Театр актері, режиссер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Атығай Шанин туралы қыздарының естелігін оқырман назарына ұсынамыз. Естеліктердің қолжазбасы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталған.

Әкем өте қарапайым еді

Мен әкеммен бірге он жылдан астам уақыт Халық театрында жұмыс істедім. Әкем Халық театрында да, «Салтанат» ансамблінде де, маған «Бұл менің қызым. Басты рөлдерде ойнасын, ансамблдің белді мүшесі болсын» деп басқалардан ерекшелеп қараған жоқ. Өзінің мүмкіндігі бола тұра, маған басымдық берген жоқ. Барлығымен бірдей көрді.

Әкем жұмысқа жанын беруге даяр болатын. Күн демей, түн демей, ешкіммен санаспай еңбек ететін. Жұмыс барысында өте қатал, принципшіл болды. Ал, отбасында балаларымен өте жұмсақ болатын.

Ол кісінің бойындағы инабаттылығы, кішіпейілділігі соншама, жасы үлкен кісімен де, жасы кішілермен де «Сіз» деп сөйлесетін.

Әкемнің ерекше қасиеттері көп болатын. Жұмыс барысында қаталдық танытып, біреулерге ұрысса, кейін онысы көңілінде көпке дейін түйіткіл болып жүретін. «Бәленшені ренжітіп алдым ба?» деп уайымдап жүретін.

Өте қарапайым еді. Елге сенгіш, аңқау болатын. Мысал келтірейін: Ертеде өзінің труппасындағы бір актер: «Атеке, бір өгіз бұзаулапты» дегенде соған сеніп қалыпты. «Ондай да болады екен-ау» деп таң қалыпты. Тағы бірде үлкен баласы Исатаймен түскі тамақты бірге ішіп, жұмысқа бара жатыпты. Ұлы папаммен қалжыңдасып, жанына қатарласып келіп, сәлем берген екен. Сонда папам оны жаңа ғана көргендей сәлемін алған екен. Бірге тамақ ішкенін де аңғармаған ғой. Сонда папамның бар ынтасы, ықыласы жұмыста болған деп есептеуге болады.

Міне, әкемнің қарапайымдылығы осындай болатын. Ол кісінің еңбегі бағаланып, абыройы асқақтап, биік дәрежеге жетті. Әкем «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері» атанды.

Фатима ШАНИНА.

 

Әкемнің халық театрына сіңірген еңбегі зор

Әкемнің жұмыс бабына байланысты 1942 жылы Қарағанды қаласынан Қарқаралыға көшіп келдік. Әкемді Қарқаралыдағы колхоз-совхоз театрына режиссер етіп жіберген-ді. Мен ол кезде тоғыз жастамын.

Әкемнің театрға келіп, бірінші қойған спектаклі – «Қыз Жібек» болды. Сол спектакльде әкем Бекежан рөлін, шешем Қыз Жібек рөлін ойнады.

1960 жылы Алматыда өткен республикалық байқауға «Жалғыз ағаш орман емес» спектаклімен барды. Сол жолы үздік атанып, «Халық театры» атағын алды.

Ал, жетпісінші жылы «Салтанат» ән-би ансамблінің негізін қалады. Ол ансамблді құрған – журналист Мақсым Омарбеков екеуі еді. Ансамбль талай өңірді аралап, өнерімен халықты тәнті етті.

Мен әкеммен бірге он жылдай жұмыс істедім. Би үйірмесінің жетекшісі болдым.

Райхан ШАНИНА,

13 шілде 2004 жыл.

Добавить комментарий