Қасқырдың Рахметі (деректі әңгіме)

          Бауырындағы білектің тамырындай тарам-тарам өрілген, жағасына жібектей қазөті жайып, қоршап өскен қамыстарының түбін мүк жапқан, айдынын көмкерген балдырының әр жерінде жіпке тізген ақ, сары моншақтай тұңғиық гүлін шашқан,   даласында  күздің күні егіні піскенде елік көрінбейтін алқаптары жайқалған Қараоба – ел ішіндегі тентегінің еркелігі жайлы жат жұртқа тіс жармай, білек сынса жең ішінде деген қағидатты ұстанған ұйымшыл іргелі ауыл. Орта бойлы, төртбақ, дембелше келген білекті жігіттері шетінен палуандыққа әуес. Көрші ауылдардың жұртына доңайбаттық жасап қол батырса, әділетің ақ туын кірлетсе, бес саусақтай бүріп ұстап отырған ақсақалдар алқасы оңдырмайды.  Бәсентиін руының Хангелді атасынан тарайтын қасқыр жүректі, қақпан білектілерден құралған қауым елдің мінезі де бөрі тектес, өздері соқтықпайды, соқтыққанның сорын қайнатады. Тигенді шауып түсетін, шапқанға көнбесе қауып түсетін еркек кіндіктілер қаншалықты адуынды көрінгенімен Қасқырдың Рахметі дегенде именетін, илігетін. Елуді еңсеріп қалса да қадалғанда темірді тесіп жіберердей сұсты жанарынан жалтарып, қарсы келуге батылдары жете бермейтін. Тіпті, құрдастары да Рахмет ашуға мінгенде алдында құрдай жорғалап, хазіреттің қолына су құюға таласқандай әбігер болып қалатын.

Рахмет ат жалын тартып мінгеннен бастап тақымы суып көрген емес. Сыртынан сыр сұрап сүймеңдеген Кеңес үкіметінің сүмелектері мен ізін аңдыған қызыл жағалы милиция өкілдері жырынды жортуылшы, баукеспе ұры, баскесер барымташы деп жаһанға дәлелсіз жар салған. Ал шапағатын ел ішіне өлексе толып, қыстың күні нәрсіз өлген адамдардың мәйіті көктем шыға иістеніп, оны көму үшін Құдайдан қуат сұратқан аштық жылдарында көрген үзеңгілестері мен ауылдастары түн мен түздегі әрекеті жайлы ешкімге тіс жарып, сыр шашып көрген емес. Көзі көргенін көлеңкелеп, тіліндегісін отыз тісіне қаматып іште бүгіп ұстайтын.

          Рахметтің ауылдас досы Базарәлінің үйінде дүниеге сәби келіп, ағайынның басын қосып немересіне бата алу үшін арнайы шақырған соң, түс әлетінде қарагер айғырымен салт келген. Табиғатында қонаққа, көпшілік жерлерде қарасын көрсетпейтін әдеті бар болатын. Бүгін ақыретке дейін серттескен досының көңілін жыққысы келмегендей. Талай жорықтан келгенде күтіп алып атын таңасырып, олжасын жымын білдірмей жып-жылас қылып жұпыны жарлы-жақыбайларға бөліп берудің басында жүретін осы Базарәлі еді. Қарагер ат соңғы бес жылдағы жан серігі. Алғаш рет ауылға шұбырып келген сығандардың арбаға жаратып жеккен, оқтаудай көк атының құлақбауына қосақталып байланғанын көргенде көңілін лезде арбаған. Тұқымы да, тұрқы да бөлек, өлі жүні де түспеген қотыр құнанды көрген сәттен айырылмастай жабысып, қорасындағы  тоғыз тұсақты беріп, үстінен бір бума қызыл ақша қосып қалап алып қалған. Қазақтардың біріне күзде күйленген соң соғымға сатып жібермек болған ащы ішекті кері айалдыратын сығандар таборының ақсақалы арам өліп қалмаса жарар еді деп жүрген қабырғасы ырсиған құнаннан құтылғанына мәз. Бір-екі омыртқасы артық біткен тәрізді бітімі бөлек, тісімен жая қыртысын қыршып қасуға басы әрең жететін қысқа мойын олжасын әуелі үйіне әкеліп тұзды сумен жуып, сұлының жармасына күкірт қосып беріп іш құртын түсіріп, таңдайын тіліп қан алып, кейін екі жаз еркіне жіберіп, көк шалғында жілігіне май толтырып, үйір салып бестіге шыққан уақытында жүгендеген. Қарагер түлік тайпаңдаған жорға емес, жел жетпейтін жүйрік емес, шоқалақтап шабуға да жоқ, қарадүрсін желіске де салынбайды, бар қасиеті артқы аяғы алдыңғы аяғының ізін асып түсетін қатты  аяңның төресі. Бойы қызғанда бөгде жылқы бүлкіл желіспен жете алмайды. Төрт аяғын әбжіл басқанда тұяғы құмға тигендей дыбыс шығармайды. Құдды бір тұяғына қабаттап құрым кигізден байпақ кигізіп қойғандай. Бала жасынан ай астында түнгі жортуылды жаны қалайтын Рахметтің көптен іздеген аты осы. Ер-тұрманы да бөлек. Үзеңгісінің табан тірер темірін жалпақ та жуан етіп жасатқан. Таралғысын сегіз жасар өгіздің төс терісінен иленген қайыстан таққан. Қуғыншы қуған уақытта шешіп алып сілтейтін қаруы осы. Бір тебінгісінің астында шолақ дар ауыз мылтығы, екінші тебінгісінің астында темірге салсаң жүзі қайтпайтын қосымша қанжары бар. Шап айылды да тез шешілетіндей етіп  жасатқан. Қанжыға таспасын бұғалыққа бау етеді. Жуандығы сұқ саусақтай ғана қамшысы көзге жеңіл көрінгенімен тиген жерін тіліп түседі. Сегіз өрімді қамшысының әр таспасын түкіріктеп отырып сығымдап өргізіп, өзек салдырып, түйіншегіне жұмырлап қорғасын құйғызған. Алғаш қолына түскен уақытта көңілінен шығып, өрімшіге жетегіндегі бір құнанды құнындай көріп қарық бол деп тастап кеткен. Ал өмілдірігіне патрон салатын қалталар тіктірген. Бір жылдары кешкі алакеуім шақта барымталап жылқы айдап келе жатқанында соңына «Урал» мотоцикліне мінген екі милиция түскен. Сонда шауып келе жатып өмілдіріктен алған оқты шолақ мылтығының ұңғысына сүңгіте салып, аттың бауырынан жантайып барып атқан уақытта қызыл жағалылардың үш аяқ көлігі кілт тоқтай қалған. Мүлт кетпейтін мергендігімен аты шыққан жырынды ғой, мотоциклдің «свечасына» дәл тигізген екен. Бар ойы милиционерлерді мертіктірмеу амалы. Өзі де кейінгі кезде «қолымда адам қаны, мойнымда обалы жоқ» деп көп айтып отырады екен.  Мергендігімен қатар ізкескіштігі де бар. Жас күнінде іш жақтағы Новосібірге жортуылға кеткенде Боқай құмындағы жайылып жүрген жылқыларын жергілікті аңғал жігіттер қолды қылыпты. Келгеннен соң жылқының ізін кесіп жүріп тауып алыпты. Сол күні ауылдың ақсақалдарын шақырып алып: «Ана жігіттеріңе айтыңдар, өз еріктерімен жылқыларымды қайдан алды, сол жерге айдап апарып тастасын. Бір жолға кештім. Ал егер тағы да қайталанатын болса өз обалдары өздеріне», — деген екен.  Сол уақыттан бастап оның жайлауынан қотыр жабағы, қорасынан тышқақ лақ та жоғалып көрген емес. Киім киісі де бөлек. Басында төрт сайлы елтірі арғын бөрік, үстінде желбегей жамыла салған жеңіл шапан. Белбеулікке қыл арқан таққан. Ол да қажетінде қару. Қонышы тізеге дейін ғана келетін түркімен етігінің өкшесіне нәл қақтырған, басында істік темірі бар. тепсе тиген жерін жазып етпей қоймайды.

          Бүгін Рахметтің көңіл көкжиегінен сығалап күн күлімдейтіндей, тілдің тізгінін еркіне босатып шешіліп сөйлегісі келіп тұрғандай. Бірақ алдына бас келгенде қырағы көзі жақ тісі қағылмағанын шалып қалды да, үн-түнсіз өзінен алыстау ысырып қойды. Маңдай терісі де айқышталып тілінбеген екен. Ет асып жүрген қатын-қалаштың  әбігер болып жүріп, мүмкін білместікпен жас келіндер жақ тісті қақпай асып, маңдай терісін тілмей табаққа тартып жібергенін Рахметтің шалт қимылынан лезде аңғарған Базарәлі босаға жақта бүкшеңдеп жүрген бәйбішесіне: «Әкетіңдер ана басты, қақпас немелер», – деп иек қақты. Әсілінде қазақ ғұрпында бастың тісі қағылмай тартылса, үй иесінің іште айтылмай жүрген қыжылы бар деп түсіндірілетін. Қазақылыққа жетік Қасқырдың Рахметінің де ішіне күдік байланған. Бірақ жұрттың көңілін аулап мәймөңкелейтін әдеті жоқ-ты. Қарақ табақтағы былтырғы соғымның сүрленген телшесі бірге асылған қойдың еті жапырақтап туралып болып, меймандарға сыйына қарай мүшелер үлестіріліп берілді. Алақанының жартысын жапқан қазыны шайнамай қылғытып жұта салған Рахмет саусағындағы майды әдіптеп мәсісінің қонышына сүртті де айналасына көзін алайта бір қарады. Көмекші табақпен арнайы тартылған жамбасты жеңіндегі белбеуге жанып жүзін келтірген ұстарадай бәкісімен құйрық майымен қосып турап, қонақтарға ұсынды. Өзі де бір-екі кескенін қылғытып салды. Бала күнінен тойып тамақ ішпейтін әдеті. Жиналған жұрт та оның  қимылын күтіп отырғандай. Құрт қосылған бір шара сорпаны сіміре салғаны сол еді, маңдайына шып-шып етіп тер шықты. Шәкеңнің түрткені ме, Құдайдың құдыреті ме, бүгін ешкім сөз бермесе де өз басынан өткен ғұмырбаянынан әңгіме қозғап шешіліп сөйлегісі келіп тұрғаны. Тіпті тілшігін түртіп қытықтап шыдатар емес. Көмейіне келген сөзді іріксін бе, тізгіні босаған жүйріктей көсіле жөнелді.

          – Жалпы біз Орта жүзде Арғын деген атаның Бәсентиін тармағынан тараймыз. Түрікпеннің баласы Күшік, одан Хангелді батыр. Жаугершілікте аты шыққан атамыздың қаны ма, бізге де бірбеткейлік біткен. Менің әкемнің азан шақырып қойған аты Қасқыр емес, ол лақап аты. Оны осы Қараобаның шалдары қойған. Енді еңбектеп жүрген уақытта әкемді мына Боқай құмында бөлтіріктеген қасқыр алып кетіпті. Әке-шешесі, ауыл-аймақ болып жоғалған баланы түзден де, үйден де іздейді, бірақ таппайды. Амалдары құрып өлдіге қия бастайды. Бір күні бір ауылдастары келіп қасқырдың апанының аузында баласын бір қаншық емізіп жатқанын, жанында бөлтіріктер жүргенін айтады. Мұны естіген атамыз мылтығын оқтап, айтқан апан жаққа бармаққа ұмтылғанда ауылдың шалдары басу айтып тоқтатқан екен. Қаншықтың бөлтіріктеріне тамақ іздеп кететін уақытын аңдып, кеткен кезде  бөлтіріктерге тиіспей өзін ғана алып келген. Әлгі қаншық та көп ұзамай бөлтіріктерін бұл арадан алып, құмға түскен ізін құйрығымен сыпыра жасырып, бізге белгісіз бағытқа ауып кеткен. Сол уақыттан бастап мына тоғайда ұлыма жоқ емес пе. Ал қаншықтың желінін емген әкеміздің аты сол күннен бастап Қасқыр атанып кеткен көрінеді, – деп маңайын бір шолып алды.

– Пәле деген-ай, хайуанның ақылдысын қарасаңшы, – деп қойды Базарәлі.

– Сенің атыңды да Рахмет емес, Көкжал деп қою керек еді, – деп кеңкілдеп күлген сығыр көз замандасына Рахмет жеп қоярдай алая бір қарап еді, әлгі қарақұсты көріп інін іздеген саршұнақтай бүрісе қалды. Тығыларға жер таппай, үстелдің астына кіріп кетуге шақ отыр. Белдігінің астынан мүйіз шақшасын алған Рахмет мәсісінің өкшесіне бір қақты да, алақанына жасыл бұйра насыбайдан бір шөкім салып, оны саусақтарының ұшымен жинап сығымдап алды да астыңғы еріннің астына басты. Осы сүйкімі кеткен сығырды көргенде насыбайдай сығымдап тастағысы келіп тұратын әдеті.

– Мен 1916 жылы туыппын. Әкемді сол күні Боқай құмынан  қолын қайырып алып кетіпті. Сол кеткеннен мол кетті, оралған жоқ. Патшаның қазақтарды окоп қазу жұмыстарына алу туралы жарлығы шығып, елдің іші алақұйын боп кеткен дүрбелең заман емес пе. Әкем бас болып жергілікті қазақтардан сарбаз бермейміз, бүгін баламызды алса, ертең басымызды алады деп қарсы шыққан көрінеді. Адамның өмірін бір түйір қорғасынмен өлшеген мұздай қаруланған патшаның жендеттері қарасын ба?! Қайда әкеткенін білмеймін, бір сайдың астына апарып атып тастады ма, Құдайым білсін. Бұл әңгімені он жасымда естідім, содан бастап патшаңа да, кәмөнесіңе де, Сталиніңе, Лениніңе де түкіргенім бар. Сендер өзеуреп жүрген қызыл кеңестеріңе деген кегім кеудемде тас боп қатты. Менің ажалым олардан емес,  көк көзді, сары шашты, сары қатыннан келеді. Сол ажалым келгенше әкемнің кегін қуамын, – деп екіленіп келе жатқанда сөзін Базарәлінің белін таянып тұра қалған бәбішесі бұзды. Қанша сұсты, қасқырлық қасиетке ие болса да Рахмет өмірінде әйелге қол көтеру түгілі  қатты сөйлеп, боқтап көрген емес. Өзінің бәйбішесі Боқай құмында, жас тоқалы Ертістің арғы бетіндегі қазақтар қала атап кеткен Қарамиекте болатын.

– Осы төңіректе Қасқырдың Рахметі деген дардай атың бар. Сенің ажалың   адасқан оқтан келмесе, қарсы алдыңа тұрар тірі пенде жоқ. Көк көзді, сары шашты, сары қатын үзеңгіңе у жағып өлтірмесе, сені қуып өлтіре алмас. О не дегенің, – деді ернін сылп еткізіп. Әйел затынан бит терісінен биялай тігетін осы замандасы ғана бетіне тік қарап сөйлейтін.

– Ажалым сары қатыннан келеді, – деп қайталады Рахмет қабағын түйіп. Іштерін күлкі қысса да дастархан басындағылар сыр алдырмады.

– Оның рас, бір елге қорған болар атым бар. Бірақ осы зәнталақ ой түнде ұйқымды, күндіз күлкімді бұзып болды. Көз алдымнан әлгі сары қатын кетер емес.

Үйдің ішін үнсіздік жайлап бара жатыр еді, оны тағы да сығыр көз бұзды. – Қыларыңды қылдың ғой сен, Қасқырдың күшігі.

Іштегі запыраны болар, соңғы сөзді қалай айтқанын өзі де білмей қалды. Қасқырдың күшігі деген сөзді естігенде Рахметтің қаны басына теуіп, көзі қанталап қызарып шыға келді. Бірақ ашуын ішіне бүгіп қалды. Сырттай бақылап отырған Базарәлі Рахмет үстелді төңкеріп жүре бере ме де қауіптенді. Бірақ қаққан қазықтай болып, малдас құрып тік отырған Рахмет ондай қылыққа бой алдырмады. Бәрі оны шау тартқан мосқалдығы шығар деп жорығандай.

– Тәйт, тарт әрі тіліңді, – деп Базарәлі де сығыр көзге дымыңды шығарма дегендей ишарат жасады. Мұның бәрін бақылап отырған Рахмет сасқан жоқ. Алдына келген дөнен қымыздан бір ұрттап қойды.

– Әй, Сығыр, сен менің жүйкемді жұқарта берме. Ішкен-жегеніңді аузыңнан шығарып, әкеңнің көріне жаяу айдап апарып, тірідей көміп тастаймын. Бүйтіп тантыма, – деді кірпігіне былшық қатқан сығырға. Біраз ойланып отырды да, күлкі қысқандай бір жымиып қойып, сөзін әрі жалғады.

– Өмірімде Советтің үкіметіне жұмыс істеген жоқпын. Тақырбас көсемдерінің қасқа басы қойылған қызыл төлқұжат та алған емеспін. Сан мен санатта бармын ба, жоқпын ба, ол жағы да белгісіз. Туа салысыммен әкемді жалмады. Кейін осы елдің қаймақтарын қырып салды. Әр ауылдың құты болып отырған бағландарының малын кәмпескелеп, өздерін шетке тентіретіп жер аударды. Мына Оразбайдың Сүлеймені, ана Райыстың Әйтімін аяды ма? Оқығанынан тоқығаны көп Бердәлінің Қабышының соңына түсіп, ақыры Омбыдан ұстап көзін құртты емес пе? Одан колхоз, совхоз деп шықты. Бәріңнің аталарың ұлы нәубетте қырылып, сүйегі шашылып қалды. Зәузәтімен құрып кеткендер қаншама. Ел босып мына Омбы мен Новосібірден бұзаудың өлекселерін тасып жеп күн көргенде, сығыр, сенің әкең шолақ белсенді болып, ұлтжанды азаматтарды ұстап беріп, аузы аққа толғанына мәз болып жүрді. Сол бізге қызыл үкіметіңнің бергені. Қайсыңның жыртығыңды жамап, қайсыңның жағдайыңды жасады? Аштық жылдары іштегі бай мұжықтардың жылқыларын барымталап, маңайдағы елдердің бәріне таратып бердім. Содан пайда көрген мен бе? Тым құрығанда бүтін киім кигенімді көрдіңдер ме? Бәрі ел үшін еді ғой, – деп екіленіп келе жатқан Рахметтің екпінін Базарәлі басты.

– Әй, Рақа, ол ісіңді ел біледі. Сені ұстап бермей, тасалап жасырған да солар мен халықтың ақ батасы болар. Сен бірақ айтшы, ол жылқыларды Ертістен қайтіп өткізіп жүрсің? – деп алдаусыратты. 

Құрдасының бұл сөзіне «осы сен білмейсің шығарсың» дегендей Рахмет таңырқай қарады.

– Құрдасжан, мен өзімді ұры санамаймын. Бар жазығым елге болсын дегенім. Ұрлықты үйіңдегі бала да жасайды. Мұндай іске бірінші ақыл керек. Жүрек есекте де бар. Жырындылықты уақыт береді. Жылқыны өзеннен өткізудің түк қиындығы жоқ, оның үстіне орыстың жылқысы көнбіс қой. Қылбұрау саламын да дайындап қойған ұзын бөренеге байлаймын. Бөренедегі арқаннан тартып отырып бірінші жағаға өзім шығамын, соңымнан әлгі жылқылар шығады. Сөйтіп бір арқанның бойына шылбырын қазықтап байлап, Боқайдағы аралға алып келемін. Аш-арықтар пышақ үстінен бөліп әкетеді, – деп күлді. Бұрын мұндайды естімеген жиналғандар да бас шайқап қояды. – Кеңестерің құрған колхоздарыңның бір тал шөбінің басын сындырсам бұйырмасын. Соғыстан  да періштем қаққан. Майданға алып бара жатқанда отарбамен мына Нобосібірге жетіп, сол жерде сырқаттанып, елге қайтып келдім. Сталин деп ұрандап бір оқ атпағаныма қуаныштымын. Атамды көрдің аузына тізерлетіп қойып атқан шалықтың үкіметін қайтем? Айтпақшы мына сығырдың әкесі де шолақбелсенді болып соғысқа барған жоқ. Еркек кіндіктілердің бәрі майданға кеткенде жесірлер мен шалдардың ортасында ауылда күш-қайраты бойында деген жалғыз екеуіміз қалдық. Таңнан тұрып әйелдерді шаруаға жегіп, улатып-шулатып жүреді. Көп қаздың ішіне егеуқұйрық кіріп кеткендей қоқиланып, боқтап-балағаттап күн көрсетпейді. Екі сөз айтса, соның бірі – Сталин, екіншісі – Ленин. Ауы тізесіне түсіп жүрсе де қатынқұмар, колхоздың пар атын жегеді. Сол екі рысак семіз ат үшін терезесі жоқ қара қора қалатты, темірден қақпа жасатып, аузына қара құлып салды, қара Салыққа қос бітеу кісен соқтырды. Алдында қабаған қара төбет жүреді. Әлгі қораға күндіз итін, түнде аттарын қамайды. Ел қара қағаз келе ме деп қапаланып жүргенде салтанат құрғанына қаным қарайды да, бір түнде әлгі аттарын алып кеттім де, жып-жылас жоқ қылдым. Қырдан әрі асырып жібердім. Колхоздың таңы сібірлеп атқан шақта босағада байлаулы тұрған қызыл қоразы шақырған соң тұрған сығырдың әкесі далаға шығып, қорасының жайрап жатқан қақпасын көріп, өзі де қызылкеңірдектеніп қоразынан асып түсіпті. Содан бастап колхоздың іші айғау-шуға кенелді, алақұйын боп өзі де жүгіріп жүр. Із кеспек болды, онысынан түк шықпады. Тың тыңдағандар бар ма деп жар салды, оған кім көмектесе қойсын. Ақыры маған келді.

– Ана аттарды сен алдың, жырынды неме! Басқа ешкімнен келген жоқ. Айналада басқа алатын да адам жоқ, түбіріңмен құртып соттатамын, айдатамын итжеккенге, – деп дерсе қоя берді. Айтпағаны жоқ. Түк білмеген адамдай томаға тұйық қалпымнан айныған жоқпын. Жала жауып тұрсың деп бір салайын десем сақалын емес, жасын сыйладым.   

– Көрген, білген адамың болса айт. Қарадан қарап жала жаппа. Айғақ, дәлелің болса алдыма тарт, – деп едім дымы құрыды. Ызаға булығып қолын бір сілтеп келген ізімен кетті. Тек көпке ұзамады. Үйге бір апта бойы келіп, өзінің үйреншікті сауалын көлденең тартты. Сыртымнан адам салды. Жауабым біреу, содан қайтқан жоқпын, – деп үзді әңгімесін Рахмет. Жиналғандардың бәрі әрі қарай не дер екен деп Рахметтің аузын бағуда. Сығыр көз сыздап отыр. Босағаның қасында бозбалалар да шәйнектерін қолына ұстап, орамалдарын иықтарына асынып, су құйыңдар деген бұйрық күтіп тұр. Олар да әңгімеге мастанып алған. Бәйгенің алдындағы аттай бәрі жұтынып, тағат таппай тығыршықтанып отыр.

– Әрі қарай айтсаңшы әңгімеңді, іштей тұншығып барамыз ғой таза, – деді Базарәлінің бәйбішесі тағы тыныштықты бұзып. Досының нақсүйеріне біраз сабыр сақта дегендей бұрылып бір қарап  қойды.

– Аттар қырдан асып ұшты-күйлі кетті. Белсендімнің мойнына екі аттың құнын артты. Әйтеуір таныстықтың арқасында колхоз малын жоғалтқаны үшін сотталған жоқ, есесіне қорасы қаңырап бос қалды. Өзі секілді безбүйрек біреу кездескенде атылып кетер еді. Арада үш жылдай уақыт өтті. Бір күні сенің әкең келіп тұр, – деп тағы да сығырды сөзбен сығымдап алды.

– Рахмет, сол ұрлық сенен келді. Бұл маңайда жымын білдірмей алып кететін басқа ешкім жоқ. Кештім бәрін, заңға жүгінбеймін, құнын сұрамаймын, ешкімге тіс жарып ләм-мим демеймін. Тек айтшы, қабырғасының қалыңдығын бір құлаш етіп терезесіз қалаған, есігіне қара құлып салған, алдына қабаған ит жіберіп, аяқтарын кісендеген аттарды қалай жымын білдірмей алып кеттің? Маған сол қызық болып тұр.

– Уәде ме?

– Уәде.

– Онда тыңда. Біздің қазақ: «Ит иесіне тартады», – дейді. Рас қой?

– Рас.

– Сенің итің де саған тартқан «қатынқұмар». Өгіз жаратындай болғанын қайтейін, ол да табиғаттың жаратылысы ғой. Ай тумаған өлара шақты күттім. Сол қараңғылық жайлаған жұлдызсыз аспанды түні ауылда күйлеп жүрген бір ұрғашы қанденді  қапшығыма салып алдым да сенің қораңның жанына бардым. Әншейінде адам жейтіндей арсылдап тұрған төбетің ұрғашының иісін сезгені сол екен, құйрығын бұлғаңдатып моп-момақан бола қалды. Қапшықтағы қанденді қоя бергенде ол қаша жөнелді. Тоят аңсаған байғұс төбетің соңынан қуа кетті. Қақпаңдағы қара құлып пен аттың кісені маған сөз болып па? Екі атыңның көздерін бел орамалмен таңып байладым да, жетегіме алдым. Мұжықтардың ұзын сирақ рысак аты мысық секілді емес пе, ілесе кетті. Әңгімемнің аяғын күтпестен сығырдың әкесі не басын сипарын білмей, не тізесін соғарын білмей дел-сал күйде үйден үндемей шығып кетті, – деп әңгімесін аяқтағаны сол еді бағанағы босағада су құймаққа дайындалған бозбалалар күлкіден жрылып кете жаздады. Дастарханда отырғандар бастарын шайқап, тамсанып мәз. Сығыр ғана не күлерін, не жыларын білмей отыр. Осының ажалы шынымен де «сары қатыннан» келетін шығар дейді іштей зығырданы қайнап, амалы құрып.

Әңгіме аяқталысымен дастархан жиналып, ас қайырылды.

***

Екі ауылды қақ бөлетін ортадағы көліктің күре жолы ғана. Жол жиегінің бір шетінде ақ «Нива» тұр, есігі майысып, алдыңғы терезесі сынған екен. Ішінде біреу бар секілді. Анадай жерде құлап мойыны қайырылып, тұралмай жатқан қара ат ыңыранып қояды. Жамырай жеткен жұрт атқа емес, шалқасынан құлаған адамға жапырласып жақындап келеді.

– Мені қойшы, қара атты қинамаңдар, арам өлмесін. Қонышымда пышақ бар. Бауыздаңдар! – деген қырылдаған дауыс солғын тарты.  Аллам деген  дауысты айтуға ғана шамасы келді.

 «Нивадан» көк көзді, сары шашты, сары қатын теңселіп түсіп келе жатыр…

Бейбіт БӨЖЕН,

Ақын, жазушы, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір үстеу