Жер дөңгелек, кездесерміз әлі біз,

Қосылады айтатұғын әніміз.

Қосылады тартатұғын күйіміз.

Кім біледі,қатар қонар үйіміз?

Өсек айтар орындықта әйелдер?

… – Ол етікті жасап еді қай елде?

Бұрқыратып біз темекі тартармыз,

0,7-ден екі-үш құты сарқармыз…

Әй, сонда бір «қайнатармыз», «шайқармыз»,

Шырын шаққа шалқып-шалқып қайтармыз,

Киноны да сыбап-сыбап алармыз,

Кей ақынды қазық қылып «қағармыз»,

Кей ақынға табынармыз құдайдай,

– Неге екенін, сол жігітің ұнайды-әй…

Түні бойы қадалармыз қағазға,

Том-том және кітап оқып ол аздай…

 

Жер дөңгелек, дөңгелек қой, дөңгелек…

Үлкен қала. Жалдап алған бөлмелер.

Пәтерақы. Айбат шеккен қожайын.

(«Берер ме еді қалтарыста сазайын?»)

Отын. Көмір. Ақша құрғыр жетпейді,

Осы айдікін төлемесең, «кет» дейді,

Бір кереует. Төбесі де аласа.

Қара нанмен ішетінің қара шай…

Үйімізді сағалайтын «қонақтар»,

Жіберерсің қалай ғана жолатпай,

Курстастар – Санаттар мен Болаттар…

Коляскада іңгәлайды сәбиің,

Емтиханнан сүрінбесең – абұйыр…

 

Жер дөңгелек. Дөңгелек-ау, дөңгелек…

Сен басқасың. Көрген және көрмеген.

Арамызда жылан жылдар жатса да,

Саған деген сағынышым сөнбеген!, – деп жазыппын 1989 жылдың 3-інші шілдесінде. Бұл өлең Қыдырбекке арналған. «Ностальгия» деп аталады.

Кездеспедік, бұл қуаныш мезеті маған (оған да шығар) басыбүтін бұйырмады.

1984 жылдың күзінде Айбек (Сапышев) екеуіміз түнделетіп Семейден «Шар қайдасың?», – деп пойызбен аттанып кеттік.

Мақсат – Қыдырбекті көру.

Вагонда – отыратын орындар ғана. Тіпті болмағасын, мен үстіңгі жүк қоятын сөреге жайғастым. Айбек астындағы бір жасаң жігітті ығыстырып барып, ұзын бойын жазды-ау деймін…

Итшілеп жеттік-ау, әйтеуір, Шарға да… Ауыл дейтін емес, кішігірім қала. Бақыт екеуінің үйін енді қайдан табамыз?

– Деподан сұрайық!, – деді Айбек. Сұрадық. Ол жазғандар (деподағылар) күн-түн дегенді білмейді ғой, тәулік бойы жұмыс қылады. Қыдырбек пен Бақытты таниды екен. Бақыттың қыз кезіндегі фамилиясы Боранғожина екен. Оны кім сұрапты? Сілтеп жіберген жақтағы екі қабатты үйлерден түртінектеп жүріп  таптық-ау ақырында. Бақыт қос перзентімен (егіз туған) үйде жалғыз болып шықты. Қыдырбек шешесіне, Талдықорған жаққа кетіпті. Ол үйден бір шай ішіп, көз шырымын алдық та, қайта Семейге тарттық.

1992 жылдың мамырында КамАЗ көлігімен аудандық ауруханаға дәрі-дәрмек жеткізбек ниетпен Алматыға сапарлағанда, Мұқыр (туған жері) ауылының тұсынан өттік.

Сондағы бір шарбақтың түбінде отырған екі жігіттің біреуі менің көзіме Қыдырбек болып көрінді. Мен есімді жиып үлгергенше, біз әудем жер ұзап та кеттік. Сонда көлікті неге тоқтатпадым екен деп әлі күнге өкінемін. Егер сол жігіт анық Қыдырбек болса, жарым сағат болсын әңгімелесіп, дидарласып, қауышып, табысып қалар ма едік, саған бұл сәт, бұл мезет өміріңе жетерлік азық болар еді-ау деп күңіренемін… Амал бар ма!?

Қыдырбек қатардағы мұғалім бола жүріп, сырттай аспирантура бітіріп алыпты. Одан кандидаттық диссертациясын қорғап, біраз жыл Талдықорған пединститутында ұстаз болған. Бірақ сонау аш-жалаңаш жүрген студенттік күндерде (әлде әскерде) жабысқан өкпе дерті ажал қойнына алып тыныпты…

 

Ғабит САПАРОВ,

Павлодар қаласы.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий