңдік береді деп еді, сол болатыны болған ғой әйтеуір. Науқаншылыққа салынып, игі-жақсыға кесірі тимесе екен тек, – деді ернін жалап жылмаңдап кетті Көжебай.

– Сен ерікті қалай алдың? – деді Жарасбай Балжанға тура қарап.

– Тура былай берді, мен алдым. Ауылда «Қызыл отау» құрылды, біздің сегіз қанат ақ үйге орнады. Маңдайшаға қызыл жалау байлады. Сосын менің екі шешеме ерік беріп, байдың мал-мүлкінен қалағандарыңды аласыңдар да, өз еріктеріңмен күн көресіңдер деді. Қатындар қуанғанынан әкемнің алдына келіп күндіктерін бір-бір соқты. Әкем шошып кейін шегініп қалды.

– Сосын… – деп барып Балжан жылай берді. Көжебай келіп маңдайынан сипап уатып жатыр. Жасқа булыққан Балжан сөзін жалғады.

– Сосын менің шешем сорлы Ұмсынған екен. Соны осы кәмпескеде білдім ғой сорлы. Ызыдан жаным күйіп кетті. Саған да ерік берілді дегенді естіп Бозжорғамды ерттеп, қоржынға керегімді салып алдым да тура осында тарттым. Саған Жарас, тура саған келдім. Енді сенен басқа жақыным жоқ сияқты, мені ертіп алып осы жақтан тура алысқа, бір құлақ естімейтін алысқа кетші. Қайда апарсаң да мен көндім, етегіңнен ұстадым.

– Өзім де солай ойлап едім, – деді абдырап қалған Жарасбай.

– Енді кедейлерге ерік берсе қашып қайда барасыңдар? Осы жерде тұра бермейсіңдер ме, – деп сөзге араласты Көжебай.

 – Жоқ, жоқ аға. Олай демеңізші, Жарасбай алғашқы тілегім болсын, тек қана осы жерден алысқа алып кетші мені, – деді Балжан қиылып.

– Мақұл, – деді Жарасбай. Осы қосқа кіріп тығып кеткен кездігін алып беліне байланды. Сосын Көжебайдың алдына келіп:

– Ал жан аға, оң бата, – деді.

– Жортқанда болың болсын, қолдасың қыдыр болсын, қарақтарым. Аман жүр, адасса жолға салып жүр, пәлекет келсе қағып жүр, Аллам! – деп бет сипаған Кенжебейдың көңілін бұлт шармағандай.

– Қарағым Жарасбай! Бір ығыңда болып қалған өмірімде қамқор етемін деп ойлап едім, енді жолыңа бөгет болмайын. Жетілсең еске бір аларсың, енді қарағым бара бер! Осыдан шығысты бетке алыңдар, Ұлы өзен Ертіске жолығасыңдар. Соны бойлап жүре беріңдер. Су бойы тоқ болады, қарындарың ашып, өзектерің талмас, бақытыңа жолығыңдар! – деп тебіренді жалқышы қарт.

Жарасбай келіп жас сұлудың тізгінін тартты. Біріне бірі сырттан ғашық екі жас бұдан былайғы  өмір жолына қатар сапар шегуге қапталдасып бірге тартты. Бағыттары Ертістің сол жағалауындағы Алқакөл жиегіндегі Бәйгел тоғайы, Боранбай қорасы.

Пікір үстеу