Қазақ күй өнерінің шебері Нұрғиса Тілендиев өзі құрған, бүгінде есімімен айшықталған «Отырар сазы» оркестрі Екібастұз өңіріне келіп, қала халқының көңілін марқайтты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен келген өнер майталмандарын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі Данияр Байжұманов бастап келді.

«Өнер» қалалық мәдениет сарайы. Күннің аязына қарамастан «Ата толғауы» атты концертке жиналған көрерменнің қарасы қалың, ықыласы ерекше. Сахнадан төгілген түрлі саз көненің әлдебір дабылы, санаға батпандап салынған салмақтың сызы енді бірде сән-салтанатымен ырғатыла, жасанып-жайнаған көш керуеннің салтанатын, мамыражай тірлікті, сайын даланы сары желіп, сол даланың өгей емес, төл перзенті болған бабалар өмірін көз алдыңа алып келгендей күйге бөледі. Төгілген саздан түрлі сыр өрілді. Ел асыға күткен кеш Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауымен» басталып, сиқырлы таяқшасымен дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері, профессор Жалғасбек Бегендіков оркестрге жан берді. Ел сиқырлы әуеннің сазына елікті. Ду қол шапалақтан «Өнердің» іші жаңғырды. «Ата толғау» – Нұрғиса! 

Тарихқа азды-кем шегініс жасасақ, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі – қазақтың академиялык фольклорлы-этнографиялык халық аспаптары оркестрі. Ол алғашында «Отырар сазы» ұжымы ансамбль ретінде Болат Сарыбаевтың жетекшілігімен кұрылыпты. 1982 жылы ұжымға әйгілі дирижер Нұрғиса Тілендиев келіп, ансамбльді оркестр санатына көтереді. Кейін 1999 жылы оркестрге Нұрғиса Тілендиевтің аты берілген.  «Отырар сазы» оркестрінде домбыра мен қобыздан басқа жетіген, шертер, шаң-қобыз, мес-қобыз, сырнай мен сазсырнай, сыбызғы сияқты көне аспаптар, сондай-ақ асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ сияқты ұрмалы аспаптар бар. Аспаптардың мұндай алуандығы оркестрге ұлттық фольклордың ең бай төл үлгілерін тыңдаушыға кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы, көрнекті қоғам қайраткері, композитор Нұрғиса Тілендиевтің оркестр алдына қойған мақсаты да осында болса керек.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі Данияр Байжұманов:

–  Бүгінде ұрпақтар сабақтастығын паш еткен оркестрге Н.Тілендиевтің қызы – Дінзухра Тілендиева жетекшілік етеді. Оркестр Қазақстанның қалаларында, жақын және алыс шет елдерде – Италия, Франция, Вьетнам, Солтүстік Корея, Германия, Испания,  Түркия, Сауд Арабиясы, Иордания жане басқа да көптеген елдерде концерт берді. 1996 жылы «Отырар сазы» оркестрі Жамбыл атындағы халықаралық қор сыйлығының лауреаты атанды. Ұжым қазақ музыкалық фольклорының үздік үлгілерін сақтап қана қоймай, оркестрдің заманауи экспрессивтік құралдары мен тембрлік мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңашаланған өңдеулермен үнемі жетілдіріп отырады, – дейді.

Бір айта кетерлігі, қазақ музыкасының жауһары Нұрғиса Тілендиев 1985-1986 жылдары оркестрді көмірлі шаһар – Екібастұзға өзі бастап келіпті. Міне, артқа 40 жылға жуық уақытты тастап екібастұздықтар оркестрдің өнеріне тағы бір мәрте тәнті болды. Өз кезегінде оркестр толыққанды екі үлкен концерт берді. Оның біреуі Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде өтсе, екіншісі – Екібастұздың төрінде.  

Оркестрдің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуен» туындысы әуезімен салқар көшті көзіңе елестетті. Оркестр мүшелерінің әрқай­сысы түрлі аспапты тартып, әр күй, әр әнге өзгеше сипат беріп, шығармалардың бітім-болмысын ашуға үлкен септігін тигізе, тыңдаушыларды желпінтіп отырды. Саз бен орындаушы үйлескен әдемі концерттің көрермендері де өте бір мәдениетті болғанын айта кеткен жөн. Ретті жерлерінде қолпашын аямай, шапалағымен әртістерге дем беріп, тыңдай білген сахна мен тыңдаушы арасындағы түсіністік те жарасымын тауып жатты.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің  ковалері  Гүлзат Дәуірбаева Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсі» әнін тамылжыта шырқады. Халықаралық конкурстардың лауреаты Нұрғалым Аманбай ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың сөзіне жазылған Н.Тілендиевтің «Баянауыл вальсі» әнін орындап, әнге қол соққан көрермен билеп кетуге шақ қалды. Ал халықаралық конкурстардың лауреаты Гаухар Жұмағұлова оркестрмен қосылып саз сырнайда орындаған Н.Тілендиевтің «Балапандарым» туындысы халықты ерекше күйге бөлеп, желпінтті. Сонымен бірге, тыңдағанның өне бойын шымырлататын «Аққу» күйі тыңдарманды бірде айдын шалқар көлдің бетіндегі тыныштыққа жетелесе, бірде қанатының сусылымен ләззат сыйлады. Өнер иесі өшпестей етіп қалдырған асыл мұрасының бірі – «Махамбет» шығармасы. Мақамы да, мағынасы да, мазмұны да алабөтен, алапат күй. Әсіресе мінезді мойындайсыз. Әлдебір биік рух тереңге шым батырмай қайта асқақ­татып алып шығады. Халық күйінің құдіреті, мәңгілік құн­дылық деген осы шығар, сірә?!

Жүргізуші: «Оркестрдің келесі орындайтын шығармасы: Джордж Бизе – «Антракт» деп хабарлады. Жанымда отырған бір апайдың «Е, антракт болады екен ғой, сыртқа шығып келейін» демесі бар ма? Естігеніміз күлдік. Көрермен ретінде өнерді сүйгенімізбен, шығармаларды жетік біле бермейтініміз ақиқат. Оны да мойындауымыз керек! «Мұндай концерттер неге жиі болып тұрмасқа» деген ойдың жетегінен халықаралық конкурстардың лауреаты Балжан Жүнісова жеке қобыз аспабында орындаған Н.Тілендиевтің «Абай табиғаты» күйі алып шықты. Ал ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Абай Қойшыбаев домбыра аспабында жеке Құрманғазының «Төремұрат», ҚазКСР-нің Халық әртісі, дүлдүл күйші, жерлесіміз Рүстембек Омаровтың «Жастық шақ» күйлерін шерткенде тамырында қазақы қаны тулаған жұрт қиқуға-қиқу қосып отырды. Түрлі сезімге бой ұрған халық түрлі қиялға шомғаны анық. Концертте көрерменге ерекше әсер сыйлаған тағы бір дүние – күй тартыс. Бұл күй тартыста Естай атындағы Екібастұз балалар музыка мектебінің ұстаздары Сәуле Оразалина, Қайрат Тоханұлы «Отырар сазы» оркестрінің өнерпаздары, халықаралық конкурстардың лауреаттары Сырым Шонбаев, Дастан Қазкеновтермен өнер додасына түсті. Қызу күй тартыстың соңын сахнаның бір шетінен әдемі жүрісімен шыға келген саңлақ дирижер Жалғасбек Бегендіков сиқырлы таяқшасымен оркестрді қосып, одан әрі әрлендіре түсті. Әнмен әспеттеліп, күймен көмкерілген кеште Жалғасбек Бегендіков Нұрғиса бабаның әсем шығармаларын орындаған оркестрге дирижерлік етіп, тектінің шәкірті екенін тағы бір мәрте мойындатты. Домбыра, қобыз, сыбызғы, шертер сияқты ұлттық музыкалық аспаптарында бір уақытта ойнаған әр өнерпаздың шеберлігін дирижерлік басқару арқылы көрерменге ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дала әуезінің, халық әуенінің сұлулығын сезіндірді. Халық сазгерлерінің жүрек тебірентер шығармашылығын ұғынуға, тарихы жұмбақ аспаптардың дыбысын жеткізу, дәстүрлі өнердің қыр-сырын түсінуге құмар етті. Жаса, Маэстро!

Концерт оркестрдің сүйемелдеуімен солистер Гүлзат Дәуірбаева мен  Нұрғалым Аманбайдың орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнімен аяқталды. Ұлттық өнердің құрметіне қала әкімінің атынан ықылас гүлі сахнаға шығарылды. Бір кеште көрерменнің жүрегін жаулап үлгерген әртістерді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов қала әкімшілігі атынан арнайы құттықтады. Өз кезегінде бөлім басшысы дирижер Жалғасбек Бегендіковтің таяуда 70 жас мерейтойының өткендігін айтып, иығына шапан жапты. Сонымен бірге, екібастұздықтарға керемет көңіл-күй сыйлауға мұрындық болған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының «Академиялық» мәртебе алуымен құттықтап, басшысы Ақан Жылқышыбайұлы Әбдуәлиевке ризашылығын білдірді. 

Концерттің аяқталғанын көрсе де көңілдері қимаған көрермендер залдан кетпей, керемет күй сыйлаған әртістерге қошемет көрсетті. 

Бекзат өнер, шарықта!

Айдана АЙТУҒАН,

Екібастұз қаласы.

Пікір үстеу