8 ақпан күні, сағат 12:00-де, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада, жазушы, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Амантай Тойшыбайұлының «Өмір сүр!» кітабының тұсаукесері өтеді.
Қаламгердің «Өмір сүр!» кітабы – өткен жылы жарық көрген «Адам бол!» кітабының заңды жалғасы.
Жаңа жинақ «Өмір», «Махаббат», «Бақыт», «Жүрек», «Ақыл», «Арман» атты алты тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады.
Автор өмірдің әрқилы сәтіндегі көңілдің сантүрлі құбылыстарына негізделген терең де астарлы ойлары арқылы өмірдің мәні өміодің өзі екенін, өмірдің мақсаты өмір сүру екенін оқырманға дәлілдеуге тырысады. «…Бүгінді бағалаған сәттен Ертең нұрланады. Өзін таныған адам саналы болады…», – дейді қаламгер.
Қадірлі оқырман, баршаңызды тұсаукесер салтанатына шақыра отыра, «Өмір сүр!» кітабынан үзінді жариялауды жөн санадық.
***
Адам өзіне жасырылған нәрсені өзгелерден көруге құмар болады. Әлдебіреу саған жауыз, жемқор тәрізді болып көрінген болса, сен өзің дәл сондай болуың мүмкін!
Біреу сараң, біреу өтірікші, біреу ұры тәрізді болып көрінетін болса, осы сипаттар сенің өз ішіңде бар деген сөз.
Әлдебіреу шарқая болып көрінсе, ол ашу сенің өз ішіңде болуы мүмкін.
Өзі ұры адам елдің бәрін ұры деп ойлайды.
Өзі өтірікші, өсекші адам ешкімге сенбейді, өйткені елдің бәрін өзі секілді деп ойлайды.
Басқа адамдар экран немесе сахна тәрізді. Сен оған өзіңді кескіндейсің. Өзіңді нақты білмейінше, ненің шынайы және ненің кескін, жоба екенін ажыратып біле алмайсың.
Сондықтан басқалар туралы сен де ештеңені білмейсің…
Адамның өзін-өзі танып білуі барлық білімнің негізі болмақ. Түп негізі, тағаны болмаған білім сырттай білім тәрізді болғанымен оның түпкі мазмұны надандық болмақ.
***
Сену қажет болса, ауызы сөзге толы адамға емес, жүрегі сүйіспеншілікке толы адамға сен!
***
Әртүрлі үлкенді-кішілі дау-жанжалдан кейін кімдікі дұрыс-бұрыс болғаны маңызды емес. «Естуі тиіс адам естіп, түсінгісі келді ме, жоқ па? Түсінген болса, түзеткісі келе ме, жоқ па?» дегені ғана маңызды.
***
Өзіңе сенімді бол! Өзіңе сенбесең, Ешқашан да, Ешқайда да, Ештеңеге де жете алмайсың…
Әзірлеген, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.