Жақында Естай, Жаяу Мұса, Қали Байжановтар ән оздырған киелі төр – Ертіс-Баян өңіріне келген Арқа ән мектебінің белді өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Дәуренбек Әркеновпен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді. Ұлттық ән өнері туралы өрбіген сұхбатты «Aiqara.kz» оқырмандарының назарына ұсынамыз.

– Қазақта: «Талант топырағына тартып туады» деген сөз бар. Сіз туған топырақ – Сарыарқаның төсіндегі алтын бесік Ақтоғай ауданы, Көрпетай тауының етегі. Бұл Ақтоғай кешегі Әсеттің, Шашубайдың, Күләш пен Манарбектің елі екенін білеміз. Ән қасиет сіздің бойыңызға да дарыды. Дәуренбек аға, сол қастерлі өнердің қасиетін немен, қалай өлшейсіз?

Дәстүрлі ән – қазақтың болмысын айшықтап тұратын ұлттық өнеріміздің бір тармағы. Бұнда кешегі Ақан, Біржандардың рухы бар. Дәстүрлі әннің бес мектебі түгел, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына халқымыздың ұлттық құндылығын, тілін, ділін, музыкасын сіңіріп тұр. Бұл дегеніңіз, ұлттық әннің қоғамда атқаратын қызметі, алатын рөлі өте жоғары екендігі. Өз басым, дәстүрлі әнді «Теңдесі жоқ өнер» деп құрметтеймін.

– Осы құндылықты сақтау үшін, әрине, тазалық керек. Сіздіңше, өнердегі тазалық деген не?

Өнердегі ағамыз Сейіл Аяғановтың: «Сұлу ән, саған адалмын!», – деген бір сөзі бар еді. Кешегі Ақан, Біржандар өнерге адал болмаса, күнделікті тірлікпен жүріп, халықты-елді араламаса, сондай сал-сері болар ма еді?! Сол сықылды, әнге адалдық деген – кейде отбасыңды да ұмытып кететіндей жағдайға жетіп, баланың қалы емес, отбасының қамы емес, әнді сүю, басқа тірліктің бәрін жиып қойып, сол өнердің жолына уақытын арнау, басын тігу деп түсінем. Бұл – бір жағы.

Екінші, адалдық деген алдыңғы толқын өнер иелерін, кешегі әншілерді дәріптеп отыру. Біз Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифоллаларды білмей өссек, Қайрат ағалар, Жәнібек Кәрменовтертерді толық сіңірмесек, осындай деңгейге жетпес едік.

Әнге адалдық деген, айналып келгенде еңбекке келіп тіреледі. Ол еңбек – әнді қызығыштай қорып, оның әр әрібіне, әр буынына алаңдау, «Ән бұзылып кетпесін» деп күресу. Қазір дәстүрлі әнді эстрадалық бағытқа салып жатады. Сол кездерде жанашырлық танытып, бір ауыз сөзімізді айтып жатамыз.

– Алдыңғы толқын ағалар, шәкірттер деп қалдыңыз. Қазіргі уақытта дәстүрлі ән өнеріндегі ұрпақ сабақтастығы қандай деңгейде деп бағалайсыз?

Шүкір, қазір әр жерде, ауыл-ауданда музыка мектептері, сыныптары ашылды. Жас ұрпаққа мүмкіншілік те, қоғамнан қамқорлық та бар. Біз жас күнімізде ауылда домбыра ұстаған адам болса, сол кісінің үйіне барып үйренетін едік. Маған алғаш ән үйреткен кісі – Асылмұрат Ақанов ағам (айтыскер ақын Мақсат Ақановтың әкесі). Мен сол кісіден 9-сынып оқып жүргенімде үйренгенмін.

Қазір балаларға лайықты жақсы аспаптар бар. Қандай домбыра керек, сондай жасап беретін шеберлер бар. Ата-аналары, өз ауыздарынан жырып, ұлттық киім тіккізіп береді.

Алматыда Консерватория, жан-жақта жоғары оқу орындары ашылды. Өткен жылдың өзінде Ақан, Манарбек Ержанов атындағы көптеген республикалық конкурстар өтті. Оқу орындарында кәсіби білім алған өнерпаздар жетістіктерін оңынан беріп жатыр. Жақсы-жақсы әнші балалар, сол конкурстар арқылы іріктеліп, көзге түсіп жатыр. Дәстүрлі әннің болашағынан үлкен үміт күтеміз. Қазақ аман болса, дәстүрлі ән бұдан да жоғары биікке шығады деп ойлаймын.

– Бойыңызға дарытқан, ойыңызға сіңірген өнегені кейінгі буын да көрсін, жауапкершілікті сезінсін деп келесіз. Білуімше, қазір Мағжан деген шәкіртіңіз жұлыны шығып жетіліп келе жатыр. 5-сыныпта оқиды-ау шамасы. Жалпы шәкірт тәрбиелеу қаншалықты оңай, қаншалықты қиын?

Өзің айтып отырған Мағжан – жас шәкіртім, өзі он жаста, талантты бала. Мың жерден мықты ұстаз болғаныңмен, баланың бойында талабы болмаса, сен оған ештеңе де бере алмайсың. Әрине, ұстаздың шеберлігі аса маңызды. Ұстаз деген психолог болуы керек. Ұстазда жан-жақтылық, көрегендік болуы маңызды. Алдыңа дәріс алуға келген баланың ішкі дүниесін, сыртқы дүниесін сезуің, үйінен қандай көңіл-күйімен келгеніне дейін көзінен біліп тұруың керек. Ал, баланың көзін сезе алмаған, баланың көңілін түсіне алмаған ұстаздан мен болашақ күтпеймін.

Ұстаз болу өте қиын, жауапкершілігі ауыр. Шәкіртті дұрыс жолға сала алмасаң, ол өмір бойы рухани мүгедек болып қалуы мүмкін.

Кез-келген ата-ана, баласы кішкене домбыра ұстаса, әнге, күйге береді. Әрине, өнерлі болсын дейді ғой. Сол кезде әңгіменің басын ашып алу керек. Ол балада ештеңе көрінбей тұрса, қинамау керек. Мүмкін одан әнші-күйші емес, басқа бір мықты саланың маманы шығатын шығар?! Бұндай жағдайлар көп кездеседі. Біз колледжде сабақ бердік. Ата-аналар баласын қинап әкеліп оқуға түсіреді. Ол бала оқығысы келмейді. Екі ән орындаса, бірінің сөзін екіншісімен шатастырып отырады. Ал, солардың орнына кейде талантты балалар оқуға түсе алмай қалып жатады.

Кезінде Жүсіпбек Елебековтер әнші балаларды көрген бетте: «Сенің дауысың Қали Байжановқа келеді, сенің дауысың мынаған-мынаған келеді», – деп, бағыттап отырады екен. Көрдіңіз бе, баланы әнге бағыттай білу керек. Сондай өте жақсы ұстаз болсаң, бақытты жансың ғой. Мысалы, Жүсіпбек, Ғарифоллалардың өзінің тікелей кіндігінен балалары, ұрпақтары бар, шүкір. Оларға ғұмыр берсін! Бірақ солардың ол ұрпағы емес, өнердегі ұрпақтары атын бәленбай есе жоғары асқақтатып жатады.

– Аға, осы ретте сізден марқұм Мейірхан ағамыз жайлы сұрағым келіп тұр…

– Әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков – менің рухани ұстазым. Мен ол кісінің тікелей шәкірті емеспін. Қазір құжатты түрде, колледжде немесе жоғарғы оқу орынында оқыған шәкіртерін шәкірт деп есептеп жатады. Ал бұрын, сал-серілер бір дидарласқаннан кейін-ақ, ұстаз-шәкірт болып кеткен. Мысалы, Ақанның айтқан әнін сол елдегі өнерпаз жастар бір естігеннен қағып алған. Құймақұлақтығы, қазақтың жадының мықтылығы арқылы әнді орындау мәнерін сақтап, батасын алып, өзін Ақанның шәкіртімін деп есептей берген. Сол сияқты, біз Мейірхан ағаның қасында талай жыл жүрдік. Жақсы қасиеттерін бойымызға дарыттық, қамқорлығын көрдік. Ол кісіге арнап жазған «Ағаға сағыныш» деген әнім де бар…

– Сөзіңіз – аузыңызда… Әншіліктен бөлек, композиторлық қырыңыз да ерекше. Білуімше, алғашқы әніңіз сағыныштан туған екен. Сол бір мөлдір сәтті есіңізге алыңызшы?

Мен өзімді композитормын деп есептемеймін. Композиторлық – ән өнеріндегі дара тармақ, жеке мамандық. Оған жоғарғы оқу орындарында арнайы түрде оқытады.

Дей тұрғанмен өнер адамы болғаннан кейін, басыңа түскен қандай да бір реніш болсын, қуаныш болсын, сағыныш болсын – бәрін-бәрін, өзің жазбасаң да біреудің әні арқылы шығарамыз.

Менің бозбала шағым Балқаш қаласында өтті. Он бір жыл сол жерде тұрып, отбасын құрадым, сол жерде оқу оқыдым, халықтың алдына алғаш шықтым. 2006 жылы табан тіреп өнерге атсалысқан жерім Балқаштан Қарағандығы көшіп келген кезде, сағыныштан «Балқашым» деген алғашқы әнім туды. Қазір оншақты әнім бар.

Біз – ауылдың баласымыз, боз көде, бозторғай, бозала таң – сол бір табиғатты сағынып тұрамыз. Содан «Ауылды аңсау» секілді әндер туды.  Және әкеме арнаған, шешем өмірден өткен өткенде жазған әндерім бар.

Кейінгі жылдары «Неге біз Жаңаарқа, Ақтоғай, Қарқаралы деп бөлінуіміз керек?! Неге Қарағандыдағы барлық ауданның басын біріктіріп тұратын, тау тұлғаларымыздың есімін асқақтатып тұратын ортақ бір ән жоқ?!» деп ойлап, «Арқаның алтын алқасы» деген ән жаздым. Сөзін – профессор Қойлыбай Асанов ағамыз жазды. Бүгінде сахнада, жиын-тойда орындалып жүр.

Мен «Отыра қалып, ән шығарайыншы» деген емеспін. Ән жазумен арнайы шұғылданбаймын. Бір ой қозғайды кейде, жаныңды тебірентіп, көңіліңді босатып, көзіңе жас әкеп дегендей… Ән жарықтық, сондай кезде туады екен.

– «Әніміз ауыл-ауданда шырқалып жатыр», – дедіңіз. Бұл өз әніңіздің ғана орындалғанына қуану емес, жалпы есті әннің, әуезді әннің шарықтауын көргенде марқаятыныңыз деп білемін.

Сіз бабадан қалған ән мұрасын насихаттау ісінде құлабыздай алғы шептесіз. Бұл сөзімізге өткен жылдардың бірінде Қарағанды облыстық «Жылдың үздік дәстүрлі өнерді дәріптеушісі» атанғаныңыз дәлел. Еліміздегі ұлттық өнерді насихаттау, сақтау, жеткізу ісіне көңіліңіз тола ма? Қандай кемшіліктер мен артықшылықтар бар?

Жоғары деңгейден қарайтын болсақ, әрине, көңіліміздің толмайтын шақтары бар. Қазір Қазақстанның көп жерінде атаулы, мерекелік үлкен концерттерге дәстүрлі әндерді қоспайды. Көбінесе эстрада жұлдыздары шақырылады. Баяғыда «Әншашу» деген пайда болды, үш-төрт әннен айтылып жүрді. Оны да тоқтатып, алып тастады.

Әр облыста өзінің ұлттық, академиялық оркестрлері бар, фольклорлық ансамблдері бар. Әр концертте домбыраның, қобыздың қоңыр үні естіліп, әр мекендегі дамыған, қалыптасқан дәстүрлі музыкасы сахнаға шығуы керек. Біз жас ұрпақты солай тәрбиелей аламыз. Концерттерге, екі-үш номер болса да, міндетті түрде дәстүрлі ән мен күйді қосып отыру керек.

Ал, бір қуантатыны – біздің кезіміздегідей емес, республикалық конкурстар көбейді. Олардың бюджетті де, сыйақыларды да жақсы.

Дәстүрлі ән өнеріне қамқорлық жасап, оны алдыңғы қатарға қоюымыз қажет. Жамандағаным емес, эстрада әншілері «жазып алған» дауысымен сыбырлап, бес-алты әнін айтады да, кетеді. Дәстүрлі әншілер өзінің таза, табиғи дауысымен айтады. Эстрада жұлдыздары алған гонарар мен дәстүрлі әншілердің сыйақысын теңестіру керек.

Ары-беріден соң, оларды концерттерге қоспайды. Мен бұны мемлекет назар аударатын мәселе деп ойлаймын. Әр облыстан шыққан халық композиторлары бар, кейін шыққан композиторлар бар, сол кісілердің атындағы үлкен фестивальдер өткізу керек. Сөйтіп мемлекет тарапынан жанашырлық танытылуы керек.

Мысалы, шетелге шықсақ, эстрадамен ешкімді таңқалдыра алмаймыз. Біз шет ел сахнасында ән салып жүрміз, көріп жүрміз. Олар біздің ұлттық киімімізге, ұлттық әнімізге, домбыра-қобызымызға таң қалады. «Мынау ғажап қой», – дейді. Олар ән өнерін Италиямен ғана салыстырады ғой. «Осындай дауыстары бар қазақ деген керемет халық екен ғой, әнші халық екен ғой», – деген сөздерді, «Мынау қазақтың Повароттиі ғой», – деген теңеулерін сан рет естідік.

Мен бір ғана дүние айтар едім: Біз әлемді орысша, ағылшынша, басқа тілмен таңқалдыра алмаймыз. Тіліміздің мәйегі, қазақтың болмысы дәстүрлі әнде, күйде, жырда тұр. Сол төл өнерімізді төрге сүйреуіміз керек.

– Сізге ақын достарыңыз Серік Сағынтай мен Бағдат Мүбәрак өлең арнады. Екі өлең де туған жер топырағын аңсаудан туған.

Серік ақын «Біздің ауыл» деген өлеңінде:

«…Біздің ауыл… тар-қапас қала қазір,

Біздік тағдырбәйгеге балама жыр.

Менің тәнімқаланың қуыршағы,

Жаным болса, дүбірлі далада жүр...», – деп,

Бағдат ақын «Мен туған ауыл» өлеңінде:

«Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың»,

Қыз мұңайса,

Басады ұлды уайым.

Шашеке, шақшамыз бос,

Ақшамыз жоқ,

Бізді де оңдырған жоқ, бұл Құдайым...», – деп өзіңізге сыр шертті, мұң шақты.

Сіздердің достықтарыңызды өнер адамдарының арасындағы жарастықтың ерекше үлгісі деп білемін. Өнер адамына адал дос табу, адал дос болу қиын ба?

Өнер адамы мінезді болады. Мінезсіз адамнан өнер шықпайды. Сондықтан, шығармашылықтағы адамдар бір-бірімен тіл табысуы өте қиын. Бірақ қазір адамдардың психологиясы өте дамыған, жан-жақты, көзі ашық, көкірегі ояу, мінездері баяғыдағыдай емес.

Мінезге де кейде төзімділік керек екен, достыққа табандылық керек екен. «Біреумен дос боламын десең, оның жақсы жағын ғана көр» деген сөз бар. Өнер адамдары бір-бірінің жақсы жағын ғана көріп, талантын құрметтеп, сыйласуы керек деп ойлаймын. Бұл болашақ үшін керек. Өнер иелері достығының ұрпаққа қосар үлесі өте зор. Себебі біз жалғыз емеспіз: алдымыз бар, артымыз бар. Арттағы ұрпаққа үлгі көрсету керек.

– Әңгімеңізге рахмет! Әніңіз әуелей берсін!

Сұхбат соңында әнші: «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақ елі жасай берсін! Әр шаңыраққа береке-бірлік тілеймін», – деп ақ тілегін жеткізді. «Ән салсам, жан сарайым ашылады» деп өзі айтқандай, сұхбат барысында ол Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл», Мейірхан Адамбековтің «Балқантау», Қойлыбай Асановтың сөзіне жазылған «Арқаның алтын аймағы» әндерін орындап берді.

Әңгімелескен, Еламан Қабділәшім.

(Сурет Д.Әркеновтің Facebook парақшасынан алынды)

Пікір үстеу