«Aiqara.kz» сайтының жас оқырмандарына жазушы Серік Сатыбалдиннің «Шыншыл бала» кітабынан алынған ғибратты әңгімелерін ұсынамыз.

Шыншыл бала

Ислам руханиятында аты әлемге белгілі Абдулқадыр деген ғалым болды. Анасы оны кішкентай кезінен өтірік-ғайбат сөзден аулақ болуға, қандай жағдай болса да, шындықты  айтуға тәрбиеледі. Бірде оның бала кезінде алыс сапарға жалғыз өзінің шығуына тура келеді. Анасы керегіңе ұстарсың деп ішкі жан қалтасына ақша салып береді. Бұлардың керуені ұзап шыққаннан кейін, жол торуылдаған қарақшыларға тап болады. Қарақшының біреуі: «Әй, балақай, ақшаң бар ма?» – деп сұрайды. Абдулқадыр ішкі қалтасынан ақшасын алып шығып: «Иә, бар, міне. Жолға шығарда шешем берген», – деп ақшасын ұсынады. Сонда қарақшылардың атаманы: «Ойбой, балақай, аңқау екенсің ғой. Егер ақшам жоқ десең, саған тимейтін едік қой», – дейді. Кішкентай  Абдулқадыр: «Өтірік айтуға болмайды ғой. Шешем маған ешқашан өтірік айтушы болма деп үйреткен», – дейді. Қарақшының біреуі балаға сұраулы жүзбен қарап: «Шешең сені көріп тұрған жоқ қой. Өтірік айта салсаң да болатын еді ғой», – дейді. Сонда Абдулқадыр сәл күмілжіп: «Шешем бұл жерде болмағанмен, Алла бәрін көріп тұр ғой», – дейді.

Кішкентай ғана баланың пәк жүрегінен шыққан бұл сөз қарақшылардың кейбіріне ой салды, істеп жүрген зұлымдық ісінен іштей жиренді, намыстанды, тәубеге келіп, имандылық жолына  түсуге бекінді.

Өткенге өкініш

Үлкен бір елді билеп тұрған патша теңізде серуендегенді ұнататын. Ол әріректе бір арал барын білуші еді. Сол аралды әдейі барып тамашалауды қатты армандағанмен, оның сәті түспей жүретін. Осы жолы жанына сенімді деген нөкерлерін алып, көптен арман болған сапарға  шығады. Бұлар мінген кеме он шақты күн теңіз төсінде жүзіп, ақыры сиқырлы аралға да аяқ басады. Өсімдіктің саналуан түрі өседі екен. Ал жағалаудан жүз қадамдай жерден шөккен түйедей тас көрінеді. Жалғыз ғана  қара  тастың жанына келгенде, оған қашап жазылған «Дүние жалған, бәрі де өткінші» деген сөздерді оқиды. Патша жазудан көзін алмай, үнсіз сілейіп тұрып қалады. Оның жүзінен ерекше толғаныстың табы сезіледі. Біресе сұрланғандай, біресе тұнжырап күреңіткендей болды. «Не дейді?! Бәрі де, шынында, жалған екен ғой. Мәңгілік ештеңе де жоқ екенін осы жасыма дейін шынымен білмегенім бе? Иә, мәңгілік тек қана бір Алла ғана екеніне шынымен мән бермеген екенбіз. Сонда анау бір елдермен соғысып, көп адамның қанын төгіп, жерін жа- улап, мал-дүниесін иемденіп алуымыз дегенің нағыз барып тұрған зұлымдық екен ғой. Бәріне билік жүргізу, көз көрмеген байлыққа ие болу, сол арқылы атақ-даңққа бөленуді бақыт деп санаған болдық қой. Ал мына адам баласы аяқ баспаған осынау теңіздің төріндегі аралда ақылды данышпанның болғаны ғой. Егер ол айтқандай бәрі де жалған болса, менің бүгінгі байлығым мен әлемді  шарлаған атақ-даңқымнан не пайда?! Мен сонда бақытты жан емес, керісінше, өмірдің мәнін түсінбеген, қомағайлық пен ашкөздікке жол берген нағыз санасыз хайуан болғаным ба?! Иелігімдегі бар байлықты осы күнге дейін «өлместің дәрісі» деп санап келгенім рас болса, бұл неткен надандық еді! Мен осындай дәрежеге жеткен бірінші адам емеспін ғой. Кәрі тарихымыз жарты әлемді билеген байлардың да, бір- неше жүздеген жыл өмір сүрген адамдардың да болғанына куә. Солардың бәрі қайда кетті. Ақыр соңында қара жерден мәңгілік мекен тапты емес пе?!»

Патша мұңға толы тұнжыраған жүзін жанындағы нөкерлеріне бұрып: «Елге қайтуымыз  керек», – деді баяу үнмен.

«Келгенімізден кетуіміз тез болды ма? Әлде мәртебелі патшамыз ауырып қалды ма?» деп ойлаған нөкерлер қайтуға дайындық жасады. Ал патша болса еш ауырған жоқ еді. Ол өткен өміріне деген өкінішті елді жинап айтсам ба, жоқ, әлде оны жұртқа жариялаудың қажеті жоқ па деген екіұшты ауыр ойдың жетегінде болған еді.

Он  екі жасар  патша

Ертеде Исраил қауымы талай шайқасты бастан кешеді. Осындай жан берісіп, жан алысып жүрген ұрыстарда асқан ерлікпен көзге түсіп жүрген Дәуіт атты бала жігіт бірде жаудың атақты батырымен жекпе-жекке шығып, жеңіп шығады да, абыройы бұрынғыдан да асқақтайды. Оны көпшілік қолбасшы етіп сайлайды. Бірер жыл өткен соң, патша қайтыс болып, халық Дәуітті патшаның тағына отырғызады. Арада тағы он жыл өткеннен кейін, Дәуітке пайғамбарлық қонады. Дәуіт өзінің жалғыз ұлы Сүлейменге кішкентай сәби кезінен бастап дұрыс тәрбие беруге  қатты мән  береді. Өзімен бірге алып жүріп, ел ішіндегі түрлі дау-жанжалдар мен айтыс-тартыстардың түйіні шешілетін жиындарға қатыстырады. Кейін оны бала демей, үкім айтқызуға баулиды.

Бірде екі адам бір нәрсеге қатты дауласып, бітімге келе алмай, ақыры Дәуіт патшаның алдына келіп, әділ төрелік айтуын өтініп жүгінеді. Мұны бала Сүлеймен де көріп оты- рған болатын. Келгендер жайланып отырғаннан кейін, біреуі сәл алға ұмсынып:

– Менің меншігімде жерім бар. Сол жерге жылда егін егіп, жеміс ағаштарын баптап-күтіп, күзде өнім аламын. Ал мына кісінің, – деп қолымен жанындағы адамды көрсетіп, – қойлары менің жаз бойы еткен еңбегімді зая етіп, барлық егінімді жеп, таптап, ағаштарды сындырып кетті. Сіз әділ шешім жасап, менің ақымды мына кісіден алып берсеңіз екен, – дейді.

Дәуіт патша біраз үнсіз ойланып отырып барып, үкім шығарады.

– Бағусыз кеткен  қой иесінен толық тәркіленіп, мына зар- дап шеккен бау-бақшаның иесіне берілсін, – дейді.

Осы кезде бала Сүлеймен орнынан тұрып, әкесіне қарай жақындап, бұл жасалған үкімнің көңілге қонбайтынын айта келіп, өзіне үкім айтуға рұқсат беруін өтінеді.

Дәуіт баласы Сүлейменнің өтінішін қабылдайды. Сонда Сүлеймен:

– Қойлардың иесі мына кісінің бау-бақшасында жұмыс істеп, егін мен жеміс ағаштарын алғашқыдай қалпына келгенше еңбек етсін. Ал бақшашы сол уақытта қойшының қойларының саны мен күйін кемітпей пайдалансын. Бәрі бұрынғыдай қалпына келген соң, әркім өзінің мүлкін қайта- рып алсын,  – деп үкім шығарады.

Дауласушы тараптар бұл шешімге толық ризалықтарын білдіріп, қуана қабылдайды.

Бір елге патша болған, пайғамбарлық қонған Дәуіт қайтыс болғанда, артында қалған небары он екі жастағы жалғыз ұлы Сүлеймен патша тағына отырады. Кішкентай бала кезінен даналық сөздерді естіп өскен, кейін өзі де әділ үкімдер шығарған Сүлейменге кешікпей пайғамбарлық қонады. Сонымен бірге оның бойында аң мен құстың тілін білетін де қасиет болған.

Әзірлеген, Әйгерім СОЛТАН.

Пікір үстеу