Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің жәдігерлер қорына дүлдүл ақын Иса Байзақовтың домбырасы қосылды. Бүгін құнды жәдігер көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты рәсімде музей басшысы Ербол Қайыров: «Музейге табысталған көне аспап – Исаның үшінші домбырасы. Ақынның бірінші домбырасы Шымкентте, музейде тұр. Екінші домбырасы кезінде ақын Қалижан Бекхожинде болған екен. Өкінішке қарай, ол домбыра жоғалып кетті», – деп құнды жәдігерді көпшілікке таныстырды. Ескі аспап «Тұмар домбыра» немесе «Қалақ домбыра» үлгісінде жасалған. Ішегі, тиегі сақталмаған. Ербол Мәтіұлының айтуынша, бір ғасырға жуық уақыт бұрын жасалған домбыраның табылуына Ертіс аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембенова мен Иса ақынның немере қарындасы Күләш Әбиеваның үлесі зор.
Келесі жылы ақынның 125 жылдық мерейтойына орай домбыра кәсіби мамандардың араласуымен, қалпына келтірілмек. Бұдан бөлек, музей қорында ақынның шапаны, қолжазбасы, кітаптары сақталған.
Жиынға домбыраны тауып, сақтап қалған Күләш Әбиева да қатысты. Күләш апа – қырық жыл білім беру саласында еңбек еткен ардагер ұстаз, «Еңбек ардагері», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгілерінің иегері. Іс-шара барысында Күләш Әбиқызымен аз-кем әңгімелесіп үлгердік.
– Біз Исамен бірнеше атадан қосыламыз. Арғы атамыз Меңдібай осы төңірекке белгілі би болған адам. Өкінішке қарай, ол кісі жайында ел аузында мәліметтер аз. Меңдібайдан Оразбай туады. Оразбайдың төрт ұлы болған екен. Сол төртеудің үлкені Еркебайдан менің атам Қуантай туса, тағы бір ұлы Өтегеннен Исаның әкесі Байзақ дүниеге келген, – деп бастады әңгімесін ардагер ұстаз.
– Иса ақынның домбырасы қолыңызға қалай түсті?
– Бұл әңгімені мен әкемнен естідім. Иса Байзақов соңғы рет 1942 жылы тамызда Павлодарға келіп, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Баянауыл өңірлерін аралайды. Әкем Әби Қуантаев колхоз бастығы болған. Сол кезде ол Иса ақынды көлікпен қамтып, сапарының жағдайын ұйымдастырып береді.
Әкем айтып бергендей, сол жолы Иса Ертістің тумасы Мүфтий Ахметовты және бірнеше өнерлі азаматы жанына алып, елді аралап шығады. Мүфтий деген кісі заманында сауықшыл, әншілігі, суырыпсалма ақындығы бар өнер иесі болған екен. Сапар соңында ақын Мүфтийге риза болып, домбырасын тарту еткен.
Елде Исаның домбырасы бар екенін осыдан білемін. Содан сол домбыраны көп іздедім. Мүфтийдің жолдасы ма екен, балалары ма екен домбыраны Ертістегі музейге тапсырыпты. Бірақ, домбыраның тарихын жазып, белгілеп бермеген. Музейде де ешкім құнттамаған. Міне, лайықты орынын тауып, Бұқар жырау музейіне қойылғанына қуаныштымын.
– Ертіс музейінде ақынға қатысты тағы қандай жәдігерлер бар?
– Онда Исаның шәйнегі, кішкентай әбдіресі және қолданған ыдыстары бар. Оларды кезінде Исаның қызы Мақпуза Байзақова әкеп тапсырды.
– Ақынның ұрпақтарымен байланысыңыз бар ма?
– Ұлы Ертіс Байзақов – философ, Мәскеуде оқыған. Одан туған екі қыз бар, немере-шөберелері бар. Олармен араласып тұрамын. Алматыға барған сайын үйлерінде қонақ боламын. Мен Алматыға жарты күнге барсам да, Иса атамның жатқан жеріне барып, құран оқып кетемін. Райымбек көшесінің бойындағы зиратта Иса, ұлы мен қызы – үшеуі бірге жатыр.
– Иса домбырасын сыйға берген Мүфтий Ахметов туралы білетініңіз бар ма?
– Мүфтий жас шамасы жағынан ақыннан шамамен он жасқа кіші болса керек. Асқан дарындылығы болса да, өнер жолын қумаған.
Жас шағында Мүфтий мен әйгілі Майраның жолын жалғастырушы әнші, кино актері, Ертістің тумасы Хафиза Әбуғалиева бір-біріне ғашық болған екен. Алайда 1942 жылдың соңына таман Мүфтий соғысқа алынып, жауға қарсы майданға араласып кетеді. Ал Хафиза Павлодар педучилищесін тәмамдаған соң Алматыға жол тартып, білімін сонда жалғастырады. Мүфтий ағамыз соғыстан жараланып оралып, бірден Хафизаны іздеуге кіріскен. Алайда тағдыр екеуінің қосылуын жазбапты. Алматыға барып, Иса арқылы сүйіктісін іздеп тапқанда ол өзге жігітпен отасып қойған екен. Содан біраз уақыт сол шаһарда аялдап, Шара Жиенқұловамен туысатын бір қызбен танысқан. Сол қызбен отау құрып, елге алып қайтады. Екеуі өле-өлгенше Ертіс ауданында тұрды. Мүфтий өмірінің соңғы жылдарында молда болған екен. Бүгінде олардан қалған ұрпақ болуы керек.
– Күләш апа, мәдениетіміз бен өнерімізге құнды қазына, қастерлі жәдігер тарту еткен елеулі еңбегіңіз үшін мың алғыс!
Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.