Pavlodar, KZ
17°
Partly Cloudy

«Намыс» деген сөзді естісем, Дәуітәлі Стамбеков пен Жәркен Бөдеш ақындардың өлеңдері есіме түседі. Екеуі де үш-ақ шумақтан тұрады. Санаңызда сәулеленген «Ол қандай өлең?» деген сауалыңызға жауап болсын, қос жырдың мұртын бұзбай ұсынайын.

Дәуітәлі ақынның өлеңі «Бөлтірік» деп аталады:

«Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан,

Алып келді біздің үйге бір адам.

Сыйға тартты шын қызықты біздерге,

Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған.

Бірте-бірте бөлтірік те өзінің

кетті ұмытып бөрілік бір сезімін.

Шөп қорада ойнап жүріп бір күні

Көзі түсті жанарына қозының.

О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып,

Есі кетіп,

Көзі жанып,

Жанданып!

Содан кейін жалт бұрылып,

Жоқ болды,

Бұл қорада жүргеніне арланып»…

Ал, Жәркен ақын өлеңін «Намыс» деп ныспылапты:

«Жалған-ай…

Жалғызсырау қандай жаман,

Тарпаңның тамырында қан қайнаған.

Адасқан үйірінен құла бие,

Қосылды құландарға қақ жайлаған…

Көгертіп көктем келді мият құмды,

Жануар оқыс ойнап ұят қылды…

Тағының бетке басқан таңбасындай,

Құйрығы жоқ –

Жалы жоқ –

Тұяқ туды…

Қиналып терледі көл-көсір боп,

Көз жасы құлазыған шөлге сіңбек.

Жасырды жалыменен құлыншағын,

Төркінім – жылқы атаулы

көрмесін деп»…

Осы екі өлеңнің өн бойына біткен өршіл рух оқырманның кеудесіне намыс боп сыйып кетердей. Жәркеншелесек, «еншілес екі өлеңнің» мазмұны мен мәні, мағынасы мен «жаны» – есті жануардың жүрек жұлқынысын ғана емес, есті адам баласының болмысын айдай ашып тұрған жоқ па?!

Мына қоғамның олқы тұсы түгел сыйып кеткен осы екі өлең – қазақтың әр ұлы мен қызының мойнындағы бойтұмарға, миындағы ойтұмарға айналуы керек еді?! Әттең, олай емес!

Қазір біз, бұл санатта мен де бармын, «Ерді намыс өлтіреді» деген сөздің байыбына барып жүргеніміз шамалы. Намысқа тырысып та көрмедік. Малымызды жанымыздың садағасы етсек те, жанымыз арымыздың жолында тәттірек болып тұр. Ұятымыз өлімнен күшті емес екен! Менің бұл айтқандарыммен келіспей, «Мен абыройымды аяқ асты етуге жол бермеймін», – деп намыстанып қалуыңыз мүмкін. Намысыңызға тисем, кешірерсіз!

Намыс жайлы ойымды естіген ескі де есті әңгімемен тұздықтайын. Бұл жайтты маған Баянауылдағы белгілі әнші, әрі емші, ардагер ұстаз Темірбике Ташмағамбетова айтып берген еді.

«Сексенінші жылдардың басында Баянауылға, үлкен бір тойға әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов келді. Ол кісі ән салғанда жұрттың бәрінің аузы ашылып қалды. Сондай өнер иесінің алдында біз де ел-жұрттың атынан ән салдық. Біз бар, басқа бар, сан түрлі әннің тиегін ағыттық. Жаяу Мұсаның әндері шырқалды, «Баянауыл вальсі» әуеледі…

Бір уақытта Жәнібек өзі сөз алып, «Ауылдарыңыз әншіден кенде емес екен, бірақ, Жарылғапбердінің әнін айтатын бір әнші шықпады ғой!», – деді бізге өкпе-наз білдіріп.

Ол уақытта Жарылғапбердінің есімі еш аталмайтын.

Жәнібектің сол сөзі намысыма тиіп кетті. Сол олқылықтың орнын толтырайын деп жерлес әнші туралы дерек іздей бастадым. Жарылғапберді жайын біледі-ау деген көзкөрген көнекөз қариялардың барлығы өмірден өтіп кеткен екен. Жөн біледі-ау дегендерден тек әкемнің Қарағандыда тұратын нағашысына жолықтым, ол кісіден көп тарихи жайға қанықтым. Әндерін орындап жүрдім. «Шама», «Ардақ» әндерінің тарихын зерттедім. Жерленген жеріне арнайы бардым», – деді апамыз.

Жалған жанарынан жоғалуға айналған Жарылғапбердінің есімін жаңғыртуға, «өшкенді жағып, өлгенді тірілтуге» тамшыдай болсын өз үлесін қосқан апамыздың еңбегі елеулі. Сол еңбекке не түрткі болғанын жоғарыда өзі айтты. Үлкен өнер иесінің сыны әсер етіпті, намысына тиіпті. Міне – намыс. Бір ауыз сөз намысты қамшылады. Сол арқылы ескі тарих сөйледі, ән майталманы ортамызға оралды.

Ал, біз ше? «Анау менің құқығымды таптады, арымды аяққа басты, намысымды қорлады», – дегенді желеу етіп, басымыздан сөз асырғымыз келмейді.

Шынымен, біз намыстымыз ба?

Әлде, «бөрілік» болмысымыз ояну үшін, міндетті түрде, «қозымен» көз түйістіруіміз керек пе? Әлде, «жылқы» тектілігіміз төрге озуы үшін, міндетті түрде, «қақ жайлаған құландарға» қосылуымыз керек пе?

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Сурет ашық ғаламтор беттерінен алынды)

Пікір үстеу