Pavlodar, KZ
17°
Fair

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ

1989 жылы туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Әдебиеттің поэзия, проза, сатира, балалар әдебиеті жанрларына жиі қалам тартады. Қаламгердің «Әріпті соттау» атты жеке сатиралық жинағы 2020 жылы жарық көрді. Жас дарынның шығармаларымен танысқан белгілі сықақшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек «Жатыпатар жауынгер» деп Алпысбайға ат қойып, айдар таққан.

Көрнекті тұлға Қадыр Тайшықов атындағы республикалық сатириктер байқауының Бас жүлде иегері. Балалар әдебиеті және сатира жанры бойынша республикалық тәуелсіз «Алтын қалам-2020» байқауының жеңімпазы.

Қаламгердің балаларға арналған өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынамыз.

«Ту ұстайтын батыр болам өскенде»

Менің Туым!

Менің Туым – көк аспанның қиығы,

Ал көк аспан – Арманымның биігі.

Шуақ шашқан ортасында Алтын Күн,

Соған қарап, Заңғар көкке талпындым.

Күн астында қалықтайды Қыран құс.

Ол қыран құс мен боламын

Күмәнсіз.

Көк Туымда өрнегі бар Бабамның,

Соған қарап рухтанған Балаңмын!

Байрағымды баспас үшін еш пенде,

Ту ұстайтын батыр болам өскенде!

Ән патшасы - Әнұран!

Оң қол жүрек тұсымда,

Тік тұрамын ылғи мен.

Нұр ойнап көз ұшында,

Шабыт алам бұл күйден.

Жүрегім ән салғанда,

Тіпті, көзге жас келді.

Әнұранның әр жанға,

Әр әрібі қастерлі.

Кеудеге арман түйді ұлың,

Алтыннан да қымбат сан,

Өз елімнің Гимнін,

Бар әлемге тыңдатсам!

Қанатты шаналар

Берік, Серік, Мұрат та,

Әсет пенен бар Талап.

Шықтық біздер қыратқа,

Шанамызды арқалап.

Шексіз, шетсіз ақ әлем,

Ауа қандай – тым ғажап!

Зуылдадық шанамен,

Тептік біздер сырғанақ.

Қырау тұрды кірпікке,

Қоныш толды күртікке.

Құлдиладық төменге,

Мінгендей-ақ бүркітке.

Қызанақтай бетім де,

Қызарды ғой құлағым.

Қимай тұрмын кетуге,

Қызығын-ай мынаның!

Сағынып та тұрғам жоқ,

Үйдің ішін, шырағым.

Сұрамай-ақ қойса екен,

Үй жұмысын мұғалім…

Әкеге құрмет

Әкем келсе жұмыстан,

Мен есіктен қарсы алам.

Жарамайды тырысқан,

Алақайлап қол соғам.

Құлақшынын әкемнің,

Киіп алдым басыма.

Шәркейін де әкелдім,

Аяғының астына.

Қолғабыс қып табанда,

Құрметтеймін жалпы өзім,

Лып еткізіп алам да,

Іліп қоям пальтосын.

Су құямын қолына,

Орамалды ұсынам.

Қағады да жоныма,

Иіскер самай тұсымнан.

Қарамаймын әліме,

Жалқаулыққа берілмей.

Әкем үшін бәрін де,

Істей берем ерінбей.

Ол көреді мені артық,

«Сендей бала жоқ»,- деп те!

Әкем мені демалтып,

Барса, шіркін, мектепке!

Ерке

Онға толған Еркебек,

Қоймай-ақ жүр еркелеп,

Кетіп бара жатады,

Әкесінің мойнында.

Тәтті ұйқыға батады,

Анасының қойнында.

Тамақ ішті әлгінде,

Онысы ұзақ әңгіме.

Қырысты да тырысты,

Қатты деді күрішті,

Татты дағы жылады,

Ащы екен деп бұрышты.

Еркелікке тоймапты,

Майлы деді қаймақты.

Ауырған соң азуы,

Нанды әкесі шайнапты.

Суық деді сорпаны,

Ыстық деді ботқаны.

Ештеңені ұнатпай,

Құр еркелеп отқаны.

Анасына бүй деді:

Суға сүтті құй деді.

Орындады анасы,

Қас-қабағын түймеді.

Қалқиды да құлағы,

Болмас істі сұрады.

Сүтті судан айыр деп,

Жер тепкілеп жылады.

Құндылық

Мықтыбектің сұрағы,

Ылғи дайын тұрады.

Ата, неге киіз үй,

Дөңгелек?- деп сұрады.

– Дөп-дөңгелек киіз үй,

Жұмыр жерді нұсқайды,

Қарап тұрсаң біздің үй,

Ай-күнге де ұқсайды.

Тақияны мендегі,

Кимесем бас жаурайды.

Бас – глобус, тақия –

Киіз үйден аумайды.

Әлемдегі керемет,

Емес үздік биік үй.

Жер шарының Эверест –

Тақиясы – киіз үй!

– Дөп-дөңгелек пішіннің,

Сырын, ата, түсіндім.

Тақияны пішкен сай,

Бәрі жақсы көре ме?

Киіз үйді кішкентай,

Көтеремін төбеме!

(Суреттер ашық ғаламтор беттерінен алынды)

Пікір үстеу