Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy

Ақын Бақберген Дариғаұлының азаматтық тұлғасы, ақындық болмысы тартымды. Оның шығармашылық әлемінің де бояуы қанық, астары қалың. Замандасыммен шағын сұхбат құрып, әдебиетке қатысты ойларын білген едім. Әңгімемізді оқырман назарына ұсынамын.

– Бақберген, өзіңе қоятын басты талап қандай?

– Өзіме қоятын басты талап – не істесем де, соңына дейін жеткізу. Менің ұстанымыма айналған бір сөз бар: «Ешқашан! Ешқашан және ешқашан берілме!»

– «Қазір кітап оқылмайды» деген сөз қаламгердің шығармашылық көңіл-күйіне, бабына қаншалықты әсер етеді?

– Қаламгер үшін кітаптың оқылғаны, оқылмағаны ешқандай маңызды емес деп ойлаймын. Сіз кітап оқысаңыз да, оқымасаңыз да, жазылатын дүние қағаз бетіне түседі. Сондықтан, кітап оқитын адам қайдан болсын, өзіне ұнаған кітапты іздеп тауып алады

– Ақынға білім көп керек пе, сезім көп қажет пе?

– Жас ақындарға сезім көп керек. Әлем әдебиеті болсын, қазақ әдебиеті болсын, мықты өлеңдердің барлығы 25 жасқа дейін жазылған. Ол жастан асқаннан кейін көбінде өлең ақылмен жазылады. Ұлт тағдыры, ел болашағы секілді ауқымды тақырыптар қозғалады.

Ал, қалыптасқан ақынға екеуі де қажет. Ақын қанша білімді болса, соншалықты тереңдейді, соншалықты жоғары деңгейдегі дүниелерді жазады. «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған», – деген екен Қадыр атамыз. Ал бастысы, ақынға мінез керек.

– Әдеби байқаулар талабымен жазылған шығармалар қазақ әдебиетін байыта ала ма?

– Белгілі бір деңгейде байыта аладыАлдыңғы буын ағалардың көбінде байқауларда топ жарған өте тамаша шығармалар бар. Мысалы, 2001 жылы Ел Егемендігінің 10 жылдығына арналған жабық әдеби байқауда көпшілік роман жанрында Мұхтар Мағауин Бас бәйге алады деп ойлайды. Бірақ Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» романы топ жарады. Бұл шығарманы біз қазақ әдебиетіне қосылған үлкен еңбек деп білеміз. Оны жұрт іздеп жүріп оқиды.

– Аға буын арасындағы қырғиқабақтық іні буынға теріс ықпал етіп жатқан жоқ па?

– Кезінде екі Мұхтар атамыз екіге жарылғанда, әдебиетшілердің көбі екіге айырылды. Сондай кезде аға буынның арасындағы қырғиқабақтықтың кейінгі толқынға әсері қатты көрінді.

Мен үлкендерден естіп едім: Бір ағамыз «Таласбек Әсемқұловтың шығармашылығын қалай бағалайсыз?» деп Төлен Әбдіке сұрақ қойған екен. Сол кезде Төлен аға: «Мен бұл адамның бір ғана мақаласын оқыдым да бұны енді ешқашан оқымау керек деп, басқа шығармаларын оқудан бас тарттым» депті. Ол қандай мақала дегенде, Шыңғыс Айтматов туралы мақаласын айтыпты. «Мынау недеген кек? Іші кекке толы адам ешқашан көркем дүние жазып бере алмайды», – депті.

– Ақындар үшін ең ауыр жаза қандай?

– «…Соқырша ерген кей көсемдерге,

Саңырау,

Мылқау ғасырлар,

Ақынға билік бермесеңдер де,

Сөзіне құлақ асыңдар!», – деген Ұлықбек ағаның бір өлеңі бар. Меніңше, ақын үшін ең ауыр жаза – оны елемеу.

– Көзқарасыңа әсер еткен әдеби кейіпкер кім?

– Көзқарасыма қатты әсер еткен екі кейіпкер болды. Оның бірі – албырт жаста, студент кезде оқыған Дулат Исабековтың «Қарғын» романындағы Жасын. Екіншісі – ақыл тоқтатқаннан кейін оқыған Джек Лондонның Мартин Идені.

– Жан тазалығын қалай сақтайсың?

Өзі кір қоғамда жан тазалығын сақтау, жан айнасын кірлетпей ұстау өте ауыр дүние деп ойлаймын. Оның бір жолы адалдық болар. Кейде өзің сенбейтін дүниелерге сеніп, өзіңнің қиялыңдағы, арманыңдағы биік-биік белестерге ұмтылу арқылы жан тазалығын сақтауға болатын секілді.

– Ақылды айту қиын ба? Ақылды тыңдау қиын ба?

Оралхан Бөкейдің: «Қазақтың ең сүйікті ісі – өзі білмесе де жұртқа ақыл айту» деген сөзі бар. Өзі білмесе де айтқан ақылды тыңдамай, біліп тұрып айтқан ақылды тыңдап жүру – ең қиыны.

Еркебұлан шағың өткен мекен – Түркістанды сағынасың ба?

– Кезіндегі Шығыс қалаларына тән аурасын, құдірет пен қасиет кезген көшелерін, бетін күн қақтаған, аңқылдаған адамын, топырағын – бәрін-бәрін сағынамын. Біз кішкентай кезімізде Түркістанды қазақтың Меккесі деп, үш рет барған адам Қағбаға барғанмен бірдей сауап алады деп еститін едік. Түркістан тазалықтың, тектіліктің ортасы секілді. Сондықтан сағынбау мүмкін емес.

– Бақберген, сұхбатың үшін рахмет. Шығармашылығың шарықтай берсін!

Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу