Оқырман назарына жас ақын, Ақсу қаласы Ю.Гагарин атындағы мектептің оқушысы Еркебұлан Тіленіштің «Қандай қымбат қазіргі мезет маған…» топтамасын ұсынамыз.

***
Сәуір айы.
Дымқыл ауа.
Қала. Бақ.
Бір сезім бар бойды өртеген ғаламат.
Түн жұтылған көшелердің арасын,
көлеңкелер бара жатты аралап.

Өткенімнің әр бір сәті – әрлі есім,
естен кетпес естеліктер ән кеші.
Ала-құла бұлдыраған сәттерім –
алагеуім жол шамының сәулесі.

Жұлдыз-түймең, ай-төсіңе қадалған,
күллі әлемді көрдім сендік жанардан.
Қоштасудың жақындатар мезетін,
сондай тәтті, сондай ащы қадамдар.

Көңілімді бекітсем де төзіммен,
сағынышты сол бір бақтан сезінем,
Бұлғын бағдар бізді бастап барады
бұлдыраған көлеңкелер ізімен.

Бұл көшенің бағы – біреу, соры – мың,
Қиылыста сыбырлайды момын үн,
Жылу іздеп бір жанар тұр мөлтілдеп,
Елеп жатыр оны кім?!

Тағдыр жолы біз білмейтін мол жұмбақ,
сенсіз кезген жердің бәрі солғын бақ!
Көктемнің сол айлы түні есімде
кете барған өзіңменен қол бұлғап.

Ерніңдегі балғын дәмнен түнді ұрлап,
екеумізді жолықтырған күлгін бақ.
Түн құшағын сезім әні өпкенде
тіл ұшында сөніп кетті сыңғырлап…

***
Төгілгенде батысқа іңір күрең,
жапырақтар бақшада күбірлеген.
Сағынышты сіңіріп сылқым сезім,
бүр атады көктемде бүгін менен.

Бейнелей де ала ма бұл күнді адам?
Көбелектер көзімнен мұңды ұрлаған.
Жыр аңқыған гүлдердің күлтелерін
жамылады күлкілер сыңғырлаған.

Тыныштықты мүлгіген үзді бір дем,
Тылсым үндер ғайыптан түзді үрлеген.
Ынтық қылған қызғалдақ қыр қызының,
Сәуір сырғып барады жүзігінен.

Қандай қымбат қазіргі мезет маған,
Кескінделіп көзімде кезекті адам.
Көркемдігін көктемнің бейнелейтін,
өлеңдерім – өміршіл, өжет – қалам.

Көкжиекке барады батып мұңым,
Бозбалалық түртеді бақыт қылын.
Есіл күннен өзіңді еске аламын
қалғандықтан жырымда жақұттығың.

Құстар ұшып барады, жатыр бұлақ,
Лалагүлден лаулаған хатым құлап,
Тұңғыйықта тұмса өлең тулағанмен
Түсінер ме сезімтал ақынды бақ?!

***
Аязды қыстың шапағатына,
жөргекте жатып бөлендім.
Ана мен әке махаббатынан,
ақпанда жауған өлеңмін.

Қараңғылықтың қолтығын сөгіп,
аршылса күннің ақ тәні.
Күміс белдердің толқыны өбіп,
сүйіп қалғанмын ақпанды!

Көк аспан жерге төгілген тұста,
сызыққа сіңген кеңістік.
Шыңдалған қыста сезімдер ғана,
болады екен ең ыстық.

Қардың бетімен қашады жылдар,
шалыс ұйқастай іздері.
Ұйқыны түнде ашады жырлар,
арманға бастап біздерді.

Үміттің жанға жағылған нұры,
қате ғой, сірә, өлем деу!
Тағдыр дәптерім жабылған күні,
айналып кетем өлеңге!

Добавить комментарий