«Әйгілі тұлғалардың, соның ішінде өнер  мен  ғылым адамдарының шығармашылық мұралары ғана емес, сол тұлғалардың адам  ретіндегі жеке басының қасиет-қалыптары да былайғы жұртшылықты ешқашан бейтарап қалдырған емес. Өнер мен ғылым адамдарының өмірлік ситуацияларда айтатын ұшқыр да ұтқыр сөздері, алдымен, сол адамдардың тапқырлық қабілетіне айғақ болса, сонымен бірге ғибраттық мән-маңызының да зор екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл ретте, әйгілі тұлғалардың ұшқыр ойлары мен ұтқыр сөздерінің жиналып-жарияланып отыруы, біріншіден – сол тұлғалардың шығармашылығына деген оқырман ынтасын оятса, екіншіден – жұртшылық  санасында шығармашыл адамдардың  төл болмысы айқындала түседі. Мұның өзі сайып келгенде, өнер мен ғылым адамдарының шығармашылығына  жұртшылық назарын аударып, ынтасын оятуда ұрымтал тетіктердің бірі болуға тиіс».

Жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек «…Деген екен» кітабына жазған алғысөзінде осылай деген екен. Бұл кітаптың қолдан түспей оқылып, талайды таң тамаша қылғанын әзілсүйер, әдебиетсүйер қауым жоққа шығара қоймас.

«Aiqara.kz» сайтының редакциясы алдыңғы толқын салған жолды жалғау мақсатында «…Деген екен» айдарын оқырман назарына ұсынады.

Ертіс-Баян өңіріне белгілі өнер иелері мен қалам иелерінің табан асты тапқырлығы мен ой ұшқырлығына куә болыңыздар. Ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан жинақтаған әзіл әңгімелер танымал адамдардың кісілік келбетін аша түсері сөзсіз. Қаламгерлер арасындағы азаматтық һәм әріптестік байланыстың мығым екенін айғақтайтын бұл әңгімелер, шығармашылық процесстің көрінісі іспетті. Жарияланып отырған бұл топтамада Айбектің өзінің де айтқан астарлы әзілдері беріліп отыр.

Өлең жазу

Бір жолы айтыскер ақын Абзал Қабдраш қоныс тойын тойлап, өнердегі ағаларын шаңырағына мейман етеді. Қонақтардың үлкені – айтыстың  Қара нары атанған ақтоғайлық Бейсембі Мұқажанов пен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, айтыс ақыны Жұмкен Сейітов екен. Отыз жылдай ағалі-інілі болып, ойнап-күліп келе жатқан екі ақын бір-бірін ілмек сөзбен іліп-шалып, қара өлеңмен қағытпаса тұра алмайды. Жұмкен ақын жас  жігіттерге ағынан жарылып, соңғы кездері айтыс өлеңінен бөлек, поэзияға да көңіл қойып жүргенін айтады. Алдыңғы тармақтары кілең «Мен өлеңді жазбаймын» деп басталатын өлеңін жатқа оқи жөнеледі.

Мен өлеңді жазбаймын әкім үшін,

Мен өлеңді жазамын рухы мықты,

Жанашыр өз еліне жақын үшін.

Халықтың ықыласына  бөлену ғой,

Жыр жазған әрбір адал ақын үшін.

Мен өлеңді жазамын шабыт берер,

Ұланғайыр байлық толы далам үшін.

Мен өлеңді жазамын сол даламды,

Қылышпен қорғап кеткен бабам үшін.

Мен өлеңді жазамын рухы мықты,

Ғұмырыңды жалғайтын балам үшін.

Мен өлеңді жазамын дүниеге,

Ақын ғып алып келген Анам үшін.

Жұмкен Сейітовтің ұзағынан толғаған сарынын құлағы шалып қалған Бейсекең сол сәтте-ақ «он жас – бел құрдасын» қағытып, қолма-қол былай дейді:

Сен өлеңді жазбайсың, жаза алмайсың,

Быдыңдап жұрттың бәрін мазалайсың.

Жастарды жиып алып дәл қасыңа,

Құлағын қайта-қайта қажалайсың.

Ескі сүр ет

Ақын Жарқынбек Амантайұлының ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланбаған,  сайланбақ  түгілі әлі ол жайлы ойланбаған кезі. Ақын «Ескі сурет» деген жыр жинағы жарыққа шығып, жер-жерде таныстырылымын өткізіп жүреді. Бірде кітабының тұсаукесерін кең ауқымда өткізбек ниетпен облыс әкімінің идеология жөніндегі орын- басарының қабылдауына жазылып, қолдау сұрамақ болады. Әкімдіктегі  хатшы қызға өзінің жас ақын екенін түсіндіріп, лауазымды  тұлғаға «Ескі суреттің» бір данасын сыйлағысы келетінін жұқалап жеткізеді. Хатшы қызда қапы жоқ. Сәлден соң қайыра телефон соқса,  ертең бәлен сағатта келіңіз деп тақ ете қалады.

Межелі уақытта танауы делдиіп, бөкендей желіп, каби- нетіне жеткен ақын жігітті замәкім жымың қаға қарсы алып, төрге жайғастырады.

– Біз де ауылда өстік, – дейді әдетте қазақшаға орашолақ шенеунік. – Білем, ауылдың қазысы мен қартасына ештеңе жетпейді, әсіресе сүр етіне. Бірақ, өзіңіз білесіз, мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс орнында сыйлық алуға заңмен тыйым салынды. Сондықтан,  Сіздің «Ескі сүр етіңізді» қабылдай алмаймын, – деп азар да безер болыпты.

Қыстың қақаған күнінде қызылсырап отырған хатшы қыз қағыс естіді ме, жоқ орынбасар  теріс ұғынды ма, әйтеуір көкесінің көңілін қимаған жас ақын «Ескі сурет» жинағының алдыңғы бетіне: «Қадірлі ағама құрметпен ұсынамын! Осы кітабымдағы сөздерім  сүр  ет жегендей сіңімді болсын!» деп қолтаңба жазып беріпті.

Қажыған журналист

«Сарыарқа самалы»газетінің тілшісі Тілеуберді Сахаба түрі де, тілі де қағытпаға сұранып тұрады. Құрдастарының ойын-қалжыңын, әжуа сөзін көтере білетін көмпіс  болғанымен, өзі де шақпа тілді айтқыш  адам. Бірде газет редакциясының лездемесінде футболшылардың Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы ойынынан ақпарат беру туралы мәселе көтеріледі. Спорт бетін шығаруға жауапты журналист Алпысбай Хонж «Мен мақала жазбаймын» деп кесіп айтады. Редактордың «Неге?»  деген сауалына былай дейді: «Футболшыларымыз жайлы үнемі жазамын, ылғи жеңіліп қалады. Жеңілгенін жариялай-жариялай мен де, оқимын деп ел де зәтте болды. Жеңсін, сонда газетке берейік».

Сол жолы футболшыларымыз алғашқы ойынында Грузияға, одан кейін Андорраға есе жіберген болатын. Осы кезде футбол ойындарынан хабардар, қадағалап жүретін қыздардың бірі: «Андоррамен ойында біздің футболшылар алғашқы таймда жақсы ойнап жатты», – деп қалса керек. Сонда үндемей отырған Тілеуберді: «Онда газетке ойынның бірінші таймын ғана берейік» депті.

Бес жерде бес – жиырма  бес

Белгілі ақындар Жарқынбек Амантайұлы,  Тілеуберді Сахаба, Алпысбай Хонж жоғарғы оқу орнында қатарлас оқиды. Бірде студенттердің кезекті отырысында дастархан жайылып, соңынан ас  қайыру мезіретін жасау  құрметін Тілеубердіге ұсынады. Араларындағы жасы  үлкені Тілеуберді Сахаба екен. Сонда Тікең қолын жайып: «Бес жерде бес – жиырма бес, Өз проблемаларыңды өзің шеш. Әумин!» деп бата беріпті.

Ескертуге ескерту!

Бірде мен жұмыс істейтін мекеме әкімшілігі кадр бөлімі арқылы қызметкерлерге еңбек тәртібін сақтау туралы ескерту  жолдады. Онда «Жұмыс уақыты 09:00-дан 18:30-ға дейін. Түскі үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін. Егер қызметкердің жұмыс уақытында жұмыс орнында болмау фактісі анықталса, түсініктеме хат ұсынулары қажет, өйтпесе акті толтырылады» делініпті. Хабарламаны оқыған соң былай дегім келіп, тілім қышыды:

Қызметкерлер қыдырымпаз пақыр деп,

Кадр жағы қаһарлы әмір гөйтіпті.

60 мыңға арқандалып отыр деп,

600 мың алатындар айтыпты.

Жалақысы болса жақсы төленер,

Жұмыс бітсе кабинетке түнер ем.

600 мың айлық алсам мен егер,

6 айда бір үйге қайтып жүрер ем.

Алғашқы өлең

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүрген студенттік шағымда Павлодар облыстық радиосында өтетін «Жас қанат» әдеби хабарына қатыстым. Хабар барысында  жүргізуші  Қызырхан Шәкірт:

«Ең алғаш жазған өлеңің есіңде ме?» деген сауал қойды. Бұл сұраққа былай жауап бердім:

«Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ауыл қазақтарының кейбіреуі қолындағы ірі қара малы құнсызданып кеткендіктен, бағасы  анағұрлым шарықтап тұрған шошқа  асырауды қолға алды. Ол кезде мен 5-сыныпта оқимын. Әкеммен  Кеңшарда  бірге істеген Мұхаммед есімді пысық адам  болды. Сол кісі де талпақ танауларды топырлата тудырып, үлкен  ферма  ұстады. Осыған орай мен бір шумақ өлең жаздым:

Бұл күнде шошқа баққан үлкен мақтан,

Қазағым бұл бәлені қайдан тапқан.

Мұхаммед пайғамбардың атын ластап,

Шошқаның артын жуып ақша тапқан».

Осы хабарды радио толқынынан естіп отырған студенттің досым, сатирик ақын Алпысбай Хонж ұялы телефоныма мынадай СМС жолдап жіберіпті:

Тәңірім ұзақ қылсын ғұмыр гүлін,

Таралды радиодан бүгінгі үнің.

Бар болсын Оралханның бір баласы,

Шошқа ашқан шабытының шымылдығын.

Жинақтаған: Айбек ОРАЛХАН,

Қазақстан  Жазушылар одағының  мүшесі, ақын.

Пікір үстеу