Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy

Ақын, Ақсу қаласы Ю.Гагарин атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмас Ақтасовтың әдеби ойлары, азаматтық пікірлері, ақындық ұстанымы қатарластарынан ерекше екенін көптен аңғарып жүрмін. Ол үлкен тақырыптарды қаузап, өнер, өлең төңірегіндегі маңызды мәселелерді қозғай алады. Шығармашылығында да соны соқпақ, жаңа жол салғысы келетіні білінеді. Өзгеше ойлап, өзгені де басқаша ойлауға жетелейтін ақынмен шағын сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамын.

 Ақындық мінез деген не?

 Ақындық мінез дегенде, көбі өнер адамдарына тән экспресивті психологияны меңзейтін болса керек. Шынтуайтында, объективті тұрғыдан ақындық мінез деген жоқ деп ойлаймын және көп адамның ақындық мінез деп жүргендері жасанды образ шығар?!

 Әдебиетке насихат қажет пе?

 Әдебиетке насихат, әрине, қажет. Әдебиетке насихат ең бірінші үйде және мектеп табалдырығында болу керек. Адамда әдеби және эстетикалық талғам қалыптасатын болса, құнды дүниелерді өзі іздеп, тауып оқиды. Ал коммерциялық жарнама болсын, маркетинг болсын, ол қосымша  құрал ғана.

 Қаламгердің шындық үшін күресі қандай болу керек?

 Бірінші кезекте, өзінің моральдық және этикалық принциптеріне адал болу. Өзін және оқырманын алдамау.

 Қандай тақырыпты қандай шығарма жазғың келеді?

Мені қызықтыратын тақырыптар психологизм және экзистенциализм. Адамның ішкі жан дүниесінде болып жатқан құбылыстар. Себебі кез келген өнер, бірінші кезекте, адам жайлы, оның ішкі жан дүниесі, өмірі жайлы.

 Арманың не? Қорқынышың қандай?

 Ерекше жоғары арманым бар деп айта алмаймын. Ал, қорқыныштарыма келетін болсақ, көпшілік адамның қорқыныштарына ұқсайды деп ойлаймын.

 Кітап сату «сөз сату» емес па?

 Жазушы кез келген құнды дүние жазу үшін өзінің уақытын, күш-қайратын жұмсайды, күнделікті шаруаларын ысырып қояды. Сол себепті сатуға тұрарлық құнды дүние шығып жатса, өзінің маңдай терінің өтімі ретінде сөз сату емес деп ойламаймын.

 Уақытыңды қалай үнемдейсің?

 Шыны керек, уақытымды үнемдей алмаймын, көбінесе уақытым босқа кетіп жатады.

 Уақыт кілті бақыт құлпын аша ала ма?

 Бұл жайлы данышпансып сөйлеуге болар еді. Бірақ бұл сұрақтың жауабын білмейді екенмін.

 Маңдайдағы көзің көргенді, жүрек-көзің көре ме?

 Адамның маңдай көзі, жүрек көзі деген сөздерді метафоралық дүние ретінде қабылдаймын. Өйткені кез келген адамның интеллектуалдық процестері – миыңда болып жатқан биохимия, нейрондық байланыстардағы сигналдар. Соның барлығы қарапайым биология. Сондықтан өзімнің екі көзімнің көретіні жеткілікті.

 Адамның бойындағы шынайылық қоғамға не береді?

 Еркіндік беретін шығар. Шынайы адамдардың қасында өзіңді еркін сезіне аласың  және кімнің кім екенін біле аласың.

Сұхбаттасқан: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу