
Қазақстан халықаралық спорт кеңістігіндегі беделін тағы бір мәрте айқындайтын тарихи оқиғаның алдында тұр. Алдағы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада әлем назарын өзіне аударатын «Болашақ ойындары – 2026» (Games of the Future 2026) халықаралық фиджитал-турнирі өтеді. Дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін, жаңа буын жарыстарының ең беделді халықаралық алаңына айналған бұл додаға әлем жұртшылығының ерекше назары ауып отыр.
Аталған турнирдің Қазақстанда өтуіне мұрындық болған – Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Дәлірек айтсақ, 2024 жылы Ресей Федерациясының Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарының» ашылу рәсіміне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі ойындарды Қазақстанда өткізуді ұсынған еді. Мемлекет басшысының сол бастамасы бүгінде нақты іске асып, Астана әлемдік деңгейдегі фиджитал спорттың биылғы орталығы атанбақ.
«Games of the Future» – спорт пен жоғары технологиялардың түйіскен тұсынан туған жаңа форматтағы халықаралық жарыс. Мұнда қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте күш сынасып, кейін сол ойынның нақты спорттық нұсқасында бақ сынайды. Осылайша, цифрлық интеллект пен физикалық дайындық бірдей бағаланатын ерекше жарыс жүйесі қалыптасады.
Фиджитал спорт бүгінгі таңда әлемде қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі саналады. Ол жастардың қызығушылығын дәстүрлі спортпен ұштастырып, инновациялық технологияларды спорт индустриясына енгізудің жарқын үлгісіне айналуда.
Елордамызда өтетін биылғы ойындарға әлемнің 50-ден астам елінен 800-ден астам спортшы халықаралық клубтар құрамында қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар турнирге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының ондаған елінен делегациялар келеді деп жоспарланған. Салтанатты ашылу рәсіміне бірқатар мемлекеттердің басшылары, халықаралық спорт ұйымдарының жетекшілері, цифрлық индустриядағы жетекші компаниялардың өкілдері қатысатындарын растаған.
Айта кетелік, жарыстың жалпы жүлде қоры 4 миллион АҚШ долларынан асады. Бұл көрсеткіш турнирдің халықаралық деңгейі мен беделінің жоғары екенін аңғартады.
«Болашақ ойындары – 2026» бағдарламасына сегіз негізгі сайыс енгізілген. Олар – Фиджитал-футбол, Фиджитал-баскетбол, Фиджитал-шутер, Фиджитал-жекпе-жек, Фиджитал-би, Battle Royale, MOBA PC, MOBA Mobile.
Бұл бағыттардың әрқайсысы цифрлық ойын мен нақты спорттық жарысты біріктіретін ерекше форматта өтеді.
Жарыстар заманауи спорт кешендерінде ұйымдастырылады. Нақтырақ айтсақ, Халықаралық турнир Астананың төрт ірі спорт нысанында өтеді. Олар – «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайы, «QAZAQSTAN» жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және Beeline Arena ұлттық теннис орталығы.
Барлық спорт нысандары цифрлық жарыстар өткізу талаптарына толықтай бейімделіп, қажетті жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен турнирге дайындық жұмыстары Үкімет деңгейінде тұрақты бақылауда жүргізілуде. Премьер-Министр Олжас Бектенов Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымының дайындық барысымен арнайы танысып, жауапты мемлекеттік органдарға барлық ұйымдастыру шараларын жоғары деңгейде өткізуді жүктеді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәліметінше, барлық спорт нысандары толық дайын. Цифрлық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілген. Қатысушылар мен қонақтарды қабылдау жүйесі әзірленіп, мыңнан астам ерікті қызмет көрсететін арнайы орталық ұйымдастырылған. Қауіпсіздік, көлік логистикасы және сервистік қызмет көрсету халықаралық талаптарға сай дайындалған.
Қазақстан атынан турнирдің барлық сегіз бағыты бойынша 11 команда бақ сынайды. Бұл – отандық спортшылар үшін халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап қана қоймай, еліміздің цифрлық спорттағы әлеуетін танытудың маңызды мүмкіндігі.
«Болашақ ойындары» – еліміздің халықаралық имиджін арттыратын маңызды жоба. Сарапшылардың бағалауынша, турнир барысында Қазақстанға 10 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп күтілуде. Бұл қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына елеулі серпін береді.
Сонымен қатар әлемдік технологиялық компаниялардың қатысуы Қазақстанның цифрлық даму бағытындағы мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға жол ашады.
«Болашақ ойындары – 2026» Қазақстанның халықаралық спорт пен инновация саласындағы жаңа белесін айқындайтын айтулы оқиға болмақ. Бұл турнир еліміздің тек спорттық әлеуетін ғана емес, цифрлық технологиялар, инновациялар және заманауи инфрақұрылым саласындағы мүмкіндіктерін де әлемге паш етеді.
Астана он екі күн бойы спорт, ғылым, технология және жасампаз идеялар тоғысқан әлемдік орталық айналуға дайын.
Асыл ӘБІШЕВ.
