ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Алқа» жастар әдеби клубының алғашқы басқосуы өтті. Оған еліміздің әр аймағынан іріктелген 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлер – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Президенттің арнайы әдеби сыйлығының лауреаттары, халықаралық, республикалық әдеби байқаулардың жеңімпаздары қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған жастар әдеби клубының мақсаты – қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелерді, жаңа әдеби тенденциялар мен шығармаларды талқылау, авторларды насихаттау.
Жиынды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кіріспе сөзімен ашты.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жалпы жастар тәрбиесі, оның ішінде кітапханаларды дамыту, жалпы кітап оқу мәселелерін қолға алуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Түптеп келгенде негізгі мақсат – ұлт руханиятын дамыту, сапалы ұрпақ өсіру. Өйткені, кітап оқитын бала рухани дүниесі бай азамат болып өсері анық. Бар өнердің түп негізі – әдебиет. Сондықтан жас қаламгерлерге ортақ алаң ұсынып, әдебиеттегі өзекті мәселелерді талқылау – заман талабы, – деді Аида Ғалымқызы.
Отырыста клубтың күн тәртібі бекітіліп, басшылық құрамы жасақталды. Көпшіліктің қолдауымен әдеби клубтың төрағасы болып министр Аида Балаева, төраға орынбасары болып ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Шерхан Талап, хатшы болып жазушы Алмас Мырзахмет тағайындалды.
Отырыста «Алқаның» алдағы жұмыс жоспары айқындалды. Соның бірі – клуб жұмысының аясында арнайы әдеби подкаст ашылып, әдебиетке қатысты мәселелер көтеріліп, талқыланатын болады.
«Aiqara.kz» ақпараттық агенттігі кездесуде айтылған ой-пікірлерді оқырман назарына ұсынады:
«Бір ғана Астана төрінде қанша әдеби клуб құрылды, соның көбінің ғұмыры ұзақ болмады. Ұйымдастырушысы кеткеннен кейін клуб жұмысы да тоқтап қалатын. Себебі оны тұрақты түрде жүргізу және нәтижеге жету өте қиын шаруа. Сондықтан «Бұл жолы олай болмаса екен» деген тілегімді жеткізгім келеді және бастамаға сәттілік тілеймін», – деп бастады сөзін мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, сыншы-әдебиеттанушы Бағашар Тұрсынбайұлы. Ол сөзін әдеби байқаулардың әділ өтуі қажеттігін айтып, жалғастырды.
– Қазір әдеби байқаулар өте көп өткізіледі. Оларды біз жастарға көмек, қолдау деп қана қабылдап үйреніп қалдық. Негізінен ол жаңа есімдерді ашып, әдебиетке жаңа таланттарды алып келуі керек еді. Мысалы, барынғы «Жалын» жабық бәйгесі Тынымбай Нұрмағамбетов, Оралхан Бөкей, Жұмабай Шаштайұлы секілді қаламгерлердің бағын ашты. Осы тұрғыдан алғанда, әдеби байқаулар әділ өтпей жатыр. Мысалы, байқауда проза бойынша деп шығарма қабылдайды. Роман да, повесть те, әңгіме де – проза. Біз «Қазақ пен қала» деген бәйге ұйымдастырдық. Ол бәйге қазақтың қалаға келуі, яғни урбанизация тақырыбына арналды. Және тек әңгіме жанрында өтті. Яғни тақырып та, жанр да – біреу. Сол себепті бәйге жақсы өтті. Сол арқылы Жадыра Шамұратова, Әлихан жақсылық секілді жазушылар оқырманға танылды. Еліміздегі әдеби байқаулардың әділ өтуіне клуб ықпалды болса деп ойлаймын, – деді сыншы.
Сонымен бірге, Бағашар Тұрсынбайұлы ұлы тұлғаларымызды ұлықтау туған аймағы деңгейінда қалып қоймай, жалпы ел көлемінде жүзеге асуы керектігін және Алматы мен Астанада, жер-жерде қаламгерлердің музей-үйлерін жасақтау маңызды екенін атап өтті.
Бұдан кейін ақын, Президенттік сыйлықтың иегері Олжас Қасым балалар әдебиетін дамыту мәселесін көтеріп, бірнеше ұсынысын ортаға салды.
– Еліміздегі үлкен баспалар қазақстандық жас авторлардың кітаптарын шығаруға құлықты емес. Олар көбіне әлем әдебиетінің жауһарлары саналатын «Том Сойердің бастан кешкендері», «Ұзыншұлық Пиппи», «Дымбілместің айға саяхаты», «Хәрри Поттер» секілді кітаптарды шығарып, сатуды жөн көреді. Себебі, ол еңбектер нарықта өтімді екені сөзсіз. Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық дейтін көзқарастан арылу қажет. Десек те, біздің жас жазушылардың да оқылымды болатын шығармалары баршылық. Айталық, Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемі», Ержеңіс Әбдінің «Ерекше есептері», Мейіржан Жылқыбайдың әңгімелері, басқа да авторларымыздың туындылары сұраныста болатынына сенімдіміз. Сондықтан, осы мәселені оңтайландыруға күш салуға тиіспіз.
Балабақшаларға арналған бірыңғай көмекші құрал дайындау керек. Өзім осы бағытта жинақ құрастыруға талпыныс жасап жатырмын. Ол кітапқа мерекелік өлеңдер, жыл мезгілдеріне, мемлекеттік рәміздерге, ата-анаға сол секілді тағы да басқа бала танымын ашатын тақырыптарға арналған сұрыпталған тақпақтар, қысқа көрініс-қойылымдар енгізілуі қажет. Министрлік бұл кітаптардың авторлық құқық мәселесін реттеп, еліміздің облыс, қала, аудан, ауылдарын түгелдей дерлік қамтуға тиіс. Сонда ғана өскелең ұрпақ білімді, танымы терең, ойы ұшқыр болып өседі. Ал тәрбиешілер интернеттегі мәнсіз, нәрсіз шығармаларды бөбектерге жаттатпай, дайын оқулықпен ғана жұмыс істейді, – деді Олжас Қасым.
Сонымен бірге, ол балаларға арналған драмалық шығармалардың жазылмай жатқанын, қазақша комикстердің үлесі тіптен аз екенін, фэнтези, ертегі, жұмбақ, метаграмма, мазақтама, мысал секілді жанрларды жаңғырту қажеттігін алға тартты. Ақын балалар әдебиетінің мүмкіндігін кеңейту үшін балаларға арналған кітаптарды жанрлар бойынша жүйелеп, жарыққа шығаратын бір мекеме қажеттігін де атап өтті.
«Министрлік тарапынан балалар әдебиетіне арналған конкурстарда жанрларды түгендеу тұрғысынан игі бастамалар жүзеге асуға тиіс. Мысалы, Әдібай Табылды атындағы драмалық шығармалар байқауы, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мысалдар конкурсы, Абдул-Хамид Мархабаев атындағы фантастикалық шығармалар сайысы өткізіліп тұрса деген тілек бар», – деді Олжас Қасым.
Келесі кезекте сөз алған жазушы Әлихан Жақсылық қазақ қаламгерлерінің көркем шығамаларын экранизациялау керектігін айтты. «Министр Аида Балаева бар өнердің түп негізі әдебиет екенін атап өтті. Ендеше, өміршең кино түсіру үшін әдебиетке жүгіну шарт. Мен аң алдымен Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесі мен «Өз отыңды өшірме» романын атар едім. Бұл екі шығарма киноға айнеалса «Оскарды» алмаса да, алуға дейін баратын кино болатытына анық сенімдімін», – деді ол.
Бұдан кейін Жақсылық Бағашар Тұрсынбайұлының пікірін одан ары өрбітіп, әдеби байқаулардың әділ өтуі үшін өз ұсынысын ортаға салды.
– Қазылардың барлығы әдебиет сыншыларынан болуы керек. Олардың қызметі үшін қаламақы төленеді. Сондықтан әр қазы келіп түскен әр шығармаға қатысты нақты пікір білдіріп, жауап жазып отыруы керек. Бір қазы: «Әлихан, сенің мына кейіпкеріңнің мінезі толық ашылмаған. Сені жүлдегерлер қатыран қоса алмаймыз» деп, екіншісі «Суреттеуің шикі, диалогтарыңда шеберлік емес, жасандылық көп» деп нақты бағасын беруі қажет. Осыдан кейін қатысушы қаламгер өзінің қате-кемшілігін түсінеді. Егер, сынға сынбайтын, қайтпайтын жазушы болса, ары қарай да жақсы жазуға күш салады, – деді Жақсылық.
Бұдан бөлек, ақын, «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестивалінің лауреаты Әлия Іңкәрбек әлем әдебиеті және еліміздегі әдеби агенттік жұмысын жүргізу мәселесіне тоқталды. Жазушы, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының иегері Есбол Нұрахмет аударма саласын өркендету төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Жазушы Бақытбек Қадыр мерзімді басылымдардағы қаламақы мәселесін қозғады. Ақын, ҚЖО Семей филиалының директоры Мерей Қарт өңірлердегі жас қаламгерлердің жай-күйі, өңірлік әдебиеттің дамуы туралы сөйледі. Ал, «SAMGA» баспасы мен «KITAPAL.KZ» интернет дүкенінің интернет-маркетологы Мирас Кесебаев кітап өндірісі, кітап нарығы, кітап насихаты, қаламгерлердің кітаптарын оқырманға жеткізу мәселесіне қатысты өз тәжірибесімен бөлісті. Ақын Абай Ораз жұмыс жүйелі болу үшін жоспармен жүріп, әр кезеңнің қорытындысы жасалып отыруы керектігін алға тартты.
Алдағы уақытта әдеби клубтың отырысы еліміздің өзге де аймақтарында көшпелі негізде ұйымдастырылатын болады.
Сөз соңында, әдеби клуб атауына тоқтала кетсек. Бүгінгі «Алқа» кешегі қазақ жазушыларының ұлттық шығармашылық ұйымы болған «Алқаның» мұрагері десек, қателеспеспіз. Сондай-ақ, биыл 1924 жылы Қазан төңкерісінен кейін көркем әдебиеттен таптық принципті талап ете бастаған кезде қазақ қаламгерлерінің оған қарсылық, балама бағыт ретінде құрылған шығармашылық ұйымға 100 жыл толды. Осындай айтулы оқиғаға орай ескі де есті тарих жаңғырып, қайта түлеп отыр.
Бір ғасыр бұрын құрылған ұйым туралы «Қазақ энциклопедиясында» мынандай дерек ұсынылған: Ұйымның бағдарламасын Мағжан Жұмабаев бастаған ақын-жазушылар дайындап, 16 данасын көшіріп жазып, пікір білу мақсатымен сол кездегі көрнекті қаламгерлерге таратқан. «Алқаның» бағдарламасын Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, А.Байтасов, М.Әуезов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Дөнентаев, Ж.Тілеуұлы, Е.Омаров, Е.Алдоңғаров, Ж.Сәрсенбіұлы сияқты қазақ зиялылары, мәдениет-әдебиет қайраткерлері қолдаған.
Қолжазба күйінде сақталып қалған «Алқаның» бағдарламасы «Әдебиетіміз», «Бұл күнге шейін төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Ендігі төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы», «Марксшілдік һәм әдебиет. Не жазуға» деген негізгі бес бөлімнен тұрады.
«Табалдырық» аталған кіріспесі «Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол», – деп басталады да қазақ әдебиеті қандай жолмен дамуы керек деген сауалға жауап іздейді. Қоғамдық, өндірістік қатынастар дамуынан кенжелеу қалған қазақ халқының әдебиеті де дамымаған деген таптық теорияны жоққа шығарып «Шынында қазақтың өзгеше терең әдебиеті болған һәм бар», – деп мәлімдейді. Қазақ әдебиетінің алыбы Абайдың ақындығын аса жоғары бағалап, қазақ әдебиеті өзінен үлгі алатын дәрежеге жеткен жоқ деген сияқты солақай пікірлерді теріске шығарады. Төңкерістің қазақ даласына сырттан әкелінгендігі, сол себепті де қазақ әдебиетінің революцияны жырлауына негіздің жоқтығы, «ұлттық әдебиет өз соқпағымен жүру керектігі» айқын айтылды. «Алқаның» бағдарламасында «искусствоның негізі – сезім, құралы – сезімнен туған сурет, мақсаты – білім беру емес, сезім ояту» деп көрсетілді.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
Суреттер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің
баспасөз қызметінен алынды.