Әулие Мәшһүр Жүсіп өзінің мекендейтін қонысын да, жер бесікте жататын орнын да көзі тірісінде таңдап, үй салғызып, бейітін де қазғызып жайланғаны баршаға аян.
Мәшһүр атаның шөбересі Абай Шарапиев өзі зейнеткерлікке шыққан соң ата қонысын демеушілердің көмегімен жөнге келтіріп, бұлақ басын реттеп тарихи орынды қалпына келтірді, – деп естіп, атаның соңғы жылдары өмір сүрген үйіне зиярат етіп, бір барып келсем деген оймен 20-шы тамызда бауырсақ, шелпегімді, тамағымды пісіріп жол тарттым. Расында әбден тозығы жеткен үйді әдемілеп жөнге келтіріп қойған екен.
Абайды көптен білемін. Әкесі Төлеубай ақсақалды 1993-шы жылы «Жаңажол» кеңшарының мәдениет үйінде атаның мұражайы ашылғанда көрдім. “Атамның құманын көтеріп, дәрет алғызып жүрген 14 жастағы бала едім”, – деп еді. Ауылдастарының айтуынша, біртоға мінезді, зерделі, қарапайым, ата тұқымымын деп өзгешеленбеген, сабырлы, қанағатшыл болған жан екен. Емшілік қасиеті де болыпты. Ақындығы тағы бар. Мәшһүртанушы Нағи Ахметов екеуі Мәшһүр Жүсіп атамыздың музейінің алғаш ашылуына тынбай еңбек сіңіріп , үлкен іс тындырған жан.
Міне, осы Төлеубай ақсақалдың ата-анасы Шәрәпи ата мен Ақзейнеп әжеміздің қолында Ескелдіде Мәшһүр ата 6-7 жыл өмірін өткізді, қамқорлығында болды. Сондықтан шөбересі Абайдың ата қонысын қалпына келтіргені үлкен азаматтық, перзенттік парызы деп бағалаймын.
Абай да әкесіне тартқан момын, ақырын жүріп анық басатын, қарапайым жан. Біз ауылдас болғандықтан ертеден араласамыз. Менің отағасым Нұрекең сырқаттанып жатқанда үйге келіп, серуенге шығарып ағайындық танытып жүрді. Сондай кездерде: – Жеңіс тәте, атамның қонысы тарихи орын ғой, шіркін, анау Л. Толстойдың “Ясная полянасы” сияқты көркейтіп қоюға қауқар болмай тұр, – деп армандайтын. Абайжан, сол арманыңа жеткеніңе мен де қуаныштымын!
Маған шын ниетімен қол ұшын беріп, қыруар жұмыс тындырғандар біздің атымызды атама, атаның әруағы риза болса болды,- депті демеушілік танытқан азаматтар.
Бірақ біз сауапты істің басы-қасында болған жандарды атамай өте алмадық. Мәселен, Нұрлан Жаркенов ата қонысын түгелдей қоршап және бұлағын жауып, (гигиеналық талапқа сай болу үшін), құдық қазғызып, ағаш отырғызып, абаттандыруға, бабамыздың үйінің жанына киіз үй құрғызып, қазандық пен самалжай (беседка) жасатып берген. ГРЭС-1-дің жұмыскерлері және бөлімше бастығы Талғат Масығұтов пен мастер Бауыржан өз үлестерін қосқан.
Бақытжан және Марат Абдиновтар ата үйінің ішін ақтап, толық жөндеу жүргізіп, жиҺаз бен кілем, төсеніштерін, ыдыс-аяқтарды толық жаңартқан. Ал “Ардабил” ЖШС-нің басшысы Амангелді Әубәкіров қыстай бұлақтың қарын аршып, жолдарды, жаз айларында қоқыстарды тазалауға, ағаштарды суаруға 2 жыл бойы қол ұшын беріп тұрған. Роза Құбашева, Берік Сағындықов, Алпысбай Байсал, Данат Қаббасов, Дастан Тезекпаев және тағы басқа азаматтар қаржылай және материалдық көмектерін көрсеткен.
Қарағандылық Алтай мен Раушан ата қонысына ағаштар отырғызып, оларды күтуге, суаруға көмектесіп тұрады екен. Осы азаматтарға шын ықылас-ниеттері үшін біз де ризашылығымызды білдіреміз, отбастарына амандық, бала-шағасына жарқын жол тілейміз!
Адал ниетпен кел, ағайын…
Ата қонысына барғанда алған әсерімді де оқырманға жеткізгім келеді. Біртүрлі сезімде болдым. “Атаның жатқан жеріне (төрге), келін болғандықтан баруға дәтім бармады, сол жақ босаға жақтағы жерде намаз оқып, тілек тіледім. Әрине, үйдің бар жері қасиетті деп ойлаймын, себебі атаның қолы, аяғы тимеген жер жоқ шығар!
Мен сияқты Ескелдіге барушылар көп-ақ екен. Тіпті апарған тамағымызды дұрыс іше алмадық. Көбі келе сала самауыр қойып ауқаттанғысы келеді. Дұрыс шығар, бірақ әркім өз ауқатын ала барып, өзіне-өзі қызмет ету керек қой. Тіпті бір әйел Абайдың туысына – самауыр қой, – деп бұйыра сөйледі, баланың қойғысы келмеді, себебі таңертеңнең 4 самауыр қойылып, ішілді. Кейбіреулер ата үйіне төселген әдемі кілемдерді самауыр шоғымен күйдірген, варенье, сусындар төгілген. Осы көрініске қарным ашыды, тарихи орынның құндылығын қашырып тұр. Ата жатқан орынға баланы (не өздері) аунатып, тілек тілеп, мәдениетті барып қайтуға болады ғой. Біреулер (демеушілер) оны қалпына келтіреді, ал басқамыз демалыс орнына айналдырғымыз келеді.
Жаңадан дәретхана салынған, бірақ тазалық сақталмайды екен. “Ясная поляна” қайда, біз қайда деген оймен қайттым. Абай да жүрегіне ота жасатқан, денсаулығына да қарауы керек, олар жұма, сенбі, жескенбі күндері барады, бірақ барған кісілерді құда күткендей күтіп алуға міндетті емес шығар!
Осы жағын ойланайық, ағайын! Кейін бұл үйде ата ұстаған заттар (жәдігерлер) тұрып, сол кезеңді суреттейтін, кімдермен араласты, қандай шығармаларын жазды, т.б. атаның өмірінің соңын бейнелейтін фото-шежірелер болып, барғандар толық мағлұмат алып қайтса нұр үстіне нұр болар еді.
Той туралы
Қасиетті бабамыздың тойы жоғары деңгейде өтті деп бағаланды. Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е. Қошанов арқылы: “Терең білімнің арқасында елге танымал болып, “Мәшһүр” атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз” деген құттықтауын жеткізді. ҚР Парламент Сенатының төрағасы М. Әшімбаев пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбектің құттықтауы оқылды. Екі министр арнайы баяндама жасады. М.Жүсіп Көпейұылының 10 томдық шығармалар жинағы шығарылды. Мәшһүртанушылар бас қосып келелі мәселелерге тоқталды, жыршы-термешілер байқауы т.б. іс-шаралар жоспарлы өтті. Ауқымды іс тындырылды деп ойлаймын. Тек әруақ жатқан қасиетті орында даңғазалық, ойын-сауық жасауға болмайды дегенге қосыламын.
Ол үшін облыс әкімі жанында 5-7 адамнан тұратын ақсақалдар кеңесі болу керек (ішінде облыс имамы да болу керек) деп ойлаймын. Бірақ бізде жалтақтық басым, тіпті имамдар да тиісті жерінде өз ойларын батыл айта алмайды. Менің еркім болса ол кеңестің төрағасы етіп Кенже Кеңесбаевты ұсынар едім. Өте парасатты, айтары бар, үйретері бар азамат қой.
Арманына жеткен Абай
Қор ашып, ата қонысын ретке келтірген, тарихи орынға айналдырған Абай Шарапиевке шексіз мадақ айтқым келеді. Әкесіне тартқан момын, аңқаулығы да бар, зерделі, ата туралы көнекөз қариялардан сұхбат, естелік жинап, “Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі” атты кітап шығарды. Әңгімелесе қалсақ тақпақтап, әрбір оқиғаның қыр-сырына қандырып, терең-мағлұмат беретініне ұзақ жылдар араласа жүріп көзім жетті. Ата ұрпағына тән тектілік көрсетіп келеді. Көп лауазымды адамдармен таныс болса да бас пайдасын ойламай, атаға тиісті шаруаларды ақырын іске асырып келеді. Ең алғашқы Мәшһүртанушы Нағи Ахметовтың ерен еңбегіне арналған “Ақиқат” кітабы бір төбе. Қыруар іс тындырса да, “мен ананы істедім, мен мынаны тындырдым” деп жарнамалап жүрген жоқ. Оның өмірлік ұстанымы – кімге жақсылық жасасам да “Алланың ризалығы үшін” ал атама жасағаным перзенттік парызым деп тасада қалады. Осындай қасиетімен Абай өзіне тән парасаттылықты көрсетіп келеді. Арманың орындалды, құттықтаймын!
Жеңіс МЕЙІРМАН,
ардагер-ұстаз,
Екібастұз қаласының Құрметті азаматы.