Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгідей технологиялық дәуірде де кітап пен кітапханасыз тұлғаның толыққанды дамуы мүмкін емес. Биыл Қазақстанда тұңғыш рет аталып өтілетін Ұлттық кітап күні – рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадам. Бұл мереке кітаптың қоғамдағы орнын айқындауға, оқудың құндылығын дәріптеуге, ұлттық мәдениетті ұлықтауға және кітап индустриясын қолдауға бағытталған. Ол әрбір қазақстандықты парасат әлеміне үңіліп, рухани азық алуға шақырады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АҚШ, Франция, Германия, Ирландия, Армения секілді көптеген елдерде кітап оқудың маңызы ерекше дәріптеледі. Кітап күні ұлттық бірегейлікті нығайтуда да зор рөл атқарады. Әр ұлттың әдеби мұрасы – оның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен дүниетанымының айнасы. Аталған күн осы қазынаны жаңғыртып, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытудың тиімді құралына айналады.

Еліміздің рухани байлығын сақтауда және жастардың білімді әрі білікті болып қалыптасуында Павлодар облысының үлесі зор. Өңірдегі 225 кітапхананың 206-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Кітап қоры 2 миллион 731 мың дананы құрайды, ал кітапханалар 108 мыңнан астам тұрақты оқырманды қамтиды. Салада 500-ге жуық білікті маман еңбек етуде.

Павлодар облысының кітапханалары мәдениетті дамытуға және жастарды қолдауға бағытталған 90-нан астам тың жобаны жүзеге асыруда. Олардың арасында «Mi trend» зияткерлік сайысы, «Жастар-time», «Кітап әлеміне саяхат», «Томаға тартар», «Ашық кітапхана», «Кітап және қаламгер», «Кешкі кітапхана», «Әжемнің ертегісі», «Ертіс Жаманбалиновты оқулары», «Оқымпаз балалық шақ», «Баязитов оқулары» және басқа да көптеген игі бастамалар бар.

Кітапханалар жанындағы жастардың шығармашылық орталықтары жас буынның өзін-өзі танытуына жол ашады. Ауылдық кітапханалар жанындағы көпфункционалды ақпараттық-демалыс орталықтары республика бойынша үздік үлгіге айналды. Бүгінде облыста 56 мәдени-демалыс коворкинг орталығы жұмыс істейді, ал 2025 жылы тағы екі орталық өз есігін ашпақ.

Кітапханаларда электрондық өлкетану ресурстары да қолжетімді. Өлкетануға қатысты барлық басылымдар толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, Павлодар облысының бірыңғай онлайн кітапханасында оқырмандар назарына ұсынылған. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана – республикадағы жалғыз онлайн кітапхана.

2024 жылы екі кітапхана күрделі жөндеуден өтсе, 2025 жылы тағы 8 кітапхананы жаңарту жоспарда бар. Кітапханалар жүйесін әлі де жетілдіріп, Президент айтқандай, түнгі кітапханалар желісін дамытып, оқырмандарға ыңғайлы жағдай қалыптастыруды жалғастырамыз.

Бұл бағыттардағы жүйелі және мақсатты жұмыс бізді кітап оқитын, ойлайтын және рухани бай ұлтқа айналдырары сөзсіз. Ұлттық кітап күні – осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болатынына сенемін.

Медет ТАУАСҚАН,

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы.

Добавить комментарий